Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 55 из 82

— Бұдан бізге келер қандай зиян бар? — деді Перовский Генске қарап, — бір мың сегіз жүз отыз төртінші жылы Қасым төренің баласы Саржан Россия империясы қарамағынан қырық мың үйлік қыруар елді алып қашса, бүгін Қасым төренің екінші баласы Кенесары сұлтан сол қырық мыңнан Қоқан хандығының қарамағында қалған жеті мың үйді кейін қайтарамын деп соғыс ашуда. Бұл Россия империясының жеңісі емес пе?

— Жоқ, бұл Кенесары сұлтанның жеңісі, — деді кенет тұнжырап кеткен Ахмет, — қазір оның қарамағында Найман, Бағаналы, Арғын, Табын, Тама, Шекті, Шөмекей, Байбақты, Қыпшақ рулары бес мың ауыл, яки екі жүз елу мың шаңырақ болса, оған Қоқан хандығынан жеті мың шаңырақ көшіп келіп тағы қосылса қанша күш жиналғаны? Ал, Кенесары тірі тұрғанында Россияға дос болмайды.

— Неге?

— Оның көксегені Абылайдың заманы. Бар қазаққа өзі хан болмақ!…

— Жарайды, — деді Генс, — Кенесары хандықты көксесін, ал сонда… — генерал-майор қабағын сәл шытты, — жаңа өзің айттың ғой, оның қарамағында екі жүз елу мың үй бар деп, әр үйде төрт адамнан болсын… Сонда бір миллиондай кісі бір Кенесарыны хан етеміз деп бізбен күреске шығып жүр ме? Осыншама адамды қорқытып соңыңнан ергізе алмайсың. Жоқ, Ахмет сұлтан, мұндағы әңгіме әлдеқайда тереңде. Әлгі миллион адамның ақ патшаға қарсы наразылығы мен Кенесарының хан болсам деген арманы ұштасып жатыр. Мұндай жағдайда біз Кенесарыны емес, әлде адасып, әлде шауып алады деп қорқып сол сұлтанның соңынан еріп жүрген жұртты еске алуға тиістіміз. Кенесарыны құртамыз деп миллион адамды құртуға болады ма?

— Болады! Неге болмайды?! — деді кенет Ахмет қаттырақ дауыстап жіберіп.

— Өзіңмен бір туған қазағың болса да ма?

— Мейлі. Қазағым болсын, шүршітім болсын. Айтқаныма көніп, айдағаныма жүрмейді екен, қырып тастау керек!.

Генс оған ренжи қарады. Алдында тұрған адам, кенет генералға адам емес, қан құмар қорқау секілді болып көрініп кетті. «Халықты босқа қырмау керек» деп ұлтымыз бөлек біз ара түскіміз келеді, ал мынау… Генс кенет Ахметке «Халық сендей сұлтандарды неге жек көретіні енді түсінікті болды. Әкең Айшуақ ханның баласы Жантөрені халық өлтіріп еді. Байқа, Ахмет, сенің де ажалың халық қаһарынан келмесін!» — дегісі келіп кетті. Бірақ Перовский бұрынырақ:

— Жарайды, біз мына генерал мырза екеуміз Кенесарыны өзімізге қан төкпей бағындыруды жөн көріп едік, — деді. — Егер ондай мүмкіншілік болмайды екен, — күш жұмсауға да бармыз. Сонда Кенесары жасағын талқандауға әлдерің жете ме?

Қуанғаннан Ахметтің көзі жарқ ете қалды.

— әбден жетеді. Кенесарыда қазір сегіз мыңдай атты әскер болса, мына біз Жантөренің сұлтан-правитель екі баласы Ахмет пен Арыстан үш мың жауынгер қарсы қоя аламыз. Жантөренің інісі сұлтан-правитель Баймұхамед екі мың адам береді. Жаппас ұлы Жанғабылдан, Кенесарыға қосылмай қалған Ор бойындағы Төртқара, Жағалбайлы руларының биі Күкір, Биғажаннан мың адамнан шығады. Кенесарының қасы Қыпшақ биі Жаңбыршының Балғожасы мың сыпай берсе… Сонда қанша болдық? Тоғыз мың ба? Бұған Орынбор әскери губернаторы екі мың солдат қосса, құлшынып отырған Батыс Сібір әскерісіз-ақ Кенесарыны биыл күзде жоқ етуге болады. Тек рұқсат етілсін.

— Жақсы, — деді кенет Перовский, — өзге сұлтандар келсін. Кешке кеңеселік. Жолдан шаршаған шығарсыз, әзірге тыныға тұрыңыз.

Ахмет шығып кеткеннен кейін Перовский:

— Көрдің бе, мәртебелі досым, — деді Генске, — қазақ жерінде феодалдық, рулық дәстүрдің қандай мықты екенін? әр сұлтан, би қарамағындағы руластарының жігітін өз солдаттарындай жұмсай алады. Қазақ та бір, қой да бір, тек алдарына түсетін серкесі болсын!

— Жоқ, — деді Генс қабағын сәл шытып, — қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең бақытсыз халық.

Перовский жауап қайырғанша адъютант тағы үйге кірді.

— Генерал мырза, — деді ол әлденеге сәл қызарып, — қазақтың тамаша екі сұлу қызы келіп тұр. Кет десем, сізге кірмей кетпейміз дейді. Бірі орысша судай біледі.

Перовский мен Генс біріне-бірі қарады. Қазақ қызының орысша сөйлеуі екеуіне де таң дүние.

