Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 54 из 82

— Бұған Кенесары сұлтан ренжімей ме? «Өз бетіммен қимылдауға мүмкіндік бергілері келмейді екен», деп ойлап қалмай ма?

— Ойласа ойласын. Бүйту ең алдымен Кенесарының өз басы үшін керек. Россия патшалығына өз еркімен бағыну деген сөз, өз еркіменен жауларынан кек алу деген сөз емес. Россия патшалығына бағыну, тек Россия мүддесін ғана көздеп қана өмір сүру. Мұны Кенесары дұғадай жаттап алуға тиісті.

— Жақсы.

Генс сәл ойланып тұрды да, стол үстінде жатқан өзінің папкасынан бір қағазды алып Перовскийге ұсынды.

— Бұл не?

— Менің хатыма Кенесарының жауабы.

Перовский мен Кенесарының бітімге келгенін естісе де Батыс Сібір генерал-губернаторы шекарадағы Кенесарыға жататын ауылдарды шабуын тоқтатпаған. «Қасым төре қарақшылары Россияға бағындым деп құр алдап жүр, ал дұрысында патшаға қарсы әрекетін күшейтуде», — деп соғыс министрі Чернышевке арыз да еткен. Әбден ызаланған Горчаков өзінің бір хатында Перовскийге: «Кенесарыны Сібір шекаралығынан мүлдем алып кет, не болмаса маған оны өзінің ұясында құртуға рұқсат ет», — деп жазған. Бұған Перовский: «Сұлтанды кінәлі деген қорытындыға келе алмаймын, өйткені ол Орынборға қарағаннан бері, қол астымдағы жұртты ашуландырар ешбір іс істеп жүрген жоқ. Оны ел тонады деген сөз бір-екі казактың көрсетуіне ғана негізделген. Бұл дүдамал куәліктер Кенесарының айыпты екенін дәлелдей алмайды» — деп жауап берген. Бірақ Орынбор шекара комиссиясының председателі генерал Генс анығына жеткісі келіп, «Горчаковтың сізге тағып отырған кінәсі рас па?» — деп Кенесарыға түсінік беруін сұрап арнаулы хат жіберген.

Қазір Генстің Перовскийге берген қағазы сол хатқа қайтарған сұлтанның жауабы еді.

Перовский қағазды алып даусын шығара оқи бастады:

— «Патша ағзам берген манифестен кейін мен Россияға қарсы қол көтерген емеспін. Бұ жағынан адал екеніме бір құдайдың өзі куә. Жауларым мені сіздің алдыңызда қаралағылары келеді. Егер керек десеңіздер, үкімет алдында өзімнің тіпті кінәсіз екенімді дәлелдеп шығуға бармын. Жауларым мені өте жек көреді, менің сіздермен тату болғанымды көргілері келмейді», — Перовский қағазды Генске қайтарып берді, Кенесары шынын айтып тұрғаны сөзсіз. Бірақ жауы тым көп… Түбі оның жазығы болмаса да жазықты етеді. Бұны тек князь Горчаков қана емес, ең алдымен қазақ сұлтандарының өздері-ақ атқарып шығады.

— Сондықтан да Кенесары сегіз адамды өзіне өте қас санайды. Алғашқы жазған хаттарының бірінде солай деген..

— Кім-кім сонда олар?

— Батыс Сібір генерал-губернаторлығына жататын Құдайменді ұлы Қоңырқұлжа, Күшік ұлы Құлжан, Кішкентай ұлы Аққошқар, Жауғашар, біздің Орынбор губерниясына жататын Жантөре ұлы Ахмет, Жаппастың биі хорунжий Жанғабыл, Жағалбайлы биі Күкір, Созақ датқасы Бабажан… Бұларды ол тек қазақты Россия мен Қоқанға сатты деп жек көрмейді, өз бастарының қамы үшін елге тым қаталдықтарын да еске алады. Және өзге сұлтандардай, байлардай бұл сегізі Кенесары жағына шығып көрген емес, көтерілісшілердің шЇу дегеннен-ақ табан тірескен жаулары. Әсіресе Қоңырқұлжа мен Ахмет.

— Бұл екеуінің жан аяспас жау болатындары да түсінікті, Кенесары Батыс Сібірдегі ереуілін Қоңырқұлжа аға сұлтан болып отырған Ақмола приказын шабудан бастаса, Орынбор жерінде сұлтан-правитель Ахмет Жантөриннің еншісіне тиген Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына туын тігіп отыр.

— Кенесарының да тістескен жауы осы екеуі. Өзге сұлтандарды жек көрсе де, ел бірлігін сақтаймын деп, немесе өз жағына тартуға тырысып онша тие қоймайды. Ал бұл екеуінің атын естігенде… — Генс сәл езу тартты, — Кенесары өз ордасында отырғанның өзінде де, қылышын қынабынан суырып алады деседі көрген жұрт.

— Тым ашулы екен. Түбі Кенесары бұл екеуінің басын жұтпай тынбас!

— Мүмкін бұл екеуі Кенесарының басын жұтар?

— Ол мүмкін емес. Кенесары өлсе, біздің қолымыздан, не Қоқан, Хиуа хандығы секілді бөтен жұрттың қолынан өледі. Қара қазақ қазақтың Россияға бағынғаны тиімді екенін, түбі бұның прогрестік маңызы бар іс екенін қайдан білсін, тәуелсіздігімізді, елдігімізді құртты, жерімізді алып жатыр деп қана ұғады. Кімде-кім оның сол тәуелсіздігін, жерін Россияға, немесе Қоқан, Хиуаға әперуге көмектессе, сол — қара халықтың жауы. Қоңырқұлжа мен Ахмет сол жауының ең бастылары, реті келсе қазақтың екі жігітінің бірі оларды бауыздай салудан тайынбайды. Осы Ахметтің әкесі Жантөрені бір мың сегіз жүз он төртінші жылы Көтібар батыр бастаған көтерілісте, өзінің артында келе жатқан қарадан шыққан күзетшісі найзамен түйреп өлтірген. — Перовский сәл ойланды да қайта сөйледі, — ал Кенесары сол қара халықтың көбінің түсінігінше елінің, жерінің қорғаны. Оны көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан да қашқын башқұрт Кенесары қарауылының бастығы…

Перовский оның атын есіне түсіре алмай сәл кідірді.



