Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 56 из 82

— Жоқ, — деді Генс, — Бұлар екеумізді орыс генералдары деп сенім тұтып келіп тұр. Мен бұларды сіз айтқандай алдап шығара сала алмаймын…

— Сонда не істемексіз?

— Азия ісі департаменті арқылы мына қыздың туыстарының қайда екенін білуге тырысамын, ал Қоңырқұлжаны жауапқа тартуларын талап етем.

Перовский тағы да күлді.

— Россия кеңселерінің мұндай істе асықпайтынына әлі көзің жеткен жоқ па еді? Бұл қыздар сенен жауап келгенше ауылдарында қартайып та өлер…

— Ауылға барғаннан кейін бұл қыздардың қайтып келуі екіталай… Көнсе осы жерде қалуларын сұраймын. Жауабын тездетуге тырысамын. Оның үстіне бұл екеуі де менің жетімханама керек.

Генс үйінде қазақтың жетім балаларына арналған баспана ашқан. Оларға орысша-қазақша сөйлей білетін тәрбиеші алуды көптен бері ойлап жүр еді.

Генерал-майордың ойына түсінген Перовский:

— Мейлің, өзің біл, — деп күлді.

Генс қыздарға қарап:

— Өтініштерің туралы тиісті кісілермен хабарласалық. Жауап келгенше ыңғайлы көрсеңдер менің үйімде болыңдар. Қазақ балаларына ашқан жетімхана бар, сонда қызмет істеңдер, — деді.

Алтыншаш сәл ойланды да, бірдемеге бел буғандай бірден:

— Жақсы, — деп жауап берді.

Келіншектің неге тез көне қалғанын Генс те, Перовский де түсіне қойған жоқ. Оның ойын жанындағы Күміс те аңғармады. Бірақ ол біраздан бері сырлас болып алған құрбысының көңілін жыққысы келмеді. Аз уақыт Орынборда бола тұруды теріс көрмеді.

Сол күні Генс қыздарды өз үйіне әкеп жетім балалармен таныстырды, кешке таман бұлардың ісі жайында департаментке хат жазды. Және Перовскийдің тапсыруы бойынша Кенесарыға да «Қоқан хандығына қарсы соғысты тоқтатып, Орынбор шекарасына қайтып келіңдер» деген бұйрық жіберді.

Кенесары бұл хатты он сегіз күн соғысып Созаққа кірген күні алды. Ол келесі аптада қалың қолымен Ташкентке аттанбақшы еді. Амал жоқ, айтқандарыңа көнем деген Орынбор бастықтарына уәдесі бар сол себепті Қоқан хандығымен бітім жасап, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бірақ Кенесары кейін қайтуын қайтса да, өзінің енді ештеңеге еркінің жоқтығына іштей күйініп, патша генералдарына кектене қалды.

ІІ

Зиректік, ойшылдық, сезімталдық — ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер. Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы бір қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған қоғам оны не ұлғайта түседі, не өшіреді.

Жасынан өнер мен ғылымды өнеге еткен Есіркеген төрт жыл Семейде орысша оқығанда көп жағдайды түсінді… Әсіресе туған ел-жұрттың надандығы, қамқорсыздығы жүрегіне шоқ тастап, мазасын ала берді. Бұл жәйттер Есіркегенді құр қайғы, шерге бөлеп қана қоймай, еліне қамқорлық етерлік жол іздетті. Енді ол орыс халқының тарихына, мәдениетіне, өсу жолына үңіле қарады. Өз елінің бұл халықтан қаншалық кейін қалғанын ойлана түсті. Ойланған сайын, ортағасырлық мешеуліктен қол созуы қажетін, қыс қатты болған бір жұттан соң-ақ дәулеті сарқылып шыға беретін, мал соңында өткен көшпенділік тұрмыс-тан гөрі егіс салатын отырықшылық өмірге қарай икемденуі керектігіне көзі жете түсті.

Есіркеген өз сана-сезіміне азық болар тағы да бір сырлы дүние ашты. Ол сонау Орталық Россиядан қазақ жеріне жаңа қонысқа көшіп келген орыстың қарашекпен мұжықтары мен ақ патшаға қарсы қол көтергені үшін Семей секілді алыс бекініске жер аударылған декабристер — орыс офицерлері мен оқымысты адамдарының қазақ халқына деген жанашырлық, достық көз қарастары еді. Халық пен халықтың еш уақытта жауласпайтынын, оларды араздастыратын тек үстем таптың қанаушылық саясаты екенін түсініп, оның жүрегінің түкпірінде орыс халқына деген бір әдемі жылы сезім туа бастаған. «Халық пен халық тату болса, ақ патша не істейді? Ал Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұхардан қорлық көріп басы қосылмай жүрген қалың қазаққа түбі тағдыры да, қайғы, қуанышы да бір, сүйеніш болар ел керек. Оған орыс жұртшылығынан жақын кім бар? әрі мәдениетті, әрі қуатты. Достасса қорған бола алады? Бірақ сонда еліміздің тәуелсіздігі не күйге ұшырайды. Мүмкін ел тәуелсіздігі де сақталар. Кенесары, Ағыбайлардың түсінбей жүргендері бар шығар. Жоқ, сан айқастан өткен бұл батырларды ел күйін түсінбей жүр деуге менің қандай қақым бар?.. Бұл бір ақылға салатын жағдай».



