Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 49 из 82

Байтабын енді шыдап отыра алмады, алтыбақан жаққа жүре берді. Ән салған шынында да Алтыншаш еді. Ол бағанағы Кенесары ордасынан шыққаннан кейін, үйінде шыдап отыра алмай, алтыбақанға келген. Жастық деген бір лаулаған жалын емес пе, жүректегі қайғыны да, Ожарға деген кекті де, қорғасындай ерітіп, өзінің ыстық құшағына аймалай қысып, бөтен дүниеге ала жөнелген. Алтыншаш дәл осы сәтте Ожарды ұмытып, құрбы-құрдастарының қуанышына ере, алтыбақан тепті, ән салды. Қайғы көлкіген көңілді қызыл шоқ жастықтың қызуына жеңгізді.

Байтабын қыз-бозбалалардың жиынына жеткен кезде, Алтыншаш алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден таныды. Қуанып қалғандай.

— Сау-сәлемет қайттыңыз ба батыр? — деді ол Байтабынға жақындай.

Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ. Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын билей жөнелген жалын сезімді әзер басып:

— Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш, — деді, — Ожар аға бір шаруасы болып жолдағы ауылда қалды.

Келіншек сылқ-сылқ күлді.

— Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар…. Мен сіздің сау-сәлемет келгеніңізге қуаныштымын… Жүрегім тым алаңдаулы еді.

— Неге? — деді Байтабын сөз астарына түсінбей.

Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды.

— Неге деріңіз бар ма, — деді күрсініп Алтыншаш, — жаныңыздағы серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді.

— Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз…

Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай.

Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды.

Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты.

Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыс- тан жымың қағып қарап тұрды.

Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе, Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты.



Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.

Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті. Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған.

Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда «Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені, қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты жуан өрімді қамшы… Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп етпетінен Алтыншаш жатыр…

Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген. Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастың Алтыншашты шақырғанын, Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген. Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу соғуда екен.

Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз-келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі.

Енді Байтабын ауылдың үрейленген қатын-қалашын, мал өргізуге ерте оянған кәрі-құртаң кәрия-ақсақалдарын соңынан ерте, қанға боялған Алтыншашты жас балаша екі қолымен бауырына қыса құшақтап ұзын қара шашын жерге шұбалта, Кенесарының ордасының қасына келді.

Сергек ұйықтайтын сұлтан даладағы у-шуды естіп, сырттағы күзетшілердің хабарын күтпей, иығына қара құндыз ішігін іле сала асыға үйден өзі шықты.

— Батыр, — деді Байтабын тізе бүгіп, Алтыншашты қолынан түсірмей, — басымды алсаң мінекей, мен жаңа өз қолыммен Ожарды өлтірдім. Жазығы болды.

Кенесары сәл ойланып қалды. «Ожардың бөтен де жазығы бар. Өлтіргенің дұрыс болған. Бірақ сен де маған борыштар болуың керек».

— Жақсы, Байтабын, кештім бір күнәңді, — деді сұлтан әлден уақытта.

— Егер ол күнәмді кешсеңіз, — деді Кенесарының бетіне тіке қарап, қуанышын әзер жасырып Байтабын, — Арқадан таңдаған қызыңды беремін деген уәдеңіз бар еді. Таңдағаным осы Алтыншаш болсын, қиыңыз маған.

— Қидық, Байтабын.

Адам баласының сан алуан қиын жағдайына еті үйренген Кенесары, Алтыншаштың мұндай күйге қалай жеткенін сұраған жоқ, Байтабынның тілегін орындады да, қайтадан ордасына кіріп кетті.

Алтыншаш екі жетіден кейін жараларынан айығып, төсегінен басын көтерді. Терісаққан мен Ұлытау маңын жайлаған қалың Алтай, Қарауыл, Тарақты, Төртуыл, Қозған, Бағаналы болып жиналып, Алтыншаш пен Байтабынды ұлан-асыр той жасап қосты. Ат шаптырылып, балуан күрес те болды. Бұл тойға жорықтан қайтқан Ағыбай, Жекебатыр, Жанайдар, Құдайменді, Бұқарбай қатынасты. Тойды Кенесары өзі басқарды.