Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 67 из 82

— Төртінші және ең ақырғы мәселе — сауда-саттық жайында еді. Бұрын Кенесары қазақ жерін Россия патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін керек деп қана ойласа, енді салынып жатқан бекіністерге, көшіп келіп орналасып жатқан казак-орыстарға қарап бұның бәрі отарландыру саясаты екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Россия мен Орта Азия хандықтарының сау- да-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әр түрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе, жиырма төрт зат, татар саудагерлерінің қосынан бір ат, сегіз зат алса, бұқар саудагерлерінің қосынан тоғыз зат қана салық алынылып, ал арғын руларының керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.

Бұнымен қатар мәжіліс шекара орыс поселкелерімен орынсыз жанжалды тоқтатып, олардан астық сатып алу ісін жөнге қойсын деді. Сонымен қатар әскерге керек қару-жарақ, қорғасын, оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін Хиуа, Бұқарлармен де сауда-саттық қарым-қатынасының күшейтілуін талап етті.

Осындай шешімге келген ру бастары батыр, сұлтан, би ақсақалдардан Кенесары тағы да бір өзіне өте керекті билік алды. Ол Хандық Кеңесі жайында еді. Әбілқайыр баласы Нұралы кезінде Абылай тұсында жойылып кеткен хан жанындағы Хандық Кеңес қайтадан құрылған. Бұрақ ол Хандық Кеңестің қақы үлкен болатын. Хан күрделі мәселені Хандық Кеңессіз шешуге тиіс емес-ті. Егер Хандық Кеңес дұрыс көрмесе, хан қандай ойлаған іс болса да бас тартуы керек-ті. Кенесары жанынан да осындай Хандық Кеңес құрылды. Бірақ бұл Хандық Кеңес ақылшы ретінде ғана тағайындалып, барлық билік ханның өз қолында қалды. Оның шешімі кімге болса да заң, Хандық Кеңесте қолбасшы батырлар да, қарамағындағы ел де хан шешімін бұлжытпай орындауға тиісті делінді.

Көздеген арманына жеткен Кенесары, мәжіліс біткеннен кейін ең жақын серіктерімен тағы да біраз ақылдасып, кейбір әскер тобының ойын-өнерін көріп, бір жетіден кейін Қара Торғайдағы өз ордасына қайтты. Көп кешікпей хан төңірегіндегі жайылымға жасақтарын ертіп өзге батырлары да жинала бастады. Жаңа алған тұжырым бойынша әскери ойын қыза түсті.

Биліктің бәрін қолына алған Кенесары енді хандық әмірін жүргізіп, кектескен руларынан, тіпті кейбір жеке адамдардан өшін алуға кірісті. Ол Орынбор әскери губернаторына жататын орыс поселке, бекіністеріне тимей, бұл ісін Батыс Сібір генерал-губернаторының шекарасындағы бекіністер мен өзіне бағынғысы келмеген қазақ ауылдарын шабуылдаудан бастады… Енді екі жақтан бірдей қан төгіс күшейе түсті.

Кенесары жаздың ортасында Торғай бойына жаңа келіп жайлауына қонған Жаппас ауылдарын шапты. Алтыбай сұлтанды ат бауырынан өткізіп жаралап, қос қызын бірдей ат артына мінгізіп, аулына алып келді де осы айқаста көзге түскен екі сарбазына зорлап қосты. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Алтыбай көп кешікпей қайтыс болды. Өлер алдында немере інісі Жанғабылға «тірі жүрсе менің кегімді Қасым балаларынан алсын» деп аманат айтты. Бұрыннан да өш Жанғабыл, енді бар ызасын ішіне түйіп Кенесарыны мұқататын жол іздейді. Таба алмайды. Қол жинап аулын шабуға бата алмады. Бірнеше рет әскер сұрап Орынбор бастықтарына барды. Кенесарының айтқаны келді, өз бекіністерінің мазасын алмаған соң, Алтыбай үшін соғыс ашуды жөн көрмеген әскери губернатор «қоя тұр» деп Жанғабылды тоқтатты. Кенесары хандығын біржолата құртпақ болып дайындала берді. Тіпті Кенесары әзірге адаса тұрсын дегендей, Орынбордағы Күнімжанға бұрынғыдай қысым көрсетпей, қасындағы кішкентай балаларын орысша оқытуға рұқсат етті.

Бұл кезде Орынбор әскери губернаторының қарамағына жататын солдаттан бір-ақ адам өлді. Ол қашқын Гаврилов. О да өз ажалынан, немесе соғыста жүріп өлген жоқ, жақын жердегі шұбарға Қараүлек екеуі ағаш әкелуге барған жерде дәл желкесінен «діңгек түсіп» мойын омыртқасы үзіліп қаза болды. Гавриловтың өлімінен Орынбор бастықтары ойымызды сезіп қалған екен деп сезіктенбесін деп Кенесары жерлеуіне өзі қатынасып, қашқын сыпайды аққа орап, ардақтап көмгізді.

