Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 76 из 82

әбілғазы езу тартып күлді.

— Кене аға, бұныңызға мен жауапты қазір берейін, Сіз манаптардың өздерін көрдіңіз бе, әлде тек шаң мен отты ғана көрдіңіз бе?

— Шаң мен отты ғана көрдім. Манаптардан көргенім тек Орман, әлішер, Қалиғұл.

— Онда бұл ескі қулық. Ескендір Зұлхарнайынға қарсы соғысқанда сақ, қыпшақ, үйсіндер осындай әдіс қолданыпты. Түнде қос басына емес, әр сыпайдың өзіне жеке от жақтырып, ал күндіз екі сан қолды екі таудың арасымен шаңды аспанға шығара ерсілі-қарсылы жүргізе беріпті. Қазақтарды бұрын білмейтін Ескендір Зұлхарнайын «бұл не қылған көп қол еді» деп сескеніп, қазақ даласына аттанудан бас тартыпты. Қос мүйізді Ескендірдің біздің жерге келмеуінің бір себебі осында көрінеді.

— Бұл бір еске алатын қулық екен, — деді Кенесары. Сөйтті де түсіне қайта кірісті. — Қырғызға бірге аттанған Сыпатай батыр мен Рүстем төре бізді тастап кетіп барады. Ар жағында тағы да шым-шытырық бір пәлелер… Жекпе-жек шыққан батырлар, қарама-қарсы беттесіп келген қолдар. Орманға мен: «Шық жекпе-жек!» — деймін. Ол маған борбайын көрсетіп күледі. Қысқасы, бір кезде біздің қалың қол қоршауға түскен екен деймін. Бір жағында патша солдаттары, екінші жағында қисық қылыш қоқандықтар, үшінші жағымызда ала қалпақ манаптар. Жанталасып жан-жағыма қараймын. Қоршауды бұзам деп екі жүз жігітпен жауға шапқан Наурызбай… Ар жағында тағы шым-шытырық… Дәл өңімдегідей: «Япырмай, бұдан да қиын кезеңдерде жол тапқан ақылым қайда деймін. Патшаның зеңбіректі бес мыңдаған әскеріне бой бермеген басым, мына тоғышар манапқа төтеп бере алмағаның ба?» — деймін өзімді өзім қинап. Бірақ төтеп бере алатын емеспін. Әсіресе сыпайларымның құтын алып, қырып бара жатқан екі бүйірімізден атылған әлгі самаурындай буы бұрқыраған ғажайып қару… Әлден уақытта Ақауыздың жалын құшып Наурызбай құлады. Тек қолды жарып Ақылағымен қамалай қуған жауға жеткізбей Ағыбай ғана құтылды. Қоршау таяған сайын тынысым тарылып, Батырмұрат бастаған серіктеріммен иірімді Қарасу өзеніне ат қойдым… Астымдағы атымды иірім ала жөнелді. Қай жағымнан келгенін білмеймін, біресе Батырмұрат, біресе Қараүлек, біресе сен екеуің, біресе Арғын, Қыпшақтың жас жігіттері суға жібермей мені жағаға алып келе жатыр…

Терлеп кеткен Таймас:

— Япырмай, түстегі су өңіңізде көрер азабыңыз ғой, әйтеуір жар жағасына шықтыңыз ба?

— Шықтым ғой. Бірақ алдымда Төрегелді манап басқарған Қалиғұл жасағы тұр екен. Қолға түстім… Ар жағында тағы шым-шытырық, біреу жылап, біреу күлген тәрізді. Бұл уақытта қарасам сыңсыған жау ортасында тұрмын. Бұл бір үлкен той тәрізді. Ең ортада Қалиғұл манап, «иманыңды айта бер, қазір басыңды аламыз» дейді. Мен иманымды айтып, аллаға жалынғаннан гөрі, басымнан өткен өмірімді, ағайын-туысымды, қатын-баламды, үзеңгілес серіктерімді, туып өскен Көкшенің көгілдір тауларын, Сарыарқаның айдын шалқар көлдерін, жасыл орман, көк шалғын белдерін көз алдыма елестетіп ән салдым.

Кенесары бұл жолы да ел қамқоры ер болып көрініп отыр… Әбілғазы мен Таймастың жүйесін босата сөйледі.

— Сондағы қоштасуымның екі ауызы қазір де есімде:

Қош аман бол, Сарыарқа өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел, көшкен жерім,

Тізе қосып бар қазақ ел бола алмай,

Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім.

Сен де аман бол, Сарысу, Қаратауым,

Жеңе алмадым, Қоқанда кетті дауым.

Қорқыт көрі алдымда қазулы екен.

Ақырында, мінекей, жеңді жауым!..

Осы қоштасуымды айтып басымды Қалиғұлдың қолындағы қылышқа тоса бердім. Сұп-суық болат қылыш көк желкемнен кірш етіп кіріп, өндірімнен бір-ақ шықты, басым анадай жерге домалап түсті..

— Япырмай, — деді Таймас маңдайына шыққан суық терді орамалымен сүртіп, — қазақ түсінде өлген адам ұзақ жасайды дейтін еді, ұзақ жасарсыз, Кенеке…

— Қоя тұр, ұзақ жасар, құзғын құс кімге тұлға боп жүр? — деді Кенесары Таймасқа, — қызығы артында…

— Түс десе түс екен, әлгіден кейін де бірдеме көрдіңіз бе? — деді Таймас «өлгеннен кейін» деген сөзді айтуға аузы бармай «әлгіден кейін» деп.

