Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 59 из 82

— Бұл ауылда да бір бүлік бар секілді, — деді қара сұр, — бұрылып кетелік.

— Өз еліңнің бүлігінен бұрылғанда қайда барасың? — деді Есіркеген. — Тәуекел, не болса да бара көрелік.

Бұлар ауылды қоршаған сыпайларға таяғанда алдарына еңгезердей қара мұртты жігіт өзгелерден бөлініп шыға берді.

— Ей, кімсіңдер? — деді ол астындағы ақбоз атын ұршықтай айналдыра ойнатып, аналардың сәлемін алмай.

— Өзіміз ғой, — деді Есіркеген, ананың кеудесіне таққан көк шұға белгісінен Кенесары әскері екенін біліп. — Көрмей тұрсыз ба?

— Көргеніме көрімдік берейін бе? — жігіт үні гүрілдей шықты, ашулы жан екенін бірден сездіріп алды, — өзіміз дейтін менің екі туып бір қалғаным ба едің? Қамшы көргің келмесе, одан да тезірек жөніңді айт.

— Амандық жоқ, саулық жоқ, берген сәлемімізді алмай жатып, мұншама түйілгеніңіз не, ағасы, — деді Есіркеген биязы үнмен, — Арқадан келе жатқан жолаушымыз, Ырғыз бойындағы Табынға нағашылап барамыз.

Арқаның қай тұсынан боласыңдар?

— Қарқаралы жағынан.

— Қаракесексіңдер ме?

— Иә…

— Кесіп алсаң қан шықпас, ел билейтін жан шықпас дейтін Қаракесек екенсіңдер ғой.

Есіркеген, шамдана қалды, бірақ өзін өзі ұстап сыр бермей тағы да биязы үнмен:

— Қаз дауысты Қазыбекті естімеген қазақта да жан болады екен-ау! — деді кекесін күлкісін жасыра қалжыңдаған болып.

Қара мұрт бұл жолы Есіркегенге зілдене қарады.

— Қаракесек ділмәр келетін еді, сен де ділмәр екенсің. Сірә, сол Қазыбек бидің ұрпағы болмасаң нетсін…

— Жоқ, Қазыбек бидің емес, Масан бидің немересімін.

— әлгі Жамантай аға сұлтанның ақылгөйі Масан бидің бе?

— Иә, дәл соның!

— Қармақ салып ала алмай жүрген алабұғам, аузыма өзің келіп түскен екенсің, жүр олай болса!

Мұрттының даусы бұл жолы өктем шықты. Кенесары елінің Жамантайға деген қастық көз қарастың енді өзіне ауғанын Есіркеген бірден сезінді, бірақ қара мұртпен сөз таластырмады.

Найзаларын қолдарына көлденең ұстаған он шақты салт атты жаяу үш жолаушыны қоршай, ауыл ортасына қарай жүрді.

Бұлар ауылға кіре шеткі қараша үйден қарлыққан кәрі дауысты жоқтау естіді. Өлік бар жерде бата оқымай өтпейтін қазақтың ескі дәстүрі, Есіркеген қараша үйге қарай беттеді. Қасындағы жендеттері де қарсы болған жоқ, сыртта тұрып қалды. Ол үйге кіріп келгенде ең алдымен көргені шоқпыт тымақ, жыртық шекпен, жылап-сықтап отырған кілең кедей болды. Сол жақта сұлайып қыр мұрынды, мұрты жаңа тебіндей шығып келе жатқан жас жігіт жатыр. Түрі өлген адам тәрізді емес жаңа ғана ұйықтап кеткен секілді. Басында екі бүйірін таянып, ақ шашын жайып; кәрі шандыр бетін жоса-жоса қылып тырнап тастаған шүйкедей қара кемпір:

Атаңа нәлет хан Кене,

Басыңа түссін ойран-ай,

Суалдырдың көзімнің,

Қарашығын, ойбай-ай! —



деп қарлыққан дауыспен зар еңірейді.

Өліктің кеуде тұсында қарындасы ма, әлде жұбайы ма, бір келіншек отыр. Жүзі ақ шүберектей, жасқа толы тостағандай қара көзі шарасынан шығардай боп керегеге қарап қатып қалған. Есіркеген бата оқыды да шығып кетті. Бірақ әлгі сурет көз алдында тұрды да қойды.

Аздан кейін бұны қара мұрт ауыл ортасындағы алты қанат ақ үйге алып келді. Белдеуде кіші-гірім атан түйедей ақбоз ат тұр. Бәрі үйге кірді. Төр алдында жатқан қоңыр киінген, зор денелі кісі басын жастықтан сәл қозғады.

— Ағыбай аға, — деді қара мұрт, — мына жігіттерді ауыл үстінен ұстап алдық. Жамантай аға сұлтанның елінен көрінеді, Ырғыз маңындағы нағашыларымызға бара жатырмыз дейді.

Қапсағай қоңыр елең етіп басын көтеріп алды. Үй ішінде көлбей жатуына да себеп бар екен, енді ол малдас құрып отырып еді, басы керегенің ұшына тиер-тиместей зор денелі бір алып екен. Адамнан гөрі, ертегіде кездесетін дәулер тәрізді. Тек жалғыз көзді емес, екі көзді және сонау тас қабақты қоңырқай сұсты түсінде бір жылы шырайдың сазы білінеді. Бұл Кенесарының бас батырының бірі Ағыбайдың өзі еді «Ағыбай бұл жақта қайдан жүр» деді Есіркеген ішінен. Бұл маң Кенесарыға қарсы жақтың жері емес пе еді?» әйтсе де бала жастан үлкенді құрметтеп өскен жас жігіт, сонау төрде отырған шүңірек көзді алыптың мысы жеңгендей, иіліп сәлем берді.

