Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 58 из 82

Бұл кезде күн де көкжиектен көтеріле бастады. Ұшы-қиыры жоқ қау жапқан кең далада ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейді, тек көде шөпті қуалай бірен-саран бөдене жорғалап, күн шыққанға қуанғандай шегірткелер ғана шырылдайды.

Сәске кезінде құбыла жақтан жел тұрды. Жолаушылардың мұрындарына бір жылымшы иіс келді.

— Бұл не? — деді қара сұр жігіт, — мал қырып жатыр ма біреу? Қан иісі тәрізді ғой мынау иіс…

Есіркеген жауап қайырған жоқ, атын тебініп қап, алдындағы адырға қарай шаба жөнелді. Серіктері де аттарына қамшы басты.

Бұлар адыр басына шыға келді де, алдарында пайда болған көріністен шошып кетіп, кілт тоқтай қалды. Дәл адырдың етегінде шие көмкерген тулай аққан жіңішке өзен жағасында ақ боз үйі аралас қалың ауыл отыр екен… Бірақ ауылдың сиқынан жан шошырлық. Дауыл соғып құлатқандай жапырая қалған лашық, күрке. Шаңырағы жерге түскен ақ отау, қараша үйлер. Әр жерде сұлаған өлік, оны қоршап жоқтау салған топ-топ әйелдер… Жылаған бала, ұлыған ит. Бір топтан екінші топқа қарай өліктің басына құран оқуға бара жатқан бірді-екілі ақ сәлделі молдалар көзге түседі. Ауыл шетінде бір қауым топ күрекпен зират қазып жатыр. Кәрі-жасы аралас. Қазақ аулына таянғаннан-ақ елдің көркі боп көзге түсетін үкілі қыз, сәукелелі жас келіншектің бірде-бірі көрінбейді… Осыншама қалың елдің маңында мал дейтін мал да жоқ. Бірен-саран күлге аунап шөгіп жатқан түйелер мен бұзауларын ерткен он шақты сиыр жүр. Ері мойнына кеткен екі-үш шідерлі ат оттауға қарай шоқаңдап барады. Ауылдың жалпы көрінісі түнде ғана жау шауып кеткенін аңғартады.

— Япырмай, бұл не сұмдық, — деді пұшық сары ішегін тартып, — мына ауылды да жау шапқандай ғой.

— Иә, — деді қара сұр күрсініп, — бұл ауыл да босағасы босаған ауыл болды ғой.

— Жоқ, шаңырағы құлап жерге түскен ауыл деңіз! — деді Есіркеген көзіне келіп қалған жасын серіктерінен жасырмай алақанының сыртымен сүртіп, сөйтті де кенет атын тебініп қап, қазақтың ескі дәстүрімен «ой, бауырымдап!» ауылға қарай шаба жөнелді. Серіктері де «ой, бауырымға!» басып соңынан ерді.

