Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 50 из 82

Кенесары кей жағдайда «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ескі қағиданы ұмытпайтын. Бұл оған тек дұрыс шешім табуға ғана емес, алда-жалда түскен жолдары қауіп-қатерге апарып соға қалса, жалғыз өзі айыпты болмас үшін керекті еді. Бұл жолы да сөйтті. Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды. Оларға Кіші жүздің жеріне көшудің керектілігін айтты. Ақылдарын сұрады. Жиналғандар, қара бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары болмағандықтан, күз көшуге көнді.

Кенесары мәжілісті бітіріп далаға шыққанында таң құланиектеніп атып қалған екен. Бірақ той әлі тарамапты. Төменгі сайдан қыз-келіншектердің, бозбалалардың алтыбақан теуіп жатқан дабырлары, күлгендері, сөйлегендері тынық түнде сампылдап естіліп тұрды. Кенет бір қажырлы дауыс ырғақты әнді шырқай жөнелді. Кенесары тыңдай қалды.

Ұшар көлің, сағынып, қонар көлің,

әрқашанда, ер жігіт, туған елің.

Соның ғана жүрегін тебірентер

Қуанышың, шаттығың, қайғы-шерің…

Оны тастап кеткенде алыс жаққа,

Созған қолың жетер ме атақ, баққа?

Қанша жүйрік болсаң да, өгей жердің

Өз шабысы саналар арғымаққа…

Өлең дәл өзіне арналғандай, Кенесары кенет тұнжырап кетті. «Иә, өз еліңде, өз жеріңде сенің құның бөлек. Ал бөтен жақ бұны қалай бағалайды? Көсеміміз деп соңынан ере ме, жоқ па? Шақыруын шақырса да, бұларды әлі Жоламан қалай қабылдайды? Өз елі, өз жері…»

Демек, «Тәуекел, не болса да барған соң көрерміз!» дегендей, Кенесары қолын бір-ақ сермеді де, өз ордасына қарай беттеді.



Осы тойдан екі апта өткен соң, жапалақтап ең алғашқы қар жауа бастады. Дәл осы кезде оңтүстікке құлағы тігулі сұлтан Қаратауда ата-мекен жеріне ие боп қалған азғантай Қоңыраттан бір жылы хабар алды. «Мәделіхан өгей шешесі Ханпадшайым сұлуға үйленіпті. Ташкентке көзін тігіп жүрген Бұхар әмірі Қоқан ханының бұл шариғатқа жатпайтын күнәкар ісін шіркеу етіп Мәделіханға бүкіл мұсылман қауымын қарсы қоймақ әрекетіне кірісіпті. Сірә, бұл айқас түбі соғыспен бітетін шығар» деген. «Үр-рит соқ, үр-р-рит соқ, соқ! — деді екі өзбек төбелессе азбан қошқарлардай маңдайлары жарылмай тоқтамайтынын білетін Кенесары ішінен, — егер Бұхар мен Қоқан соғысар болса бірін бірі әлсіретпей қоймайды. Міне дәл сол кезде Қоқаннан бүкіл Сыр бойын бөліп алуға болады. Бірақ өйту үшін өзің де күш жинауың керек. Ал күшті Кіші жүзсіз жинай алмайсың».

Кенесары осындай шешімге келді. Ол маңайына жиналған қалың әскерін жаз шыға табысармыз деп ауылдарына таратты. Өзі үш жүз төлеңгіті мен қасына ерген бес батырын алып, күздің қар аралас қара суығында Торғай мен Ырғыз бойындағы Кіші жүз бен Қыпшақтың жеріне қарай көшті.

