Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 77 из 82

— Аяқтаңыз.

— Иә, менің қу басым әлгі жұрт тамашалайтын кең сарайда тұра берді. Орысша білмеген соң атын да ұмытып қалдым, «өрім тәж» дей ме, «ерім тәж» дей ме әлгі үйді… Әйтеуір әркім келіп қу басқа бір қарайды. «Япырмау, мынау қу бас әлгі дала сұлтаны Кенесары дегеннің басы ма?» — дейді кейбіреулер, ал кейбіреуі: «Мұның Россия патшасына көнбеймін деп істемегені бар ма, қанша жұрттың обалына қалды», — десе, бағзы біреулер: «Елін отаршылықтан қорғаған ер еді, қас манаптары патшаға сатылып өлтірді», — деп аяйды, ал енді біреулері: «Нағыз көзін шұқитын қанішер еді, қарашы, қандай қадірлі жерде тұрғанын», — деп қу басыма кіжінеді. Тіріде бірін естімеген сөзімнің мыңын естіп тұра бердім. Ал бір қызығы әлгі үйде… Біз секілді қу бастарды әр жылда сәкіден алып, астыңғы үйге апарып, тым тез қурап қалмасын деп, дәрі жағып, азын-аулақ майлап қайта әкеліп жүреді. Мен өлгеннен кейін сегіз жыл өткен соң, осындай астыңғы үйге тағы бір апарғандарында сәкі үстінде тұрған Орман манаптың да басын көрдім. Қуанғанымнан ба, ашуланғаннан ба, кәдімгі өңімдей еңіреп жылап жібердім… Бақсам Сарыбағыш қырғыз бен Бұғы қырғыз жерге таласып Жасылкөл бойында өзді-өзі ұрысқанда, Бұғы қырғыз жағындағы біреу; «Талайдың қанын ішкен, жұртыңа бүйідей тиген сұм едің, өлу қалай болады екен көр», — деп айбалтамен көк желкесінен шауыпты. Ақ патшаға еңбегі сіңген қырғыз ханы еді деп басын біз тұрған «ерім тәжге» әдейі әкеліпті. «Япырмай, тірімдегі қасымнан, өлгенімде де құтыла алмадым-ау», — деп мен ыршып-ыршып түсіппін. Бірақ бір ақсақалды қарт адам Орманның басын қолына ұстап тұрып, астындағы қағазға қарап: «Патшаға еңбегі болғанмен, халқына еңбегі жоқ мұндай бастардың бұл үйде тұруының қанша қажеті бар? Дүниеде не көп, мұндай бастар көп, әкетіңдер», — деді.

Таймас езу тартып күлді.

— Бәсе, Кенекем тұрған жерде Орманға қалай орын болсын, ақсақал дұрысын айтқан.

— Асықпа, тұра тұр… Осы түсімнің жоруын айтпастан бұрын, Таймас, сенен екі сұрағым бар. Жауап бер, әрине, Жүсіп сенен гөрі тереңірек жауап берер еді, амалымыз қанша, көктемде келген жыл құсы күзде тұра ма…

— Айтыңыз, қандай сұрақ?

— Бірінші сұрағым: ақ патша адамдары менің маңдайыма «қарақшы сұлтан басы» деп таңба салды. Россия патшалығына көнбей өз жерімізде қазақ хандығын құрамын десем, оным қарақшылығым ба?

— Кім бұл іске қалай қарайды. Қоржынды қарабура сияқты жендеттердің көзімен қарағанда, әрине, сіз қарақшы қанішерсіз…

— Екінші сұрағым: ақ патшаға жағынып менің басымды алдырған Орман ханның басын әлгі алтын сарайға қоймай, өмір бақи қас болып кеткен менің басымды неге қойды, соны ойлашы?

— Орыс ұлы халық. Ұлы халық қашанда болса ұлылығын істейді. Жаман достан, жақсы қасты айыра біледі.

— Ұлы халық. Ұлылығы қазақ секілді азғантай елді жәбірлегені ме?