Есіркегендер бұл ауылда бір күн болды. Өліктерін қойысып келесі күні жүріп кетті. Ауыл ақсақалы қобызшы Кәрібай деген шал бұлар келісімен болған уақиғаны айтып берді. Бұл — Алтай руының Кенесарыға еріп Арқадан көшіп келген бір аулы боп шықты. Бұрын кәзіргі Атбасар дуаны салынып жатқан Есілге құятын Жабайы өзенінің маңын қоныс етіп келген екен. Ол араға бекініс салына бастағаннан кейін қоныс іздеп амалсыз Кенесарыға еріп, осынау Қыпшақ жерінің шетіне көшіпті. Кенесарыға ерді деген аты болмаса оған бәлендей жәрдем бермепті. Тек қол ұшынан жалғасып, әскеріне қыс соғымдарын, жаз қару-жараққа деген салығын төлеп тұрыпты. Биыл ғана біраз жігіттері Кенесары сарбаздарына қосылыпты. Соған өшіккен бе, әлде осы ауыл Кенесарының иек тірер тілектесі деп біреу-міреу көрсетті ме, әйтеуір Ор қаласынан шыққан ақ патшаның бір топ «кәрі қылыш» жендеттері кеше күн бата кеп ауылды шауыпты. Қаннен-қаперсіз жатқан ел, ауыл үстінен гүрсілдей атылған мылтықтан шошып, қарсыласа алмай қалыпты. Жендеттердің өздері екі жүздей адам екен, түні бойы істемегені болмапты. Әжетке жарайтын қыз балалардың бәрін шетінен абыройын айрандай төгіп, осы ажарлы-ау деген жас әйел, келіншектердің бірде-бірін сау тастамапты. Кеудесінде намысы бар арашаға түскен жігіттер мен «ау, бұларың не?» деп ақылға салам деген ақсақал, қарасақал біткеннің бәрін бүкіл жұрттың көз алдында оққа байлапты, кейбіреулерін қылышпен шауып өлтіріпті. Мұндай қаза болған жанның саны отызға жуық көрінеді. Қан ішер жендеттер түні бойы дәрменсіз елге істерін істеп, тек бүгін күн шыға ғана жүріп кетіпті. Бірақ құр кетпепті, ауылдың сұлу қыз-келіншегі мен түбекте жатқан бар малын айдап әкетіпті. «Барлық Кенесары жағына шыққандардың көретін күні осы. Бұл бұл ма, бүйте берсеңдер ендігі жолы біріңді қалдырмай қырып тастаймыз», — деп кетіпті.

— Бұл уақиғаны Кенесарыға естірте алдыңдар ма? — деді қара сұр қанын ішіне тартып.

— Түнде ауылды шауып жатқанда кісі жібергенбіз. Жер арасы шалғай, егер шабарманымыз қолға түсіп қалмаса сұлтан аулына таяп қалған шығар, — деді Кәрібай шал, — бірақ оның қолынан не келеді?.. «Кәрі қылыш» жендеттері Орға қарай беттеді ғой, кездесе алмас… Тек Жантөре үрім-бұтағының ауылын бөктерлей қуса ұшырасулары мүмкін. — Шал тағы күрсінді, — ой, білмеймін, ұшыраса қояр ма екен… Тым қиыс жатыр ғой… Және ол тұстағы ел Кенесарыға қарсы, жөн сілтемес.



Өліктерін қойысып ауылдан шығысымен, түні бойы ұйқы көрмеген Есіркегендер бір сайға түсіп, аттарын тұсап отқа жіберіп, өздері қоржындарындағы азын-аулақ астарымен өзек жалғап, күн түс болғанша ұйықтап тынығып алды. Енді олар Солтүстікке қарай бұрыла түсіп Орынборға Кенесарының қарамағына жатпайтын ауылдардың үстімен жүрмек болды.

Есіркеген атқа қонысымен-ақ тағы сазара ойға шомды. Жанындағы серіктерінде де үн жоқ. Қалай үндесін, бағанағы ауылдағы көрген көріністері екі иіндерінен сегіз батпан ауыр жүктей жерге жанши түсіп, бастарын көтертер емес. Әсіресе Есіркегеннің қабағынан қан жауған. «Россияға бағыну керек деймін. Ондағы ойым ұлы халық, мәдениетті халық, өзімен бірге мұратқа жеткізеді деп сенуімнен шыққан арман. Ал бағанағы ауылға істегені не? Мүмкін мен ештеңеге түсінбейтін болармын, ақ патшаның да, оның қарапайым солдаттарының да арманы біреу-ақ шығар. Тезірек қазақты құртып, жерін емін-еркін пайдалануға асығатын болар. Бірақ бір қолдағы бес саусағың да бірдей емес қой. Бір Абылайдан шыққан екі ұрпақ — екі бөлек жол ұстаған жоқ па? Уәлиге қарсы Қасым шықса, Уәлидің баласы Шыңғысқа Қасымның баласы Кенесары қарсы келіп отырған жоқ па? Сол тәрізді бір Россия патшасына бағынатын жұртта екі түрлі ой болуы мүмкін ғой»…

