Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 57 из 82

— Ол қауіпті өзім де түсінемін, бірақ өз жолыңды таңдау үшін, әр тайпаның көңіл мұңын анық білген жөн ғой деймін…

— әлбетте.

Орынборға Кенесары ауылдары арқылы жүруді Есіркеген оқуға барам деген күннен-ақ шешкен. Бұл жолды таңдауында ел күйін білуден өзге бір арманы бар. Ол арманы — Күміс. әбдіуақиттың үй ішінің ол Кенесары жағына шығып кеткенін сол жазда-ақ естіген. Бірақ олар тірі ме, өлі ме хабардар емес-ті. Әсіресе Күміс жайын өте білгісі келетін. Қоңырқұлжаға ойда жоқтан ойыншық болған осы бір аяулы замандасқа деген аяныш әйтеуір көңіліне маза бермейтін. Кейде осы аяныш оны бір жылы тәтті сезімдерге де жетелейтін. Кенесары ауылдары арқылы жүрсем, сол әбдіуақит үй іші туралы бір хабар естірмін деген үміт, бүліншілікшілердің қолына түсіп қалармын-ау деген қауіпке бой бермеді. Кәрі атасымен ел жайын, өзінің келешек арман жайын ұзақ әңгіме ете отырып, ақыры Петерборға Орынбор арқылы жүрмек болып шешкен-ді.

Енді міне, мынау сар даланы кезіп келе жатқан үш салт аттының ортасындағы аққұба жігіт осы Есіркеген. Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең. Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы — шабдар байтал мен кәртаң тартқан қаракөк ат — желе түсіп, әзер еріп келеді.

Есіркеген ауыл жігіттерінше киінген. Басындағы пұшпақ бөркі мен үстіндегі бұлғын жағалы лұқпан шапаны ауқатты үйден шыққанын аңғартқандай. Жанындағы пұшық сары мен денелі ат жақты қара сұр жігіттің үстінде кедей қолы жұпыны киім. Кең жеңді көне шекпен, қырқыла бастаған жеңіл елтірі тымақ пен көне далбағай. Екеуінің сырт бейнесі, ортадағы ауқатты жігіттің жай атқосшы серіктері екенін сездіреді. Бұл үшеуі ауылдан шықпай жатып, Кенесары жасағы кездесіп қалса, сонау Ұлытау бойындағы Найман руындағы нағашыларына бара жатырмыз деп айтуды келіскен. Есіркегеннің жанындағы жігіттердің сырт пішіндері бәлендей көзге түсер болмағанмен екеуі де өнері асқан жандар. Пұшық сары даусы кернейдің үніндей созылған әнші, қара сұры жамбасы жерге тимеген балуан. Екеуінің борышы біреу-ақ Есіркегенді сау-саламат Орынборға жеткізіп салып, қыс түспей Қарқаралыға қайта оралу.

Қарқаралы жақтан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Қонақ десе құшағын жая түсетін қазақ ауылдары, алыс жақтан «нағашылап» бара жатқан жігіттерден қонағасын аяр емес, бір ауылға түстенсе, бір ауылға қонып, Арғынаты баурын да көмкерлеп қалды. Жол енді осы арадан күнбатысқа кілт бұрылады. Енді жігіттерге «нағашыларымыз» Жем, Ырғыз бойындағы Тама руы деуге тура келді. Тоқтаған ауылдары бұған сенеді. Өйткені түрлері де, астарындағы аттары да ұры-қарыға ұқсамайды және ағайын қуып жүре беретін қазаққа «Жем, Ырғызда нағашымыз бар еді», — деген сөз майдай жағады. «Пәле, жиен болсаңдар, осындай алыстан іздейтін болыңдар», — деп оларды қошеметтей түседі.

Жол күнбатысқа қарай бұрылысымен-ақ бірден өзгере бастады, жаз аяқталып, сарғылт тартып қалған. Арқаның көк шалғынының орнына қуаң тартқан бидайық пен бозаң шөп, ши мен шілең жиі кездеседі. Күн райы да өзгеріп, енді жолаушылардың беттерін салқын жел өбетін болды. Бірақ даусы қарлықпайтын пұшық сары жол қысқарсын дегендей жағы бір тынбайды. Біресе күлдіргі өлең айтады, біресе қайғылы зар төгеді. Ал Есіркеген өлең айтқан сайын атын тоқтатып қойып, қалтасынан қойын дәптерін алып әр өлеңнің сөздерін, кім шығарғанын, қандай жағдайда айтылғанын жазып алады.

— Қайтесің пұшық сарының айтқанының бәрін қағазға түсіріп, — дейді оң жағындағы қара сұр, — бұда не көп, өлең көп…

— Үрім-бұтаққа керек, — дейді Есіркеген, — халық мұрасынан қымбат қазына жоқ, бәрі қағаз бетіне түсірілуі қажет.

Пұшық сары Есіркегеннің сөзінен қанаттанып кетіп, кенет ер үстіне бір жамбастай қоқилана отырып алды да, тағы да бір әнді шырқап кетті.

Бүлдірді ала ауыздық ел арасын,

Найза мен сойыл шешті дау таласын.

Соншама өштескенде, бауырларым,

Тозудан, айтшы, басқа не табасың?

Ат төбеліндей аз қазақ

Бір-біріңді қырғанда

Қай мұратқа жетесің?!

Мойныңа бұғау онсыз-ақ

Түсейін деп тұрғанда.



Кімге ерлік етесің?

Еcіркеген өлеңді естігенде түсі бір түрлі қуқылданып өзгере қалды.

