Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 79 из 82

Бұл бұйрықта былай делінген:

1) Қазақ даласында көшіп жүрген Орынборға қарайтын барлық қазақ ауылдары Россия империясының бөлінбес меншігі деп саналады. Әр шаңырақтан күмістей бір сом елу тиын салық алынылады.

2) Қазақ ауылдары патшаға салық төлейтін болғандықтан, олардан зекет жинауға сізге рұқсат етілмейді.

3) Ауыр қылмысты істер Россия империясының заңыменен сотталады. Ал елу сомнан асып түсетін алым-беріс істер шекара комиссиясында қаралады.

4) Орыс, татар, башқұрт қашқындарына пана беруге рұқсат етілмейді. Қазір күнде Кенесары қарамағында жүрген мұндай адамдар тез Россияға қайтарылуға тиіс.

5) Россия ақ патшасының билігінде болғандықтан Кенесарының ақ патша өзіне қас санайтын кісілермен яки мемлекеттермен ешбір қарым-қатынас жасауға қақысы жоқ.

6) «Сұлтан мырза, сізге, сіздің туыс, серіктеріңізге үкімет өзі бермеген дәреже, шенді өз беттеріңізбен алуға бұдан былай қарай ешбір рұқсат етілмейді» делінген.

Кенесарының қонысқа сұраған Ырғыз, Торғай, Ұлытау, Сарысу, Есіл, Нұраның орнына Орынбор шекара комиссиясының төрағасы генерал Лодыжинский: «Сізге, қоңсы-қоныстарыңызбен жаз жайлау, қыс қыстауға мен Қара Қоға бойын белгілеймін», — деп жауап берген. Бұл бұйрықты алып келген Долговке Лодыжинский: «Кенесары мен қоңсы-қонысына берген жерімді ыңғайлы екенін түсіндірерсің, қыс ол бұл арадан сәл оңтүстік жаққа, жаз бері қарай көшуіне болады. Бірақ Ырғыз бен Қарғау өзенінің сол жағасына шығуға және Торғай мен Ырғыз өзенінің жоғары тұсын бойлай Шет-Ырғызға дейін көшуге қақы жоқ», — деп арнап тапсырған.

Кенесары Орынбор бастықтарының бұл бұйрықтарын естігенде жүзі қуқылданып, бір орында отыра алмаған. Қайтадан «Абылайлап!» атқа қонбақ та бол- ған, бірақ бұл айқасқа ерер елінің жоқтығы есіне түсіп, үн-түнсіз тұнжырай қалған. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген міне осы! Дәл қазір жол таба алмайтынын түсініп «жауабын соңынан берермін» деп Долговты қайтарып жіберген.

Кенесары осы күндері тағы да қатты ойға кеткен. Орынбор бастықтарының айтқанына көну — сегіз жыл қан төгіп алысып, ақырында мойнын қыл арқан- ға өзі әкеліп ұсынумен тең. Ал көнбейін десе барар жер, басар тауы тағы жоқ. Торғай мен Ұлытауда салынып жатқан бекіністер бітуге айналған, Атбасарда Сиыр жылынан бері приказ бар, жорықтан қажыған елдің еруі де екіталай. Жалғыз жол Россия патшасының құрығы әзір жете қоймаған Ұлы жүздің жеріне көшу. Оның үстіне Наурызбай арқылы Сүйік төренің «көшсін» деген сөзі де дем берді. Бірақ Кенесары Ұлы жүз жерінде дәл осы кезде өзіне құрылып жатқан қақпан бар екенін білмеді. Қақпан мықтап құрулы еді. Перовский мен Генс кезіндегідей емес, қазір Орынбор бастықтарының Кенесары ереуілін тек құртуға ғана бет алғанынан хабардар Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков енді Кенесарымен ең ақырғы айқасқа дайындалды. «Кенесары шын қабылан, жүрегіне қорғасын оқ қадалмай, алған жолынан тайынбайды. Ол оқты Орынбор генералдары емес, мен атуым керек», — деп ойлады Горчаков «және ол оқ Кенесарының жүрегіне менің қарамағыма жататын жерде тиюі керек».

әрине Кенесарының генерал Лодыжинский ұсынған шарттарға көнбейтіні кімге болса да айқын еді. «Сонда ол не істемек? Айқасуға күші жоқ. Әрине Ұлы жүздің жеріне көшеді». Осындай шешімге келген Батыс Сібір генерал-губернаторы күні бұрын бар шарасын қолданған. Бұл кезде Россия империясының отаршылық саясаты кең қанат алып, Ұлы жүздің де жеріне ауыз салған. Қазір олардың алдыңғы қатарлы бекіністері Қапал, Лепсіге келіп тоқтаған.

