Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 70 из 82

Полковник өзінің қателескенін енді ұқты. Ол бұдан әрі Наурызбай жасағын қуып құр әуре болудың керегі жоқтығын түсініп, Ырғыз өзеніне қарай кейін шегінуді ұйғарды. Бостан-бос өте керекті он шақты күнді жоғалтқанына қатты өкінді, бірақ амал қанша. Арып-ашып тағы екі жеті дегенде войсковой старшина Лебедев пен Ахметтің әскеріне жете алмай, Ырғыз бен Үлкенаяқ өзенінің жағасында тұрған Кенесары әскерінің оң жағынан шықты. Бірақ бірден соғысып кетпей, Лебедевпен байланыс жасамақ боп және ар жағынан келе жатқан Омбы генерал-губернаторының әскерін күтіп тағы бір жеті кідірді. Ақырында олармен тізе қоса алмайтынына көзі жеткен Бизанов, Кенесары қолымен тек өздері ғана соғысуға мәжбүр болды. Бірақ бұл кезде күздің ақ жауыны да бас- талды. Және айлакер Кенесары Бизановпен бетпе-бет келмей тағы да қаша соғысуға кірісті. Біресе Ырғыз өзенінің оң жағынан шығып, біресе Үлкенаяқтың сол жағасынан көрініп, оған ұстатпай әбден әбігерін кетірді. Сөйтіп жүргенде қазан айының қалың жаңбыры басталды. Ат үстінен екі айдан бері түспеген солдаттары түгіл, өзі әбден иттей боп қажыған Бизанов, Мұғажарға қарай көшіп келе жатқан Кенесарының аулын қумай, Ор қаласына қарай шегінді.

Бизановтың кейін қайтқанын естіген Лебедев пен Ахмет енді амалсыз Тобылға беттеді. Кенесарының күткені де осы кез еді. Ол аз уақыт аялдап, сарбаздарын сәл тынықтырып алды да, қайтадан атқа қонды. Үш жүз елу жігітті өзі басқарып келіп, алғашқы қар түскен қарасуықта, Үй өзенінің бойындағы қыстауына келіп орналасқан қорғансыз қалған сұлтан-правитель Арыстанның аулын шапты. Кенесарының бұл шабуылы да сондай күтпеген жерден болды, Арыстан аулының адамдары Орынбор шекарасындағы әскерлерге хабар беруге де үлгіре алмай қалды. Кенесары Арыстанның үш жарым мың жылқысын, үш жарым мың түйесін, жеті мың қойын, мыңға жуық қара малын тал түсте айдап әкетті.

Арыстанға тек үш күннен кейін ғана бес жүз солдат көмек келді. Жанталасқан сұлтан-правитель Кенесары қолын Ор өзеніне дейін қуып барды да, ештеңе шықпайтынына көзі жетіп кейін қайтты.