— Бұл кімнің өлеңі?

— Атығай Ырым ақынның.

— Қай жағдайда шығарған?

— Ана жылы Атығай Қарауыл мен Алтын, Тоқа жерге таласып көп жігіттер сойылға жығылғанда…

Есіркеген одан әрі ештеңе сұраған жоқ. Өлеңді жазып та алмады. Кенет қалың ойға шомды. «Ырым ақын?.. Мен естімеген ақын екен… Сірә, бай мен батырды, би мен сұлтанды, ру бастықтарын мақтап күн көрмейтін жан болуы керек. Ел арасында жүріп айтысқа түсіп жүлде алудан да алыс болар… қазақтың ала ауыздық зиян екенін түсінетін мұндай сөз шыққаны бір жақсы ырым екен… Осылай жұртты оята беру керек. Бар келешек халқымыздың оянуында. Бар өнерді соған салу дұрыс жол. Ел бірлігі — ел теңдігі. Бірақ «Мойныңа бұғау онсыз да түсейін деп тұрғанда…» деген сөзінде бір үлкен сыр жатыр-ау. Бұл сөзімен нені айтпақ? Ел болып бірігіп Кенесарыға қосылып, Россия патшасына қарсы шық демек пе?.. Иә, солай сынды. Бейшара, біздің келешегіміз Россияға қосылуда екенін білмей ме?»

Сары пұшық кенет Есіркегеннің ойын бөліп жіберді.

— Мінекей ауылға да жетіп қалдық, — деді ол дауыстап жіберіп — бүгін осында түнеп шығалық.

Ауыл дегендері ылдидағы көл жағасында отырған отыз шақты үй болып шықты. Табын руының бір бөлегі екен. Жаз сонау Атырау теңізіне дейін көшіп, қыс осы маңды қыстайды екен. Биыл алысқа көше алмай, Кіші жүз бен Орта жүз жерінің ортасындағы Қызыл діңгек маңайын жайлап қалыпты. Себебін сұрағанда, қонып жатқан үйлерінің иесі қаба сақалды қара шал:

— Былтыр жаз құмда көшіп жүргенімізде малымыздың тең жартысын Хиуа ханының сарбаздары барымталап әкетті. Қалған жартысын қыс түсе осы арадан Қоқан сыпайлары шауып алды. Осы ауылда тіпті тігерге тұяқ қалмаған үйлер бар, алысқа көшуге бізде қазір жағдай жоқ, — деді. Сөйтті де өзінің қонақтарына айран мен ірімшіктен басқа қонақасы бере алмай отырғанына қысылғандай төмен қарап, — бұл үйде де бір сиыр мен үш ешкі ғана қалды. Алыстан келе жатқан жолаушылар екенсіңдер, қой сою керек еді, — деп міңгірледі.

Есіркеген шалды аяп кетті.

— Қысылмаңыз, отағасы, барға мәзір, жоққа әзір… Біз ықыласыңызға да ризамыз…

— Иә, жоққа жүйрік жете ме, — деп шал ауыр күрсінді, — ренжімесеңдер болғаны… Шабыншылықтан кейін бұл ауылдардың көтерілуі де оңай болмас… Амал не, басқа түскен басбақшыл, құдай тән бергенге дән берем деген екен, бізді де өлтірмес.

Таңертең ертемен Есіркегендер жүрер алдында шал тағы да:

— Дұрыстап қонақасы бере алмағандарымызға өкпелемеңдер, қарақтарым, заман солай болған соң істерің бар ма, — деді мұңайып, — жедел жүріп отырсаңдар сәске болмай Қаражыңғылдағы Алтай руының бай ауылдарының біріне жетіп қаларсыңдар, біз бере алмаған қонақасыны сол ауылдан ішерсіңдер.

Есіркегендер жұпыны ауылды сырттай жүріп келеді. Кеше ымырт үйіріле жеткендіктен байқамаған екен, көл жағасында отырған осынау отыз үйдің, ауыл деген құр аты екен. Бір-екі түйе, он шақты сиыр болмаса, көзге түсер мал жоқ. Ауыл иттерінің құйрығы қайқы болушы еді, бұлардың иттерінің де жүні жығылып, құйрықтары салбырап кеткен. Есіркегеннің іші удай ашыды. «Сірә балық аулап күн көреді-ау бұл ауыл», — деді ол ойға шома беріп.

Қарттың түндегі сөзін естігеннен кейін, ол түні бойы көз ілмей шыққан. Қазір де сол ой шумағын жалғай түсті. «Жоқ, жоқ, қайткенмен де Россия қол астына тезірек кіру керек. Сонда ғана бұл халықтың жаны қалады. Хиуа, Қоқан құр малын ғана талайды ғой, ал Қытай ауына ілігер болсаң, еліңді біржолата құртып жібереді. Есіркеген енді тарихқа көз жібере ойланды. — Бір мың жеті жүз елу алтыншы жылы еді ғой, өзіме қарсы бас көтердің деп Қытай боғдыханы әрі айбынды, әрі айбарлы мемлекет құрып, бүкіл Жоңғар өлкесін билеп отырған Торғауыттардың миллиондай халқын қырып, Жоңғар мемлекетін тарихтан мәңгі құртып жіберген жоқ па еді. Сондай хал қазаққа келмесін кім біледі? Ежелден өштескен Қытай боғдыхандары, өз елін аямағанда бізді аяр ма? Жоқ, жоқ, Россияға бас ию керек, сонда ғана өзге ел жандары бізді тонауды қояды».