Осындай күйде жүргенде Есіркеген Семейдегі орыс мектебін бітіріп, қыс келе Петербург кадет корпусына түсетін болды. Бұл бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы еді. Оқуға қар жауа баратындықтан ол жаз шыға өз аулына келген. Жүрегін көкейкесті арман торлаған, ел қамын ойлар жігіт — ойпат үстінде ерте шығып, ерте солатын сарғалдақ гүл тәрізді, ерте пісіп, ерте қартаяды. Сексеннен аттап селкілдей бастаған Масан қарт жиырмаға жаңа ілінген немересінің ой сорған бозғылт жүзіне қарап, оның жанын жеген бір кеселдің бар екенін бірден ұқты. Бірақ келген беттен тіс жарып бәлендей де- меген.

Немересі туған жерінің жасыл шалғынына әбден аунап-қунап мауқын басып, құрбы-достарымен біраз ойын-сауық құрып, бабына келгендей кезде ғана бір күні оңашада:

— Қарағым, іште жатқан қайғы Ескендірдің қос мүйізі тәрізді, сыртыңа шығармасаң кеселге айналдырады, — деді байсалды үнмен, — қабағыңның шырынан ішіңе бір сарсудың байланғанын аңғарамын… Кәріге айтылатын сыр болса жасырма, қолымнан іс келмесе, тілімнен ақыл келер… аянбан.

Көпті көрген қарт атамен өзінің де сөйлескісі келіп жүр еді. Есіркеген бірден ақтарыла қалды.

— Қайғым бар екені рас, ата. Өз қайғым емес, ел қайғысы.

— Ел қайғысы! Лебізің жылы тиді. Ел қамын ойлар артымда тұяғым жоқ па деп қынжылатын едім. Құдай тағала, мүсіркеген екен. Мұныңа да шүкір. Ал сөйле.

— Төрт жыл қалада оқыдым, ата. Жас адамға төрт жыл төрт күнмен тең ғой… Ал маған… Әлде мен сондай сарыуайымшыл болып тудым ба, төрт жылым төрт жүз жылдай ұзақ соқты… Егер адам ойы теңізге айналар болса, менің ойымнан бүкіл дүниені қоршаған тірі пенде жүзіп өте алмас мұхит пайда болар еді…

— Иә, айта бер… сонша ұшан теңіз мұхитта жүзіп не көрдің…

— Халқымның сол мұхит суына парапар көз жасын көрдім.

— Халқыңның көз жасын көру ғажап іс емес. Мен оны ес білгелі көріп келе жатырмын. Көру бар да, көмек беру бар. Сол көз жасты құрғатар не жол таптың?

— Жол біреу-ақ тәрізді. Тіл мен діні бөлек болғанмен, жері мен тағдыры бір орыс жұртшылығымен бірлеспей бізге жарық сәуле жоқ секілді. Сары далаға ие екенмін деп тағы құландай қысы-жазы көшіп жүре бергенмен ештеңе оңар емес. Бүйте берсе түбі надандық жеңеді. Біз де мәдениетке құлаш ұруымыз керек. Ал мәдениет орыс жұртшылығында.

— Оларда құр ғана мәдениет емес, қиянат та бар ғой, ұлым… — Қарияның көзі кенет жарқ етіп бір ұшқын көрсетті де, қайта сөне қалды. Ол енді жүдей, ойлана сөйледі, — әр жыраның өзінің бір күйкентайы болады. Сұрқия заман бізді осылай сұрқия ойлы етіп жаратқан шығар. Асыл тастан, ақыл жастан, мүмкін сенің айтып отырғаның дұрыс болар, бірақ ел-жұртың не дейді? Кәрі қыран көре алмағанды, жас қыран іледі, тек айтарым: қанына тартпағанның қары сынсын дейді қазақ. Аңшы қуған киіктей, сұм тағдырдан зәресі ұшқан азғантай халқың бар, тек соның қарғысына қалма…

— Халық кейде түсінбей де қарғамай ма? Кенесарыны біреу қарғайды, біреу ардақтайды…

— Дұрыс айтасың. Кенесарының жауы да көп, досы да аз емес. Кейде оның қылығына мен де түсінбеймін. Ал саған түсіну тіпті қиын.

— әйтсе де сол Кенесары ойына мен түсінгім келеді. — Есіркеген сәл үндемей қалды да қайтадан сөйлеп кетті. — Жаз аяқталып келеді, қар түсе Петерборда болуым керек, — деді ол жерді шұқылай отырып, — Петерборға Омбы арқылы баруға да болады… Орынбор жағымен де жететін жол бар…

— Сонда осы арадан Орынбор аттанбақсың ба?

— Иә, Қараөткел дуанынан Атбасарға түсіп, ар жағында Қарақойын Қашырлы арқылы Ырғыз құласам… Жолай Кенекеңе жататын елдерді басып, ондағы жұрттың қандай күйде екенін өз көзіммен көрсем…

— Ел күйінен ер арманын білу қиын емес. Бірақ бұл жолың тым қауіпті жол. Петерборға оқуға бара жатқан Жамантай аға сұлтанның жігіті екеніңді сезіп қалса, Кенесары адамдары сені тірі жіберері екіталай.