Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 51 из 82

Граф бірдеме ойына түскендей орнынан түрегеліп темір шкафтан екінші бір папканы алды.

«Иә, иә, патша ағзам менің тілегім үшін өзінің бұрынғы указын бұзған жоқ па еді? Ол указда…»

Перовский Указға көз жүгіртіп оқи бастады. Бұл Бірінші Николай патшаның бір мың сегіз жүз отыз сегізінші, қазақша Ит жылы мамыр айының бірінде берген Указы еді. Онда «Қылмыстары үшін арестант роталарына жіберілген қазақтар, мерзімді уақыттары біткеннен кейін де туған жерлеріне қайтарылмай, әскер қызметіне жарайтын сенімділері солдатқа беріліп, ал өзгелері Иркут губерниясына жер аударылсын», — деген.

«Патша ағзам осы мейірімсіз Указына қарамай, — деді граф ішінен, — Кенесарының ұсталып кеткен туыстарын, Уәлиханның үлкен баласы Ғұбайдолладан бастап босатып берді… Бірақ Ғұбайдолла туған інісі — Құсмұрынның аға сұлтаны Шыңғыстың еліне бармай, Кенесарыға келіп қосылды. Неліктен? Патша ағзамның жақсылығын білмегендігінен бе, әлде өзінің тоқал шешесі, Шыңғыстың анасы Айғанымға деген өштігін ұмытпағаны ма?.. Айғаным демекші, оны осыдан жиырма бес жыл бұрын Петербургта көріп едім ғой… Марқұм Бірінші Александр патшаның туған күнгі тойында… Сол тойға арналған балда сұлулық жағынан Айғанымнан еш әйелдің аспағаны әлі есімде… Оған өзім секілді орыс- тың жас офицерінің бәрі ғашық болып қалған едік қой». Граф әлденені есіне түсіріп күлімсіреді. «Иә, сөйткен сұлу Айғанымды қасқырдың қаншығындай тас жүрек деп кім ойлаған. Хандыққа өзімен таласқан Уәлидің үлкен әйелінен туған Ғұбайдолланы да, Уәлидің туған ағасы Сартайды да Сібірге жер аудартқан жоқ па? — Перовский тағы күлімсіреді. — Алайда Бірінші Александр патшаның сол тойын өмір бақи ұмыта алмаспын… Жетпіске таяп қалған Уәли өзі секілді кілең ақ шашты шалдармен патша сарайының бір салонында карта ойнап отырғанда, бидің дәл қызу үстінде. Айғанымды өз үйіме алып кетіп едім-ау! Ах, жастық шақ, жастық шақ, сен қазір алыстағы ай тәріздісің ғой, сәулең бар, қызуың жоқ…

Ал сондағы марқұм Бірінші Александр туған күнгі балмен, қорғанышым Бірінші Николай патшаның туған күніне арналған кешегі бал айырмасы қандай? Жер мен көктей! Алғашқы балда қылыштың жүзіндей қылшылдаған офицер едім, алдымда мен асатын сан қызық асқар белдер бар болатын, бар болашағым мені күтіп тұр еді ғой… Ал кешегі балда ше?.. Шын қызығы артында қалған кәрілікке бас ие бастаған жан секілді көрінген жоқпын ба, салтанатты сарай бикештеріне… Айғаным тәрізді жас сұлуды оңашаға алып кетпек түгіл, патша ағзамның көңілдесі жезөкше Нинаның әзіліне әзіл қайтара алмай қалдым ғой… Иә, иә, бәленің бәрі осы әзілден басталған жоқ па?.. Сөйтті ғой».

Василий Алексеевич тұнжырай ойға кетті. Расында ол ойланатын жәйттер көп еді. Перовский Қоқанға өзі басқарып барған Доңыз жылғы сәтсіз экспедициясының әуресінен құтылған соң, биыл азырақ дем алып көңіл көтерейін деп жазғытұрым патша ағзамның рұқсаты бойынша Петербургке келген. Жастық шақ өткен жердің ыстықтығы қандай, осы тамаша астанада үш-төрт ай серуендеп қалған. Енді қайтам деп тұрған кезінде патша ағзамның бір қызының туған күні болып, соның балына қатынасқан. Балда қыдырып жүріп Бірінші Николай императоры мен оның көңілдес әйелі, Петербургтың соңғы кезде ауызға іліне бастаған сұлуы Нина Макеевскаямен кездесіп қалған. Амандасып болғаннан кейін сайқал Нина:

— Ах, патша ағзам, сіздің маған берген уәдеңізді орындамауыңызға Василий Алексеевич те кінәлі ғой деп ойлаймын, — деп күлген.

Патша сарайы әйелдерінің мұндай сөзді астарсыз айтпайтынын білетін Перовский дереу:

— Ғафу етіңіз. Егер мәртебелі патша ағзам уәде берген болса, ол уәдені орындау үшін Орынбор өлкесінің әскери губернаторы граф Перовский өз жанын пида етуге бар, — деп басын иген.

— Онда қалай болғаны? — Сұлу Нина сиқырлана күлген, — патша ағзам маған осы тойға көйлектікке бұхар дүриясын алдырам деп арнаулы керуен жібереді. Ал ол керуенді Ташкент түбінде соғыс ашқан сіздің Кенесары сұлтаныңыз тонайды… Бұл айып емес пе?

— Ол мүмкін емес. Кеше ғана хабар алдым. Бесінші сентябрь күні Кенесары сұлтан өзінің Торғай өзенінің жағасындағы ордасында болатын.

