Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 72 из 82

Осы сәт Зейнептің өжет қылығына дәл келді. Жанайдар ісігі қайтып, ертеңіне тіл қатуға жарап қалды.

Бұны көрген Кенесары батырының сау қалғанына қанша қуанса, қарашылар көзінше төре тұқымының абыройының сақталып қалғанына сонша қуанды. Зейнепке әбден риза боп қалған сұлтан қас жауының тоқалы демей, бостандық бермек оймен, ертеңіне оны Ордасына алдыртты. Үйде Таймас пен әбілғазыдан бөтен Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман бар еді.

— Қоңырқұлжа қанды кекті жауымыз болса да әйеліне зәбір еткіміз келмеді, — деді Кенесары бостандықты Зейнеп өзі сұрасын деген ниетпен, — қандай тілегің бар, айт, береміз.

Хан болсын, қара болсын, еркек адамға тек еркектік жағынан ғана қарайтын Зейнеп, Кенесарыдан хан екен деп қаймықпады, оған жайраңдай қарап:

— Шын айтасың ба? — деді.

— Шыным. Хан екі айтпайды.

— Онда… Хан қайным, жалғыз ғана тілегім бар, — деді екі беті балбырап, қап-қара бота көзі күлімдеп, — мені Қараүлектен айырмаңыз.

Түсінбей қалған Кенесары:

— Не дейсің? — деді.

— Мені Қараүлекке қосыңыз деймін.

— Қай Қараүлек?

— Өзіңіздің құлыңыз.

Таймас пен әбілғазы кеше Иман батыр мен Жанайдар Қоңырқұлжадан алып келген олжа мал-мүлікті жұртқа бірдей етіп үлестіріп берген. Ал тұтқын қыз-келіншектерді екі үйге бөліп, «бұларды кімге беруді ертең шешеміз» деп, бір үйді Батырмұрат жігіттеріне, екінші үйді Қараүлекке күзеттіріп қойған. Қара- үлекке күзеттірген үйдегі Зейнеп, ел жатқан кезде «сыртқа шығар» деп күзеттегі құлдың мазасын алған. Мылқау Қараүлек «шаруасын бағана неге бітірмеді екен» деп ашуланса да, піскен бауырсақтай томпиған жас тоқалдың көңілін қимай, сайға алып барған. Шаруасын бітіріп болғаннан кейін Зейнеп, күздің суық түніне қарамай, үстіндегі мақпал шапанын жерге тастап, артында жар жағасында тұрған құлды адамға санамай ыстанын аяғының ұшына дейін түсіріп, жылып аққан бұлақтың мөлдір суына о жер, бұ жерін жуа бастаған.

Айлы түн, қарасанына дейін аппақ боп ашылған жас тоқалдың бөксе жағы… Қырыққа келгенше әйел көрмей, алып денесі құрысып мазасын алған Қара- үлек әзер шыдап тұр. Еркектің мінез-құлқына әбден әккі болған жас тоқал оның халіне түсініп өзіне шақырып: «әй, құл, бері кел, мына кебісімді аяғыма кигіз» деген. Қараүлек көзі қарауыта демін ентіге алып, әзер таяған. Ар жағында оны сезім жеңген. Талмаусырап кетіп, тек бие сауымындай кезде көзін әзер ашқан Зейнеп, дел-сал боп ұялап қалған денесін мақпал шапанының үстінен көтере алмай тағы біраз жатқан. Талай еркекті көрген Зейнеп Қара- үлекке аса риза болды. Бірақ бұдан әрі қуанышқа шыдай алмайтынын сезіп, аяқ жағында үн-түнсіз тізерлеп отырған Қараүлектің бұқадай жуан мойнынан құшақтап өзіне тартты. Содан кейін қолаңса сасыған бетін бетіне таяп: «мені үйге апарып таста» деді сыбырлай сөйлеп. Көн боп қатып қалған денесін қорғасындай балқытқан жас тоқалды Қараүлек жас қозыдай бауырына қыса құшақтап қараша үйдегі бөстекке апарып жатқызған.

Зейнептің нені тілеп тұрғанын жаңа ғана түсінген Кенесары ызадан қара күреңденіп кетті, бірақ тіс жарып, тіл қатпай төмен қарай берді. Кеше ғана төре тұқымының абыройын сақтап қалған Қоңырқұлжа тоқалына енді жеркене қарады. Төре тұқымынан шыққан әйелдің тіпті, қарашы емес, төлеңгіт емес, есікте жүрген құлға шығамын деуінен артық масқара бар ма! Хан Кененің ақсүйектік намысы жүрегін оттай өртеп, іштей апыр-топыр болды да қалды. Бірақ ханның ашулы жағдайын Зейнеп түсінсе де айтқанынан қайтпады.



— Хан екі сөйлемес болар, — деді Зейнеп енді екі көзі жалын атып, — мені Қараүлекке байға берсең, Қоңырқұлжадан да өшіңді қайтарасың, есігіңде жүрген құлыңның да сауабын аласың, айтқан уәдеңді де орындайсың.

Кенесары қанша намыстанғанмен, ашуын ақылға жеңдірді.

— Болсын, — деді кенет басын жерден көтеріп.

Бұл шешімге біреу намыстанды, біреу масайрады. Сұлтандар тұқымы іштей ызаланса, Кенесарының соңынан ерген қарашы, төлеңгіт, малы мен мүлкін баққан құлдар тек Кене хан ғана бізді адамға санайды деп әлдеқандай болды. Енді оған мүлдем беріле түсті. Сол риза болғандардың ішінде Зейнептің өзі де бар еді, бірақ ол әйелдік құмарын тарқатқан Қараүлегінің Кенесарыға қанша берілген жан екенін білмейтін. Және бүгін өзінің өтінішін орындаған хан Кененің бұның өшін қалай қайтаратынын ойламады. Ол Қараүлекті жанындай жақсы көріп кетті.

Жақсылыққа жақсылық деген ниетпен Зейнеп Ожардың жіберуімен аулына келіп жүретін тыңшы Сәмен мен оның екі серігі Жақып, Сақыпты ұстап берді. Кенесары бұл үшеуін бірден дарға асып өлтіртті.

Бірақ Зейнептің қуанышы ұзаққа бармады. Екі ай өткеннен кейін ол күні бойы әлденеге жылап жүрген Қараүлектің құшағында жатып «жастықтан тұншығып» өлді. Қыс бойы бұдан басқа бәлендей айта қаларлық оқиға болған жоқ. Кенесары жазғы айқасқа дайындалумен күндерін өткізді. Қолындағы жігіттерін жылдағыдай таратпай «ақ қала» салып, шатыр тігіп, күндіз-түні әскери ойынмен шынықтырды. Қарамағындағы елдің жауға қарсы тұра алар жас жігіттерінің бәрін шапа-бұйрық беріп сарбаздар қатарына шақырды. Осыншама әскерді ұстап тұру қиын болғандықтан, Кенесары өзіне бағынбайтын, бірақ іргелес отырған басқа руларға да салық салып, зекет, үшір жинады. Ханның бұл ісі біреуге ұнады, біреуге ұнамады, бірақ Кенесарының қаһарынан қорыққан жұрт оның әмірін бұлжытпай орындады.

Сөйтіп жүргенде бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни Тышқан жылының жазы шықты. Қарамағында жиырма мың әскері бар Кенесары енді соғысқа дайындала бастады.

Кең даласында соққан желдей қыдырған Кенесарыны жеке жасақ шығарып құрта алмайтынына көзі жеткен патша үкіметі енді ереуілшілерді Торғай, Ырғыз өзендері бойында үш қол жіберіп, үш жағынан бірдей қоршап құртпақ болды.

Кенесары Ұлытау, Арғынаты жағынан келіп бекіністеріне шабуыл жасап үнемі мазасын ала берген соң, Горчаков өткен жылдың ортасында, Россия империясының канцлері Нессельродеге қағаз жіберген. Ол қағазында Ұлытау мен Арғынатыны басып алып, сол араға казак-орыстарды орналастырып, екінші Сібір полкынан арнаулы жасақ ұстауды өтінген. Канцлер генерал-губернатордың ұсынысын қабылдаған. Бірақ қайнаған қазандай бұрқыраған ереуілді қазақ жерінің тең орталығы Ұлытауға келіп орналасуға казак-орыстар көнбеген. Әйтсе де жаңа салына бастаған Ұлытау станицасына патша үкіметінің бұйрығы бойынша жеребемен үй-ішімен елуге тарта казак-орыс және бір рота солдат әкелінген.

Патша үкіметі жаз Торғай бойына жайлауға шығатын Кенесары ауылдарына осы Ұлытау мен Ор қаласынан және Тобыл өзені бойынан үш қол шығарып, ереуілшілерді үш бүйірінен қысып біржолата құртпақ болды. Бұдан басқа Орынбор әскери губернаторы сұлтан-правитель Жантөренің Ахметіне сенімді қазақ жігіттерінен арнаулы әскер жинауға бұйырған. Бұл әскерге өз еркімен кірген қазақ жауынгерлері егер майданда қаза болса оның үй ішіне патша үкіметі тарапынан пенсия беріледі деп жариялаған. Әскер жиналып болғаннан кейін Тобыл өзенінің жоғарғы жағында жарлық күтіп, тастай түйініп дайын тұруға тиісті делінген.

Күні бұрын құрылған жоспар бойынша войсковой старшина Лебедев бас- қарған бес жүз солдат мамырдың бесі күні Ор қаласынан шығып, Камышовка бекінісіне беттеуге тиісті. Одан кейін Ырғыз өзенінің төменгі сағасымен жүріп отырып, мамырдың жиырмасында Кенесары ауылдарының жайлауы Торғай өзенінің жағасына жетуі керек. Ал Тобыл бойына жиналған Ахмет сұлтанның жасағы Қабырға, Үлкенаяқ өзендерінің бойымен түсіп, Тайпақ өткелінен өтіп, мамырдың осы жиырмасы күні войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қосылуға міндетті еді.

Батыс Сібір губернаторы жағынан да екі жасақ құрылды. Бірі — есауыл Лебедев басқарған екі зеңбірегі бар екі жүз елу жауынгер. Екіншісі — сотник Фалилеев басқарған бір зеңбіректі жүз елу солдат.

Есауыл Лебедев басқарған жасақ мамырдың бірінен қалмай Ұлытау жағынан шығып, Кенесары ауылдарын бері қарай қуып Торғай бойында Орынбор жасақтарымен ұштасуға тиісті. Ал Фалилеевтің жасағы Сарысу жағасында шеп ұстап, Кенесары әскері Орта Азия хандарының жеріне, немесе Ұлы жүзге қарай шегінер болса жолды бөгеп әрі қарай өткізбеулері керек. Өстіп Кенесары әскерін енді кең далада еркін қимылдауына мұрша бермей жан-жағынан қоршап, патша генералдары Торғай тұсында тұншықтырмақ болды. Бұл ойлары туралы князь Горчаков: «Егер Кенесары, Торғай, Үлкенаяқ, Телғара өзендерінің бойындағы бекіністің ортасына түсер болса, екі жақтағы қамалдардан бір мезгілде соққы беріп, қолдан келер шараның бәрін қолданып, бірден құртып жіберу керек», — деп жазды.