— Кәптің бәрі осында боп тұр ғой. Соның жоруын сұрамақпын сендерден. Өзім өлсем де, бәрін естіп, көріп жатырмын. «Кенесары өлді» деп соңымнан ерген бірқауым жұрт аза тұтып, күңірене жөнелді. Құлағыма сол қайғының ішінен Нысанбайымның жоқтауы дара естіледі. Тоқтай тұршы қалай деп жылап еді Нысанбай? Иә, бір-екі ауыз сөзін әлі ұмытқам жоқ:



Тұлпардан сайлап ат мініп,

Дорбадан жемін жегізген.

Жем орнына бал беріп,

Қысырдың сүтін емізген.

Басуға қалың жау келсе,

Алып шығар дегізген

Кенекемді қалдырып,

Көк бурыл, саған не болды?!

Кенекем менің кеткен соң

Заманым қалды тарылып.

Халық иесі ханымнан

Екі бірдей қанатым,

Жетім қалдық айырылып!

Екі бірдей қанатым,

Топшыдан қалды қайырылып!

Балдағы алтын ақ берен

Тасқа тиді майырылып!

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып!

Нысанбайдың жоқтауы бітер-бітпестен, Орман мен Жанай Қоқан ханына достықтың белгісі етіп, екі арбаға тиеп көз алдымда сарбаздарымның бастарын ала жөнелді. Ішінде Наурызбай қалқамның, Құдайменді, Жеке батыр, тағы осы айқаста қаза болған екі балам мен он бес сұлтанның бастары бар… Бар басты Қоқан ханы «қырғыз манаптары Кенесарыдан қалай өшін алып бергенін көрсін», — деп Ташкент базарының дәл ортасына ағашқа кигізіп іліп қойды. Амалым не, бәрін көріп жатырмын. Ал өзімнің басымды Қалиғұл манап қоржынға салып, Үйсін, Дулат рулары да заты қазақ қой, бүлік шығарып жүрер деп, Жасыл көлдің сыртымен орағытып, Жаркент арқылы Қапалдағы Бесонтиінға алып келді. Мұнда ең алдымен көргенім Кенесарының кегін аламыз деп манаптарға қарсы аттанып бара жатқан қалың Албан, Сыбан жігіттері болды. Олардың не істегенін көргенім жоқ, бірақ алыстан құлағыма келгені: мені өлтіруге қаты- насқан кісілердің жазасын аямай тарттырыпты. Ал Төрегелді манаптың аулын шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіріпті. Мұны көре алмаған себебім менің басымды Аякөз, Семей арқылы Омбыға ала жөнелген. Омбыға келген соң Аршабоқ, шоқша сақалымнан ұстап тұрып: «Он жыл ұстатпап едің, енді міне қолымда тұрсың. Не істесем де еркім бар…» деп күлді. Мен де күлдім, — «Мықты болсаң тірімде неге кегіңді алмадың? Қу басқа қайрат істеп не қыласың», — дедім. Ол «Кегімді тіріңде алған жоқпын ба? Саған Орман мен Жанай манаптарды айдап салып, сенімен қырқыстырып, ақыры солардың қолыменен басыңды кестірген мен емеспін бе?» — деді, сөйтті де жан-жағында тұрған кілең сары ала тонды жандаралдарға: «Кенесарыны құртуға қатынасқан қыр- ғыз манаптарын тегіс Омбыға қонаққа шақырайық. Ал мына басты жуан мойнынан айырған әлібек ұлы Қалиғұлға, Россия империясына көрсеткен адал еңбегі үшін, патша ағзам атынан, мойнына қарғы бау етіп тағып жүрсін, георгий лентасына байланған күміс медаль берейік» деді. Сөйтті де менің бетіме қарап: «Міне, Кенесары, күштімен күрессең табарың осы болады», — деп кекете күлді де, есік алдында күтіп тұрған шабармандарына басымды ұстатып: «Тез Петербурға жеткізіңдер!» — деді. Олар мені қайтадан қоржынға салып ала жөнелді. Неше күн, неше түн жүргенімді білмеймін, әйтеуір шірітпейтін бір дәрі жаққан ба, күздің суығында кіші құдай — патша ағзамның өзі тұратын салтанатты қалаға жеттік. Менің сорлы басымды шоқша сақалымнан ұстап неше түрлі жандаралдар сан рет көрді. Ақырында бір күні миымды, бас терімді, кеңсірігімді сыпырып ап, маңдайыма күйдіріп «Қырдың қарақшы сұлтаны Кенесары Қасым ұлының басы» деген таңба салып, өзім секілді бастар, сан түрлі ғажайып суреттер, тас мүсіндер, патша ағзамдардың тамаша заттары тұратын кең сарайға апарып қойды…»

— Ойпырмай, Кенеке, қайдағы-жоқты айтып кеттіңіз ғой, — деді әбден абыржыған әбілғазы, — түс деген сандырақ емес пе, қайтесіз соны еске түсіріп… Қалсын пәлекет сол бетімен түс болып.

— Ләйім айтқаның келсін… Бірақ қорыққанмен жан қала ма, түсімді аяқтайын, шешуін сосын айтарсыңдар.