Сөйтіп полковник Бизанов басқарған Орынбор әскери губернаторының бір мың сегіз жүз қырық үшінші яғни Қоян жылғы аттанысы нәтижесіз бітті. Сондай-ақ осы жыл Батыс Сібір генерал-губернаторы бұйрығы бойынша Омбы, Қарқаралы, Қызылжардан шыққан жасақтарға Кенесары батырлары бетпе-бет айқасқа келмей, қаша ұрысып, әбден қалжыратып кейін шегінуге мәжбүр етті. Тек Иман батыр мен Жанайдар бастаған топ есауыл Лебедевтің әскерімен ашық майданда кездесті. Бұл айқас Терісаққан өзенінің төменгі сағасында өтті. Бұрын Кенесарыда тұтқын болған, Қарқаралыдан шыққан әскердің бастығы есауыл Лебедев өте қорлануда еді. Кек алатын күн болар ма деп іші мыс қазандай қайнауда болатын. Ол Қарқаралыдан Қараөткел келіп, одан жүз сексен шақырым Атбасарға үстірт жүріп отырып, екі-ақ күнде жеткен. Атбасар қаласынан бастап Ұлытауға дейін бірде-бір орыс поселкесі жоқ, мидай жазық көк шал- ғынды кең дала — Алашахан тұсынан-ақ қазақтың ата қонысы. Бұл араның дені Арғын, Қыпшақ азын-аулақ Найман бар… Көпшілігі Кенесары жағына шыққан. Тек Сандыбайдың Ерденіне жататын Найман руынан Жырық ауылдары мен Арғынаты, Қарақойын қашырлы төңірегіндегі Кішкентайдың Аққошқарына бағынатын Орта жүздің біраз аулы ғана көтеріліске қосылмай қарсы әрекет істеуде еді. Бай және белді рулар болғандықтан Кенесары да бұларға бәлендей қаһар төге қоймайтын. Тек ыңғайлы кезін күтіп іштен тына жүре беретін. Осы екі шонжарға иек тіреген Лебедев Атбасардан өтісімен-ақ Кенесарыға тілектес ауылдарға қасқырдай тиді. «Мынау Кенесары жағында» деген адамдарын тал түсте жұрт көзінше атып, түнде қазақтың сұлу қыз-келіншектерін қорлауға шықты. Соны естіген қызу қанды Иман мен Алтай руының батыры Орынбайдың Жанайдары есауыл Лебедевпен кездескенше асықты.



Ақырында Арғынаты етегімен терістікке қарай құлаған Иман — Жанайдар тобы, Атбасардан күнгейді беттей келе жатқан есауыл Лебедевпен Терісаққан өзенінің төменгі сағасында бетпе-бет кездесті. Иман — Жанайдар қарамағында сойылды-найзалы мың жігіт болса, Лебедевте бес жүзге таяу әскер бар, бірақ олардың бәрінде аузында ажал ойнаған, қорғасын оқты мылтық, мойындарында жүзінен қан тамған көк қылыш.

Егер Лебедев жасағы аттарынан түсіп, ыңғайлы жерге орналасып соғыс ашса, Иман мен Жанайдар дым да істей алмас еді. Бірақ бұлар есауылды онда жағдайға жеткізген жоқ. Күн батып бара жатқан шақта қалың талды сайда аңдып жатып, Лебедевтің барлаушыларын алға қарай өткізіп жіберді де, қыр астынан шоғырланып шыға келген солдаттарға бір бүйірден лап қойды. Лебедев әскерлері иықтарындағы мылтықтарын алғанша бытырай шауып бұлар да жетіп үлгерді. Алдарында есік пен төрдей қара қасқа айғыр мінген, қисық бұқар қылышын басынан аса үйірген Иман батыр… Заматта сапқа тұрып үлгерген солдаттар мен қиқу сала жеткен қазақ жігіттері қоян-қолтық келіп қалды. Шақыр-шұқыр қағысқан қылыш, пәрменінше сілтеген сойыл, шоқпар. Көксүңгі ұшы адам кеудесіне қарыс кірген найза… Ат жалын құша құлаған қыршын жігіттер… Кәрі әке-шешенің жалғызы, қашан қайтады деп майданға телміре көзін тіккен аяулы жардың сүйгені, еңбектеген жас баланың әкесі, ардагер жанның інісі, ақкөңіл жастың ағасы.

