Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 64 из 82

— Сенің дос екеніңді білмесем… — деді ол ентіге сөйлеп, сөйтті де қолын наркескеннің сабынан қайта алды, — еліңді қалай билейсің дейсің бе? Россия патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғыменен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем. Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен — ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын өзі аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін! Дәл осы айтқанымды ертең Жаппас руынан бастаймын. Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап алам!

Қыс Сырды мекендеп, жаз Торғай бойын жайлап көшіп жүретін Жаппас руының билері Көбектің Алтыбайы мен Төлегеннің Жаңғабылы көптен бері Кенесарыға екі жүзділік көрсетіп келген. Қолдан келер қуат жоқ, іш қазандай қайнайды, сондықтан амалсыз жүрген. Доспыз деп ауыздары айтқанмен, іс жүзінде қастықтарын көрсете берген. Ел басын біріктірем деген Кенесары бұл билердің өз руларында ықпалды екенін еске алып жеңіл-желпі күнәләрін кеше салатын. Ал бұл билер ауылдары Сыр бойын жайлап, Торғайды қыстайтын. Жылқысын Мұғажар тауының ығына тебінге айдап, қойларын Орынбор шекарасында казак-орыс жерінде ұстайтын. Кенесары Торғайға көшіп келгелі, жайылымымыз тарылды деп екеуі бірдей наразы болатын. Кейде зекет те төлемей қоятын. Осыдан барып Кенесары мен билер арасында қырбайлық күшейе түскен еді. Оның үстіне биыл Торғайды қыстап қалған Алтыбай аулының он шақты жігіті жер білмейтін Сотников жасағына жол көрсетіп, Күнімжан мен Ақсақал төбедегі Кенесары ауылдарын шабуға қатынасқан. Бұны естіген Кенесары билерге өшігуде. Сұлтанның қазіргі кіжінуі сол өштіктің салдары.

— Жаппас ауылдарының қандай жазығы бар? — деді Жүсіп Кенесарыны тым ашуландырып алмайын дегендей, қаймыға сөйлеп, — жазығы жазғы жайлауын Арқадан көшіп келген елдердің жайлағаны ма?

— Ал Арқа елдерінің қандай жазығы бар? Жерін орыс губернаторлары тартып алғаны ма? Күнімжан ханша мен Ақсақал төбедегі аулымды шапқан Сотников жасауылдың әскерін кім басқарып келді? Жаппас жігіттері екенін білмей- сің бе?

— Басқарып келген бір он шақты жігіт шығар. Ал қатын-қалаш, басқа жұрттың қандай күнәсі бар?

— Өзгесі күнәсіз болса күнәкарларын өздері неге жазаламайды? Бәрі Алтыбай бидің адамдары. Серкесі қайда бастаса, жұрты соңынан ереді.

— Онда Алтыбайдың көзін жой. Өзге жұртқа тиюдің қандай қажеті бар.

— Алтыбайдың да Алтыбай болып отырғаны соңынан ерер елі болған соң емес пе? Егер соңынан ерер жұрты жоқ болсыншы, көрейін мен оны!

— Сондықтан жазықсыз елді құрту керек пе? Одан да Алтыбайдың өзінен алу керек өшті.

— Жоқ, елі де жазықты. Жазықсыз болмаса, Алтыбайдың соңынан неге ереді?

— Мүмкін қорыққанынан еретін шығар? Айтқаныма көнгісі келмейтін елді дегеніме қорқытып жүргізем деп сіз де айтып тұрған жоқсыз ба? Қайдан білесіз, Жаппас руының қарашысы сізге ергісі келетін шығар, тек Алтыбайдан қорыққасын, амалсыз оның дегенінен шықпай отырған болар.

— Алтыбайдан қорқып Жаппас Кенесарыға қосылмай отыр дейсің бе? Сенің айтқаныңды дұрыс делік… Шынында да қазақ қорыққанын сыйлайды. Бүгін Жаппас руын шапсам, ертең Шекті өзі келіп қосылады.

— Онда Жаңбыршы ұлы Балғожа би неге келіп қосылмады? Сіз ол ауылды бір емес, екі рет шаптыңыз ғой.



— Балғожа би қорқау қасқыр секілді қорқақ. Ол орыстан қорқып отыр, содан маған қосылғысы келмейді. Жалпы алғанда қара қазақ — қорқақ жұрт, Балғожа би де қарадан шыққан.

— Кене хан, бұныңыз қате секілді. Мен көрген қазақ батыр халық. Қорқытып соңымнан ертемін деп жүргеніңізде оларды өзіңізден қашырып алмаңыз.

Кенесары кенет тұнжырап кетті. Шықшыттағы күре тамыры бүлкілдей ойнап, демін әзер-әзер алды.

— Сен Таймастан да, әбілғазыдан да ақылды екенсің, — деді Кенесары сәл булыға сөйлеп, — бірақ енді халықты қорқытып қосудан басқа қандай жол қалды? Биыл жиналатын он мың әскермен Россия патшасы түгіл, Қоқан ханын жеңе алмайсың. Қоқанның өзіндегі таңдаулы галабатыр әскерін былай қойғанда бір ғана Эрмазар қорғанында он екі мың жауынгері бар… Оған На- манған, Андижан, Ош, Тақты Сүлеймен, Шархия, Ангара, Құрама, Ходжент, Ұратөбе, Ташкент әскерлерін қосып көр. Біздің Сыр бойындағы жұртпенен бас қосқандағы күшіміз жетері бар болғаны Ташкент. Бұның өзіне де рұқсат беріп отыр ма, өзіңе белгілі. Орынбор бастықтары мені Аллақұл ханнан он бес мылтық, бір арғымақ алды деп кінәлап еді. Ол өліп еді оның баласы Рахманқұл ханнан ер-тоқымы алтындатқан үш арғымақ, үш қылыш, он екі мылтық, екі бас қорғасын сыйлық келді. Маған жіберілген тарту-таралғыға қарап Орынбор бастықтары мені Хиуа ханын жақтамақ болып жүр дейтін көрінеді. Хиуа мылтықтары жақсы, үш жүз қадам жердегі құсты құтқармайды. Ал «Көктолғай» секілді ақалтеке арғымақтары тек жауға мінуге жаратылған. Бірақ жұрт Кенесарының кім екенін білмейді. Мен Хиуа ханының жұмсауына жүруден көрі, Хиуа ханының өзімнің жұмсауымда жүргенін жақсы көретін адаммын. Хиуаға ұзын ырға сенім білдірген болсам, оның маған сеніп Бұқар ханымен өштесе түссін дегенім. Қазаққа Бұқардың да, Хиуаның да, Қоқанның да күшейгені керек емес. Үш қасқыр бірін бірі таласын, мүмкін үшеуі бірдей әлсіреген кезде бізге де пайда түсер? Енді өзің ойлашы, он бес мың салт атты сарбазбен Россия патшасын да, Қоқан ханын да жеңе алмайсың. Ал Орынбормен қан төгіспей бітімге келеміз деген ниеттің неге апарып соққанын өзің де көріп отырсың. Күнімжан мен екі баламнан айырылғаннан басқа не таптым? Енді не істеу керек? Қой секілді үн-түнсіз аяқ серіппей бауыздала бер дейсің бе? Ең болмаса ешкі тәрізді бақырып өлген құрметті. — Кенесары кенет сұстана қалды. — Бірақ мен ешкі де, қой да болмаймын. Ажал табар болсам батырларша ажал табам. Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл ел болсақ, енді хан билеген елміз. Жауымыз бізбен санасуға мәжбүр болады. Ал мұны істей алмасаң…

— Оны істей алмайтыныңызға көзіңіз әлі де жеткен жоқ па? — деді Жүсіп Кенесарыны кенет аяп кетіп.

— Көзім әлі әбден жеткен жоқ. — Ол кенет шаршап кеткендей болды. — Бірақ сен дұрыс айтасың… Жерін алып бере алмайтынына көзі жеткен қазақ әлі-ақ ертең тарай бастайды. Ал оларды таратпау керек.

— Қалай таратпайсың?

— Күшпен таратпаймын! — Кенесары кенет ызалана дауыстап жіберді. — Күшпен басын қосамын! Көнбеген ауылды шабамын, қарсы келгенінің басын аламын. Көнбей көрсін!

— Өйтіп жұртты қырып хандық құрудың қанша қажеті бар? Өз елің, өз жұртың емес пе…

— Кенесарының жасыл туының астына кіргісі келмеген жұрт жұрт емес! — Ол бұрынғысынан да сұрлана түсті. — Ондай елдің мейлі қаны судай ақсын, мейлі бәрі қойдай бауыздалсын, егер оған қабағымды шытсам, Абылай атамның аруағы атсын!

Жүсіп Кенесарының мұндай түрін бұрын көрген емес. Және оның нағыз шын сырын дәл қазіргідей шешіле айтуын алғашқы рет естуі. Кенесарының айтқанын орындайтынына Жүсіп күмәнданған жоқ. Өйткені төре тұқымдарының халықты қоймен тең көретінін, қаныпезерліктің арқасында қалың бұқара тағдырын ойыншық санайтынын бұрын да білетін. Ал Кенесарының ойлаған мақсатына жету үшін қара халық түгіл, өзінің туған әкесін де құрбан ете алатынына талай рет көзі жеткен. Мұндай жауыздық қаракетпен арманға жету әдісі Шыңғысханнан, Ақсақ Темірден қалған. Шыңғысхан қанішерлікте болат қанжар болса, Кенесары сол қанжардың кішкентай сынығы. Болат қанжардың қанға суарылған сынығы. Араларында алты ғасыр өтсе де қанқұмарлық түбі бір. Одан қайда кетеді? Жүсіп енді әбден ашынған Кенесарының ешкімді аямай, дегеніне көнбеген елді қанға бояйтынына шек келтірмеді.

Өзі де солай болды. Бұрын тек өшіккен аға сұлтандардың, би, датқалардың аулын шауып, малын айдап алатын болса, енді солардың қарамағындағы жазықсыз елдерді де шабуға кірісті. Патша үкіметінің санағы бойынша Кенесары он жыл көтерілісінің ішінде жүз жетпіс бес ауылды тонап, бес жүз жазығы жоқ кісі өлтіріпті. Соның бестен төрті ақырғы бес жылына жатады.