— Батырмұратты айтасыз ба?

— Иә. Сол Батырмұраттың сұлтанға төніп келген қылышты жалаңаш қолымен ұстай алуы — нағыз ерлік емес пе?! Бұндай жанқиярлық тек шын берілген адамнан шығады. Ал мылқау құлы Қараүлек Кенесарының жауырынына өрмелеп шығып қалған жыланды жалаңаш қолымен лақтырып жіберем деп, күптей боп ісіп кетіп, бір жеті жатыпты. Бір білгір балгердің емдеуінің арқасында әзер тірі қалыпты. — Перовский басын шайқады, — жоқ, Кенесарыдай батыр, Махамбеттей ақын адамын халық сұлтандарына оп-оңай бере қоймайды. Егер Кенесары жау қолынан қаза табар болса, оның ажалы басқа ұлттан келеді.

Осы кезде Перовскийдің адъютанты есіктен кіріп:

— Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин, — деді, — сіздің шақыруыңызбен келіп тұр.

Орынбор әскери губернаторлығына жататын Жайықтың күншығыс жағын басқаратын Жантөре ұлы Ахмет, Жантөре ұлы Арыстан, Айшуақ ұлы Баймұхамед сұлтан-правитель Перовскиймен ауыз жаласқан дос. Олар «Кенесарыны Орынбор жерінен қуу керек, егер өзіңіздің әскеріңіз жетпейтін болса, біз жәрдемдесейік» деп сан айтқан. Бірақ бұған Перовский көнбеген. Орынбор маңындағы мұжықтар көтерілген аласапыран кезде, қазақтармен қырылысуды дұрыс көрмеген. «Россия империясына қараған қазақтарды, Ахмет пе, Арыстан ба, Кенесары ма, қай сұлтан басқарса да, бәрібір, тек бізге бағынып тыныш жүрсе болғаны емес пе», — деп ойлаған.

Патша ағзам сөзінен кейін Перовский кеше үш сұлтан-правительді шақыруға мәжбүр болды. Қандай генерал болғанмен патша ағзамның жарлығын орындамайтын құдіреті қайсы, егер соғыс министрі Чернышев «Горчаковпен қосылып Кенесарыны құртыңдар» деп шын бұйрық беріп қалса, қолында сол бұйрықты орындарлық қандай күш барын білгісі келген. Сұлтан-правительдің шақырылған себептері де осы еді.

— Арыстан мен Баймұхамед сұлтандар келген жоқ па?

— әзір келген жоқ.

— Онда Ахмет Жантөрин кірсін.

Үйге Ахмет кірді. Бұл бойшаңдау келген, кең танау, сүзеген бұқаның көзіндей шатынаған үлкен көзді, қара сұр, орта жастан асыңқырап бара жат- қан кісі. Иығында Россия әскерінің подполковниктік погоны бар. Орысша оқыған, кезінде Орынбордағы Неплюевтың әскери училищесін бітірген. Ол әскерше амандасып, қолын көтеріп есік алдында тұра қалды.

— Подполковник Жантөрин сіздің шақыруыңызбен келді, генерал мырза.

— Жоғары шығыңыз, сұлтан-правитель.

Бұлар қол алысып амандасқаннан кейін, Перовский бірден шақырған шар-уасына кірісті.

— Сұлтан Ахмет, сіз Кенесарының қазір Қоқан жерінде соғысып жатқанын білесіз ғой?

— әрине.

— Кенесары Қоқан ханымен неге соғысып жатыр? Сіз бұл жайында не естідіңіз? Мүмкін, Хиуа ханының өтінішін орындап, Бұхар ханын жеңіп бер- мек пе?

— Кенесары ондай ақымақ емес. Мәделіханды өлтіріп Нұрасулла Қоқанды өзіне бағындырғаннан кейін Кенесары Хиуа ханымен Қоқандағы қазақ жерін саған алып беремін деп астыртын сөз жүргізген. Ондағы ойы Бұхар ханы Нұрасулла тым күшейіп кетпес үшін Бұхар мен Хиуа арасын шатыстыру. Кенесарыға тартуға күміс ер-тоқымды арғымақ пен он бес мылтық жіберген Хиуа ханы Аллақұл, Кенесары менің жағымда болады екен деп Бұхарға қарсы соғыс ашты. Бірақ бұл соғыстың қызығын Қоқан көрді, Хиуа мен Бұхар қырылысып жатқанда, биыл Қоқан қаласының адамдары көтеріліске шығып, Қоқаннан бұхарлықтарды қуып, Мәделіханның туысы Шерәліні хан етіп көтерді. Мұны көрген Кенесары Қоқан хандығын қайтадан күшейіп кеткенше, Ташкент құшбегісінің қарамағындағы жеті мың шаңырақ қазақ аулын өзіме қосып алайын деп, осы айдың он бесінде төрт мың қолмен Ташкентке қарай аттанды. Менің хабаршымның айтуы бойынша, Кенесары қазірдің өзінде-ақ Жаңақорған, Жөлек, Ақмешітті басып алған көрінеді. Бұ күнде ұрыс Созақта жүріп жатыр деседі. Кенесары босатқан кей қазақ ауылдары бері қарай көше бастаған тәрізді.