Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 78 из 82

Осы Бұқарбай бір күні Үйсін, Дулат, Алшында «Бойым талдыдан» бөтен әуен жоғы жайында бір ел арасында тараған аңызды айтқан-ды…

«ән, деген Бұқарбай, құс тәрізді бүкіл жер-жаһанды кезіп ұшып жүріпті. Кей елдің үстіне тоқтап, ұзақ уақыт қалықтай шырқап әнін үйретсе, кей жұрттың үстінен қасқырдай ұлып өте шығып, ал кей ауылдардың төбесінен тіпті үндемей ұшыпты. Сол ән Жетісу, Сыр бойының тұсынан өткенде, жұмған аузын ашпапты, тек Арқа жеріне жеткенде ғана сан түрлі әуенге салып, ұзақ кідіріпті. Ұлы жүз бен Кіші жүз Орта жүздей әнші болмауының себебі әннің орнына, тек еміс-еміс сарынын ғана естіпті. Сол сарын «бойым талдай» деседі. Сондықтан да біздің білетініміз осы сарын. Ән ордасы — Арқа. Ал бірақ ән қонған Арқадан үйреніп, қазір біз де әжептәуір әнші болып қалдық», — деп Бұқарбай ыржия күлген. Сондағы «әнші болып қалдық» дегені де баяғы бір «Бойым талдай».

Кенесарының да езу тартқан себебі де осы аңқау Бұқарбай сөзі еді. Кенесары кенет, әнді де, Бұқарбайды да ұмытып, қайтадан ой теңізіне сүңги жөнелді. «Иә, Арқа жері құр ән жері ғана ма? Бұл мың жылқы суарылса лайланбайтын айдын көлді, көк толқынды өзенді, ұшы-қиыры жоқ жасыл шалғынды. Жерұйық… Сол Жерұйықпен қоштасуға тура келіп тұр. Мүмкін бұл жолғы қоштасуымыз мәңгілік қоштасу болар». Хан Кене ауыр күрсінді.

Иә, Кенесары өткен қырық төртінші жылдың жеңісіне насаттанбаған еді. Алдағы күрестің қаншалық қиынға түсетінін ол енді анық түсінген. Қарамағындағы үнемі жорық үстінде жүрген елдің күйінің өте нашарлап кеткенін де білетін. Өзінің жайлауларының бәрінен айырылып, енді мал бағатын қоныстың да қалмағандығынан, басар тауы, барар жері тарыла түскен Қыпшақ, Арғын, Шекті, Шөмекей руларының басты би, ақсақалдарының арасында да күңкіл сөз шыға бастаған. Кенесары бұған да қанық. Оның үстіне өткен қыс қатты болып, Арқадан көшіп келген елдің көп малы жұтаған. Бұндай жағдайда соңынан ерген елдің қайтадан атқа қонып, жауына қарсы шығуы екіталай.

әсіресе Кенесарының ұшар көлін, қонар көгін тарылтқан бір кесепат, ол — дәл хандық жерінің ортасында, Торғай өзені мен Ұлытауда патша үкіметінің үлкен бекіністер сала бастағаны еді. Бұл бекіністер салынып бітуі — қыл ар- қан аш тамақтан түсті дегенімен бірдей. Онда жаз жайлау, қыс қыстаудан айы- рылғаның. «Қит етсең дәл тұмсығыңның астында жау әскері тұрады, барар жерің, басар тауыңның біткені сонда болады». Оның үстіне Қоқан хандығы да биыл шабуылын үдете түскен.

Осындай ауыртпалық халін ойлаған Кенесары ең жақын ақылгөйлері әбілғазы, Таймаспен кеңесіп, Орынбор әскери губернаторынан бітім сұраған. Бұл бітімінде баяғы Абылай атасының көксеген көкейкесті арманынан бас тарт- қан. Ол арманның енді қолына қайтып қонбас бақ құс екеніне әбден көзі жеткен еді. Сондықтан ол патша үкіметі иемденіп, бауыр басып алған қазақ жерлерінен дәметпей, тек әлі әскер келіп бекініс салынып Россия қарамағына ене қоймаған бос жерлерді ғана өз қарамағына қалдыруды өтінген. Және бұл арадағы қазақ руларын да патша қол астына алуды сұрады. Кенесары Обручев пен Горчаковке жазған хаттарында, араларында жүрген Асатұлы Шорман, Жаманшыұлы Баймұхамед, Тұрлыбек сұлтан, Герн, Долгов офицерлер арқылы «Бізге Ақтау, Есіл, Нұрадан бастап Ақ Жайыққа дейін қалдырсын, осы күнгі көшіп жүрген жеріміз Торғай, Ырғыз, Сарысу өзендері мен Ұлытау өлкесіне тимесін және Ұлытауда маған арнап приказ орнатса, бұдан былай қарай Бүкіл Россия императоры мәртебелі патша ағзам әскеріне өмір бақи қол көтермеске ант етемін», — деді.