әрине, Есіркеген өзінің осы ойынан кейін жиырма жылдай шамасында тарихқа келген Шыңғыстың баласы Шоқан мен Кенесарының баласы Сыздықтың да біріне бірі қарсы соғысатынын білмеді. Шоқан — орыс генералы Черняев жағында, ал Сыздық Қоқан хандығын қорғап шығатыны оның тіпті үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін жәйт. Сондай-ақ өзі секілді Шоқанның да Россия мәдениетіне қанат қағып, туған халқын сол Россияға тартқанын, бірақ артынан генерал Черняевтің әскері сол халықты Россия патшасына отар етемін деп қырғанда, не істерін білмей, қызметін тастап Тезек төренің аулына қашатынын қайдан білсін.

Есіркеген қазір шым-шытырық жұмбақ ойдың шешуін таба алмай шатасуда еді. «Расымен мен қателесіп жүрмін бе? Түбі жауынан құтыла алмайтынын білген жаралы жолбарыс тәрізді не болса да айқасып өлем деген Кенесарыныкі дұрыс па? Мәдениет, прогресс, Россиямен біріксек жарық күніміз шығады деп жүргенде, халқымыздың еркіндігі түгіл, өзінен айырылып қалмаймыз ба? Егер қазақты өзіне қосу әдеті, үнемі әлгі ауылға істегеніндей бола берсе өйткен мәдениеті де, келешегі де құрсын!.. Онда су ішсем де, суан ішсем де халқыммен бірге боламын. Тек соның күні көкте жүзсін, соның ғана сәулесі жарқырай түссін».

Осындай шым-шытырық ойда келе жатқан Есіркеген күннің екіндіге таяп қалғанын жаңа аңғарды. Ол енді бұрылып жан-жағына қарады. Әлі ұшы-қиыры жоқ кең дала, қау басын ақырын сипай ескен салқын жел, басты шырмаған сұмдық ой…

— Күн еңкейіп кетті, осы бір тұста ауыл болса керек еді ғой, — деді сары пұшық сол жақтарындағы көгілдір дөңестерден асыра нұсқап, — аттар да болдыруға айналды.

— Құр ғана аттар ма, жаны құрғыр да болдырған секілді-ау.

Бұл Есіркегеннің жолдастарына атқа қонғалы айтқан ең алғашқы сөзі еді.

Серіктері тіл қатқан жоқ. Жас жігіттің жүрегінде қандай ауыр кеселдің жатқанын түсінгендей ақырын күрсінді де қойды.

Бұлар енді солға, пұшық сары көрсеткен көгілдір дөңестерге қарай бұрылды? әрі-бері жүрген соң күн бата, адыр-дөң қоршай біткен жазық далада, Қарасуды жағалай қонып отырған ауылды көрді. Бұл ауылдың да сиқы таң қаларлық. Осы араға не жаңа келіп қонған, не болмаса үйлерін жығып көшуге ыңғайланып жатқан тәрізді. Әйтеуір түйелі жүктің жанында әбігерленген жұрт. Тек әлгі жығылмаған (әлде жаңа ғана тігіп үлгірген) үлкен үш ақ орданың есігінің алдында бұл үйлерде өлік бар екенінің белгісі ат құйрығына жалау байлаған сойылдар мен үй үстін айқыш-ұйқыш етіп таңған қара басқұрлар көрінеді (өлік бар үйді бұлай білдіру кей руларының ежелгі дәстүрі). Үрген ит, өрген мал көзге түспейді. Тек көшке арналған түйе мен бірен-саран ырдуан, пәуеске байқалады. Бірақ ауыл іші жыпырлаған адам. Ауылды қоршай көп салт атты және тұр. Қолдарында найза, сойыл, шоқпар…