Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 53 из 82

— Бұл ара шөпке кедей, суға жарымаған жер секілді ғой?

— Дұрыс айтасыз, — деді Генс, — қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады… Сосын жиырма жеті шақырымдай жердегі мына Сарт моласынан сәл төменірек, Сарысудың Тасөткел деп аталатын тұсынан әскер арғы бетке өтіп бір түнепті… Таң ата қалың қол қайта көтеріліп Сарысудың сол жақ жағасымен жүріп отырып, отыз шақырымдай жерде тұратын Қара Қыпшақ бейітіне келіп тағы да ат шалдырыпты. Бұдан әрі көп кешікпей Көкжиде дейтін өркеш-өркеш құмды өңір басталады. Бұл арада тақыр сордағыдай емес, өркеш-өркеш шағылдардың арасындағы сай, ойпаттарда жүзген, жыңғыл, шеңгел, баялыш, сексеуіл өседі. Кей жерлерінде биіктігі бес сажындай жиде ағаштары да шоғырлана кездеседі. Анда-санда сұрғылт түстес кішкентай қояндар мен ирелеңдеген шағын сұр жыландар көзге түседі. Оқта-текте үйірімен айдаланы басына көтеріп сатырлай шапқан қара құйрықты да көруге болады. Осы шағылдардың арасындағы жерді құлаш бойы қазсаң, тұщы су шығады. Осы арамен Көкжиде қойнауынан отыз шақырымдай жердегі Жаман қорғанға жетесің.

— Бұл Қоқан хандарының қазақ жеріне салған алғашқы қорғаны ғой? — деді Перовский ойлана.

— Иә, — Генс әлденені есіне түсіргендей сәл кідірді де, қайта сөйлеп кетті. — Бұл биіктігі төрт, қалыңдығы бір жарым кездей, төрт бұрышты шым дуал. Көлденеңі жиырма бес сажындай, ұзындығы да сондай. Дуалды қоршай тереңдігі үш жарым, көлденеңі екі кездей ор қазылған. Бір кезде Қоқан хандары бұл қорғанды қазақтардан керуен жолын қорғау үшін салса, соңғы кезде қазақ ауылдарын шабу алдында тоқтайтын бекінісі еткен. Осы Жаман қорғанда бір түнеп Кенесары қолы әрі қарай жүріпті. Бархандар бұдан әрі кішірейе түседі, бірақ мал оты жоқтың қасы. Қазсаң әлі де тұщы су шығады. Жаман қорғаннан Сарысудың сол жағын жағалай Қызыл жыңғыл арқылы отыз бес шақырымдай жер өткеннен кейін Сандыбайға өштесіп Қара Кеңгірден көшіп кеткен Бәтеш батырдың Телікөлдегі қыстауының үстінен шығасың. Осы қыстаудан кейін, жаз-ғы-тұрымғы қар суынан ғана пайда болатын, Сарысуға құятын, Боқтықарын деген жылға кездеседі. Егер соның құмайтты жағасымен жүріп отырсаң, қырық шақырымдай жердегі Айнамкөл деп аталатын көгал шөпті, қамысты Қарасуға кездесесің. Одан әрі қарай Бетпақдала басталады.

Генс сәл тоқтап, картаға қарады да:

— Ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Жаман қорған мен Бәтеш қыстауының арасында мынау Шұңқыр құдық деп аталатын үш құдық жатыр. Бұл құдықтардың суы тұщы, мөлдір, бірақ ішінде шылау шөп көп. Оларда түрлі микробтар, инфузориялар бар. Байтабын батыр бастап келе жатқан қол ыстыққа шыдай алмай осы құдықтарға тоқтап су ішкен екен, шетінен ауырыпты… — Ауырған әскерінің көбін Қызыл жыңғыл бойына қыстауға келген Найманның Бағаналы еліне Кенесары қалдырып кетіпті.

Генстің жас кезінде жағрафиялық экспедициямен осы араны сан кезгенін білетін Перовский оның сөзін бөлген жоқ. Тек тыңдауда болды.

— Бетпақдала алыстан қараған адамға, жан-жағынан он бес сажындай биіктене көтеріліп бір тұтасқан қызыл күрең жар секілденіп көрінеді. Алғашқы көрген кісіге ол бір түрлі суық, сұсты… — Тек ішіне кіргенде ғана аздап көңілің орныққандай болады. Сөйтсе де ұшы-қиыры жоқ тақыр адамның зәресін алмай қоймайды, — деді Генс сөзін қайта бастап, — осындай ешбір өсімдігі жоқ құм мен тақырды басып жүріп отырсаң жетпіс шақырымдай өткенде Терісаққан деген суы құмға сіңіп кеткен сайға кездесесің. Одан жиырма шақырымдай жерде алдыңда Айдарлы құм сайы жатады. Бұл арада ошаған, түйе жапырақ секілді аздаған өсімдік кездеседі. Дәл осы жерде Шыңырау деп аталатын терең құдық бар. Суы мол. Бірақ Кенесары әскері бұл араға кідірмей, болдыра бастаған аттарына түркмендерше қойдың құйрығын жегізіп…

— Қу далада құйрықты қайдан алып жүр? — деді Перовский, — әлде бұл арада ел бар ма?

