Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 5 из 82

Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп «ыс, ыс» етеді. Қарттың басынан қан жосып аға жөнелді, бірақ Абзал жартастай болып, үн шығармастан қозғалмай тұр.

Бұл сұмдықты көрген жұрт шегін тартып үрпиісе қалды. Енді ұрыс кезінен де бетер үрейленгендей. Бірақ қылыштарын жалаңдатып тұрған солдаттарды көріп, кейін жапырылды.

— Өлтірді ғой сорлыны! — деген әйелдің ащы даусы шықты.

Дала тағы да тына қалды. Ызалана соққан қалың жұрттың жүрегін теңіз толқып, қайық қалқып тыңдағандай, бар әлем көрген сұмдығынан шошып бұлқан-талқан болуға таяу.

— Мына едірейген мысық мұрттың ұрғанына өкінбеймін, — деді Абзал шал бетіндегі қанын сүртпей, — сары ала түймелі сұлтан ұрпағы, қаным бір қазағым едің, сенің араша түспегеніңе өкінемін.

Сөйдеді де Абзал ең ақырғы күшін жиғандай өздерінің келген жағына қарай аяғын ілби басып жүре берді.

Жұрт тағы да соның соңынан ерді.

«Ел көзінше шалды бекер ұрды-ау мына есалаң жасаул» деді ішінен Ожар, көп тебінсе — жер сілкінеді, қиянатты көзімен көрген жұртты басу қиын. Бүгін Сейтенін ұстасаң, ертең басқа біреуін табады. Ел болып бірігіп патшаға қарсы тұруға тек ата салты, ел дәстүрі бөгет болып жүрген жоқ па. Әр рудың, әр болыстың өз көсемі бар. Біріне бірі көнбейді. Ал бәрінің басын қосатын көсем табылса не болмақ? Қазақ асау жылқы тәрізді, кім үйрете білсе, соны ғана ие тұтады. Сондай адамы табылса, мына жұрт соңынан шұбыра жөнелуге дайын…»

Бір арқанмен байлаулы тұрған Сейтен мен Ожардың тұсынан «қош, қос арыс!» деп шұбырған көштің ең соңғы шоғыры өте берді. Ожар тағы да ойлана қалды. Іштегі қуаныш сыртқа шығуға дайын тұр.

«Менің бұлай қолға түскенім дұрыс болды. Аз уақыттың қорлығы әлі-ақ ұмытылар. Ал қиянатымды білсе мына жұрт…»

Он шақты сыпай көшті айдап, Баянауыл жаққа кетті де, қалғандары байлаулы Сейтен мен Ожарды алып Омбыға тіке тартты.

Бұлар үш күннен кейін, Баянауыл округінің Сібірмен шектес Төрткөл болысының жеріне жетті. Қаз-үйрегі сыңсыған, әлі де шалғыны қурап сембеген бір ауылға келіп түнемек болды. Бұл осы маңның ел ағасы Бектас баласы Таймастың аулы екен. Таймас ұзын бойлы, денелі ақ сары кісі. Қаржас руына жиен. Айдалып келе жатқан Сейтен мен Ожарды көріп ауылдың құты қашып, әбігер болды да қалды. Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті. Бойын қорқыныш билегенмен жұрт ебін тауып, Сейтенге келіп амандасып жатыр. Көптен бері ұйқы көрмегендігінен бе Сейтеннің үлкен қоңыр көздерінде таусылмас қайғы-шер күлкілдеп тұр. Екі қолы артына мықтап байлаулы, үстіндегі ақ жібек мол көйлегінің жағасы дал-дал, әр жерінде баттия жабысқан қызыл қан… Қолға түскеннен кейін ұрған болулары керек, қомақты жұлынған омырауының ашық жерінен кеудесінің көк ала еті көрінеді.

Кешегі ел-жұртының қамын жеп ақ патшаға қарсы шыққан адамның бүгін мұндай сұмдыққа ұшырауы Таймастың жан сезімін өртеді. Оның мұндай күйге түсердей не жазығы бар екенін білгісі келді. «Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме? Егер бар күнәсі сол болса онда мұндай мүсәпірлікке ұшырайтын жалғыз Сейтен ғана ма? Аң да, құс та өз інін, ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорымасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің».

Таймас Сейтенмен қанша сөйлескісі келсе де реті түспеді. Тұтқынды қалт етпей күзеткен сыпайлар жуытпады. Лебедев пен Шыңғыс екеуі ауыл төңірегіне де, Ожар мен Сейтен жатқан үйге де сақшы қойды. Өзге сыпайларын да алыс- қа ұзаттырмай сол маңайдағы көрші-қолаңдардың күрке, лашықтарына орналастырды.

