Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 66 из 82

— Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?

— Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай… осында келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басыңды алуға Орынборға уәде берген көрінеді. Мұны қысты күні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе, оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты. Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.

Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:

— Гавриловтың өзінің басын алу керек, — деді кенет қатуланып кетіп, — және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс.

Кенесары ойлана жауап берді.

— Алдымен тексерген жөн… Арам ойы анықталса Қараүлекке тапсырармыз… Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі етудің керегі қанша?..

«Дегенмен бұл ақылды адам, деді Жүсіп ішінен, менікі ағаттық болды. Бір шіріген жұмыртқа үшін, өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине, қажеті жоқ…»

Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан оның ойын түсініп:

— Айта бер, — деді енжар, — тағы қандай сұмдығың бар…

— Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен… Заводтағыдай жасау қиын ғой… Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті… — Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл үміт те құр дәмелендірді де жоқ болды. Ол:

— Топырағы торқа болсын, — деді күрсініп, — жақсы шебер еді, ардақтап көмілсін…



Бұдан кейін үн-түнсіз үшеуі қостарына қайтты.

Үш күн бойы батырлар, сұлтандар, ақсақал, билер жаңа хандықтың қандай болуын талқылап, төрт мәселе қарап мынандай қортындыға келді:

Бірінші шешкендері әскер мәселесі. Бұрын Кенесарының қарамағында сегіз мың атты әскер болатын. Және бұлар жаз жиналып, қыс тарқайтын. Сұлтан маңында қорған боп қысты күні бес жүздей ғана сарбаз қалатын. Кеңес енді әскер санын жиырма мыңға жеткізуді жөн деп тапты. Және бұл әскердің бес мыңы қысы-жазы хан ордасының маңында болады. Әр жүзбасы, мыңбасы өздерінің қарамағындағы әскерін осы жаздан бастап орыс әскерлерінің тәртібімен соғысу әдістерін үйретеді. Мылтық атуды, найза, сойыл пайдалануды, жаяу соғысуды тегіс өтеді. Жүзбасылардан төменгі жауынгерлер кеудесіне үш қатар жасыл жуан жіп іліп, иығына тілдей жіңішке жасыл шүберек тағатын болады. Жүзбасылардан бастап одан жоғарғылары мұндай белгіні қызыл шұғадан етеді. Ал ең жоғарғы қолбасшы Кенесарының өзі үстіне көгілдір шапан киіп, иығына орыс полковнигінің эполетін тағады. Мыңбасына әйгілі батырлар мен атақты сұлтандар тағайындалады. Өзіне сенімді адамдардан мыңбасылар тағайындау ханның өзіне тапсырылады. Бұлардан бөтен жеке мың адамнан мергендер тобы құрылсын делінді. Оған мыңбасы етіп Байтабын белгіленді.

әскерде бұдан былай қарай мықты тәртіп орналсын деп шешті жиналғандар. Тәртіп бұзушыларға Кенесары «шық» деп аталатын жаңа жазаны қолдануға рұқсат етілді. «Шық» тәртіп бұзған адамның бетіне қылышпен, не найзамен белгі салу. Мұндай белгісі бар жауынгер өзінің айыбын ерлікпен, немесе адалдығымен ғана жууға тиісті. Екі рет «шық» белгісі салынған адам — билер сотына түседі, малмен, не басқа ауыр шарамен жазаланады (үй ішінен бір жыл бөлек ұстау, не болмаса қой бақтыру тәрізді). Үш рет «шық» белгісін алған адам, Кенесары тобынан қуылады, ал жазығы ауыр болса, өлім жазасына бұйырылады. Жаңа хандыққа осындай тәртібі күшті әскердің керектігін айта келіп Кенесары, «қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы көрмесе де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған. Ал біздің заман ондай заман емес, үш жағыңнан бірдей қаптаған жау. Оларға жем болмау үшін бізге айбарлы қол керек. Қазір қарамағымызда бала-шағаны қосқанда бір миллиондай адам бар. Бүгінгі бала ертең жауынгер. Миллионға таяу жаннан жиырма мың сарбаз шығар деп сенемін, — деп сөзін бітірген. Ру басшылары, батырлары Кенесарының бұл ойын мақұлдаған. Және уәделерінде де тұрды. Келесі жазда Кенесарының қарамағында жиырма мың әскер болды.

