Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 62 из 82

Осындай қобалжуда көкек айы өте бастаған кезде, Кенесары азырақ бой сергітіп қайтайын деп қасына өзінің батырларын ертіп Ақсақал төбедегі тоқал әйелі қыстауының маңындағы қалың жыңғылды қыратқа аң аулауға шыққан. Бұлар жоқта, Батыс Сібір генерал-губернаторы жіберген есауыл Сотников басқарған әскер Қара Торғайда отырған Күнімжан аулын шабады. Біраз малы мен екі баласын қоса, Күнімжанның өзін бас етіп, он адамды ұстап алып кетеді.

Бұны естіген сұлтан аңнан қайтып келіп, Күнімжанның аулын кім шапқанын біле алмай әуре болып жүргенде, арасында он күн салмай, есауыл Сотников енді Ақсақал төбедегі Кенесары тоқалы мен Есенгелді, Саржан ауылдарына тиеді. Абайсыз отырған елді қанға бояп, жүзге таяу адамды шауып өлтіріп, мың түйе, үш мың бес жүз жылқы, он мың қоймен бірге жиырма бес адамды тұтқын етіп айдап әкетеді.

Горчаковтың бұл қылығына Кенесары бұлқан-талқан болып ашуланады, өзіңе кісі қыру керек болса, мен де көрсетейін деп атқа мінеді. Міне осылай ызаға әзер шыдап жүрген күндердің бірінде, ордада қағаз жазып отырған Жүсіпке:

— Ертең сарбаздарымыз бас қосамыз деп уәделескен Алашаханның моласына жүреміз, барасың ба? — деді.

— Барамын, — деп жауап берді қанды оқиғалардың таяп келе жатқанын онсыз да сезіп жүрген Жүсіп ойланбастан.

Ертеңіне өзін қорғайтын Батырмұрат басқарған жасағымен Кенесары Алашахан зираты тұрған Қара Кеңгірге бет алды. Өзге батырларына да тез жетсін деп хабар берді. Бұл көкек айының аяқ кезі еді. Жер жаңа кеуіп, көгал шөп жылдағысынан ерте ду ете қалған. Арқадағы әлі бекініс салынып, мылтық дауысы аң-құсын үркітпеген Арғынаты, Ұлытау, Кішітау, Айыртаулар алыстан мұнарлана көрініп, қиялыңды тербеткендей. Оның үстіне кең дала биыл өте-мөте көркем еді. Жел соқса құлпыра түскен шалғын. Иісі жұпардай аңқиды. Бетіңнен сүйген көктем желі. Ойында да, қырында да, көлінде де, шөлінде де сыңсыған құс… Табиғаттың осыншама сұлу суретін көріп мас болғандайсың. Қиялың көктем желіндей сар далаңды шарлай кезеді.

Кенесары осы ғаламат жерден расымен айрылам ба дегендей жан-жағына қайғыра қарап келе жатты. Екі баласы мен Күнімжаннан айырылғаннан бері тіпті өзгеріп кеткен. Бөлтіріктерінен айрылған бөрідей әбден қанкөзденіп алған. Жұртпен де тіс жарып сөйлеспейді. Бар зәрін ішіне сақтап бетінен қан-сөлі қашып, ақ сары жүзі сұрлана түскен. Қимылы, жан-жағына қадала көз тастаған келбеті, қайғыдан гөрі Кенесарының жүрегін ашу-ыза, кек билегендей.

Кенесарының жанындай жақсы көретін әйелі мен балаларынан айрылғанынан да басқа жүрегін өртеген күйігі бар. Жүсіп оны да біледі. Ол күйік — сұлтанның Арқа мен Кіші жүздің ел билеген кейбір би, ақсақалдарын өзіне ерте алмағанынан туған күйік.

Орынбор әскери губернаторының қарамағындағы орыс станица, бекіністеріне тимегенмен Кенесары ереуіліне қосылмаған ауылдарды шауып, малдарын айдап алуды тоқтатпаған. Ондағы ойы ақылға көніп соңынан ермеген жұртты талаумен, сойылмен қорқытып ергізу болатын. «Өз еркімен теңдігін, жерін бермеген қазақ ауылдарын орыс генералдары солдат шығарып, қырып-жойып, қорқытып тартып алғанда, біз неге сөйтпейміз», — деп ойлайтын ол. Кенесары осы қорқытуды өзінің ел билеудегі бір ыңғайлы құралына айналдырған. «Қорқа-қорқа батыр болдық» дегендей, сойылы тым батқан жұрттың түбі өзіне жауға айналатынын ол ескермейтін. Ескергісі де келмейтін.

Кенесарыға ермей жүрген ел билеген адамдардың бірі Орта жүздің биі Жаңбыршының Балғожасы еді. Ол өзіне жақын жерде салынып жатқан Торғай бекінісіндегі солдаттарға арқа сүйеп, сұлтанның бірігейік деген сөзіне тіпті құлақ ілмей қойған. Осыған ызаланған Кенесары өткен жылы биді әдейі қорлағандай аулына қарындасы Бопай батырмен үш жүз сыпай жіберіп, Балғожаның бар малын айдатып алған. Малын қайтарып берсем Балғожа енді соңыма ерер деген Кенесары биыл оған кісі салған. Хатшысы Сидақ қожаны шақыртып алып, бір жағы бұйрық, бір жағы өтініші етіп оған өлеңмен хат жаздырған.

