Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 69 из 82

Өлген жауынгерлерді ор қазып көмгенше, ай да туды. Жер беті сұрғылттана көріне бастады. Полковник өліктерді қойып болысымен, түн баласын үркіте аспанға мылтық атқызып суық жер құшағына кірген жазықсыз жандармен ең соңғы қоштасу ресімін істетті. Содан кейін атқа қонуға бұйырды. Қалың әскер лек-лек боп жаңағы өздерін жусатып кете жаздаған жауларының соңынан қуа жөнелді. Аттары тынығып қалған екен, ауыздықтарымен алысып, қарш-қарш шайнайды. Әлден уақытта барып таң да сыз берді. Сол мезгілде бұлар Арыстан жасақтарына келіп қосылды. Беттері дұрыс екен, пұлқындық Арыстан Кенесары әскерінің алда кетіп бара жатқанын айтты.

Бұлар енді алдарындағы жауы кейін қарай өтіп кетпесін деп балық сүзген аудай екі жаққа қанаттарын жая түсіп, бес жүз адам қатарласа сап дүзеп қуды. Ең ортасында полковник Бизанов, екі қанатында Жантөренің екі сұлтан-правитель балалары. Оң қанатында Ахмет, сол қанатында Арыстан. Әскер соңында Баймұхамед. Қазақ даласында шабуылды бір уақытта хуннулар да осылай ұйымдастырған. Сырттан қараған адамға қазір әскер жер-көкті алғалы келе жатқан ұшы-қиыры жоқ теңіз тәрізді. Сұсты әм қорқынышты. Керегедей қанаттарын жая бүкіл кең даланы алған бар болғаны бес мың адам, бұндай сап түзеуде әлденеше бес мың боп елестейді…

Таң құланиектеніп атып қалған кезде алдарындағы Кенесары тобы да көрінеді. Бизанов тез қуып жеткісі келіп алға қарай ұмтыла түсті. Бірақ алдағы жау жеткізер емес. Қарасына көз жаздырмай зытып келеді. Тақа қара үзіп те кетпейді, тым жақындаттырмайды да. Біркелкі сар желіс. Беттері Айырқұм.

Қуу қызығына түскен Бизанов «әне жетем, міне жетем» деп жан-жағына қарауды да қойды, екі көзі алда боп, сол жағында қалып бара жатқан сайды өрлей біткен қалың шиді де аңғармады. Үзеңгілер сартылдаған осындай жүріспен сәске түс те болып қалды. Кенесары жігіттері жеткізбейді де, жоғалып та кетпейді. Аралықты біркелкі ұстайды да отырады. Осындай жүріспен Бизанов әскері өздерінің азық-түлік, оқ-дәрі, артық қару-жарақтарын салған пар аттан жеккен жүз жеңіл ләкшәңке-арбаларынан тым ұзап бара жатқандарын байқамай қалды. Әлі де байқамас еді, тек бұларды арт жағынан талмаусырай шыққан мылтық дауыстары тоқтатты. Қолдың соңында келе жатқан Баймұхамед жасағы кейін шапты. Бұлар бие сауымындай мезгілде ғана азық-түлік тиеген арбаларға жетті. Алдарында жау шапқан көш жатыр. Сойылға жығылған бірнеше арбакеш қазақ жігіттері… Жиырма шақты солдат оққа ұшқан. Жер бетін алып кеткен шашылған ұн, тары. Қираған арбалар, бауыздалған көлік..

Шауып келген Баймұхамедтің керуен бастығы жаралы мосқал адамнан білгені, бұларға тиген Ағыбай тобы болды. Олар қалың ши арасында тығылып тұрып азық-түлікті керуенге шабуыл жасапты, «Өздері екі жүз қаралы адам деді керуен бастығы, дайындалуға да мұрша бермеді, мына қалың ши арасынан лап қойды. Қимылдары сонша жылдам болар ма, күзетші солдаттар арбадан секіріп-секіріп түсіп мылтықтарын кезенгенше қаптады да кетті, жауған сойылдан жан сақтаудың өзі қиынға түсті. Тек екі-үш-ақ солдат мылтық атуға жарады, леп-лезде жосытты да салды. Кейбіреулері аттарынан түсе сала лөкет пышақтарымен қаптарды тіліп жіберіп, ішіндегі ұн мен тарыны шаша бастады. Өздерін құтырған қасқыр дерсің, «әу» дегенше бәрімізді қан-жоса ғып сабап, солдаттардың қару-жарақтарын аттарының алдына өңгеріп алды да көзден ғайып болды».

— Қалай қарай кетті өздері?

Сойыл тиіп, бір қолы сынып, жанын қоярға жер таба алмай тұрған керуен басы сау қолын кейін сермеді.

— Мына жаққа!..

Бұларды шапқан расында да Ағыбай тобы еді. Артта келе жатқан азық-түлікті көшке тиіп, Бизанов әскерін кідірткеннен кейін Ағыбай қасындағы жігіттерімен кейін қайтып Кенесары әскеріне жетуге тиісті. Ондағы мақсат: бұларды қууға Бизанов амал жоқ жасақ бөледі, сөйтіп генерал полкін бөлшектеуге мәжбүр болады. Ал бөлшектенген әскермен алысу әрқашан да жеңіл.

