Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 52 из 82

— Жақсы жатып, жәйлі тұрдыңыз ба, Василий Алексеевич, — деді Генс қол беріп амандасып, бұл екеуі көптен келе жатқан әріптес, серіктес адам бол- ғандықтан араларында бәлендей ресми тәртіп сақтала қоймайтын, — жол соғып тастаған жақ па екен?..

— Жол соққанмен төсекте рахаттанып жататын кез болып тұр ма? — Перовский езу тартып күлді де, тез орнынан түрегеліп, қабырғадағы картаның алдына барды. — Уақытты босқа өткізбейік, генерал мырза, сіз маған алдымен Кенесары сұлтанның қарамағындағы елдің қайсысы қай жерде, соны көрсетіңізші.

Генс бұрышта тұрған көрсеткіш таяқты алып сөйлей бастады.

— Бұл жаққа Кенесарының соңынан көшіп келген Ақмола және Қарқаралы округтерінің әлке — Байдалы, Тыналы — Қарпық, Алшын — Жағалбайлы, Қаракесек, Айтқожа — Қарпық, Төбе — Темеш болыстары Қарақұм мен Аққұмның төңірегіндегі мына жайылымдар мен Жыланшық өзенінің Торғайға құятын сағасына орналасты. Ал Баянауыл округінен келген Қозған, Қойлыбай — Шағыр, Қаржас, Малай — Қалқаман болыстары мен Ақмола округінің Тыналы — Қарпық, Торайғыр — Қыпшақ болыстарының қалған ауылдары Бағаналы руымен қосыла, мына Қара Торғай өзені бойына жайласты. Осы Қара Торғайдың жоғарғы тұсында, жұрт «Орда тіккен» деп атай бастаған жерде Кенесарының өзінің аулы тұр. Отыз сегізінші жылы Кенесарымен бірге көтерілген Орта жүздің Атбасар дуанына жататын мына Арғынаты Ұлытау, Терісаққан, Қайрақты, Шойынды көл, Ақ көл маңын жайлаған қалың Алтай — әлке, Алтай — Байдәлі, Төбет — Темеш, Тыналы — Қарпық, Айтқожа — Қарпық, Қойлыбай — Алтай, Алшын — Жағалбайлы рулары біздің жеріміздегі Алшынмен бірігіп кетіп отыр. Міне көрдіңіз бе, қанша жер екенін? Генс картаның дәл ортасын қомақты етіп бір ойып өтті, — бұған мына Жайықтың күншығыс жағындағы Жем, Елек, Ырғыз өзендері мен Жыланды, Мұғажар тауларының бауырын қоныс еткен Кіші жүздің Табын, Тама, Шықылық, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларын қоссаңыз ереуілшіл сұлтан қарамағында Франция мен Италияға пара-пар бір хандық ел болады.

Перовский картаға ойлана көз тастады.

— Таң қалам, — деді ол сәл кідіре, — жайшылықта аулы бір қонып өтетін жерге таласатын қазақ рулары, Сібірден қаптай көшкен осыншама елге қалай қоныс берді?

— Расында, бұл таң қалатын жағдай, — Генс ойлана жауап қайырды. — Кенесарының күші де осында емес пе? Ол Россия империясының отаршылық саясатын өмір бойы бытырап жүрген қазақ руларының басын қосуға пайдалана біліп отыр.

— Сондықтан да оны қазақтар хан сайлады демексің бе?

— «Кенесарыны жетінші сентябрь күні хан көтеріпті» деген хабарды үш күннен кейін мен де естідім. Сіздің атыңыздан арнаулы кісі жіберіп, «бұл рас хабар ма?» деп сұрақ салғанымда Кенесары: «бекер» деп жауап қайырды. Бұл сөзге мен сендім. Өйткені «Үш жүздің адамдары Кенесарыны ақ кигізге көтеріп хан сайлапты. Торғай бойында ұлан-асыр той болып жатыр», — деп Қоқан бейқам отырғанда ол төрт мың әскермен бір жеті өтпей Созақтан бір-ақ шықты. Сонысына қарағанда «Кенесары хан болыпты» деген сөз қулығы ма деймін. Не болса да анығын Герн мырза біліп келеді, ол алдыңғы күні жүріп кетті.

— Бар қазақтың басын қосатын ханың болдым демесе Созаққа неге барды?

— Торғай правителі Ахмет Жантөрин: «Кенесары Созаққа өз бетімен барған жоқ. Ташкент құшбегіне қарсы бас көтерген Сыр бойын жайлаған Шөмекей, Төртқара, Тама рулары оны Қоқан хандығынан құтқаруды сұрап шақырып отыр» дейді. Ал Сібір Таможный округінің бастығы: «Кенесары Қоқан жеріне соңғы аласапыран кезде көшіп кеткен Россияға бағынатын қырғыз ауылдарын қайтарып әкелуге өтті» дейді. Егер бұл хабарларға туған әкесі Қасым төрені Қоқан ханы мен Ташкент құшбегісінің өлтіргенін еске алсақ, Азия елінің дәстүрі бойынша Кенесарының жау жұртын шабам деуі таң қаларлық іс емес.

— Кенесарының туыстарын өлтірген Мәделіхан мен Ташкент құшбегі Бегдербек, Ләшкәрлар қазір жоқ. Онда Мәделіханның інісі момын Шерәліхан. Ол бізге дос.

Мәделіхан баяғы Ташкенде тоқал шешесімен кездескеннен кейін, бір жыл өтпей үйленген болатын. Бұнысын кәпір ісі деп «Қасапшы Нұрасулла» атанған Бұқар әмірі, биылғы жылы көп әскерімен кеп Мәделіханды бауыздап, ал сұлу Ханпадшайымның күнтимесіне қорғасын құйып өлтірген-ді. Граф соны айтып тұр.

