Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 74 из 82

Аңқаулығынан қайғылы халға душар болған Фалилеев жылап жіберді. «Алыс деп аулыңа бармайсың ба?» деп қазақ айтқандай, ол үрпие шошынған солдаттарын ертіп басы ауған жаққа жүре берді. Алты аласы, бес бересі жоқ, айдалада қойын бағып көшіп жүрген қазақты қырамын деп келген сотник, енді өз жанын сауғалап тірі қалуды арман етті. Сотник Фалилеевтің жасағы осылай қырылды. Тек жершіл қазақы ат мінген құр сүлдері қалған он шақты солдат қана, бес-алты күн өткеннен кейін Балқаш көлін жағалай көшкен Ысты руының аулына келіп жетті. Таймас пен Ержан тобы он күн жүріп арып-ашып Кенесары әскеріне келіп қосылды.

Лебедевтің орнына тағайындалған Дидиковский жасағын өзінше басқармақ болды. Ол бірден войсковой старшинаның қазақтың кең даласына ыңғайланып істелген азық-түлік тиейтін арбасын жойып, жүкті түйеге артты. Сөйтіп ақырын жылжитын ауыр керуенмен шілденің бас кезінде Торғай өзенінің бойындағы генерал-майор Жемчужниковтың әскеріне қосылуды ойлай жолға шықты. Шөмекей руындағы бір тыңшысы арқылы Дидиковскийдің бет алысын, оның дала соғысында Лебедевтен тәжірибесіз екенін біліп отырған Кенесары бұл полкке қарсы тағы да жеңіл жасақ шығаруды ұйғарды. Ол жасақты басқаруды қайтадан ұрысуға жарап қалған Наурызбай мен Ағыбайға тапсырды. Бұл жасақтың бар міндеті баяғы бір сара жол, жау әскерін соңына түсіріп, бетпе-бет ұрысқа жеткізбей, тиіп қашып әбден қалжырату. Ал өзі Иман, Жоламан, Байтабын, Жеке батыр, Құдайменді, Бұқарбай бастаған ауыр қолмен кенет жауының күтпеген жағынан келіп қатты соққы беруге бел буды. Шілденің сегізі кезінде Ырғыз маңында жүрген Кенесары, екі күн өтпей кенет Тобылдың жоғарғы жағындағы Жантөре Ахметінің әскерінің дәл қарсысынан шыға келді. Ол шілденің жиырмасынан жиырма біріне ауысатын түні Ахмет шебіне шабуыл жасады. Осыдан екі-ақ күн бұрын Дидиковский полкімен шайқасып жатқан Кенесары әскерінің найзағайдай жарқ етіп дәл бұлай өзіне лап беретінін күтпеген сұлтан-правитель қорғануға да үлгірмеді. Кенесары бұл сұлтанға аса кекті еді. Алдыңғы жылы осы Ахмет Ор қаласында балаларымен тұтқында отырған Күнімжанға барып, сұлулығына қызығып; «Кенесарыға бәйбіше болсаң, енді маған тоқал бол», — деген. Оған Күнімжан: «Саған тоқал болғанша, Кене төремнің шұлғауы болайын», — деп кішкентай болат кездігін көрсеткен. Бұл оқиға Кенесарыға жеткен. Содан бері хан өте өшігулі еді. Оның үстіне Ахмет те әлсін-әлсін қол жинап Кенесарыға қарсы шығуын қоймады. Ахметтен көп қиянат көрген Иман да оған тісін қайрауда болатын. Сұлтан-правитель әскеріне күтпеген жерден тиген кілең тас жүрек жігіттер ешкімді аямады. Бір түнде бар жасақты қырып салды десек шындыққа жатар еді. Ахмет жасағындағы қырық төрт сұлтанды сол түні өлтірді. Жаз ортасында тайыздана бастайтын Үлкенаяқ өзені сол түнгі төгілген қаннан қып-қызыл боп ақты. Дидиковский полкінің бір бөлігі бұл кезде осы Тобыл мен Үлкенаяқ өзенінің тоғысар сағасында жатқан. Ахмет сұлтанның жасағына жау тиіп, соққыға жығылған кей адамның ойбайлаған даусы құлақтарына келіп жетсе де «өзімізді қай тұстан Кенесары шабар екен!» деп қорқып, орындарынан қозғалмады.