Екінші қаралған — қалың әскер жинаумен байланысты оны жабдықтау мәселесі еді. Кеңес бір ауыздан хандыққа жататын елден салық алынсын деп шешті. Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі мал салығы «зекет». Екіншісі «егін салығы «үшір». Зекеттің мөлшері: қырық қараға дейін салық салынбасын, қырықтан жүзге дейін малы бар адам бір қара, ал жүзден артық малы бар адам, жүзден артық әр қырық қарасынан бір бас беретін болды. Ал «үшір» салығы жайында, осыншама әскерді асырау үшін әр егіншінің жылда алатын бидайының оннан бірін хандықтың қоймасына құйылсын деп шешті жиналғандар. Егін салығына келгенде кеңесте бірталай сөз көтерілді. Кенесары, қарамағындағы Торғай, Ырғыз, Сырдаря, Іле өзендерінің бойы мен көптеген көлдердің жағасын жайлайтын елдерден бұдан былай қарай егін шаруашылығымен қатты шұғылдануын талап етті. Өйткені Орынбор әскери губернаторына қарайтын қазақ ауылдары көптен бері-ақ егін салуға құмарланған-ды. Бірақ бұған Перовский де, одан бұрынғы Орынбор әскери губернаторы граф Сухателен де қарсы болып келген. Екеуі де қазақтың тек мал шаруашылығынан аумағанын жақсы көрген. Сухателен: «Қазақтар еш уақытта да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмір-бақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім», — деген пікірді мақұлдаса, ал Перовский егінді тек казак-орыстарға салдыртып, қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді дұрыс көрген. Бұл туралы генерал Обручев өзінің соғыс министріне жазған баяндамасында: «Бұрын менің орнымда болған генерал-адъютант граф Перовский, қазақтардың егін егіп, отырықшылыққа айналуына өте-мөте қарсы болып келген. Оның бүйтуіне қазақтар өздері еккеннен гөрі, астықты бізден сатып алып, Россияға байлаулы бұзаудай тырп ете алмасын деген ой себеп болған», — деп Перовскийдің ойын дұрыс жазған.

Сондықтан Орынбор шекарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант Перовский жойып отырған.

Өшпес барымта, жұт, оның үстіне Россия солдаттары мен өзінің сарбаздарының шабуылынан қарамағындағы елдің тіпті жүдеп кеткенін Кенесары жақсы білетін. Сол себепті кей қазақ ауылдарының егін егумен шұғылдануы олардың өз шаруасын көтерумен қатар, болашақ қалың әскерді астықпен қамтамасыз ететін ең тиімді жол деп тапты.

Бұл мәселені қарағанда тағы бір ойланатын жағдай туды. Ол — салықтарды кім жинайды және қалай жинайды деген мәселе еді. Бұрын патша салығы болсын, Қоқан хандығы салығы болсын, әр рудың, әр ауылдың басты адамдары жинайтын. Кеңес Кенесарының өтініші бойынша бұл тәртіпті де өзгертті. Зекет, үшір бұдан былай қарай әр ауылдан, әр рудан Кенесары өзі белгілеген жасауыл арқылы жиналсын делінді. Кенесарының бұндағы ойы, қазақ жеріндегі жоғарғы үкімет — ханның дәрежесін көтеру еді. Жиналғандар бұған да көнді.

Үшінші әңгіме — ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды. Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері, ақсақалдары шешетін. Осы кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Бұндағы саясат тағы да хандықтың дәрежесін көтеру еді. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Россия империясына жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір асқынып кеткен іс болса, Орынбор шекара комиссиясына хат жазылып екі жақ бірдей шешімге келуді дұрыс тапты. Кенесары қарамағына жатпайтын рулардың таласы, егер екі жақ бірдей келісіп ханға жүгінісе келсе, хан жарлығымен тағайындалған билер кеңесіп үкім айтулары мүмкін деп табылды. Осы мәжілісте Кенесары қазақ елінің бірлігін бұзады деп ру арасындағы барымтаны тыйдыру ісін әдейілеп: «Бұрын есікте жүрген құл өлсе қожасы құн төлемейтін. Құл да ел қорғауға жарайтын жан» деп өлген құлға құн төлететін еткізді.