— Жәбірлеген ақ патша ғой… Ал ол жәбірлемесін десең, сенің халқың да сондай көп, сондай ұлы болуы керек.

— Азғана асқа бақауыл,[9] азғана елге бек болма деген осы да!

— Неге олай дейсіз, хан ием! Көктегі күнді күркірете алатын жайтасы едің, қазағыңның басы құм секілді бірікпесе амалың не.

— Иә, аз жұртты басқарсам да, көп жұртқа жараймын ба деуші едім, жаңа түсіндім: бұл Абылай атам заманы емес екен. Хан болып қаталдығыммен жеңем бе деп едім, о да алдануым тәрізді… Қазір қазақтың басын біріктіруден қасқырдың басын біріктіру жеңіл. Жә, болды. Ендігі әлгі түсімнің жоруын айтыңдаршы. Түсім емес, өңім деп қараңдар. Егер болашағым дәл осы түсімдей болса қандай ақыл бересіңдер?

— Ақыл біреу-ақ: Арқа жерінен кетпеу керек. Не болса да Россия патшасының айтқанына көнген жөн, — деді Таймас.



Кенесары ренжіген жоқ, Майсара жағына бұрылды.

— Сен не айтасың, әбілғазы?

— Менің де айтарым Таймас ағаның сөзі. Абылай ханның ұрпағы, туысымыз десеңіз де, Сүйік төре мен Рүстем сұлтанның келіңдер дегеніне сеніп, Ұлы жүздің жеріне көшуге болмайды.

— Неге?

— Сүйік төренің қарауындағы елу бес мың жанды қол астыңызға алыңыз деп Қоян жылы патшаға қағаз жазғаны өзіңізге мәлім. Ал Рүстем сұлтан өткен жылы біз мұнда қан төгісіп жатқанда, Қапалға барып Бесонтиінға мәңгі сендерлік боламыз деп шен-шекпен кигенін естідік емес пе… Сөйтіп отырып олар бізге қалай қоныс береді? Қоныс берсе де, ол қоныс Арқаның көп қазағына жете ме, амал жоқ Қоқан хандығындағы жеріміз үшін күресуге тура келді. Ал Хиуа мен Бұқар өзара қырылысып жатқанда, Қоқан қазір әлденіп алды. Жыланды үш кессең де кесірткедей күші бар. Қазір оны жеңе қояр бізде қуат жоқ, Амалсыздан қырғыздан жер сұрап, Қоқанға қарсы бірігейік деп өтінуге мәжбүр боламыз. Бірақ оған қырғыз көне ме?

— Көнбесе… Қоқанға әлім жетпесе де, қырғызға әлім жетеді, күшпен көндірем.

— Кене аға, өз жерімнен айырылдым деп, басқаның жерін тартып алу қиянат. Қазір бізге күштен көрі ақыл керек. Жаңағы түсіңіз маған ой салды. Егер Қоқан, қырғыз, орыс үшеуі бірігіп кетсе қайтесіз?..

Кенесары жауап қайырмай ойға кетті. Ай туғалы әлдеқашан. Әр жерден Кенесарыны алыстан орағыта күзетіп жүрген Батырмұраттың атты жасақтарының селеуіттері көрінеді. Қазақ Темірқазықтың екі жағындағы Ақбозат, Көкбозат деп атайтын жұлдыздардың қай жерде тұрғандарынан жер тұсын айырады, жолды табады. Ал Жетіқарақшы мен Үркер жұлдыздарына қарап түннің кезеңін, жылдың мезгілін біледі. Қазақ түсінігі бойынша Жетіқарақшы Үркердің қызын ұрлапты-мыс. Үркер сол қызымды қалай қайтарып аламын деп Жетіқарақшының осал жерін іздеп оны айнала аңдиды-мыс. Сол Жетіқарақшының қай тұсына Үркер келіп тұрса, сол тұс түннің өзіне сәйкес белгілі мезгілді көрсетеді. Бағанадан бері әңгімеде отырып, қанша уақыт өтіп кеткенін аңғармай қалған Таймас түннің қай кезі болғанын білейін деп Жетіқарақшы мен Үркерге қарады. Дәл осы сәтте төбе тұсынан бір жарық жұлдыз аға жөнелді.