Дидиковский мен Жемчужников басқарған аттаныстан жарытымды ештеңе шығара алмағаннан кейін, орыс генералдарының ұшы-қиыры жоқ қазақ даласына жеке жасақ шығарып мардымды табысқа жете алмайтындарына көздері жеткен Орынбор мен Омбы бастықтары Кенесарымен бітім жайында сөз жүргізіп, араларындағы есірейлерді айырбастауды мақұл көрген. Бірақ бұл кезде қазақ жеріне дендеп еніп алған Россия патшалығы Кенесарының өтінішінің бірін де орындамауға бел буған-ды. Бұған бір емес, екі себеп бар еді. Россия патшасының отаршылық саясаты бұл кезде қазақ жерін былай қойып, енді Орта Азияға ауыз сала бастаған. Бұл саясат үшін қазақ даласын тегіс алу оған өте керекті еді. Ал Орта Азия мен Россия арасында өзіне әбден бағынбаған елді сақтау патшаның отаршылық саясатына тіпті қолайсыз жағдай болатын. Екінші себеп осы отаршылық саясатты басқарып, жол сілтеп отырған ақ патша — Николай Біріншінің өзінің көзқарасынан туған. Осыдан бір жыл бұрын ішкі Бөкей ордасының халі жайында граф П. Д. Киселевтің берген баяндамасына ол «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес» деп қол қойған. Осы қол қоюда қазақ жерінің кіндік ортасында Россия патшалығына бағынса да, әлі де болса елдің хандық бейнесін сақтағысы келген Кенесары өтінішінің де тағдыры шешілген-ді. Оның үстіне, «онсыз да шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, арадағы жүріп жатқан бітімнің күрт тоқтатылып, Орынбор әскери губернаторы Обручевтің Кенесарыға қатал ұсыныс етуіне тағы да бір қанды уақиға себеп болды.

Атбасар дуанынан Сырдарияға дейін, ортадағы Қарақойын, Қашырлы, Есіл, Терісаққан өзендерімен Арғынаты, Ұлытау, Кішітау, Қара Кеңгір, Сары Кеңгір, Сарысу өзендері бойын жайлаған қалың Арғын, Найманның патша үкіметіне жағынған атақты екі байы болған. Бірі Бағаналы Жырық руынан шыққан Сандыбайдың Ердені, екіншісі — Арғын, өр Алтай руының шонжары Кішкентайдың Аққошқары.

Ерден өзге жұрттан төбесі шоқтанып биік тұратын зор денелі, семіз, томпақ бет ақ сары адам болса, Аққошқар көнтек ерін, аузы-басын тырбиған келте сақал-мұрт жапқан, толық денелі қара торы кісі екен. Жаз жайлауы мен қыс қонысы шектес қатар отырған екі елдің қос шонжарының тілегі де, айласы да бір. Екеуі де бықып жатқан бай.

Халық Ерден туралы:

«Баласы Сандыбайдың, Ерден, Дүзен,

Кигені қызыл түлкі, қарсақ күзен.

Біртіндеп санай алмай біткен малын,

Толайым қылған есеп бірден жүзден», —



десе, Аққошқар жайында:

Өрісім өрдегі Алтай — Қуандық-ты,

әркімге көрсетіпті жуандықты.

Аққошқар Сайдалының ауылынан

Бір көлден қырық мың жылқы суарылыпты.

Көлі бар Аққошқардың саумал атқан

Бір көлден қырық мың жылқы ішіп жатқан.

Байлығын Аққошқардың баян қылсам,

Бес жүз ат Орынборға бір күн сатқан», —

деп дәріптеген.

Осы екі бай Кенесары мен Обручев арасында бітім сөз жүріп жатқанда, егер Обручев Кенесарының тілегін орындап оған Ұлытаудан приказ құрып беретін болса, бауыр басқан жерімізден айрылады екенбіз деп қорқып Қоқанның құшбегі, Ләшкәрмен байланысып, мың жылқылы қысырақтың үйірлерін айдап беріп, бір түнде салынып, бітуге айналған Ұлытау бекінісін шаптырады. Әдейі «Абылайлап!» тиген Ташкент қарақшылары ешкімді аямайды, жақында ғана көшіп келген казак-орыстардың қатын-баласын, кемпір-шалын қырады. Ұлытаудың көк орай шалғынды етегін қан сасытады.

Ырғыз бен Торғайда көшіп жүрген Кенесарыны жоқ жерден бұл араға келе қояды екен деп күтпеген патша әскері қапыда қалады. Ал қоқандықтар бар істерлерін бір түнде істеп тайып отырады. Бұл хабар Орынборға жетеді. Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан, Кенесары бұл оқиға менің бұйрығыммен істелген жоқ дегенге Обручев пен былтыр Генстің орнына келген генерал Лодыжинский нанбайды. Қалай нансын, бүгін қарсы алдарында соғысып жүрген Кенесары ертеңіне желкесінен шығып бейсауат жатқан бекіністерінің талайын дәл осылай шапқан. Ең соңғы шабуылға шыққан Ембі бекінісі де апатқа дәл осылай душар болған. Бірақ Кенесары ешқашан дәл мұндай шектен шыққан қанішерлікті көрсетпеген. Ал бұл жолы… «Жоқ, Кенесарының ауруы тым ас- қынған екен. Құтырған қасқырға тек ажал мен темір тор ғана қорған». Обручев пен Лодыжинский қаһарына мініп, жүріп жатқан бітім сөз бірден тыйылды. Көкек айының аяқ кезінде бітім орнына бұйрық қағазды алып ортада қырық бес күн жүріп офицер Долгов Кенесарының аулына келді.