Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 75 из 82

Бүліншілік эпилогі

Қазақ жерінде не көп мола көп. Ал мына біреулерді мола деуге де, құлпытас деуге де, серете деуге де келеді. Қазақ көбіне мұндайды оба дейді. Бұл тастан қашап істеген мүсін. Шомбалдай тас дененің көбі әйелге ұқсас. Кейбіреуінің алақанында кеуде тұсына дейін көтерген кесе-ыдыс, кейісінің қолында келте жуан таяқ тәрізді қару. Түрлері монғол кейіптес, кейісінің жуан мұрты салбыраған. Осы мүсіннің жанында тасты қырынан қалап салған зират- қа ұқсаған төрт қабырға бар. Ал бағда біреулерінің жанында кәдімгідей кіші-гірім тас қорған тұрғызылған. Мүсіннен күншығысқа қарай жүз елу, екі жүз қадамнан кейін, сопақ төрт бұрышты, биіктігі жарты құлаш тастар кездесіп отырады. Бұл тізілген тастар (балбалалар) екінші оба тасқа апарады. Одан әрі тағы осындай балбала тастар созылып кете барады…

Осындай бір төбе басындағы тас обаның жанында үш адам отыр. Бірі Кенесары. Қасындағылары Таймас пен әбілғазы.

Қасым хан дәуірінен бастап қазақ жерінде таққа отырудың өзінің ерекше дәстүрі болған. Тақта отырған ханның оң жағындағы адамды Маймене, сол жағындағыны Майсара деп атаған. Маймене мен Майсара ең беделді рулардан, ханның оң қолы мен сол қолы тәрізді сенімді адамдардан сайланған. Қасым ханнан бастап Абылайға дейін қазақ хандарының Маймене орнына арғын, Майсара орнына Қыпшақтан шыққан беделді би, бекзадалары отырып келген.

Кенесары хан болғаннан бері, тек Абылайдың ала туын өзінің жасыл туына айырбастағаны болмаса, көбіне ата дәстүрін берік ұстауға тырысқан. Сондықтан Маймене мен Майсараны хандық, соғыс істерінде ең жақын, ең сенімді серіктері Таймас пен әбілғазыға берген. Таймас арғын руынан болғандықтан оны Маймене, сұлтан тұқымынан шыққан өзінің немере інісі әбілғазыны, нағашы жағынан Қыпшақ болғандықтан Майсара еткен. Бұл екеуі қай жерде жүрмесін, осы тәртіпті бұзбайтын. Міне қазір де Таймас ханның оң жағында, әбілғазы сол жағында отыр.

Тамыздың бас кезі болса да, бүгін күн шілдедей тым ыстық еді. Қазір күн батуға таяп қалған кез. Кеш бола, төбе басында салқын жел соғып, оба қасындағы үш адам демдерін еркін алғандай. Төменде Ырғыз өзенінің өреме тұсында жаудан тасаланған хан аулы жатыр.

«Жалайырда қой көп, Жанғазыда ой көп» деп өзінің үндеместігіне сылтау тапқан Жалайырдың Жанғазы деген байындай емес, Кенесары шынында да сөзге сараң, тұйық, бірақ көп ойланатын-ды. Ал өткен жылғы жеңістерінен кейін тіпті аз сөйлейтін болып алған. Хандықты басқаруда ең жақын деген бір табақтан ет жеп, бір дастарқаннан шай ішіп жүрген Таймас пен әбілғазыға да ол ақырғы кезде анда-санда ғана сырын айтатын. Таймас пен әбілғазы хандарының бұл қылығын «тұтқындағы бәйбішесі мен балаларын сағынған шығар. Қайсар мінезіне салып бізге айтқысы келмей, құр іштен тынған түрі ғой», — деп ойлайтын. Бірақ биылғы жылдың ортасында генерал Обручевпен жүргізілген келісім бойынша тұтқындар айырбасталып, Күнімжан балаларымен үш жылға таяу Орынборда болып, осыдан екі ай бұрын сау-саламат қайтып келген.

Алайда Кенесары бір-екі күн ақжарєын жүрген де, қайтадан қайғы теңізіне түсіп кеткен, түнере бастаған. Ханның бұлай ұзақ тұнжырауын екі ақылгөй түсіне алмай-ақ қойған. Кенесары қандай қайғы келсе де, үш күннен кейін ұмытатын. Ұмытпасқа өмірдің өзі де қоймайтын, күнде аттаныс, шабуыл, бір қайғыны күн салмай басқа қайғы жеңіп жатқан кез. Былтыр Байтабын батыр өлгенде де, ел арасын татуластырудың шешені әлім Ягудин мен бүкіл кеңсе жұмысын, алым-салық істерін басқарып жүрген Оспанұлы Сидақ Қожа қолға түскенде де үш-ақ күн қайғырған. Төртінші күні қайтадан көкбурылға мінген. Бұрынғысынан да қатулана түскен. Биыл Кенесары онша күйзелердей апат ел басына туған жоқ. Тек бұрынғы Елек өзенінің бойына көшіп барған руын иесіз тастамайын деп, жаз басында Жоламан батыр хан қасынан көшіп кеткен. Кенесары құшақтаса қол алысып қош айтысқан. Жоламанның еліне қайтуына өзі рұқсат берген. Ал жақында бөтен ұлттан жалғыз сырласы Иосиф Гербурт — Жүсіп үшті күйлі жоқ болып кеткенде, тұнжырай отырып: «Айдыныма келіп қонған аққуым еді, сірә көлім тайызданайын деген екен, жолынан жарылқасын. Ұлтым бір дейтін еді, тек Бесонтиінге барып қосылмаса болғаны», — деген де қойған. (Бесонтиін деп қазақтар Сібір казактарының басқармасы бастығы, заты поляк, генерал-майор Вишневскийді айтатын).