— Кірсін, — деді Василий Алексеевич.

«Қыз» деген сөз жас кезінде бозбалашылықты басынан көп өткізген Перовскийге жылы тиді ме, ол еріксіз жағасын жөндеп, тікірейген сарғылт мұртының ұшын сәл шиыршықтай әдеміледі. Генс пен Перовский біріне-бірі қарап күліп жіберді. Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген.

Осы кезде үйге сәндене киінген екі қыз кірді. Бірінің басында сәукеле, сонысына қарағанда жас түскен келіншек секілді. Үстеріндегі киімдері бай қыздарынікіндей торқа мен дүрия болмаса да, көз тартарлықтай әдемі. Қызыл шибарқыт қамзол, аяқтарында қызғылт кәкимә етік, ақ патсайы шытырман көйлек. Келіншектің қасындағы қыздың басында қызыл түлкі үкілі бөрік, белдеріндегі күміс белбеу бұлардың Арқадан шыққандарын аңғартады.

— Сау саламатсыздар ма, мәртебелі генерал мырзалар, — деді сәукелелі, шашы жерге түскен келіншек. Қасындағы қыз орысша білмегендіктен ескі Арқа дәстүріменен екі қолын кеудесіне апарып, басын иді.

— Өздеріңіз де амансыздар ма, қарақтарым? — Генс бірінші болып аман- дасты. — Қайдан жүрсіңдер! Аттарың кім?

— Менің атым — Алтыншаш, жанымдағы қыздың аты Күміс. Кенесары аулынанбыз, — келіншек орыстың таза тілімен түсінік берді.

Қазақ қызының орысша осыншама әдемі сөйлегеніне таң қалған Генс:



— Орысшаны қайдан үйрендің? — деді.

Алтыншаш әкесі Тайжанды атқаннан кейін қалай орыс арасына түскенінен бастап, ең ақыры Кенесары батыры Байтабынға ерге шыққанына шейін жасырмай, бар өмірбаянын әдемі орыс тілімен айтып берді. Орысша сөйлеп тұрған кімнің қызы екенін енді ұққан Перовский;

— Бізде қандай шаруаң бар? — деп сұрады.

— Құрметті генерал, сізді әділетті жан деген соң келіп тұрмын, — деді ол кенет көзіне келген жасын сүртіп, — өткен жылы Кенесары сұлтанның айдалып кеткен бар туыс-жақынына патша ағзамның амнистиясын алып бердіңіз… Менің ондай үлкен тілекті сізден талап етер қақым жоқ, тек аяңыз деп өтінемін… Ең болмаса Туринскіге жер аударылған аға-інілерім мен апа-сіңлілерімнің амандығын білдіріп беріңіз…

Генс көзінен жасы сорғалап тұрған келіншекті аяп, теріс бұрылып кетті.

Ал Перовский:

— Жаныңдағы баланың қандай шаруасы бар? — деді Алтыншаштың өтінішіне бірден жауап бере қоймай, сылтауратып.

Алтыншаш Күмістің де басынан өткен уақиғаны жасырмай тегіс айтып кел- ді де:

— Бұ да сіздерді әделетті дегенге, Қоңырқұлжа аға сұлтанның үстінен шағым айтып келіп тұр. Осындай озбырлық істеген адам ешбір жаза тартпай кете бере ме дейді. Әкесі әбдіуақитты да сол Қоңырқұлжа сыпайлары өлтірді.

— Қандай айуандық! — деді Генс Күмісті аяп кетіп француз тілінде.

— Иә, дала заңы айуандықпен шектес келеді! — деді Перовский де французша жауап қайырып.

Алтыншаш елең ете қалды. Ол французша да білетін. Алтыншашты қызметші қыз етіп үйіне алған генерал-майор Фондерсон орыстың ақсүйектерінен болатын. Олар үй-іштері боп көбінесе французша сөйлесетін. Жетім қыз Алтын- шашқа бес жылдың ішінде амал жоқ, жат тілді де үйренуге тура келген.

Алтыншаштың елең еткенін аңғарып қалған Перовский:

— Сен немене, француз тілін де білесің бе? — деді.

Алтыншаш генералдардың өзара сөздерінің куәсі болғысы келмеді.

— Жоқ… — деп төмен қарады…

— Онда неге елең ете қалдың?

— Сөздеріңізге түсінбеген соң таңданғаным ғой…

— ә…

Француз тілін білмеймін дегенінен Алтыншаш соңынан көп пайда көрді. Генералдардың сан құпия сырларын естіп, Кенесарыға қарсы қолданылмақшы шараларды күні бұрын біліп отырды.

— Бұлардың өтінішіне қандай жауап беруге болады? — деді Генс Перовскийге тағы да француз тілінде.

— Мына келіншектің әкесі жөнінде патша ағзамға жазып, не болмаса соғыс министрі Чернышев арқылы бірдеме білуге болар. Ал Қоңырқұлжаға не істейсің? Ол Горчаковтың қарамағындағы адам ғой… Қысқасы, өтініштеріңді ақылдасып көрерміз деп шығарып салу керек.

— Бұлар екінші рет қайта келе ала ма?.. Біздерді де алдамшы жандар екен ғой деген ойда өмір-бақи кетпей ме.

— Алдамшы жандар екенімізді бірден білгеннен көрі, соңынан білгендері дұрыс емеc пе? — Перовский езу тартып күлді. — Өйткені бізге де, оларға да жеңіл тиеді.