— Ассалаумағалейкүм.

— Алликімассалам, балам. — Ағыбай жас жігітке тесіле қарады. — Қанды балақ сұм Жамантайдың кімі боласың?

«ә, Ағыбайдың Жамантайға деген бітпес өші бар деуші еді, рас екен. Үнінде қаңтарда қатқан мұздай бір мызғымас ызғар жатыр-ау!»

— Жамантай аға сұлтанның қарамағындағы елдің жігіттеріміз. Өзім Масан бидің немересімін, мына жігіттер ауылдан ертіп шыққан серіктерім.

— ә-ә. Бағың бар бала екенсің. Жамантайдың жақыны болғаныңда бір жамандыққа ұшырауың кәміл еді. — Ағыбай енді түксиген қабағын сәл ашты, — Масан қарт әлі тірі ме? Ақ патшаның қолтығына кіріп алдыңдар ғой, ауыл-аймақтарың күйлі шығар?

— Күйсіз емес. Атам әлі тірі.

— Иә, солай болар, — Ағыбай әлденеге өкінгендей ауыр күрсінді, — отырған ел отырып қалды ғой… Жем іздеген аш қасқырдай тек мына біздерміз ғой сар даланы сары бауыр етіп кезіп жүрген…

— Сіздерге де көшпеу керек еді.

Ағыбайдың қабағы жауар бұлттай жабыла қалды.

— Сонда Жамантайша ақ патшаның құлы бол демексің бе? Масан қарттың немересімін дегенге асылдың ұрпағы ма деп қалып едім, алысқа ұша алмайтын сауысқан боп шығайын деп тұрсың ба, қалай? — Ағыбай тез ашуланса да, тез қайтты. — Жә, қышымаған жерімді қасымай жайыңа отыр!.. Ал қотан аңдыған ұялы бөрідей, тізе қосып қайда бара жатырсыңдар?

— Масан атам Бөкей тұқымымен құдандал ғой. Ырғыз бойындағы нағашыларымызға бара жатырмыз…

— әрине, атаңның сұлтан тұқымымен ілік-шатыс болғанына сен кінәлі емессің, — деп келе жатты да Ағыбай кенет сөзін басқа жаққа бұрып жіберді. — Жолай Кәрібай қарттың аулына соқтың ба?

— Соқтым.

— Соқсаң, болған қанды уақиғаны көрген шығарсаң?

— Көрдім.

— Көрсең… Ол сенің Жамантайларың секілділердің ісі.

— Қалайша? Ол ауылды шапқан Ордан шыққан «кәрі қылыш» тобы деп еді ғой.

— Сонда жендеттерге жол сілтеген кім? Жамантай тәрізді елін сатқан Ахмет правительдің адамдары. Осы ауылдың би, ақсақалдары.

Аздан кейін Ағыбай батырдың сөзінен Есіркегеннің түсінгені мынау болды: Кенесары Ор қаласынан войсковой старшина Лебедев бір мың тоғыз жүз солдатпен Торғай бойына шығуға дайындалып жатыр деген хабар алады. Көп кешікпей сұлтанға тыңшылары арқылы Сібір мен Орынбор губернаторларының шекарасында отырған Кенесарыға тілектес ауылдарға екі жүз солдат шықты деген суық сөз жетеді. Кенесары «солдаттар осы арадан өтеді-ау» деген ауылдарға «егер олар көрінсе бізге хабар беріңдер», — деп кісілерін шаптырады. Қазір өздері отырған ауыл, үстерінен Кәрібай қарттың жайлауларына қарай өткен қол туралы Кенесарыға хабар бермек түгіл, көп солдат қайта оралып осы ауылда тынығып жатқандарында «солдаттарды көрген жоқпыз» деп бұларды алдайды. Артынан анығын естіген Кенесары қаһарына мініп, бес жүз сыпайын өзі бастап келіп, осы ауылды шабады. «Бұларың не, әй?» — деп үйден жүгіріп шыққан әлгі бала жігіт, ат қағып кетіп өледі. Ал Кенесары орасан қатігездік істейді. Ауылдың бас көтерер сегіз ақсақал билерін ат бауырынан өткізіп ұрып өлтіреді. Бар малдары мен отызға таяу қыз-келіншектерін, елуге жуық жігіттерін байлап-матап алып кеше өзінің ордасына жүріп кетеді. Кектескен сұлтан, Ағыбай басқарған екі жүз сыпайына ауылдың қалған қатын-қалашын, шал-кемпірін тегіс осы арадан көшіріп өзінің қарамағына айдап әкелуді бұйырады. Үйлерін жығып, жұрттың көшуге ыңғайланып жатқаны осы бұйрықты орындау әрекеті болып шығады.

Есіркегеннің жүрегі тағы да удай ашып кетті. Оның көз алдына жаңағы қараша үйдегі сурет елестей қалды. Хиуа, Қоқан хандарынан, патша жендеттерінен шабылып, қан жылаған халқын көріп жүрегі бір өртенсе, қаны бір қазақтан қан қақсаған халқын тағы көріп, жүрегі екі өртенді.

— Кенекеңе хабар бермеген ел билеген ақсақалдар делік, — деді ол даусы кенет дірілдеп кетіп, — оларды жазалау бір ретте дұрыс та шығар. Бірақ, осыншама зар жылатар өзге қарапайым жұрттың қандай жазығы бар?..