Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 68 из 82

Кенесарының есебі тура шықты. Сұлтан-правитель Ахмет войсковой старшина Лебедевке шілденің аяғында әзер келіп жетті. Ал Арыстан бар болғаны бес жүз ғана жасақ жинады. Баймұхамедтің де қаруланған жасағы осыдан сәл ғана асты. Мұндай жағдайды көрген полковник Бизанов, Орынбордан қосымша әскер алдырып бес мың солдатпен тамыздың басында ғана Сахарный бекінісінен шықты.

Кенесарыға ең қауіпті күш осы Бизановтың әскері. Бірақ оған қарсы көп қол шығармай, қулық істегісі келді. Ол Бизановқа қарсы шағын жасақпен Нау- рызбай мен Ағыбайды жіберді.

Ең алғашқы айқасты да осы екеуі бастады. Тамыздың жетісінде күн өте ыстық болды. Бекіністен шыққандарына екі тәуліктен асқан бес мың әскер, ат соғып, күйіп тұрған күнге әзер шыдап келе жатты. Қол басындай жуантық келген, қара мұртты Бизанов, оң жағында подпұлқындық (подполковник) шеніндегі Ахмет сұлтан, сол жағында пұлқындық (полковник) Баймұхамед. Арыстан бұл маңай өзіне жататын өңір болғандықтан, бүгін таңертең жүз адаммен жолдарынан бұрыстау тұрған бір қазақ аулына бұрылған. Ондағы ойы осы ауылдан қосымша жігіт алу. Бизанов әскерін күн бата қуып жетпек.

Бизанов әскері жазық даладағы бір қарасудың жағасына тоқтады. Көл маңайында жақында қалың жаңбыр өтіп, қурап қалған шөбі қайта көгерген-ді. Көлдің суы да тұщы, мөп-мөлдір. Қалжырап келе жатқан әскерге ат шалдырып, тынығуға қолайлы… Су бетінде жүзіп жүрген қалың құс қаптаған адамнан үркіп, қанаттарын сымпылдай қағып көкке көтеріле жөнелді. Бір-екі есерсоқ солдат мылтықтарын да атты. Құстар одан әрі үркіп, аздан кейін тіпті көрінбей кетті.

Мидай жазық дала, тек сол жақтарында өркештене біткен бұйратты адыр ғана бар. Оң жағы сағымдала қара құмға қарай созыла жоқ болады…

Бизанов осы көлдің жағасына қонуды дұрыс көріп, қалың қолға «аттан түсіңдер» деп бұйрық берді. Жазық дала, жау келер болса алыстан көз түседі. Алдын ала жіберген барлаушылар бұл араның қауіпсіз екенін айтып келді. Өйткені жан-жақтың бәрі бүдірі жоқ мидай жазық… Тек сол жақтарында ғана ұйысқан талды, жыңғылды Мұғажар тауының етегі. Бірақ әскер тоқтаған жерден ат шаптырым. Сондықтан барлаушылар ол жақты ат қинап зерттеген жоқ. «Алда-жалда бұл жақтан жау келер болса, не тау етегі мен көл арасы қу дала, көзге түсер, не болмаса келе жатқан қолдың дүбірі естілер және егер жанынан құтыла алмай жүрмесе есі дұрыс қай қазақ осыншама қолға келіп тиіседі», — деп ойлады олар. Расында да бұлар қауіптенетін ешбір себеп жоқ еді. Өйткені Кенесары бес мың мылтықты әскер түгіл, бес жүз патша солдаттарымен де қаша жүріп соғысады. Орыс кәрлі қылышына бетпе-бет келер оның құдіреті шамалы…

Қалың қол көл жағалай аттан түсіп, қос-қос боп шатырларын тікті. Жауынгерлер көл жағасынан қоға қиып әкеп от жағып шай қайната бастады. Мылтықтарын күрке етіп сүйестіріп, кейбіреулері су жағасына беті-қолын жууға кетті.



Сөйткенше күн батып, ымырт үйіріліп, қараңғылық та түсті. Әскерлер кешкі астарын ішіп болды да, жағылған оттарды сөндіріп, ұйықтауға ыңғайланды… Тек қолды қоршай барлаушылар мен шатырлар жанында күркеленіп қойылған мылтықтарды күзеткен қарауылдар ғана қалды.

Бірақ жұрттың көзі енді ұйқыға кете берген кезде кенет «Аттан! Аттан», «Кенесары! Кенесары!» деген ащы айқайлар шықты. Тып-тыныш боп мүлгіген далада бұл үн, қараңғы түнде күн күркірегендей қатты естілді. Сөйткенше болған жоқ, тынығып жатқан әскер шатырларының үстін мыңдаған салт аттылар басып кетті. Нағыз бір жер астынан қалың қол шыққандай. Сатыр-сұтыр ұрыл- ған сойыл, шоқпар, жалаңдаған қылыш, айқай-шу, өкірген адам, шыңғырған жылқы. Жаңа ғана ұйқыға кетіп бара жатқан әскер үсті әлем-тапырық болды да кетті. Ақыры «Абылай! Абылай!» деп салған ұранға «Ағыбай! Ағыбай!» деген күшті үндер қосылып, тынық түнді жер жарғандай тітірентті. Шатырларынан атып-атып шыққан солдаттар мылтықтарын алып салт аттылармен айқасқанша, қайың сойыл ысылдап кеп көк желкеден тиеді. Әйтеуір осынау жан шошырлық айқас өткіншек сұрапыл секілді аз уақытқа ғана созылды. Солдаттар енді аттарына мініп естерін жинаған кезде, салт атты сарбаздар, ауыл үстін жайпап өткен құйындай, топтарын бұзбастан, сойылдарын оңды-солды сілтеп заматта жоқ болды.