— Орынбордан Арал теңізінің жағасына дейін екі ай жүретін тек орыс генералдары ғана, — деген Николай патша кекете, сәл қабағын шытып. Бұнысы Перовскийдің Хиуа хандығына қарсы отыз тоғызыншы жылы шығарған экспедициясының Арал теңізінің жағасына екі айда әзер барғанын бетіне салық ету, — ал қырғыз сұлтандары Торғайдан төрт мың әскермен жеті-ақ күнде Созаққа жетеді екен.

— Ғафу етіңіз, патша ағзам, мен сіздің қалжыңыңызға түсініп тұрғам жоқ. — Перовский басын ие түскен.



— Қарамағындағы қырғыздардың не істеп жатқанын, патша генералдарынан емес, генералдары патшасынан білетін болған екен бұл бақытсыз Россияда. — Николай патша қабағын түйе түскен. — Білмесеңіз айтайын. Сіз қорған боп жүрген Кенесары сұлтан осы жылы жетінші сентябрь күні өзін хан деп жария- лап, соның құрметіне бір жетіден кейін Қоқан хандығына қарсы Ташкент түбінде соғыс ашқан.

— Бекер болар… — деген Перовский сенерін де, сенбесін де білмей. Өйткені жақында ғана өзінің орнында қалған генерал-майор Генстен хат алған. Хатында ол адъютанты Герннің Кенесары ордасынан бірінші сентябрьде қайтқанын жазып «Ол жақта бәрі тыныш, Кенесары бітімнің ең соңғы шешімін күтіп жүр» деген.

— Бекер! Ғафу етіңіз, қадірлі Василий Алексеевич, бүгін ғана Қоқан ханы Шерәліден шабарман келді. — Николай патша соңғы кезге дейін өзінің сүйеп жүрген губернаторын біржолата жермен-жексен еткісі келмеді. Енді ол жүзіне сәл шырай берді, — осы уақытқа дейін князь Горчаковтан гөрі граф Перовскийді жақын санасақ онымыз Кенесарыны сіз хан етсін дегеніміз екен деп түсінбеңіз. «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуға мүмкін емес». Және Индия, Ауғанстан, Орта Азияда ағылшындар мен біздің тілегіміз қарама-қарсы келіп отырғанда, Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарымен сауда-саттықты, қарым-қатынасты бұзу Россия империясының саясатына жатпайды. Мұны да ұғыңыз. Демек, Кенесары әңгімесін бітіретін уақыт жетті. Әр губернатор өз бетінше саясат жүргізуден ештеңе өнетін емес. Сондықтан мен бүгін Чернышев мырзаға Сібір мен Орынбор губернаторлары тізе қоса отырып, биыл жазда Кенесары қозғалысын біржолата құртатын болсын деген бұйрық бердім. Егер бұл міндетті орындай алмаймын десеңіз…

— Бәрін де түсіндім, — деп Перовский басын ие түскен.

— Түсінсеңіз, көп кешікпей Орынборға жүріп кетерсіз деп ойлаймын. — Патша ағзам басын изеп қоштасты да, енді кідірмей, қасындағы сұлу келіншекті қолтықтап кете барған.

Нина Макеевская Соғыс министрі Чернышевтың Николай патшаға жақындастырған әйелі екенін граф білетін. Ал сол Чернышевтың көптен бері Перовскийдің орнына артиллерия генерал-майоры Обручевті қойғысы келіп жүргенін де сезетін. Тек патша ағзамның өзі Перовскийді сүйейтін болғандықтан «ауыстырайық» деуге бата алмайтын. «Чернышев ойлаған мақсатына жақындап қалған секілді-ау» деді граф ішінен, патша ағзамның сөзінен өзіне көз қарастың өзгере бастағанын сезіп, «бір қатынға көйлекке деген торқаның мезгілінде келмегені үшін бір елдің тағдыры өзгеше шешілуі керек».

Перовский сол түні таң ата-ақ Орынборға аттанған да суыт жүріп кеше жеткен. Келген бетінде-ақ Генстен болған уақиғаның анығын білген. Бүгін қолданар шараны шешпек.

Кенесары қозғалысын басуды ақылдаспақ болған Перовский қарамағындағы аға сұлтандарға «тез жетсін» деп ат шаптырған. Ал барлық жағдайды толық баяндауды генерал Генске тапсырған. Әскери губернатор бұл баяндамаға бір тәулік қана уақыт берген. Қазір сол генерал Генсті күтіп отырған жайы бар.

— әскери губернатор мырза, — деді есікті ашып хатшы-адъютанты аққұба келген бала жігіт, — генерал майор мырза келді.

— Кірсін.

Ұзын бойлы, қошқар тұмсықты, ойлы, үлкен көзінде алтын пенснесі бар, әскери адамнан гөрі оқымыстыларға көбірек ұқсас Генс үйге кірді.

Графтың кабинеті Горчактың кісі қабылдайтын бөлмесіндей далиып жатқан сұсты болмаса да, төрт бұрышты әжептәуір кең зал. Стол тұсындағы патша ағзамның суретінен бөтен әскери губернатор құрмет тұтатын Суворов, Кутузов секілді атақты орыс қолбасшыларының ғана бір-екі тас мүсіндері бар. Жұмсақ орындықтар, дивандар бәрі алтын түстес сары барқытпен тысталған. Қабырғада Орынбор өлкесінің үлкен картасы. Бөлме іші толған кітап. Бұрыштағы шкаф ішінде де, стол үстінде де кілең былғары тысты жуан шығармалар…