Бұл қан төгіс жарты сағатқа созылды. Әйтсе де көздеп атқан мылтық, кезенген тапанша, шүйірілген болат қылыш шыдатпады, Иман — Жанайдар сарбаздары аздан соң «Кейін!» деген Иманның күшті даусымен қатар біртіндеп шегінді. Шабуылда тым-тырақай шауып келгенмен, шегінерінде топтарын жазбай, қоюланып келе жатқан түнді жамылып бірден жоқ болды. Бұларды қууға Лебедев солдаттары да жүрексінді. Қуаты жетпеді. Үй төбесі құлап түскендей, жоқ жерден пайда болған пәледен құтылғандарына қуанды. Екі жақтан да қаза тапқан адам аз емес. Екі қол екі төбенің басына орналасып, уәкілдер жіберіп, майданда қалған өліктерін алуға уәделесті. Түнімен әрқайсысы әр төбенің басына адамдарын көмумен болды. Бүгінгі соғыстағыдай емес, қанша қастасса да о кезде мұндай уәделесу, әлі де адамгершілік борышты ұмытпау тәрізді дәстүрлер мықты сақталатын. Қаралы жасақтар түні бойы қаза тапқан жолдастарының алдарында өздерінің соңғы борышын атқарды да, таң атысымен қайтадан жауласуға кірісті. Иман батыр енді Кенесарының жақсы көретін әдісі — қаша соғысу тәсілін пайдаланып Лебедевтің жасағын бір ай бойы Арғынаты жоталарының арасымен соңынан ертті де жүрді. Ақырында үш жүздей ғана солдаты қалған есауыл, күндіз-түнгі ат үстінде селкілдеуге шыдай алмай азып-тозып, күздің қалың жаңбыры басталған кезде Қарқаралы бекінісіне қарай бұрылды. Иман батыр да Кенесары ордасы бекінген Мұғажар тауына беттеді. Орта жолға таяғанда бұларға екі жүз адаммен Жанайдар батыр келіп қосылды. Жанайдар батыр Лебедев жасағымен тағы бір айқасқан түні, Кенесарының бұйрығы келген. Сол бұйрық бойынша ол қасына екі жүз сарбаз алып, жұрт бұ жақта қырылысып жатқанда, Қоңырқұлжа аулын шаппақ болып Ақмолаға қарай аттанған. Оның бұлай тығыз аттануына Қоңырқұлжа тоқалының аулымен Атбасар шекарасына көшіп келіпті деген хабар себеп болған. Орынбай бидің жал- ғыз баласы Жанайдар да Қоңырқұлжаға көптен бері өш. Аға сұлтан Қоңыр- құлжа оның жаз жайлауы — Есілдің сағасындағы «Керегетас» деген жерді өзінің туысы Жақыбайдың баласы Ыбырай сұлтанға алып берген. Соңынан Құсмұрын өкірігі жойылып, бір мың сегіз жүз қырық бірінші, яғни Сиыр жылы Атбасар өкірігі ұйымдасқанда осы приказға Ыбырайды аға сұлтан етіп сайлауға да мейлінше ат салысқан. Осындай өшпенділікпен Қоңырқұлжадан кек алуға тісін қайрап жүрген Жанайдарға Кенесары бұйрығы майдай жақты. Екі жақ бірдей қан төгістен кейін у-шу боп жатқанда, Алтай руының екі жүз жігітін ертіп, Жанайдар Атбасарға қарай бір-ақ тартты. Жұрт айтқаны рас екен, тоқал аулы Атбасардың күншығыс жағындағы Бидайықты деген жерде отыр екен. Кенесары жасағы Торғай бойында патшаның қалың әскерімен соғысып жүр деп естіген ауыл, қаннен-қаперсіз еді. Үш күннің ішінде Жанайдар батырдың бұл араға келе қалатынын қайдан білсін, салынып бітуге айналған Қараөткел бекінісінің қасындағы қыстауына көшкелі дайындалып жатқан-ды. Жанайдар жалақтаған екі жүз жігітімен ауылды тал түсте шапты. Әттең не керек, Қоңырқұлжа бұл жолы да қолға түспеді. Ол кеше ғана Ақмолаға жүріп кеткен болатын. Қоңырқұлжаның күзетке тастаған солдаттары бұларға тек бес-алты рет оқ атуға ғана жарады. Сол оқтың бірі Жанайдардың балтырына тиді. Енді ол жараланған қасқырдай ауылды аямады. Тек кісі өлтірген жоқ, одан бөтеннің бәрін істеді. Ақырында Қоңырқұлжаның жас тоқалы Зейнепті бас етіп, ауылдың бар мал-мүлкі мен отыз қыз келіншегін олжа етіп кейін қайтты. Осы олжалы көш еді Иман батырдың жасағына келіп қосылған.