— Жоқ. Олар жүз атқа жүз қой таңып алып жүріпті… Содан Бетпақдаланы көктей жүз жиырма шақырымдай жер өткенде көлденеңдей кездесетін Шу өзенінің Бесқұлан деп аталатын өткеліне келіп тоқтапты. Ар жағында Сырдария жері. Бірақ әлі де құм, әлі де тақыр. Суы ащы, шөбі аз. Бесқұланнан он алты шақырымдай жерде Ақжайықтан көлі бар. Бұ да ащы көл. Одан Иней мен Құлан қабақ адырларын басып отырып он жеті — он сегіз шақырымдай жердегі мына Қосқұдыққа келесің. Бұның да суы ащы, шөбі мардымсыз. Қосқұдықтан отыз шақырым барханды құмды басып отырып, мына сусыз Шұбар деген сайдың бойындағы Жаманқұдыққа жетесің. Бұның суы сәл тұщылау, бірақ түйе болмаса жылқы ішуге келмейді. Бұдан жиырма бес шақырымдай жерде Берді би моласы бар. Бұл арада тұщы сулы кішкентай сай бар. Жағасында азын-аулақ өсімдік те жоқ емес. Кенесары қолы Бесқұлан өткелінен кейін кідірмей жүріп отырып, тоқсан шақырым құмды, шөлді жерді күннің ыстығына қарамай бір-ақ күнде алған. Осы кейде Берді би моласы, кейде Құл деп аталатын сайда ат шалдырып, өздері түні бойы тынығып, таң ата ар жағында жиырма бес шақырым жердегі Созақтың түбінен бір-ақ шыққан. Күн шықпай бекіністі қоршап алыпты. Созақ датқасы Бабажан тіпті қаннен-қаперсіз жатса керек, бір нөкері келіп «жау келіп қалды, тұрыңыз!» десе, «Созаққа Кенесарыдан бөтен жан бата алмайды. Кенесары қайда, Созақ қайда!» деп жауап беріпті. Нөкері: «Келген сол Кенесарының өзі!» — десе, «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!» — деп ақырыпты.



Перовский езу тартып күлді.

— Ұлытаудан Созаққа дейін алты жүз шақырымдай құмды, шөлді жерді бес күнде өтіпті деген сөзге Бабажан түгіл, мен де сенбес едім. Тек мұндай жүріске күніне жүз жиырма шақырым жер алатын қазақ аты ғана жарайды.

— Қазақ жігіттері ше? — Генс те күлді. — Алғашқы саяхатымда салт атқа мінемін деп менің де артым ойылып қалған. — Генерал-майор қазір қазақ өлкесін отарлауға келген жан секілді емес, қазақ жерін зерттеуге келген қарапайым ғалым тәрізді. — Бірақ сол жолы мен бұл халықтың көп этнографиялық материалдарын, ертегі, дастандарын өте көп жазып алдым… — Кенет ол Перовскийге күлімсірей қарады, — сіз Шу өзенінің мына өткелін Бесқұлан, ал мына төбелерді Иней, Қабан деп неге атайтынын естігеніңіз бар ма?

Орынбор шекара басқармасының бастығы генерал-майор Генстің соғыстан көрі, тарихи, этнографиялық жағдайды сүйе әңгіме ететінін білетін Перовский, іс жайында сөйлесуге асығып тұрса да, оның көңілін қалдырғысы келмей:

— Білмеймін, — деді, — бірақ білетін адамның сөзін тыңдауға бармын…

Қазір аңызын тыңдауға ықылас қойып тұрған осы жұмсақ мінезді көрінген граф Перовскийдің, осыдан он екі жыл өткеннен кейін, қалың қолмен келіп, қазақ даласын қанға батырып Ақмешітті алатынын кім білген! Генс жолдасының ықыласына риза болып Бесқұлан туралы бұдан отыз жыл бұрын жазып алған аңызын айтып берді.

— Алашаханның жақсы көретін баласын тағы құлан үйірі басып өлтіріпті, — деді Генс аңызды есіне түсіре, — қатты қапаланған әрі мейлінше ашуланған хан, құлан біткенді қыруды бұйырады. Кімде-кім оларды қырып бітірсе соған ғажайып көп сыйлық пен ең сұлу кіші қызын бермекші болады. Домбылақ деген батыр ханның тілегін орындаймын деп уәде береді. Өзінің Иней, Қабан деген жүйрік аттарын мініп құландарды қуады, қайда қашса да қоймай бейшараларды қырады. Ақырында бес-ақ құлан қалады. Олар Шу өзенінен өтіп құмға қашады. Осы құландардың Шудан өткен жерін Бесқұлан дейді. Құмға қуып шыққан батырдың аттарының жете алмай зорығып өлген жерлерін Иней, Қабан деп атапты. Ханның қызын алам деп құм арасында қаңғып өлген Домбылақ батырдың моласы деп қазақтар Шудың теріскей жағындағы моланы көрсетеді… Расында да бұл мола тым көне… Оған сенуге де болады.

— Қазақ жерінде не көп, мола көп. Және бәрінің де аты бар. Жақсы көрген адамын атаусыз тастамайды, — деді Перовский, — өлген соң бізге де жер атын қояр ма екен? — Кенет ол қолын сілтеді, — мейлі, өлгеннен кейін не десе о десін… Ал әзірге… тірі жүрген кезімізде патша ағзам алдындағы борышымызды дұрыс атқаралық. — Енді Перовский сөзін тұжыра сөйледі, — ең алдымен Бұхар ханы мен Қоқан ханының арасындағы соғысқа неге кірісті, сол жайында Кенесарыдан түсінік сұраңыз. Ал Кенесарының бұл ісі Россия империясының оңтүстіктегі сауда-саттық жұмысына орасан зиян келтіреді. Сондықтан біздің хатымызды алысымен Қоқан хандығына қарсы ұрысын тыйып, Россия жеріне тез қайтатын болсын.