Кенесары қолы сұлтан-правитель жасағын жайратып, таң ата кейін шегініп кетті. Бір түнде Кенесары қолынан қырық төрт сұлтан қаза тапқан бұл айқас- ты естігенде дос қуанып, қас күйінді. Болған оқиғаны жеткізген Дидиковский рапортына Орынбор әскери губернаторы генерал Обручев: «Масқара, жантүршігерлік хабар, мұндай оқиғаның болғанына сенгің келмейді», — деп бұрыштама жазды.

әйтсе де Ахмет сұлтанның әскерінің қалдығымен Дидиковскийдің полкі Тор- ғайға жақын Алакөл деген көлдің жағасында Сібір генерал-майоры Жемчужниковпен кездесті. Бірақ бұл кезде Кенесары өзінің бар аулын Талды мен Шет-Ырғыз өзендерінің маңайынан Мұғажар тауының күнбатыс етегіне өткізіп жіберген-ді. Сөйтіп Жемчужников басқарған Сібір мен Орынбор әскерінің қоршауынан Кенесары тағы құтылып кетті. Енді ол құр құтылып қоймады, жауға өзі шабуыл жасауға кірісті. Тамыз айының басында Кенесары қолы Орынбор шекарасындағы өзімен өш қазақ ауылдарының көк желкесінен шыға келді. Бұ жолы жаздың басында Кенесары ауылдарын Ырғыздың оң жақ өңірінде көшіп жүргенін Лебедев пен Ахмет сұлтанға айтқан Төртқара мен Жағалбайлы руларын шапты… Қанға құныққан хан Кене бұл жолы да, досы мен қасын, биі мен қарашысын айырмай, заты Төртқара, Жағалбайлы деп қолдарына түскен ауылдардың үстіне ат ойнатып, көптеген адамды қанға батырды. Ор өзенінің бойында көшіп жүрген бір ғана Жағалбайлы руынан жеті жүз жылқы, үш мың қой, екі жүздей қара мал айдап әкетті.

Кенесары осылай жау шебінің желкесінде жүріп, көп кешікпай Наследница, Атаман станицаларын алды. Содан кейін ол Орынбор мен Троицкінің өзіне шабуыл жасаймын деп қазақ ауылдарының бәрінің өзіне қосылуын талап етіп жар салды. Біреулер Кенесарының күшіне сеніп, біреулер қорыққанынан оған қосыла бастады. Тамыздың орта кезінде ол кенет Екатерина станицасына ат қойды. Күтпеген жерден болған шабуылға тіпті станица солдаттары қарсыласа да алмай қалды. Кенесары станицаны өртеп, форштатын қиратып, жиырма шақты мылтықты олжа етіп, тағы да қазақтың кең даласының қойнына еніп жоғалып кетті.

Ереуілшілердің патша әскерінің көк желкесінен шығып шабуыл жасауы үкіметті таң қалдырды. «Еш жеңілуді білмес тас жүрек батырдай, соңынан аңыз-ертегілер қалдырып Кенесары тағы да ұстатпай кетті»,[8] — деп жазды артынан тарихшылар.

«Қайткен күнде де Кенесарының ауылдарын қуып жетіп, құрту керек», — деп патша үкіметі оған қарсы шығарған жасақтарына қанша бұйырғанмен, осы жасақтарды басқарушы генерал-майор Жемчужников сұлтанның өзі түгіл, ауылдарының қайда көшіп жүргенін білмейтін еді. Сібір мен Орынбор әскеріне енді Торғай өзенінің бойына Ырғызға қарай жүруге бұйрық берілді. Тамыз айының аяқ кезінде Жемчужников өзінің тыңшылары арқылы Кенесары ауылдарының оңтүстікке — Мұғажар тауына қарай көшкенін естіді. Көп әскермен ереуіл- шілердің соңынан қуып отырудың қиын екенін түсінген генерал-майор Мұғажар тауының арасында ұрысуға жарайтын арнаулы шағын жасақ бөлуді дұрыс көрді. Ол мұндай жасақты Орынборға жататын әскерден екі жүз сексен казак-орыс, Сібірге жататын әскерден жүз жетпіс таңдаулы солдаттан құрды. Бұл жасаққа екі зеңбірек берілді. Войсковой старшина Дидиковскийге өзге әскермен Кенесары тағы да арттарынан шығып шабуыл жасап жүрмесін деп Шет-Ырғыз бойына барып бекінуді бұйырды.



Генерал-майор Жемчужниковтың өзі басқарған арнаулы жасақ тамыздың жиырма екісі күні Мұғажар тауына келіп жетті. Бірақ Кенесары көшінің дені Ембі өзенінің жоғарғы жағына өтіп кеткенін, ал қалған азын-аулақ ауылдардың Мұғажар тауының арасына мықтап бекініп алғанын білді. Бұдан кейін генерал-майор енді Кенесарыны қуудың пайдасыз екенін түсініп, әскерімен кейін қайтуға мәжбүр болды. Осы кезде күздің суық жаңбыры да сіркірей бастады.

Күз тоқсанның бас кезінде Сібір жасағы Ұлытауға, Орынбор жасағы Ор бекінісіне қарай шегінді. Сөйтіп патша үкіметінің Кенесарыға қарсы бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни, қазақша Ұлу жылғы генерал-майор Жемчужников басқарған аттанысы да ешбір нәтижесіз бітті.

Кенесарының да күткені осы кез еді. Патша жасақтары қазақ жерінен кетісіменен, ол қанды шеңберін жан-жағына қайта сала бастады. Жоламан, Иман, Жеке батыр, Жанайдар, Наурызбай, Ержан басқарған шағын жасақтар Орынбор, Батыс Сібір губернаторлығы мен Кенесары билеп отырған жердің шекарасындағы патша бекіністеріне, казак-орыс станицаларына жоқ жерден тиіп тыныштық бермеді. Ал Бұқарбай, Ағыбай, Құдайменді басқарған жасақтар Қоқан хандығының шекарасына барып өзбек қыстақтарын тонаумен болды.

Кенесары осы жылы қараша айында Жаппас руынан зекет, үшір жинап қайтыңдар, егер қарсылық етсе аулын шабыңдар деп Байтабын мен Наурызбайды жіберді. Ондағы ойы бір жағынан Байтабынды тағы бір сынау еді. Кенесарының қанқұйлылығынан түңіліп, әне кетем, міне кетем деп толқып жүрген Байтабын бұ жолы бас тартпады. Ел болып бірігуге қарсы қыр көрсетіп жүрген Жаппас аулына құлшына аттанды. Жаңғабыл би бұларды құшағын жая қарсы алды. Түн келе Кенесары жігіттеріне арнап ойын-сауық құрып, қойындарына қыз салды. Ал таң алдында өзі басқарып ұйқыда жатқан Наурызбай жігіттерін тегіс бауыздады. Осы түнде Байтабын батыр да өлді, Николай Губин қолға түсті. Тек жанында жатқан қыздың сырттағы шуды естіп «сені өлтіргелі келе жатыр» деген сөзінен сес алып далаға жүгіріп шыққан Наурызбай Николай Губин әкелген Ақауыз жүйрігіне мініп үлгірді. Соңынан қуған Жаппас жігіттерінің жетеуін және әлмембет бидің баласы Көкір батырды найзамен қағып өлтіріп жалғыз өзі қашып құтылды. «Сұңқар өлген» төбесіндегі оқиғадан кейін алты жыл қызығын көрген Байтабынның асқан ерлікпен, жалғыз өзі көп жігітпен атысып сорға қамалып өлгенін естігенде Кенесары қандай батырынан айрыл- ғанын бір-ақ білді. Батырларымды қалай қадірлейтінімді көрсін деген сұлтан өзі жер бауырлай қайғырып, бар жұртқа үш күн қара жамылтып жоқтау айтқызды. Жетісін бергеннен кейін Байтабын өлген жерге барып басына құлпытас орнатып, бұл араға «Байтабын даңызы» деген ат қойды. Осы «жасауыл қыр- ғын» деп аталатын уақиғадан кейін Кенесары желтоқсанның басында сарбаздарын өзі басқарып келіп Жаппас руын шапты. Жазықты-жазықсызына қарамай Жаппас руының көп аулын қанға бояды. Сан кедей алдындағы күн көрісінен айрылып, сан бейшара қан жылады. Тек осы қырғынның бас күнәкары Жаң- ғабыл ғана қоймасындағы көп қомының арасына тығылып аман қалды. Сонымен бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни Ұлу жылы, Кенесары жауын тағы тойтарды. Бірақ ол іштей жаралы еді. Тағы да осындай ауыр бір жыл келсе, тынымсыз алысып, ат үстінде жүріп қажыған жұрт енді төтеп бере алмайтынын Кенесары жақсы түсінген-ді. Сол себептен де таяу қалған жауын сезіп, қайда қашарын білмей сасқан жаралы арлан қасқырдай қатты қиналуда еді. Қас пен досты айыра алмай, соңғы кезде бойын мейлінше билеп кеткен қатыгездік, қаныпезерлігі де осыдан шыққан-ды.

8

С и м а г и н В. — Оренбургский листок. 26, 1889 год.