— Бұқар мен Қоқан хандығының арасындағы қастықты пайдаланып, Кенесары елін босатып аламын десе осы кез ең ыңғайлы кез. Кенесарының қимылы осыны көрсетеді… Ал ол Бұқар, Қоқан, Хиуа хандарының бірінің де қол астына кіргісі келмейді. Олардың қазақ халқына жандары ашымайтынын, өзін «бізге кел» деп шақырса, хандықтарын Россиядан қорғайтын алдыңғы шеп етіп пайдалануды ғана көздейтінін Кенесары жақсы біледі. Сондықтан да алдыңғы жылы октябрь айында Мәделіхан көп сыйлықпен әдейі кісі жіберіп, Қоқан хандығына көш дегенінде, Кенесарының көнбей қалғаны өзіңізге аян. Ол Хиуа ханы Аллақұлға да көнбеген. Бұл жағдайлар туралы біз октябрь айында граф Нессельродеге арнаулы хат жазғанбыз…

— Бәрі дұрыс. Кенесарының Қоқан, Бұқар, Хиуа хандарының қарамағы түгіл, Россия империясының да қол астына кіргісі келмейтінін білемін. Оның ойы Россия берген тыныштықты пайдаланып, Қоқан қарамағындағы қазақтарды өзіне қосып алу. Сөйтіп барып қазақ хандығын құру… Шамасы келсе Хиуа ханына қарсы шығып жүрген Көтібардың Есетін де өзіне ерту. Бірақ Есет те, Сыр бойының батыры Жанғожа да Кенесарының қол астында болғысы келмейді. Олар «Ортақ өгізден, оңаша бұзауды» жақсы көреді. Кенесарыға Кіші жүздің бәрі бірдей қосылмай отыруына да осы себеп…

— Жанғожа бұл жолы Кенесарымен тіл тауыпты. Әйтпесе бес мың әскері бар Созақ секілді күшті бекіністі, Кенесары екі мың әскерімен қалай алсын…



Перовский Генстің сөзін бөліп жіберді.

— Патша ағзам төрт мың әскермен аттаныпты дейді ғой Кенесарыны?

— Онысы рас. Бірақ мынау Шұңқыр құдық түбіне ат шалдырған әскерінің арасында дизентерия ауруы пайда болып екі мыңдай жауынгері ұрысқа қатынаса алмапты. Оның орнына Жанғожа батыр екі мың әскерімен келіп қосылыпты.

— Сөйтіп олар Созақты алып па?

— Алуға таяу дейді. Бүгін ұрыс басталғанына он күн.

— Ғажап, — деді Перовский, — зеңбіректі, бес мың әскері бар мықты бекіністі Кенесары төрт мың атты әскерімен қалай алмақ?

— Қиянат көріп қорланған жұрт қашан да болса тәуекелшіл келеді. Бірі онға татиды. Оның үстіне Кенесары секілді тәжірибелі қолбасшысы болса… — Генс ойға шомғандай сәл кідірді, — Кенесарының Созақты алатыны сөзсіз. Бекініс қабырғасына шығатын жүздеген баспалдақ істетіпті. Ол баспалдақпен өрмелейтін батырлар қазақ жігіттерінің арасында қашан да болса мыңдап табылады.

— Сөз жоқ, батыр халық! — деді Перовский, — тек бастары бірікпейді. Ру-ру боп үнемі таласады да жатады. Көрінгенге бағынуларының бас себебінің өзі де осында… — Василий Алексеевич кенет картаға бұрылды. Есіне патша ағзамның Кенесары Созаққа бір жетінің ішінде жетіпті, деген сөзі түсті. Ол картадан көзін алмай, — орта жолда Бетпақдала, атпенен осынау жерді олар қалай бір жетіде алды? — деді.

Генс күлді.

— Бір жеті емес, бес күннің ішінде, Кенесарының жетінші сентябрь күні Ұлытау маңында болғаны хақ. Оны хан сайлады ма, сайламады ма білмеймін, сол күні Алашаханның қабірінің жанында сұлтанды қолдайтын рудың бар ақсақал, билерінің жиналуы рас. Ал он екінші сентябрь күні ол аурудан сау қалған әскерімен Созақтан бір-ақ шықты. Кенесарының күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан, киік секілді туған даласының ой-шұқырын жақсы білетіндігінде…

— әйтсе де бес күнде… Перовский кенет картаға қайта бұрылды. — Сонда ол қай жолмен жүрген? Бетпақдаладан құс болып ұшып өтті ме? Қазақтың Сырға баратын ескі жолы мынау Балқаш көлі жағасы арқылы өтеді… Не болмаса Қарақұмды басып отырады. Бірақ оған ат емес, түйе керек.

— Кенесары бұ жолы Алашаханның бұдан төрт жүз жыл бұрын салған ескі сүрлеуімен жүріпті. Оны маған кеше бізге хат әкелген бір сарбазы айтты. Егер білгіңіз келсе…

Перовскийдің есіне ақ патшаның өзінің Арал теңізіне екі айда жеткені жайындағы кекесіні тағы түсті. Ол қабағын сәл шытты да, «көрсет» деп басын изеді.

— Біріншіден, ол бұл жорыққа басшы етіп Арқаның батырларын емес, құм кешіп үйренген Шөмекей, Табын, Төртқара руларының таңдаулы жігіттерін алған… — Генс картаның жанына келіп, оны ұзын көрсеткішпен шұқылай, сол жорыққа дәл өзі қатынасқандай тәптештеп сөйлеп кетті. — Олар мына Қара Кеңгірдегі Алашахан мазарынан шығып, Ұлытаудан жүз отыз шақырымдай жердегі Қара Жарға келіп түнепті. Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын мына Қыз моласы деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты.