Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 71 из 82

Сұлтан-правитель Арыстан аулын шапқаннан кейін Кенесары Мұғажар тауына бекінген. Жорықтан олжалы оралған батырларын ол масайрай қарсы алды. Жасақты бастап келе жатқан Иман аттан түскенде, қазақтың ескі дәстүріменен құшақтарымен құшақтарын айқастырып, төстеріне төс тигізіп амандасқан.

— Сау қайттың ба, Айеке? — деді Кенесары. Сөйтті де жан-жағына қарап, — Жанайдар сұңқар көрінбейді ғой… Қаралы хабар бермеген секілді едің… — деп қобалжи күмілжіді.

Кенесары ақырғы үш жылдың ішінде, отыз тоғызыншы, яғни Доңыз жылы Омбы мен Орынборға бағынатын қазақ ауылдарының шекарасы етіп Телікөлге дейін қызыл діңгектер қағылған Қарынсолды, Торғай өзендерінің бас жағындағы бірнеше Сібір бекіністерін шапқан. Соның ішінде «Көкала жар» бекінісіне де тиген. Бірақ бұл бекіністі ереуілшілер көпке дейін ала алмаған. Осындай қиын кезеңде Иман батыр азғантай жігітпен бір қараңғы түнде бекіністің түкпір жағынан «Көкала жарға» кірген. Осы бір ерлігіне риза болған Кенесары Иманды содан кейін «Аяу батыр» — «Аякең» деп атап кеткен. Кене хан қазір де Иманды сол әдетіменен еркелете атап тұр.

Иман батыр келе жатқан көштің соңын көрсетіп:

— Жанайдар батырың да сау, тек балтырынан оқ тиіп, ат үстінде жүре алмаған соң, арбаға салып әкеле жатыр едім, — деді.

Кенесары хандығына қарамастан жүгіре басып Жанайдар жатқан арбаның жанына барды.

— Сұңқарым, қалайсың? — деді арба үстіндегі Жанайдардың бетіне үңіле.

Бірақ жауап қайтпады. Жанайдар бұл кезде ессіз еді. Күптей боп ісіп кеткен аяғының зардабы жүрегіне шауып, өлім халінде жатқан. Батырының мұндай күйін көрген Кенесары қасына келген Наурызбайға:

— Олжаны әбілғазы мен Таймас жұртқа бөліп берсін, — деді де Жанайдарды тезірек өзінің ордасына әкелуді бұйырды.

Сабырлы, сөзге шешен, ақылды Жанайдарды Кенесары ерекше жақсы көретін. Өлім аузында жатқан батырын ажалдан қалай құтқарам деп түні бойы шақыртпаған бақсы-балгері қалмады. Үшкіру, ұшықтау, ісіктен қан жіберу секілді қазақтардың жайшылықта қолданатын емдерінің бірде-бірі қалған жоқ. Бірақ Жанайдардың халі нашарлай берді. Енді батырын құтқара алмайтынына көзі жеткендей болған Кенесары қалың қабағы түксиіп қайғыға енді. Ол қайғырса, не ашуланса адам баласына тіл қатпайтын, төмен қарап тұнжырай отырып алатын. Сұлтанның мұндай халін көрген бір кәрі кемпір:

— Кенежан, Жанайдар батырды «ақ жол» емімен емдеп көрсек қайтеді? — деді.

Бөтен амал қалмағанын білген Кенесары әлденеге күдіктенсе де:

— Сөйтсек, сөйтіп көрелік, — деді.

«Ақ жол» емі төре тұқымының әйел жыныстысын бозбалашылықтан, ерлері- нің көзіне шөп салушылықтан сақтау үшін Абылайдың өзі шығарған ем болатын. Бұл ем бойынша сұлтан тұқымынан шыққан әйел жаралы адамның үстінен аттап өтеді. Егер әйел ерінің көзіне шөп салмаған адал жан болса, жаралы жазылады. Ал әйел ақ жолды дұрыс ұстамаған күнәкар болса, жаралы үстінен әйел аттаған мезгілге жетпей өледі. Бұл «ақ жол» емі жаралы адамнан гөрі, төре тұқымынан шыққан қатындарға үлкен сын. Әйелдері заты еркек жанды болып келетіндіктен сұлтандар бұл емді жұрт көзінше өздерінің қадірін төккілері келмей, көп қолданбайтын. Кенесары көңілі күдіктенсе де, қайғы үстінде «сөйтсек сөйтейік» деп қалған.

Ханның әмірі бойынша төре тұқымының біраз әйелі ордаға шақырылды. Бастығы Бопай болып келді. Кәрі кемпір «ақ жол» емінің негізгі шарттарын айтып, күнәм жоқ деген әйелдің Жанайдардың үстінен аттап өтуін сұрады. «Егер күнәң болса аттаған кезіңе жетпей Жанайдар өледі», — деген сөзден қорыққан төре тұқымынан шыққан күнәлі әйелдердің бірде-бірі «батыр өліп кетіп, мас-қарамыз шықса, Кене ханның кәріне ілінерміз» деп Жанайдардың үстінен аттауға бата алмады. Орындарынан қозғалмай тұрып алды. Кенесарының түксиген қабағы бұрынғысынан да қатты түксие түсті. Үй ішінде отырған сұлтандарда жұртқа қарар бет жоқ. Бастарын төмен тұқыртып құр жер шұқи берді…

— әттең Күнімжан келіннің жоғын-ай, — деді есік жақта отырған бір кәрі қатын.

Кенесары ауыр күрсінді. «Иә, Күнімжан болса… Ол сөзсіз аттар еді. Жоқ, кім білсін, екі жылдан асып барады ғой жат жерде жүргеніне…» Қатыгез, тас жүрек Кенесарының жүрегі кенет өртеніп кетті. Ол басын көтеріп алды. Орданың есік жағында тұрған жеңге, келіндерінің бетіне тесіле қарады. «Жоқ, бұлар күнәсіз болуы мүмкін емес… Анау оймақ ауыз дүниеде бір-ақ адамды сүю үшін ғана жаралмаған. Кәрі қақпастың «Ақ жолына» бекер көнген екенмін. Ешқайсы шықпаса, Абылай атамның ұрпағын мына сайқалдар масқара етеді-ау! Қалың қолға қарсы шапқанда мұндай қысылмаушы едім. Өлген жерім осы болды-ау!»

Кенесарының ойын кенет күміс қоңыраудай сыңғырлай шыққан дауыс бөліп жіберді.

— Рұқсат етсеңіздер, аға аяғын мен аттайын. — Бұны айтқан Ақбөкен еді. Кенесары басын көтеріп алды. Ақбөкеннің сұлу жүзіне тесіле қарады. «Наурызбай білмей алмаған екен. Бір адалдық шықса осыдан шығар». Бірақ Кенесарының қуанған көңілін қара кемпір тез суытты.

— Келін шырағым, саған болмайды, — деді ол жемтікті шоқып тұрып жан-жағына қараған кәрі қарғадай басын шайқап, — сен төре келіні болғанмен, төре тұқымынан емессің!

Кенесары қара кемпірге түйіле қарады да қойды, «Абылай бабасы осылай шарт қойса, Кенесары не істесін? Расымен-ақ ешкім шықпағаны ма?»

— Бопай, өзің аттап көрсең қайтеді? — деді әлдекім есік жақтан міңгірлеп сөйлеп.



Бопай жұлып алғандай:

— Былшылдамай жайыңа тұр, — деді, — күндіз-түні ат үстінде жүріп қалжырап, кейде қатты ұйықтап қаласың… Ер жүрек біреу ойындағысын істеп кетіп, оң қолдай батырдың ажалына себепкер болсам, жұртқа қай бетіммен қараймын?

Кенесарының басы енді тіпті салбырай түсті. «Бопай мен Жанайдар батырдың көңілдері жақын» деген бір сыбысты әлдеқалай Күнімжаннан естіген. Ол кезде қатынының сөзіне мән бермей «қойшы, қайдағы жоқты айтпай» дей сал- ған. «Сол сыбыс рас болды-ау!» деді ол ішінен. Әйтсе де Кенесары қарындасы Бопайға риза. «Абылайдың ұрпағы емес пе, күнәсі бар екенін жұртқа аңғартпай сылтау тауып құтылып кетті».

Артынан халық арасында:

«Жанайдар артық туды жатырынан,

Оқ тиді Жанайдардың балтырынан,

Бір айла өлмес жанға бола ма деп,

Аттайтын қатын іздеді ата ұлынан.

Аттайтын бір де қатын табылмады,

Төрелер түңіліп тұр қатынынан!» —

деп өлеңге айналған бұл оқиға Кенесарыны жаман ашулантты. «Мұндай қатындардан туған ұл қайдан батыр болады? Кімді көтереді? Расымен төре тұқымы бақа-шаянға айналғалы бара ма? Расыменен Абылай атамның түсі шын бол- ғалы тұр ма? Бүкіл қазақ түгіл, өз ұрпағымды жөндеп түлете алмайды екенмін, қалай Үш жүзге хан болмақпын?»

Кенесарының ойын тағы бір дауыс бөліп жіберді.

— Кешегі алып келген тұтқын әйелдердің ішінде төре тұқымдас ешкім жоқ па екен?

— Бар. Неге болмасын.

Жасауыл Зейнепті бас етіп екі-үш жас келіншектерді алып келді. Қара кемпір бұларды неге шақырғанын айтты.

— Мен аттайын, — деді Зейнеп ойланбастан, — әкем де, байым да төре тұқымы.

Қоңырқұлжаның жас тоқалының бозбалашылық қылығы жайынан біраз жұрт хабардар еді. Бірақ көздерімен көріп, қолдарымен ұстамағаннан кейін «ел не айтпайды, мүмкін өсек шығар», — деп үндемеді. Ал Зейнеп болса қара кемпірдің сөзін ойыншық көрді. «Күнәлі қатын үстінен аттағанға батыр өлсе — өле берсін. Мықтағаны Кенесары бір жайсаңының ажал тапқаны ма, өз обалы өзіне, тыныш жатқан елді шауып несі бар… Ал алда-жалда… Құдай менің артымды бағып жүр дейсің бе, сезбей, көрмей қалып, мына саңдағы жазылып кетсе, жұрт қызықты сонда көрсін. Менің адал емес екенім алты алашқа аян, жұрт мақтаған Абылай атамның да айлакер қатыннан ақылы аса алмағанын бүкіл халық білсін».

Дағдарған жұрт «аттасын, аттасын» деп Кенесарыға қарады. Хан мақұлдап басын изеді.

Бүйректей бұлтыңдаған Зейнеп, бүкіл қазақ дірілдеген Кенесарыдан қымсынбастан шытырма көйлегінің етегін екі қолымен жоғары көтерді де, ақ жібек ыстанының кестелі балағын көрсете, кешеден бері алғашқы рет өлімсірей көзін ашқан Жанайдардың үстінен «ә, құдай!» деп ойнақши күліп аттай берді…

Ал Жанайдардың әлгі көз ашуы есінің кіре бастағаны еді. Үш күннен бері ісікпен алысқан алып дене, бір балгердің шөптен істеген шипалы дәрісінің арқасында кеселді жеңе бастаған.