Сөйтіп жүргенде қанды қылышты қырық үшінші жыл келеді. Мұнымен бірге қыс өтер-өтпестен Генс алынып, орнына генерал Ладыжинский тағайындалыпты деген сөз қазақ жеріне тағы жетті. Бұл сөз шын болып шықты. Кене ханға мұны көптеген маңызды хабарлармен бірге Генспен қоштасып айырылған Алтыншаштың өзі әкелді.



Тек Күміс қазақ жеріне қайта оралмады. Мінезімен, қызметімен Генске ұнаған қыз, Қоңырқұлжа қылығынан қорланып, генералдың үй ішімен Петербургке жүріп кетті. Қазір өш алуға қолынан ештеңе келмегенмен, төрт жыл өткеннен кейін осы Күміс Қоңырқұлжаның Ақмола аға сұлтандығынан түсуіне себеп болды.

ІV

— Бір мың сегіз жүз қырық үшінші, Қоян жылы, маусымның жиырма жетісі күні, Бірінші Николай патша Орынбор әскери губернаторына Кенесарыға қарсы жасақ шығарып, оның басын әкелген адамға берілетін үш мың сом сыйлық ақшаны шаңырақ салығынан төлеуге рұқсат етті.

Осындай шешімге келетінін күні бұрын білетін Соғыс Министрімен тікелей байланысы бар Орынбор әскери губернаторы Обручев Кенесарыға қарсы соғыс-қа қыс басынан дайындалуда болатын. Ал Кенесарының қандай дайындығы барын білу үшін ол патша рұқсатын алысыменен шілденің оны күні Қара Тор- ғайға қарай войсковой старшина Лебедев басқарған үш жүз солдатты жасақ шығарды. Кенесары бұл жасақпен Ырғыз өзенінің жоғарғы жағында кездесті. Күнде Батыс Сібір губернаторы солдаттарымен шалысып жүргендіктен, екі жақты соғыстың қиынға түсетінін ойлаған Кенесары бұ жолы да сабырлылық істеді. Лебедевке әбілғазы басқарған уәкіл жіберіп өзінің соғыссыз да Орынбор әскери губернаторына бағынатынын, керек десе шекараға жақын көшіп келіп қонатынын білдірді. Лебедев Обручевке ат шаптырады. Орынбор әскери губернаторы оған әзірге соғыс ашпай, сол Ырғыз бойында жасағымен қала тұруын бұйырады. Ал өзі бұрын патшаға Кенесарымен бітім жасаудың керек еместігін дәлелдеп, майдан ашуға рұқсат сұрағандықтан, енді сол сөзінен қайтпай Ырғыз бойында шағын қолмен тұрған Кенесарыны біржолата құртпақ болды. Сондықтан күні бұрын құрылған жоспар бойынша, Ырғыз бойындағы Кенесарыны қоршап алыңдар деп өзге әскер бастықтарына бұйрық берді.

Бұ жоспар бойынша Орынбор әскери губернаторына бағынатын сұлтан-правительдер Ахмет, Арыстан, Баймұхамед әрқайсысы бір мың адамнан жасақ құрып күні бұрын дайын тұруға тиісті еді. Әскери губернатордың бұйрығын алысыменен Ахмет Тобыл жағынан шығып, ал Арыстан мен Баймұхамед Сахарный бекінісіндегі үш мың солдатты полковник Бизановтың қарамағына еніп, Кенесарыны Оңтүстік пен Батыс жағынан қоршаулары керек еді. Ал Кенесары Батыс Сібір губернаторына жататын Ұлытау, Арғынатыға қарап өтіп кетпес үшін Омбы, Қызылжар, Қарқаралы бекіністерінен, ереуілшіл елдің күншығыс жағынан, көк темірге мұздай бөленген ұзын саны мың мылтықты күшті жасақтар шықпақ болатын.

Ереуілшілердің тыңшылық жұмысын Таймас басқаратын. Ол Алтыншаш арқылы дәл болмағанмен де осындай жоспар жасалып жатқанының ұзын ырға- сын білетін. Оның үстіне Бизанов полкіне жіберген тыңшысы Төлебай деген жас жігіт арқылы және сұлтан-правительдердің аулындағы қара құлақтарының жеткізуі бойынша бұл жоспардың қалай орындалып жатқанын, сұлтан-правительдер қанша адам жинағанын, қай кезде аттанысқа шықпағы — бәрінен қанық отырған. Осындай мәліметі бар Кенесары бұл айқасқа дайын еді. Войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қарсы тек шағын қол — мың адаммен ғана шығуының себебі де осында болатын.

Кенесары бұ жолы соғыс әдісін тіпті өзгертті. Патша губернаторлары бұны енді біржолата құртуға кіріскеніне көзі жеткен сұлтан оңай берілгісі келмеді. Ең алдыменен ол әскерін бұрынғы әдеті бойынша бір жерде ұстамай, беске бөлді. Ондағы ойы, түбі жауына төтеп бере алмай қалатындай күн туса бар күшін біржолата құртып алмай, шамасы келгенше әскерін сақтау еді. Бизанов полкіне қарсы шығатын жасаққа мыңбасы етіп Наурызбайды, ақылшы етіп Ағыбай батырды тағайындады. Ал Батыс Сібірден келетін үш жасаққа қарсы мың адамнан құрылған үш жасақ шығармақшы болды. Біріне мыңбасы етіп Жеке батырды, оған ақылшыға (штаб бастығы ретінде) Құдайменді батырды, екіншісіне мыңбасы етіп Иман батырды, ақылшыға Жанайдарды, ал үшіншісіне Бұқарбай батыр мен Жәуке батырды тағайындады. Өзі Жоламан екеуі болашақ соғыстың дәл ортасы осы болар-ау деген Ырғыз өзенінің жағасында қалды. Бұл кезде он мың салт атты әскері бар Кенесары Байтабын басқарған мерген тобы мен қалған жауынгерлерін Мұғажар тауының арасына қарай көшкен ордасының төңірегінде ұстады. Бұл негізгі қолмен Кенесары әр жерге қойған бекет тәрізді шұғырымдар арқылы байланыс жасап тұрды. Қысылтаяң күн туса бірігіп кетерліктей жағдай сақтады. Кенесарының соғысқа былай дайындалуының екі себебі бар-ды. Бірі, патша әскері Ырғыз бойында бастарын қоса алмаса, оларды жекелеп ұруға жеңіл. Екіншісі, ұрысуға жері неғұрлым кең болса, Кенесары әскерінің тынысы солғұрлым кең, өзінің негізгі әдісі атты әскерінің шапшаңдығын пайдалана алады. Бүгін бір жерде тұрса, ертеңіне екінші жерге шығып, әр жерден із тастап, жауына ұстатпайды. Кенесарының бар ойлағаны бар әскерімен өзі қоршауға түсіп, бар күшін харап етіп алмау. Ал мына қолданған әдісі ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына ең лайықты әдіс. Бір жерде жеңілген күнде де өзге жердегі әскері аман қалады. Әскерін сақтауы — хандығын сақтауы. Кенесарының бір ойлаған айласы — күші басым, зеңбіректі мылтықты жаумен бетпе-бет келіп ұрыспай, тиіп-қашып, соңынан қудыра қалжыратып, шаршата ұрысу. Өз жерінде, өз елінде Кенесары сарбаздарына бәрі дос, азық табу да, ат ауыстыру да жеңіл… Бұлай алысу қуған жауының алдыңғы шебі Кенесары жасағына жетемін деп ентелей соңынан ергенде, бір топ сарбазы шұбалып келе жатқан жаудың артынан тиіп, азық-түлігін, оқ-дәрісін артқан көшін бөліп әкетуге де қолайлы! Патша әскері қуып, жете алмай қалжыраған сайын қазақ даласының жаңбырлы, суық күзі жақындай түседі. Кей жерде ат толарсағына дейін бататын батпақты сары дала патша әскерінің қолбасшыларына бораны қасқырша ұлыған ызбарлы қыстан кем емес. Күзі ақ жауын. Күндіз-түні бір ашылмай, сіркіреп құя берсе ешбір әскер шыдай алмайды. Айдалада қасқырша жортуларын амалсыз тоқтатып, бекіністеріне қайтуға мәжбүр болады. Ал Кенесарының күні со кезде туады. Бекіністерге тимегенмен жасақтары арып-ашып ауылдарына қайтқанда өштескен сұлтандарынан кегін қайтарады. Адамдарын шауып, қырып-жойып, малын айдап әкетеді. Осындай жағдайды ойлаған Кенесары, биыл ұрысудың жаңа әдісіне көшті. Және Лебедевпен шілде бойы берекесіз бітім сөз жүріп күннің өтіп бара жатқанына ол өте қуанышты да еді. Патша әскері тамыз шыға аттанса, бір ай-бір жарым ай айқасқа Кенесары жағы қайт- се де шыдайды, ар жағында қазан айы келіп, жаңбыр басталады!..