Бірақ Бизанов өйтпеді. Қайта оралған Баймұхамед жасағын қосып алып, алдындағы жауын қуа беруді жөн көрді. Ол «алдымдағы Кенесары әскері, мынау болмашы қол тек бізді алаңдатуға жіберілген» деп ойлады. Сөйтіп Бизанов алдындағы қарасы әлі үзіле қоймаған жауын қуып жетуді ұйғарды. Аттары жараулы мың солдат алды да, өзге әскерін азық-түлік тиелген көштен қол үзбей жедел жүріп отыруға бұйырып, жүріп кетті. Бұл кезде Наурызбай бес жүз адаммен қалған. Мың сыпайдың екі жүзі бағана Ағыбаймен кеткен. Ал ұзақ шабысқа жарамайтын үш жүзі, түнгі айқастан кейін бірден солға бұрылып, Бизанов әскерін орағыта Мұғажарға беттеген. Ақырында кілең жүйрік мінген бес жүз ер жүрек сарбаздарымен өзі қалған. Кенесарының бұл топқа тапсырған міндеті: Бизанов әскерімен қоян-қолтық алыспай, қашқан түлкі тәрізді, алыстан қылаңдап, құмға қарай әкете беру. Бұл кезде Кенесары басқа батырларымен бірге патша шығарған өзге жасақтарға қарсы аттанады. Алға қойылған мақсат: шамасы келсе жеңіп, шамасы келмесіне көзі жетсе, қуғыншы жасақтарды соңынан шұбыртып Қарақұм, Қызылжыңғыл секілді қазақ жерінің түкпіріне дейін апару, сөйтіп әбден қалжыратып барып, күзгі жаңбырға соқ- тыру?



Осы әдістің бір тарауын орындамақ Наурызбай Бизанов әскерін соңынан ертіп құмға қарай жөнелді. Осы қуғынмен үш күн өтті.

Ал төртінші күні мүмкін соғысқұмар Наурызбай қаша беруді намыс көрді ме, әлде бөтен бір себебі болды ма, ол өзінің азғантай қолымен Бизановқа бетпе-бет келіп айқаспақ болды. Бірақ оның бұл көзсіз ерлігі өзінің түбіне жете жаздады.

Үш күн жүрістен әжептәуір қалжыраған Бизанов әскері төртінші күні жылап аққан кішкентай өзеннің жанына кеп түнеді. Осы қалың қолға таң сазарып атып келе жатқан кезде, қырқа белесті тасалай кеп, Наурызбай бес жүз жігітімен «Абылайлап!» ат қойды. Ақауыз көкбестіні көсілте салған, зілдей найзасын оң қолымен ойната көтерген Наурызбай өзі жігіттерінің алдында… Бұлар да жетті, гүрсілдеген мылтықтың да даусы шықты. Лагерь үстіне келіп қалған сарбаздардың бірнешеуі оққа ұшып, аттары ойнап шыға берді. Мұны көрген Наурызбай бір-екі солдатты найзасымен көтере лақтырып, жігіттерін соңынан ерте, оң жақтағы ойпатқа бұрыла шапты. Бірақ Науызбайды нысанаға алған бірнеше мылтық даусы шаңқ-шұңқ етті. Науырзбай кенет Ақауыздың жалын құшып қалды. Артында шауып келе жатқан Николай Губин қатарласа келіп, оны құшақтай берді. Енді Ақауызбен үйірлес кер төбел қатарласа құстай ұшты. Бизанов солдаттары жайылып жүрген тұсаулы аттарын тауып мінгенше, құйындатқан қазақ жігіттері жүзге таяу жолдастарын оққа ұшырып, бұйратты белес, өркешті адыр арасына кіріп көзден ғайып болып кетті.

Қасында ақылшы Ағыбай жоқ Наурызбай, бұл жолы қателескен еді. Бизанов әскерін әнеукүнгі қоғалы көл жағасындағыдай күтпеген жерден шабуыл жасап, тағы да талан-тараж етіп кетем деп ойлаған. Наурызбайда «көзсіз ер екен, бес жүз адаммен бес мың қолға шапты» деген жұрт таң қалар сөзге ілігу ниеті де жоқ емес еді. Бірақ онысы болмай қалды. Жүз жолдасын оққа ұшырып, ал өзі қара саны мен оң бүйірінен ауыр жараланып, ажал қақпанынан әзер құтылды. Егер атұлтаны Николай Губин дер кезінде жанына жетпегенде, көзі қарауытып есінен танып бара жатқан Наурызбайдың аттан түсіп қалуы анық еді. Ерлікті мақсат, атақты арман ете бастаған Наурызбайға бұл айқас жеңіл тимеді, жауынан құтылса да келесі жылға дейін аттанысқа шығуға жарамай, төсек тартып жатып алды.

Бизанов қоғалы көл оқиғасынан кейін, солдаттарына мылтықтарын қос етіп күзеттіріп қоюды тыйған. Әр солдат түнде оқтаулы мылтығын жанына алып жататын болған. «Абылайлаған!» алғашқы айқай естілгеннен-ақ, қостарынан жүгіре шыққан солдаттардың келіп қалған жауға төтеп бере алуы да осыдан еді. Наурызбай тобынан өлгені, жаралысы бар жүздей адам шығын болса, бұлардың сойылға жығылып, найзаға түйрелгені жиырмадан аспайды. Бұдан артық қандай жеңіс болар!

Азғантай сарбазбен осыншама қолға шапқан жігіттердің ерлігіне таң қалған Бизанов, қолға түскен бір жаралы жігіттен бұл шабуылды ұйымдастырған Наурызбай екенін білді.

— Кенесарының өзге әскері қанша жерде? — деп сұрады полковник.

Жігіт расын айтты.

— Кене хан бұл арада емес, өзінің ордасының маңында, біз тек сендерді адастыруға жіберілген жасақпыз.