Үшінші бӨлім

І

Орынбор әскери губернаторы граф Василий Алексеевич Перовский, жұмсақ орындыққа шалқая түсіп, көгілдір көзін сәл жұмып, кең маңдайын ұзын саусақты сол қолымен сипай тағы да ойға кетті. «Батыс Сібір губернаторының қарамағынан көшіп келіп Кіші жүз ереуілшілеріне қосылған Кенесары сұлтанмен тіл табуға қалай мәжбүр болып еді?.. Иә, иә, ол кезде помещиктердің тепкісіне шыдай алмаған Орынбор өлкесінің басыбайлы қарашекпендері мен казак-орыстардың түгелдей патша үкіметіне қарсылық көрсеткен қозғалысы бас-талған еді ғой. Ол аз болғандай Арқадан Кенесары келіп Елек, Ырғыз, Торғай бойындағы қазақ ауылдары тегіс ереуілге шықты емес пе… Орынбор екі оттың ортасында қалмады ма. Екі отты бірдей сөндіруге күш жетпеген соң, амал жоқ, қазақ ереуілшілерімен тіл табуға мәжбүр болған жоқпыз ба?.. Онда да біз емес, алдыменен Кенесары сұлтанның өзі бітім сұрады емес пе? Иә, иә, өзі сұраған. Қалай деп жазып еді ол сонда хатында?» — Василий Алексеевич елуден асып кеткеніне қарамастан, жас жігіттерше орнынан ұшып түрегеліп, сұңғақ бойын тіп-тік ұстап, аяғын сыптай басып бұрышта тұрған темір шкафтан бір папканы алып ішіндегі қағаздарды қарай бастады… «Міне, міне осы қағаз… Бір мың сегіз жүз отыз тоғызыншы жылы яғни қазақша Доңыз жылының наурыз айы делінген» Перовский енді аузын жыбырлатып оқи бастады — «Атамыз Абылай ханнан бері біз орыс жұртшылығымен бір туысқан адамдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр едік, тек Сібір губернаторының адамдары маза бермегендіктен, амалсыз соғысуға мәжбүр болдық… Ал сіздің жеріңізге келуімізбен еш уақытта да Россияға қас болмағанымды айтқым келеді, және менің осы сөзімді жоғары жаққа жеткізуіңізді өтінемін»… Граф қағазды былай қойып тағы ойлана қалды. «Россияға қазақтарды бағындыруда менің саясатым әуел бастан-ақ князь Горчаковтікінен өзгеше болатын… Өлке бойынша көтерілген орыс мұжықтарының қимылын еске алып, мен қазақтарды князь секілді қылыштың күшімен емес, бейбіт жолмен бағындырған жөн деп білгем, сондықтан да Кенесарының өткен күнәсына кешірім сұрап, жаңағы хатының көшірмесін Соғыс министрі Чернышев пен вице-канцлер Нессельроде мырзаға жіберген едім ғой, — Перовский алдындағы папканы тағы ақтара бастады. — Сол ресми хатым мына қағаз ғой. «Мәртебелі мырзалар, ереуіл ұйымдастырып бас көтерген Қасым ұлы Кенесары сұлтанның осы жіберіп отырған хатынан, егер патша ағзам оған кешірім істесе, оның бізге мойын ұсынып бағынатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар». Иә, осы хаттың аяғында бұдан былай қарай Орынбор жеріне көшіп келген қазақтардың ісіне Сібір генерал-губернаторының кіріспеуін өтінген едім мен. Солай деп князь Горчаковқа Соғыс министрі бұйрық та берген. Бірақ ол бұйрықты князь қалай қарсы алды? Князь ашуға мініп маған хат жазған»… — Граф ақырын езу тартып күлімсіреді де Горчаковтың хатын тауып алып оқи бастады. — «Орынборға жататын қырғыз-қайсақтарды басқару осы уақытқа дейін менің ойламаған ісім. Бар мақсатым Кенесарының қанқұйлы тобырынан өз генерал-губернаторлығымды аман сақтап қалу болатын. Қырғыз-қайсақтарға көне замандағыдай бостандықтарыңды қайтарып әперем деп сендіріп, өзінің ел тонаушылығын бүркей білген Кенесары бүліншілігінің қаупі күшті. Осы себептен, оңай мал табудан гөрі, ескі замандағы еркіншіліктерін қайтарып алуды арман етіп, оның соңынан ергендер көп».

Граф тағы ойлана қалды.

«Орынбор Омбы емес. Мұнда орыс оқығандарының демократшыл тобы бар. Көтерілген халықты Горчаковтай қанға батырсам, сол өзім сыйласатын, кейде пікірімен санасатын орыс оқығандары не айтады? Олардың да ойын еске алу керек. Түркістан тарихы жөніндегі еңбектерімен әйгілі болған, өзіммен бірге жұмыс істеп жүрген В. В. Вельяминов-Зернов, орыс түсінік сөздігін жасаушы В. Даль қазақтардың Россия империясының қол астына кіруі түбі прогресшіл жол, сондықтан оларды қарудың күшімен емес, ақылмен бағындыру керек деген пікірде емес пе… Бұл ойды осы Орынбор шекара Комиссиясының бастығы боп көп жылдан бері қызмет істеп келе жатқан генерал-майор В. Ф. Генс те қолдайды. Әйтсе де осы генерал-майор қызық адам, өзі Россия патшалығына бағынбадың деп қазақтарға қарсы соғысады, сөйтіп жүріп олардың жетім балаларын үйіне жинап жетімхана ашады. Және жұрттан жасырып қазақтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде еңбек жазады. Бұлар аз болғандай Орынборға айдалып келген поляктың белгілі азаматтары да халықты қырғаннан гөрі ақылмен көндірген жөн дейді. Осындай ойларын Мицкевичтің жан аяспас досы, Орынбор музейін ашқан Томаш Зан да, шекара комиссиясында қызмет істейтін дарынды ақын И. В. Виткевич те өткен жылы өзіме келіп ашықтан-ашық айтты…

Қарамағымдағы қазақ елін қанға батырып, ереуілін басқанда көңілдес сырластарым, Петербургтағы белгілі орыс әдебиетшілері не айтады? Өзімнің бауырым, белгілі жазушы Антон Погорельскийдің бетіне қалай қараймын? Бәрі де қан төгуді жек көреді, менен бірден безбей ме?».

Перовский тағы да тұнжырай қалды.

«әйтсе де мен өз ойлағаныма жеткен едім. Россия патшалығы мен қазақ елінің арасындағы қайшылық қай түрде бітетінін Кенесары да, мен де анық білмегенмен, әзірге қан төгіс шабуылды екі жақ бірдей тоқтатқан едік қой… Батыс Сібір шекарасындағы анда-санда бұрқ ете қалатын жанжалды есепке алмасақ, Орынбор шекарасындағы бекіністер мен казак-орыс станицаларын шабуын Кенесары біржола тоқтатты десе де болады… Оның есесіне патша ағзам өткен қырқыншы жылы Кенесарының бар күнәсын кешіріп, амнистия берді… Және айдалып, сотталып кеткен туған-туыстарын тегіс қайтарды…»