Осындай жағдайда жүрген Кенесары бүгін ең жанашыр екі серігін алып оба қасына келген. Ертең осы араға Кенесарының қарамағындағы ел билеп отыр- ған батырлары, билері жиналмақ. Алдағы уақытта не істеу керек, соны ақылдаспақ. Өздерін хан шақырғанда Таймас пен әбілғазы сол мәжіліс туралы кеңеспек болар деп ойлаған. Бірақ Кенесары сөзін тіпті бөтеннен бастады.

— Мен кеше бір түс көрдім… Түс емес-ау, өзімнің ажалымды көрдім. Соның жоруын сұрайын деп едім, — деді ол басын көтермей, жерді шұқылап.

әбілғазы жасы кіші болғандықтан Кенесары өзі сөйле демесе үндемейтін. Әдет бойынша мұндай жағдайда сөз Таймасқа тиетін. Ол сол әдетіне салып:

— Түс түлкінің боғы деген, хан ием, оны жорытып не қыласыз, — деді, Кенесарының «ажалымды көрдім» дегенінен шошып.

— Жоқ, түсім демеңдер, өңім деңдер…



— Жақсы. Айтыңыз.

— Біз, қалың қазақ осы арадан босып Балқаш барып, Қамал аралында қыс өткізіп, одан Меркені алған екенбіз. Қырғыздың манаптары Сарбағыш Орман мен Жантайға: «Ағайынды екі жұрт бірігіп, Қоқан ханын жойып, жеке ел болайық», — деп хат жазыппын.

— Жөн ғой. Қырғыздар біздей Россия патшалығының қорлығын көрген жоқ қой әлі… Қоқан ханының қиянаттары болмаса, елі де, жері де сау, ақ патшаға қарсы келмейді…

— Орман өзі хан болғысы келеді екен, ол «сен маған бағын, сөйтсең бірігуім мүмкін, әйтпесе өзіңді ұстап берем. Сенің басыңа Бесонтиін үш мың сом күміс ақша мен алтын медаль бергелі тұр», — дейді. Мен не дегенімді білмеймін, осы арада шым-шытырық бірдемелер басталды. Қалиғұл манап келіп, өзара татуласып, бір-бірімізге тимейтін болып бітім істеген тәріздіміз, бірақ ол бітімді, менің басымды сатып шен алмақ болған манаптар уәдесін бұза ма, келісім сұрап барған Саурық батырды өлтіріп, Күнімжанның інісі мен Жанасты қолға түсіріп, көп төлеу сұрай ма, қалай, әйтеуір біз олармен соғысуға бел байлаппыз…

— Түсіңізге тағы соғыс кірсе қиын екен. Ел тым күйзелуде ғой.

— Иә, бұл тек түс болсын де. Содан қан төгіс басталыпты. Екі жақтан бірдей жазықты, жазықсыздар қырылып, жылаған бала, қатын-қалаштың ойбайынан жер түршіккендей…

— Япырмай, ә… Онсыз да төгілген қан аз емес еді ғой…

Сайып келгенде біз Орман манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы Қара Қоныс жазығының күншығыс шеті Кекілітау етегінде кездесіппіз. Кекілінің «әулие шыңы» аталатын басында Орман қолы. Ежелден қан жосыған жер деп саналатын Майтөбе адырының басында біз… Сол жағымызда қалың бұйратты Алмалысай жазығы. Одан әрі Шу өзені… Олар биікте, біз төмен. «әулие шыңының» басындағы Пішпектің құшбегі әлішер датқа мен Орман манапты өңімдегідей анық көріп тұрмын. Манаптар «бәлем, тұра тұр!» деп жұдырықтарын түйеді. Күншығыс жағымыздан, атын білмеймін, тағы бір қарлы биік шың елестейді. Оның басында Бесонтиін. Ол Орман мен әлішерге қол бұлғайды, «Кенесарыны тез құрт. Жәрдемге бір атқанда мың адамды қыратын қаруы бар жүз әскерімді жібердім», — дейді. Етекке қарасам Бесонтиіннің сөзі жөн секілді. Екі сыпайы самаурынға ұқсас буы бұрқыраған бірдемеден оқты қардай боратып тұр.

— Күндіз не ойласаң түсіңе сол кіреді деген, — деді бағанадан бері үндемей отырған әбілғазы — есіңізде ме Жүсіптің әнеугі сөзі.

Жүсіп Орынбордан келген бір қашқын солдаттан өз елінде шығатын бір журналды сұрап алған. Сол журналда көп нәрсе жазылған екен. Оқты қарша боратып, бір атқанда мың сан адамды жоқ ететін болашақта ғажайып қарулар шығады-мыс деп Жүсіп Кенесарыға айтқан. Тыңдап отырған Кенесары «Шіркін-ай, сондай қарудың бір-екеуі менде болар ма еді», — деп арман білдірген.

— Мүмкін сондай бәле ме, әйтеуір жантүршігер бір ғаламат, — деді сөзін қайта жалғап Кенесары, — соғыс әлі басталған жоқ, бірақ менің екі көзім Кекілітау жағында. Күндіз көзіме түсері тау басына жыра, сайы, қойнау мен шаңын бұрқыратып ағылып келе жатқан қалың қол. Түнде бүкіл Кекілітаудың бойын қаптай жанған оттар… Мен шошынып, әбілғазы, сенен: «Кекілідегі қырғыз көп пе, аспандағы жұлдыз көп пе?» — деп сұраймын.