— Жұлдызым жоғары, — деді Таймас ақырын күбірлеп.

Қазақ түсінігінде жұлдыз ақса кісі өледі. Сондықтан жұлдыздың аққанын көрген адам өзі өлмес үшін «жұлдызым жоғары» дейді.

Кенесары мен әбілғазы да ауыздарын жыбырлатты. Кенет әлдеқайдан тамылжыған ән естілді. Ән әуені де, оны орындау салты да Арқа жағынікі. Көркем, ырғақты дауыс, біресе шың басына қалықтай көтерілген бүркіт тәрізді, біртіндеп жоғарылап шырқай түседі де кенет ойдағы ақкіске шүйілген ителгідей, төмендеп құлдырай жөнеледі. Кенесары мырс етіп күліп жіберді. Оның есіне ән туралы айтқан Бұқарбайдың аңыз ертегісі түсіп кетті.

Заты Кіші жүз, Табын руынан шыққан, он бес үйлі кедей болғанменен, зор денелі Бұқарбай батыр ат жалын тартып мінгелі бар өмірі жауынгершілікпен өткен. Ол әсіресе Қоқан хандығының зекетші, барымташы сыпайларына ерекше қас. Өйтуіне себебі де бар. Табын руы тәрізді, қыс Сырдария бойында көшіп жүрген Шөмекей аулының бір қызын азын-аулақ қалың малын төлеп, «әне алам, міне алам» деп жүргенінде Ташкент құшбегі Мәмет әлімнің шабармандары «мал санын жасырып, зекетті аз төледің» деп сылтауратып Шөмекей аулын шауып жиырмаға тарта көрікті қыз-келіншектерін алып кеткен. Соның ішінде Бұқарбайдың қалыңдығы да бар екен. Осыдан кейін Бұқарбай да Саржан мен Кенесарыға еріп Қоқан шабарман сыпайларының талайын қырды, Мәмет әлімнің жігіттерінің де бері шыққандарын есірей етті. Бірақ күштілерге деген кегі қайт-пады. Өз басының өшпендігіне енді жер-суынан айырыла бастаған ел өшпендігі қосылды. Сол себептен Бұқарбай батыр өз өмірін бүтіндей жауынгершілікке арнаған. Қоқан шапқыншылары айдап бара жатқан малын соңынан қуып барып қайтарып беріп, Шекті руының Күреш деген байының қызын алған. Қызын қалың малсыз бермеймін деген байға, айдай сұлу қызы «Бұқарбай қайтармағанда Қоқанның бір бегінің күңі болып жүрер едім, осы батырға тием», — деп безеріп отырып алған. Сараң әкесі қызын кедей батырға амалсыз берген. Жау десе қорқуды білмеген осы Бұқарбай батыр, баладай аңғырт, ақ болатын, әсіресе ол өлең-жырды жақсы көретін. Өзі де әрдайым, рабайсыз жуан даусымен ән салатын. Әсіресе құла дүзде келе жатқанда Бұқарбайды тыңдау бір ғанибет қызық дәурен. Қандай жыр-қисса болсын бәрін тек Ұлы жүз бен Сыр бойын мекендеген Кіші жүз елі айтатын «Бойым талдай» әуеніне келтіріп айтатын, «Жырдың бұл әнге буыны жетпесе оны «әлеуләйләй» не болмаса «қалауләйләй» мен толықтырып, ал буыны артық болса, сөз ұйқасымын былай қойып, оны екі бөліп, әйтеуір «бойым талдай» сарынына келтіріп соға беретін. «Ау, осы «бойым талдыдан» бөтен әндерің жоқ па, бөтен бір әуенге салсайшы», — деп серігі Ағыбай әжуа етсе, оған: «елімнің бар білген әні осы болса қайтейін», — деп қымсынбай жауап беретін.

9

Б а қ а у ы л — бөлуші деген мағынада.