Горчаков әмірі бойынша осы Лепсі мен Қапалға арнап келген генерал-майор Вишневский, жан-жағындағы Қарқаралы, Аякөз, Көкпекті өкіріктерінің аға сұлтандарымен күнде мәжіліс, күнде үгіт жұмысын жүргізумен болды. Бұл жиындарға үш өкіріктің аға сұлтандары мен шонжарлары Құсбек, Құнанбай, Барақ, Сүйік, Рүстем — бәрі тегіс қатынасты. Қырғыз манаптары Орман, Жантай, Қалиғұл да Қапалға жиі шақырылды. Осы сергелдең бітім сөздің қорытындысы ақырында Кенесарыға қоныс бермеу болып шықты. Бір жыл өткеннен кейін олар бұл шешімдерін қағаз жүзіне түсірді. «Бір мың сегіз жүз қырық алтыншы жылы жиырма үшінші июнь күні төменгі қол қоюшы Ұлы жүздің Дулат, Албан, Сыбан, Шапырашты, Жалайыр руларының сұлтан билері, Қар- қаралы, Аякөз, Көкпекті өкіріктерінің аға сұлтандарымен бірге отырып, осы мәжіліске қатынасқан Сібір қазақтарының Шекара комиссиясының төрағасы генерал-майор және кавалер Вишневскийдің алдында өзіміздің ант қағазымызға мөріміз бен таңбамызды басып, біздің жерімізге келген ақ патшаға қарсы бас көтерген Қасым баласы Кенесары сұлтанды қоғам тыныштығын бұзушы, өзіміздің қас жауымыз деп санап, онымен еш қарым-қатынас істемеуге келістік. Және Кенесары мен оның серіктеріне өзіміз жайлап отырған қонысымыздан жер бермеуге, ал егер бүгінді-соңды тіпті Кенесары біздің жерімізден қуылған күнде де, оның Орта жүз, әсіресе бізге жақын тұратын өкірік қазақтарына істегелі жатқан қастығын естісек күні бұрын үкімет орындарына хабар етуге уәделестік», — деп жазды олар өздерінің актісінде.



Кенесары қазақ елін талан-тараж етіп бөліп алып жеке билеуге үйренген аға сұлтан билердің, өзінің «елді біріктірем» — деген ниетіне қарсы екенін білсе де дәл Ұлы жүз бен қырғыз жерінде өзіне мұндай қақпан құрылып жатқанынан бейхабар еді. Ал хандығын сақтаудың бөтен жолын таба алмаған соң, ол биыл Ырғыз — Торғай жағасынан көтеріліп, Шу мен Іле бойына көшіп баруды жөн көрді. Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан қауіп-қатер төнетін болса, Ұлы жүздің шетін ала қыс Балқаш көліндегі ұзындығы жетпіс бес, көлденеңі он бес шақырым, жан-жағын су қоршаған, тек өндірі ғана құрғақ, Қамал аралына бекінуді ұйғарған. Келесі жылы жаз шыға, әулиеата, Мерке тұсына көшіп, Қоқан хандығынан жәбір жеген қырғыз елін, Сайрам, Шу, Сыр бойының қазақтарымен біріктіріп, қайтадан жауына қарсы шықпақ болған. Ол үшін Қоқан ханының тегеурінінен құтылып, Қытай мемлекетіндегі қазақ руларымен — тіпті қиын болып бара жатса солай қарай өтіп кетуді де сыр ғып түйген. Қол жалғаспақ-тын. Бірақ мұның бәрі әлі сыртқа шықпаған ой. Кенесары осы ойын ақылдаспақ болып қарамағындағы батыр, билерін шақырған. Кешеден бері Тор- ғай өзенінің бойындағы белгісіз оба анына шақырған адамдары жинала бастаған. Бұлардың ішінде өзінің батыр серіктерінен бөтен Кенесарыға соңғы кезде қосылған Бегімбет руынан Тәуке батыр, Арғынның Төлек руынан Жәуке батыр, Қарауыл руынан Баубек батыр, Керей руынан Қошқарбай батыр, Төртқара руынан Бигелді мен әйгер батырлар, Берді руынан Сүгірбай батырлар бар. Әрқайсысы Торғай өзенінің бойына қостарын тігіп мәжілісті күтіп жатқан. Мәжіліс ертең басталмақ. Ал Кенесарының бүгінгі әңгімесі соның алдын ала ең жақын ақылдас серіктерімен кеңесу еді. Көрген түсін ортаға салуы да оның алыстан орағытқан айласы.

— Сонымен қырғыз, қоқан, орыс бірігіп кетсе қайтеміз, дейсің ғой, әбілғазы? — деді Кенесары кенет шырқай шыққан әнді де, миын шырмай жөнелген ойды да өзінен қуып, манағы әңгімелеріне қайта оралып, — сонда Ұлы жүз бен Сыр бойында көшіп жүрген Кіші жүздің қазақтарын есепке алмайсың ғой?

— Алмаймын. Тұлыпқа мөңіреген аусыл қарадай болып жүрмесек нетсін…

— Сондықтан да алыстан арбалағанша жақыннан дорбалаған жөн, — деді Таймас. — Арқадан кетуіміз арманнан кетумен пара-пар…

— Сонда… — Кенесарының түксиген қабақтары көзін жауып жіберді. Бұл оның ашуланған белгісі — ақ патша қаһары арқамызға аяздай батса да шыдай бер демексіңдер ме?

— Шыдамасқа амалымыз болып тұр ма? — деді Таймас күрсініп, Кенесарының топ қуғыншының ортасына түскен жаралы көкжал бөрідей қиын жағдайын жақсы түсінгендіктен, сөзін батыра айтып, — бізге жеткен ақ патша, Қоқанға жетпей ме? Тескен тау өтіп кетпесең қашып құтыла алмайсың… Одан да…

— Иә, одан да?

— Үлкен халық қой, бәрі бірдей Аршабоқ, Обыріш, Бесонтиін секілді шетінен бұзық емес шығар, еліне, жұртына сүйеніп тіл табу керек…

— Ие… Бірақ қарашымен астарласқанда не өнеді дейсің. Құм жиылып тас болмас, құл жиылып ел болмас дегенді білмейтін бе едің?!

Таймас бір ретте «Сұлтандар жиылып ел болғанын да көрдік қой, енді құлдарға да кезек берейік», — деп қала жаздады да, Кенесарының салбырап кеткен қабағына қарап, дер кезінде тоқтады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді ғой халық, бүкіл қазақ елін әлде де хан тұқымының абыройынан төмен санап отырғанын қарашы, хан иемнің».