Тыныш жатқан әскерге құйындай тиген бұл топ Ағыбай мен Наурызбайдың сарбаздары еді. Олар Мұғажар тауының етегіне осыдан екі күн бұрын келіп бекінген. Төлебай тыңшы арқылы Бизановтың әскерінің осы жолмен шыққанын күні бұрын біліп отырған. Кенесарының үйреткен соңғы тәсілі бойынша, бұл жасақ Мұғажар етегінің жыра, жықпылын, жыңғыл, тобылғы, қараған, талдарын бетке ұстай тығыла жайғасқан. Кенесары әскері адамды жасыра алатын адыр, шатқал, тоғай, ши, қамыс тәрізді жаратылыстың өзі бейімдеген жер бетінің ерекшелігін пайдалануда әбден машық болып алған. Кенесары әскері ойда жоқтан, күтпеген жерден жауына шабуыл жасаса, көбінесе осындай бүдір, шилі сайдан, не жыңғылды, талды шатқал, шұбардан жасайтын. Ит жылы Ақтау бекінісінің қасындағы Тіленіш — Шет бекетін алғанда да, Кенесары сарбаздары әжептәуір қаруы бар патша жасағын қалың ши арасынан шыға келіп күл-талқан еткен. Мұны естіген генерал-губернатор Горчаков соңынан штаб бастығы генерал-майор Фондерсонға ашуланып «Егер қазақтар тығылып жатқан қамыс, қарағай, ши тәрізді кісі жасырынар жерлерді күні бұрын саралап шыққан болсаңдар, олар бүйтіп аңдаусызда біздің солдаттарды бас сала алмас еді», — деп жазған. Патша әскері Кенесарының осы әдісінен талай аузы күйсе де, ылғи естен шығара берді. Бұ жолы да соның кебін киді. Алыстан қарайып көрінген Мұғажар тауының етегіндегі жыңғыл, талды ерініп тексермегендіктерінің сазайын тартты.

Ағыбай мен Наурызбай жыңғылды шатқалдың ішінде тығылып жатты да, күн батып қара көлеңкелене бастаған кезде сап түзеді. Әр сарбаз аттарының аяқтарына әдейі арнап кигіз кебістерін кигізіп, жедел жүріп кетті. Аттардың анда-санда осқырынғаны, кісінегені болмаса, келе жатқан дүбірлері тіпті естілмейді. Түн тастай қараңғы. Ал көл жағалай жұлдыздай жыбырлаған қалың от «біз мұндалап» бұларды шақырды да отырды. Ең ақырғы шоқ сөнгенде сарбаздар әскер жатқан маңға таяп кеп тоқтады. Ай шықпаған түн сол қалпында көзге түртсе көрінбес соқыр… Бұлар аттарының аяғындағы кебістерін алып, қайтадан мінді… Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақауызына мінген Наурызбай мен Ақылақты ор қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты. Қараңғы түнде жаумен бірге өздері де бірін-бірі сойылға жықпас үшін бұлар әр жүз адамнан он сапқа бөлінді. Осылай он тол- қын болып бірінің соңынан бірі кідірмей, сойылдарын оңды-солды сілтеп жау үстінен өте шығатын боп уәделесті. Бір сап пен екінші саптың арасы, жүз басы жүзге санап жеткенге шейін ғана кідіреді. Осындай тәртіптен мың санды қол он толқын боп жау үстінен ат ойнатып, сойыл соғып өте шығуы керек. Бірін бірі ұрып жықпас үшін ешкім кідіруге тиісті емес. Сол қалыптарымен шауып, көлдің арғы сағасындағы құмайт алаңға жете қайта сап дүзейді. Естерін жинаған солдаттар қуар болса тоқтамай, әрі Айыр құмға қарай бет түзейді. Шабуылды дәл осылай өткізуді бұлар күні бұрын келіскен. Қараңғы түн екі жаққа бірдей. Тиген жау алдарында қос бар ма, жер ошақ бар ма, әлде әдейі арнап қазылған ор бар ма, білмейді. Сондықтан Ағыбай мен Наурызбай ұйықтап жатқан жау үстіне аялдамай, жайпап өте шығуды жөн деп тапқан. Наурызбай бастаған алғашқы бес жүз бірінен соң бірі «Абылайлап!» ат қойғанда, жер сілкініп тау қозғалған секілді. Оған Ағыбай басқарған бес жүз «Ағыбайлап!» қосылғанда әскер жатқан жерде ақыр заман орнағандай болды. Соққан құйындай Наурызбай мен Ағыбай жігіттері ұрандасып, көл жағалап, арғы бетке ауған шақта, әр жерге қоға, қамыс жағып естерін жинай бастаған солдаттар да таң асырып қойған аттарына мініп үлгірді. Дәл осы мезгілде бес жүз сыпай ертіп Арыстан да келіп жетті. Полковник Бизанов Арыстанға жаңағы тиген жаудың соңынан қууды тапсырды. Өздерінің де ай туа қозғалатынын айтты. Енді ол жауынгерлерін түгендей бастады.

Көл жағалай қос-қос боп шашырай орныққандықтан шығыны жоқтың қасы екен. Әлгі шапқан жаудың айқай-шуы есті алғанмен бәлендей ештеңе істей алмапты. Дауылдай ойда жоқтан пайда болған жаудың айбарынан зәресі ұшып кеткен полковник енді есін жинап, шығын санауға кірісті. Жылқы баласы түнде де көреген келеді. Қоста жатқан солдаттарды тіпті баспапты. Қостан шыққан бірді-екілі адам ғана ат астында қалыпты. Оның үстіне сойыл да біреуге тиген, біреуге тимеген. Қысқасы, қаза болған солдат жүзге жетер-жетпес. Жаралан- ғаны екі жүзге таяу…