Кенесары хатында Балғожаны мақтай, түбі жеріңді, еліңді орыс патшасы алады деп қорқыта келіп:

…Арғын, Қыпшақ ағасы!

Жыртылмасын, жарқыным,

Еліміздің жағасы.

Қанғандай-ақ болды ғой

Бұл қазақтың таласы,

Ойда Қоқан, қырда орыс,

әкім болды қаласы.

Кімнен таяқ жегендей

Біздің қазақ баласы.

Быт-шыт болып жүргені —

Аузының аласы.

Тізгін берсе Кенеге,

Қанат қосса жебеге,

Қырмақ түгіл жауыңды

Дал қылмасқа немене! —

деп өзіне қосылуға шақырған.

Бірақ күш Кенесарыда емес, мол әскерлі ақ патшада екенін білетін Балғожа Кенесарыға қосылғысы келмейді. Аулын еркек емес, қатын Бопай шапқанына ызаланған би, тоналған малын садақа қылып, Кенесарыға улы тілді өлеңмен ашулы жауап қайтарған. Ол жауабының бір жерінде:



Қапияда кенеттен,

Орға түсер боларсың,

Қайтып шықпақ зор болар.

Сенің, сұлтан, дұшпаның

Жалғыз орыс емес-ті,

Қайда барсаң алдыңда

Құрулы тұрған тор болар.

Райыңнан қайтпасаң,

Түбінде әділ басың қор болар.

Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Үйсін бар,

Үйсін толған байсын бар,

Жүрекке түскен түйсін бар.

Былай барсаң Бұқар бар,

Жайын болып жұтарлар,

Тау жайлаған қырғыз бар!

Жүрекке түскен бір мұз бар,

Артыңда қалған орыс бар,

Байғұс-ау, мұнда саған қайда қоныс бар!..

— деп Кенесарыға сен түбінде қор болып өлесің деп қорқытқан.

Қатеңді досыңнан қасың көреген. Бұл хат Кенесарының ең жаралы жеріне тиген. Сұлтан бар сұмдық салмағын салғалы тұрған жан-жағын қоршаған жауы барын Балғожа бисіз де білетін. Кенесары бұған ашуланған жоқ. Жауының көп екеніне көне тұра, бәріне жалғыз өзі қарсы шыққан жоқ па? «Не ойлаған арманға жету, немесе сол жолда құрбан болу!» — Сұлтанда бөтен шешім жоқ. Оны ашуландырған, ызаландырған — ел ағасы деген Балғожа би сияқты адамдардың Кенесарының осындай қиын жағдайында, қол ұшын бермегені, Кене ханға бас иіп, Абылайдың ақ туын көтерісудің орнына, іргесін мүлде аулақ салып, Россия патшалығына бет бұрып кетуі.

«Жарайды, менің жанымды түбі орыс, Қоқан, қырғыз біреуі алады екен ғой. Балғожа би, сен соны дәтке қуат етіп қуанады екенсің, оған дейін мен сенің жаныңды алайын!» деп Кенесары сол күні түнде бидің аулын қайта шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіруге бес жүз сарбазымен Жанайдар батырды аттандырды.

Бірақ Жанайдар батыр сұлтанның арманын орындай алмады. Жорыққа кетіп бара жатып, жолай қыз күнінен көңілдес Бопай аулына бір түн түнеп, дер кезінде бидің аулына жете алмады. Кенесары ордасымен жасырын хабардар болып отырған Балғожа аулына Жанайдар батырдың шыққанын естіп, қарамағындағы бес жүз үйді ертіп көтеріле көшіп, Ор қаласының ар жағына қашты. Бидің жұртын сипап қалған Жанайдар батыр өзіне қарсы шыққан Ахмет сұлтан-правительдің солдаттарымен атысып, одан соң Сырға қарай көшіп келе жатқан Күкір бидің аулын шауып, көп малын олжа етіп қайтты.

Балғожадан айрылып қалуының шын себебін білмейтін Кенесары Жанайдар батырдың бұл олжасына да риза болды. Бірақ жазған хат Кенесарының есінен шықпай-ақ қойды.

Сұлтанның соңғы кезде тым тұнжырап кетуіне себеп болған осы хат екенін Жүсіп-Гербурт те жақсы білетін.

Бұлар Алашахан моласы тұрған Кеңгір өзенінің жазық беткейіне жеткенде басқа жақтың батырлары әлі келмеген екен. Кенесары шатырларын тігіп, сарбаздарды осы жерде күтпек болды. Арада үш-төрт күн өтті. Азық-түлігін түйеге теңдеп, әскерлерін соңдарынан шұбатып батырлар да келе бастады. Торғайдан Иман батыр, Елек пен Ырғыздың ортасын жайлаған Табыннан Жоламан батыр, өзінің үзеңгілес серіктері Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Құдайменді батырлар алдымен жетті. Көп кешікпей Жанайдар мен Бопай да келді. Бірақ Кенесары әлі ешкіммен тіс жарып сөйлескен емес. Жайшылықтағы ақылгөйлері, соғыс ісінде кеңес беретін қанды көйлек серіктері Таймас пен әбілғазы да тіл қатпай қойды. Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. Сол шешімін орындауға тек ыңғайын күтіп іштен тынғандай.