Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 65 из 82

Кенесарының шешімінен жаны түршігіп кеткен Жүсіп, ханды орынсыз қан төгуден тоқтатқысы келді.

— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін. Олардың қолында қазір екі балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан төгілсе…

— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе? — деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты «Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап. — Жоқ оны істемейді. Онда мен қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-жалда…

— Иә, алда-жалда?…

— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де тайынбаймын деп?..

Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?.. Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара тасты қалай түсінерсің… Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып отыр ма?»

Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.

— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың, — деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп, — олай ойлама! Менің де жүрегім бар. Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді. Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер хандығымды берік ұстағым келсе, елге де өз басыма да аяушылық етпеуім керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.

Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» — деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен… Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмау- ыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді?»

Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді.

— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?

Кенесары кенет елең ете қалды.

— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және… — Кенесары ойлана қалды.

— Тағы не айтпақ едіңіз?..

— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау… Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік…

— Хатты не деп жазамыз?

— «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік… Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл басқарған жасақ аулымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті… Бұндай жағдайда жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-бітімге келейік деген көңіл білдір…

— Мақұл.

— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса да бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз.

— Түсінікті.

— Және осы уақытқа дейін бұлаң құйрыққа салып бізге қосылмай алдап жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары Байтөре мен Қаракүшікке..

— Хатты не деп жазайық?

— «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны істемесе… Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда өздерін жазалаумен өтемін» де… Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.

— Жақсы.

Күн де батуға айналған екен. Сөніп бар жатқан алтын сәулесі Алашаханның көгілдір күмбезінің үстінде ойнап, ерекше сәулеттендіріп тұр. Кенесары әлдекімнің аяғының сыбдырын естіп артына бұрылды. Таймас екен.



— Кенеке, Орынбордағы балалардан жасырын шапқыншы келді.

— Жақсылық па, жамандық па?

— Жамандық.

Кенесары сол түсін өзгертпеген қалпында сәл кідірді.

— Қазір жақсылық күту қиын болар… Не дейді Алтыншаш келін?

— Жіберген хабарына қарағанда жанарал Кеніс пен әскери губернатор Обыріштің арасы нашар көрінеді…

— Жаман хабарың осы ма?

— Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Екі жанаралдың келіспеуінен біздің қазақ мәселесі күйрейді. Граф Перовский кеткеннен бері біздің бар сенеріміз Кеніс емес пе?

— Қазақ мәселесі күйреп болған жоқ па? Енді олардан не күтесің?

— Үмітсіз тек шайтан ғана, Кене хан. Әлі де болса Орынборменен тіл табу керек.

— Мен тіл таппаймын деп жүрмін бе? Тіл тапқысы келмейтін өздері емес пе?

— Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болу керек.

— Сонда, Таймас, тымағыңды алып алдына барып жүгін дейсің бе? Жүгінер де едім, тымағыммен бірге басымды қағып тастамасына көзің жете ме?

— Жоқ, олай жүгінуге болмайды. Қазақ дене болса, сен бассың. Бастан айырылып дене күн көре алмас. Мен тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол іздеу керек деймін.

— Сонда қандай жол бар?

— Бұл ойдың түбіне өзім де жете алғам жоқ… Әбден піскенінде алдыңа салармын.

— Жақсы, тағы қандай хабарың бар?

— әскери губернатор бізді құртуға Петербордан тағы он төрт мың ақша сұрапты… Оның үстіне тағы үш мың сом… Ол ақша… Кешіріңіз, Кенеке сіздің басыңызды әкелген адамға сыйлыққа берілмек екен…

Кенесары езу тартып күлді.

— Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз ба? Аршабоқ Петерборға жазған қағазында Кенесары отыз жетінші, отыз сегізінші жылдары Россия патшалығының саудасына екі жүз сексен мың зиян келтірді депті ғой! Осындай жанаралдармен қалай тіл тап дейсің?

— Тіл табу керек. Өйткені олар күшті, сенің басыңа баға қойып отырған солар ғой…

— Күшті екен деп қорыққанымнан тізе бүгем бе? Таймас, әлде сен Кенесарының мінезін білмейтін бе едің?

— Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан етіп көтермес едік. «Ашу — жау, ақыл — дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба? Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық…