Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 63 из 82

Кенесары жасақтарының бас қосар жері Алашахан бейітінің жаны. Бұл ара, үш жүздің қазақтарына тең орталық. Есіл, Нұра бойын жайлаған Орта жүзге де, Елек, Жайық жағасындағы Кіші жүзге де, Балқаш пен Сыр, Жетісуды мекен еткен Ұлы жүзге де жер кіндігі. Оның үстіне Алашаханды қазақ өзінің ең алғашқы ханы деп білетін. Сол себептен Кенесары Абылай атасының сүйегі жатқан Түркістан көп руға қашық болғандықтан, еліміздің хандық туын тіккен ортасы еді ғой деп ырым көріп әдейі осы араны қалап алған.

Алашаханның моласы қазақ елінің ең алғашқы хандық туын тіккен он төртінші ғасырдың аса бір көрнекті ескерткіші. Жасыл төккен жазық далада көк отаудай алыстан көзге түседі. Бұл — тана көзденген өрнекті құмайт кірпіштен қаланған, биіктігі мен көлденеңі бірдей, зәулім төртпақ мола. Үстінде көгілдір сырмен бояған үлкен күмбезі бар. Күмбездің төрт жағында, моланың төрт бұрышына тұрғызылған ақ кірпіштен қаланған әшекейлі төрт шағын мұнара… Күмбездің астына тас баспалдақпен көтеріліп баратын кең далыз. Ал моланың өзінің іші кең бөлме. Ортасында Алашаханның қабірі. Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал құйрығын үйіп тастаған. Әр жерінде ағаш найзаның ұшы көрінеді. Топырақ үстінде де бірнеше атам-заманғы қарағай найзалар жатыр.

Алашаханның жанында тағы екі мола бар. Бірі биіктігі он құлаштай, шым кірпіштен құйған әмбұлақ ханның моласы, одан әріректе Алашаханның моласына ұқсаған, тек кішірек Жошы мазары. Бұл үшеуі де қазақтың ең алғашқы хандық құрған дәуірінің мұралары. Үшеуі жайында да сан түрлі аңыздар бар…

Кенесары қазір осы бейіттердің күнгей жағымен келе жатыр. Соңынан ерген ит тәрізді анандай жерден Қараүлектің салбыр бейнесі көрінеді. Сұлтан ашулы. Қайда бара жатқанын өзі де аңғармайтындай, қабағын қарс жауып сылбыр аяңдайды. Кенесарының қазіргі ашуының себебі бар. Осыдан он күн бұрын «Кенесары көкиығы» деп аталатын биіктің Қостанай жағындағы көл жағасындағы жайлауға көшкен Балғожа бидің аулына бір топ орыс балықшылары шықты дегенді естіген. Орынбор губернаторын Балғожа биге өшіктіру үшін жансыз барып балықшы орыстарды қырып келіңдер», — деп бір топ жігітпен Байтабынды жіберген. Бүгін сол Байтабын қайтып келген.

— Жарлықты орындадың ба? — деген Кенесарының сұрағына, Байтабын сазара тұрып «жоқ» деп жауап қайырған.

— Неге? — деп Кенесары қайта сұраған.

— Хан ием, — деген Байтабын тізе бүгіп, — Балғожа биге жала жабу үшін жазықсыз балықшыларды бостан-бос қыруға дәтім бармады, кешіріңіз.

Соңғы жылдары Байтабынның өзгере бастағанын Кенесары аңғарып қалған. Батырдың өзі де мұнысын жасырмаған. Дегеніне көнбеген бір ауылды шапқаннан кейін сұлтанның өзіне де орынсыз қан төгудің керексіздігін айтқан. Кенесары іштей кектенсе де «өз еліне жаны ашығаны-ау» деген де қойған. «Ал бұл жолғысы не? Кімге жаны ашығаны?» Бағана көп жылдан бері еңбегі сіңген батырына «бұйрығымды орындамағаныңды бір жолға кешірдім», — деп сыр бермесе де, қазір оңашада ашуға шыдай алмай келе жатыр. «Жоқ, жоқ, — деді ол бір кезде, — тағы да бір сынап көрем. Егер Кіші жүзім деп жауымды наркескендей алып түспесең өз обалың өзіңе». Осындай шешімге тоқтаған Кенесары сәл басылайын деді. Ол енді жан-жағына ойлана қарады. «Бағана осы жаққа Жүсіп кетіп бара жатыр еді ғой? Қайда екен?» Сұлтан енді кілт бұрылып теріскей жаққа қарай аяңдады.

Ал Гербурт-Жүсіп қолы бос уақытта осы Алашаханның моласының жанына келіп отыруды жақсы көретін. Оған осы айбарлы мола бір ғажайып асыл мүлік болып көрінетін. Моланың оқ-дәрі бұза алмайтын кірпіштерінің қандай құм-топырақтан құйылғанын, бес жүз жылдан бері алғашқы күндегісіндей түсін әлі жоғалтпай тұрған күмбез сырының неден жасалғанын түсіне алмай таң қалатын. Көшпелі елдің жүздеген жылдар бойы сар даланың желі мен жаңбырына шыдап келген осындай әсем ескерткіштер жасағанына мәз болатын.

Жүсіп бүгін де осы мазарға келген. Бір төбешіктің басына отырып алып, өлең жазуға кірісті. Тағдыр жазып, сонау қадірлі Польшасына қайтар болса Алашахан моласы да есте қалсын…

Көз жетпейтін жасыл дала,

Көргені азап, қиянат…

Ортасында ақ шағала,

Тұр күмбезді бір зират…



Өлең шумақтары асау өзеннің көк толқынындай бірінен соң бірі туып, бірін бірі баса-көктей, жер кемеріне сыймаған дариядай Жүсіптің де тар кеудесіне сыяр емес. Біресе қиял оны ұшқыр қанатына отырғызып ап ақша бұлттар жүзген көгілдір аспаннан да жоғары ала жөнеледі. Біресе тынық су бетінде ақырын тербелген қайықтай жан сезімі сәл тыныштала қалады да, кенет дауыл ұрғандай астан-кестен боп жүрегін ашу кернейді. Жүсіп бар әлемді ұмытқан: өзінің қайғылы халін де, Кенесары ереуілін де, қымбатты Польшасын да тек өлең дүниесіне, шабыт дүниесіне кіріп кеткен. Осындай халде отырғанында кенет біреу иығына қолын салды. Жалт қараса Кенесары екен. Анандай жерде Қараүлек тұр. Жүсіп шошынайын деді. «Не жазып қалдым?» Енді өлең дүниесі де, қиял, шабыт, әсем сәнді сезім әлемі де бірден ғайып болды.

— Қорықпай-ақ қой, — деді оның ойын түсіне қалған Кенесары, — сенің еш күнәң жоқ, — сөйтті де Қараүлекке «кет» дегендей қолымен ишарат етті. Анау бөтен жаққа көңілі ауған жайылып жүрген атан түйедей аспай-саспай бұрылып, шатырға қарай балпаң-балпаң басып жүре берді. — Сені көрген соң әдейі бұрылдым. Сөйлесейін деп едім… Шыныңды айтшы, туған еліңді сағындың ба?

Жүсіп шынын айтты.

— Сағындым. Әттең алыс, қашып кетер едім…

— Қашып кетер едім? Бұрын бұндай сөз айтпайтын едің ғой, әлде біздің көтерілісіміз сені қызықтырмайын деді ме? Өзімнің туған жерімде қалған арманымды сендерден таптым деп едің ғой. Сол сөзің әлі есімде.

— Ол сөзді мен қазақ елі өзінің еркіндігі үшін күресіп жүрген кезде айт- қам. Польша бұқарасы Россия патшасының отаршылық ісіне қандай қарсы болса, мен келіп қосылған шақта қазақ халқы да сондай қарсы еді. Сендердің күрестерің маған ұнаған. Польшада қалған арманымды, осында тапқандай болғам. Ал қазір…

— Иә, қазір?.. Әлде сен бізді түскен жолымыздан адасты деп ойлайсың ба?

Жүсіп не болса да шынын айтуды мақұл көрді. «Мүмкін менің сөзім ой салар», — деді ол ішінен.

— Иә, Кенеке, — деді Жүсіп тікелей қарап, — сен өзіңді хан етіп ақ кигізге көтерткізгеннен бері, ұстаған жолың да, алдағы мақсатың да басқаша… Сенің күресің енді байлардың үстемдігін қорғайтын хандықты сақтау күресіне айналып барады. Бұдан қалың бұқараға келер қандай пайда бар? Кедей жұртқа өз ханына бағынды не, орыс патшасына бағынды не, бәрібір емес пе? Бұрын өзінің күн көрісі болған шұрайлы жерін, балықты көлін орыстың князь, генерал, графтарынан қорғап, қолына сойыл алған ереуіл бір басқа да, Абылай заманын көксеп, қазақты орыстан бөліп алып, қанын жеке сорамыз деген сұлтан, би, ақсақал, хан үшін күресу бір басқа. Бұл күрес тіпті зиянды, ол орыс пен қазақ халқының жақындасуына бөгет болады! Ал екі бейнетқор халықтың бірігуінде, жақындасуында олардың бар болашағы, бар алдағы жарық күні тұр.

Жайшылықта сөзге сараң, ұстамды Кенесары кенет бұлқан-талқан боп ашулана қалды.

— Қаны басқаның — жаны басқа деген осы. Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Россия — дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Россия патшасына бағынсақ ел деген аттан айырыламыз. Жоқ, қазақ бұрын Абылайханға бағынса, енді оның немересі Кене ханға бағынады. Өзім билеймін…

— Қалай билейсің? Жерінен, суынан айырылған жұрт ертең қайтара алмайтынына көзі анық жеткен күні, сенің соңыңнан еруді қояды, Кенесарының хандығын сақтаймын деп бостан-бос қырыла бере ме?

Кенесары кенет шабатын барыстай жиырыла қалды, шегір көздері қанталап, оң қолы беліндегі наркескеннің сабын кенет қыса ұстады.