Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 73 из 82

Осы әскерлердің бәрінің біріге қимылдауын басқару генерал-майор Жемчужниковке тапсырылды. Ол өзінің штабымен мамыр айының басында жаңа салына бастаған Ұлытау форпостысына келді. Войсковой старшина Лебедев бас- қарған Орынбор жасағы мамырдың бесі күні Ор қаласынан шықты. Қияпат қиындықпен, қалың жауынға қарамай, Ақкөл мен Жыланшық өзенінен өтіп, Ырғызға қарай беттеді. Лебедев жасағына қосылмақ боп дәл осы кезде көп жауынгермен Ырғыз өзенінің жоғарғы жағынан Ахмет сұлтан да қозғалды.

Кенесары ордасы бұл кезде Ырғыз өзенінің оң жақ беткейін жайлап отырған. Жау әскері өткен жерлердегі өзінің қара құлақ тыңшылары арқылы ол Лебедев пен Ахметтің бет-бағдарын күні бұрын біліп алды. Егер Орынбор мен Батыс Сібір жасақтары Торғай өңірінде ұшырасар болса, өзінің қақпанға түсетінін ұқты. «Кенесары кейін шегініп кетіпті» деген жалған сыбыс таратып, Лебедев пен Ахметті алдады. Ал Ұлытаудағы Жемчужниковке «Кенесары Ұлытауға келе жатыр екен» деген өтірік хабар жеткізді. Келе жатқан Кенесарыны Ұлытауда қарсы алмақ боп Жемчужников есауыл Лебедевке Торғайға емес, Ұлытауға қарай беттеуін бұйырды. Сөйтіп генерал-майор Жемчужниковтың айтуымен Лебедев дер кезінде Торғайға жете алмай қалды.

Бірақ войсковой старшина Лебедев Төртқара руының билерінен Кенесары Ордасының Ырғыз төңірегінде екенін естіді. Ол жауының алдауына түспей, Ырғызға қарай жүрді. Мамырдың жиырмасы күні Ахмет сұлтанның жасағымен Талды өткелінің аузында кездесті. Енді бұлар Кенесары Қарақұмға өтіп кетпесін деп күні-түні тоқтамай Торғайға жетті. Сөйтіп Кенесарының Қарақұм мен Борсық құмына баратын жолын кесті. Бірақ Торғай маңында Сібір жасағымен кездесе алмады. Ашуланған войсковой старшина Орынбор әскери губернаторы Обручевке ат шаптырып: «Мамыр айының отызы шенінде менің Торғай өзенінің жағасында болатыным Сібір бастықтарына белгілі еді. Ал қазір маған Сібір жасағының Ұлытау мен Торғай арасында жоқ екені мәлім болды. Егер Кенесары Ұлытауға қарай шегінсе, оны Сібір жасағы тоқтата алмайтыны анық», — деп хат жазды. Генерал-майор өзінің алданғанын енді түсініп, Омбыдан онсыз да кеш шығып Арғынатыға жаңа таяған есауыл Лебедевтің әскеріне тез Тор- ғайға бұрылуын бұйырды. Сөйтіп Ұлытаудың күнгей жағына баратын жол бос қалды. Кенесары осы жолмен кейін шегінді.

Жаздың бас кезі өте жауынды болды. Батпағы толарсақтан келетін қара топырақты сарғылт балшықты жерлерменен ауыр зеңбіректерін сүйреп есауыл Лебедевтің жасағы Торғайға әзер жетті. Бірақ войсковой старшина Лебедевтің әскері бұл арада болмай шықты. Ал бұл жасақ Ұлытаудың күнгей жағына қарай көше жөнелген Кенесары ауылдарын қуа түсті де, алдарында жау көшін тоқтататын Сібір әскері жоқ екенін біліп, Ор қаласына қайтуға мәжбүр болған. Жолай, Кенесары адамдарының «Кенесары жағында екен» деген әдейі тарат- қан жалған сыбысқа сеніп, Лебедев ақ патшаға берілген Байқадам бидің аулын тонады. Ахмет болса енді өзінің Ордасына қарай шегінді.

Войсковой старшина Лебедевтің Ұлытау жағынан келе жатқан генерал-майор Жемчужниковтің қолымен кездеспей, Кенесарыны қуа түсіп, дым бітірмей, тек жолындағы Байқадам бидің аулын шауып, Орға бос қайтқанын Орынбор әскери губернаторы да естіді. Енді ол терісіне сыймай, қаһарлана ашуланды. Обручев Лебедевті Орынборға шақырып алды да, қызметтен босатып, сотқа берді. Лебедевтің орнына Орынбордың үшінші казак-орыс полкінің командирі полковник Дидиковскийді тағайындады.

Ал пар ат сүйреген жеңіл зеңбіректі, малына қаруланған сотник Фалилеевтің жасағы құмайтты тақыр Сарысу бойына белгіленген кезінде жетті. Кенесары әскері шегіне қалса құмға өтіп кетпесін деп бұлар шеп құрып осы арада жата берді. Мұны естіген Кенесары түбі, Ұлы жүздің жеріне қарай беттейтін күн туса, кедергі болмасын деп, бес жүз сарбаз беріп Фалилеевке қарсы Саржанның баласы Ержан мен Таймасты жіберді. Бұларға Фалилеевпен зеңбірек оғы жетпейтін жерден арбасып, қаша соғысып жауды қалжырату бұйырылған.



Бостан-бос құмайт далада зерігіп жатқан Фалилеев солдаттары оңай олжаға бата қалғысы келіп Таймас тобын көрісімен қуа жөнелді. Сарысу маңына келгелі тынығып қалған солдаттар қоя ма, екі күндей Кенесары жігіттерін өкшелей, соңдарынан қалмай-ақ қойды. Сарбаздар құмға беттесе, солдаттар да құмға беттейді. Адасып кетеміз деп қорықпайды, өйткені Фалилеевте бұл араны жақсы білетін Шөмекей руынан жалдап алған жол көрсететін он жігіт бар. Қос атты солдаттардан құтыла алмайтынын түсінді ме, әлде басқа ойы болды ма Таймас пен Ержан кенет Балқаш көлінің бергі құмды жағасына қарай беттеді. Кенесары әскерінің алыста екеніне қанық сотник Фалилеев «мына шағын топты тез құрта қояйын» деген оймен ереуілшілерді жалықпай қуып берді. Бірақ Шөмекей жігіттері жолды қанша жақсы білгенменен де Кенесары жігіттерінен көз жазып қалады. Өйткені жат жердің ой-шұқыры көп, бұл ара өздерінің үйреншікті Сыр бойы мен Сарысу алқабы тәрізді көш жолы емес, өгей өңір, өгей өлке.

Бұндай жағдайды сезген Фалилеев ат-жөні жоқ, бос қуа беруді тоқтатып, кейін шегінбек боп тұрғанда, өздері қуып келе жатқан жасақтан он жігіт түнде қашып шығып бұларға қосылды. Сотник жасағының көзі ашылды, жол көрсетушілер енді осы жігіттер болып алды. Алдағы топтың қайда түнеп, қалай қарай жүретінін күні бұрын біліп отырады. Өздері де Кенесарыға сондай өшіккен екен. Кешегі жолдастарын бүгін су түбіне жіберуге бар… Бұрынғы он жігітті бір-бірден серік етіп алған осы қашқын он жігіт Фалилеевке өте ұнады. Сұрас- тыра келсе бұрын бұлар Кенесарыға қорыққанынан ерген екен, егер ақысын төлер болса, орыс солдаттарын Мекеге дейін апаруға дайынбыз дейді. Фалилеев жасағы қай жерде келе жатыр, қай жаққа бара жатыр бірін де білмейді, тек сенері осы жиырма жігіт. Осылай тағы да бір жеті өтті. Әбден қалжыраған солдаттардың енді торсықтағы сулары таусылуға айналды. Фалилеев: «Қой, жетер енді, суы бар жерге қарай бастаңдар» деген күні соңғы он жігіт: «Таймас пен Ержан енді алға қарай жүре алмайды. Алдарында тек сусыз құм. Олар ертең кейін қайтады. Бұл арада бөтен жүрер жолдары жоқ. Әбден қалжыраған жігіттерді кәдімгі балшыққа қонған үйректей шетінен аспай-саспай атып аламыз. Тек бүгін осы арада әбден тынығып алалық. Су керек болса алыс емес. Осы арада мына теріскей жақта он шақырымдай жерде суы мөп-мөлдір тас құдық бар», — деп ақырғы сырларын ашты. «әнеугіден бері босқа қуып жүрміз бе бұл қарақшыларды, егер су жақын болса ертең-ақ барармыз», — деп шешкен Фалилеев жігіттердің ақылын дұрыс көрді. Торсықта қалған суларымен шай қайнатып ішіп алып, аттарын тұсап тастап ертеңгі айқасқа құлшынып кіріспек боп ұйқыға кетті. Бір-екі-ақ күзетші солдаттар қалды. Әбден жол соғып қалжыраған күзетшілер «сендер аз дем алыңдар, біз күзете тұрайық» деген тың қазақ жігіттеріне сеніп, сәл көз іліктірмек боп ерлерінің қасына жантайды.

Оңтүстіктің жазғы түні қандай қысқа, әбден қалжыраған солдаттар бірер сағат ұйықтап түрегелсе, таң да бозарып атып келе жатыр екен. Көкжиек ала-бұртып көп кешікпей күн де шығуға жақын… Керней ойналып, солдаттар орындарынан атып-атып тұрды. Бұлар түрегелгенде ең алдымен көргендері қан-қан боп бауыздалып қалған Шөмекейдің он жігіті болды. Кенесары жасағынан қашып келген сыпайлардың бірде-бірі жоқ. Фалилеев қашқындардың бүгінге дейін қастарына Шөмекей жігіттерін неге серік етіп жүргендерін енді түсінді. «әттегене-ай!» деп санын ұрды. Расында да бұл қашып келген он жігіт Таймас жіберген тыңшы-барлаушылар еді. Олар әбден сенімге еніп алып, жауларына жол көрсететін қастарында жатқан серіктерін осы түні бауыздап, өздерінің жасағына тартып отырған.

Аздан кейін алабұртып жарқырап күн шықты. Күн көтеріле бастағаннан-ақ көкжиекте сағым да ойнай жөнелді. Әрі-беріден соң күн көк аспанда шатынай қызарып жерге жалындай күйіп тұрған нұрын төкті. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласында күннің қай жақтан шығып, қай жаққа барып бататынын бірде-бір солдат айыра алар емес. Қай жаққа қараса да ұшы-қиыры жоқ құлазыған ақ сортаң тақыр. Құс та ұшпайды, аң да жүгірмейді, тек жалпақ даланы қоршап сағым ғана ойнайды. Кең даланың қай жерінде жатқандарын ажыратып болмайды, не су жоқ, не көлеңке жоқ, тек көріктен аңызақ леп үргендей бір тамұқ. Су табатын, жол білетін бірде-бір жан жоқ. Мұндайда ақтұмсық құмырсқаның үймелеген жерінен құдық қазып, екі-үш кезден кейін мұздай мөлдір суға жететін, ошаған бүршігінің қалай қарай жантаюынан терістік пен күнгейді айыратын қазақ жігіттері бауыздаулы жатыр…