Түн жылы еді. Лебедев Таймасқа өз үйінің іргесіне төсек салып жатуға рұқсат етті.

Түн тастай қараңғы. Үстіңнен түйе жүн қалың көрпе жауып қойғандай тымырсық ыстық сезіледі. Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі. Басын шырмаған алуан ой, қанды ай- қаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдері мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды.

Кенет құлағына бір күйзелген, күңіренген қоңыр дауыс келді. Таймас тыңдай қалып еді, бұл — «Елім-ай» әуенімен зар-өлең айтып жатқан Сейтен екенін білді. Таймас тына қалды. Енді Сейтен салған ән сөздері айқын естілді.

Қош аман бол, кең жайлау, өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,

Ит пен құсқа таланып өшкен жерім, —

деп күңіренеді ол.

Сейтен тағы да айтпақшы еді, Ожардың сәл ашулы даусы оны бөліп жіберді.

— Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз?..

Сейтен қолға түсер сәтте көзі көрмесе де, даусын шырамытып, өзін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ оның да мұндай күйге түсіп, өзіменен бірге айдалынып келе жатқанына таң қалып ол ойынан қайтқан. «Япырмау, бұған даусы ұқсас кім болды екен!» деп басы қатқан. Әйткенмен күпті көңіл ырық бермеді, сөз тартып сыр ашқысы келді. Енді ол алыстан орағытып сөзге кіріскен:

— Ожар, айтылмаған өкпе — іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең…

— Шер тарқатар уақыт болар әлі.

— Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра, кекетесің ғой, — деп Сейтен сәл ашулана күліп ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті. — Боз торғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің…

Ожар жауап қайырмады. Тайжанның да қолға түсуіне Ожардың себепкер екенін Сейтен білмейтін. Сондықтан «Жазықсыз болса ренжітпейін» деп ақтарыла сөйледі.

— Жұртың үшін жан пида ете аларыңа сол кезде көзім жеткен тәрізді еді. Құмбелдегі ауылдан бастап, кәрлі қылыштың қаһарынан талай елді аман алып қалдыңдар. Есіңде ме, жау әскері сендерді Қаражал бұйратындағы жылғаға қуып тыққаны? Сендер онда Саржан төлеңгіттерін арғы бетке шығарып келе жатқан едіңдер. Сен жүздігіңмен кәрлі қылышты екі күндей бөгеген болатынсың.

Сейтен сонау бір алыс күнді есіне түсіргендей тағы ақырын күрсінді.

— Басар жерің көк мұзға айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жолы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар… Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты…

Ожарда әлі үн жоқ. Сейтеннің шаршап-шалдыққан даусы енді тіпті анық естілген:

— Сол жолы еді ғой, Тайжан қолға түсіп өлім жазасына бұйырылғаны… Сені де сыпайлар ұстап алатын еді, ауылдың елуге таяу қыршын жасын жолыңа құрбан етіп мен араша түстім… Аман алып қалдық. Кәрі тарлан қанша шабады, бізден соң жұртты сен тәрізді жастар басқарады деп сенетін едім. Сондықтан да о жолы өзіңді көзіміздің қарашығындай сақтап қалдық емес пе? — Сейтен сәл бөгелді де, Ожардың жауап қайтармағанына қарамай тағы сөйлеп кетті:

— Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың… Бұрын ділмәр едің. Қазір көшпелі елдің тұмшалаған бұзауындай үндемейтін болыпсың… Өлсем шайт, өлтірсе қазы деген жанмын. Мойнымда шын қазақтың бір тамшы қаны жоқ. Өз қолыңнан ажал тапсам, өкінбеймін, арым таза. Ал сенің ше?

Ожар аунап түсіп еріне жауап берген:

— Менің де…

Сейтен үзіліп қалған ойына қайта оралды.

— Иә, сол жолы мен тірі қалдым. Бірақ одан не таптым? Жалғыз бауырымнан айырылдым. Ел-жұртымды талан-тараж еткіздім. Бар ұтқаным сол ма? Міне, соңымнан ерген жұрт қалған жоқ па тағы тотиып?

Ожардың шапшаң қимылмен түрегеліп отырғанын Таймас байқап қалды.

— Көрмес түйені де көрмес, — деген оның сәл ренжіген даусын естіді: — бар қазақты өзіңе балама… Сен ақ патшаға қарсы шыққанмен, оны құшағын жайып қарсы алғандар аз ба? Олардың ұпайы түгел.

— Ау, сен не айтып отырсың?

— Есітіп жатқан жоқсың ба? — Ожар кекете күлді. — әлін білмеген әлек деген… Айтшы кәне, қолыңнан не келді?

Таймас қалшия тыңдап қалған. «Япырмау, мына Ожар не дейді? Жүрек соғысы бөлек пе, қалай?»