Страница 6 из 82
Сейтен кенет күңірене үн қатты:
— Жүрегім бір сұмдықты сезіп еді… Қателеспеген екенмін ғой…
Тағы да екеуі үн-түнсіз тына қалды. Енді сөздері бітті ғой деп Таймас жас- тыққа басын қайта қоя бергенде, Ожардың ашулы даусы шықты:
— Қазір жер қорғайтын заман емес, жан қорғайтын заман… Тағы құландай ру-ру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ, ту тігіп ел болудан қалған. Осыны неге түсінбейсіңдер.
— Ел болуды ақ патша жендеттерінен үйренбексің ғой? — деген Сейтеннің ызалы күлкісі ап-айқын жетті.
— Үйренсе несі бар? Үйренем! Сен үйренбеймін десең де ол күшпен үйретеді.
— Үйрен, үйрен… — деді Сейтен кекесін үнмен. — Сен секілділер барда оларға үйрету жеңілге түседі. — Ол енді күлкісін тыя қойды. — Жоқ, Ожар, оның болмайды, — деді, — сен құлан дейтін, мен қыран дейтін, екеумізге бірдей ортақ қазақ деген жұртың бар… Қарға баласын аппағым деп сүйеді, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді. Сен қазағыңды неге жек көресің? Ал мен…
— Иә, сен? Айт, айт…
— Мен оны халқым деп ардақтаймын. Сондықтан ол үшін ажалдан да қорықпаймын, — деді Сейтен сөзін жалғай. — Ата-ананы таңдауға болмайды, туған халқыңды да таңдай алмайсың! Оны әлжуаз де, тағы де, бірақ маңдайымызға жазылғаны сол халық, мен оны сен айтқан әлжуаз қалпында да жақсы көрем. Кімде-кім сол қазақ деген қыранды қанатын кесіп, жем-құсына айналдырғысы келсе, ол менің қас жауым, туған балам болса да аш тамағынан ала түсіп, өз қолыммен бауыздауға бармын.
Ожар тағы да кекете сұраған:
— Онда мені неге бауыздамадың?
Сейтен кенет демі таусылғандай әлсіз жауап берген:
— әттең, дүние, кеш білдім ғой!
— Жеңілген адам құсалы болатын әдеті. Өкіне бер, Сейтен. Бұл түнде екеумізден бөтен сөзімізді естір жан жоқ, сондықтан анығын біліп өт. Мен сендер секілді тұлыпқа мөңіреп бос жүрген жан емеспін…
— Иә, енді түсіндім, мені байлап берген де өзің едің ғой…
Екеуі ұзақ уақыт үндемей қалды. Әлден кейін Сейтен:
— Адамға мың жасаса да аз болатын шығар, өйткені адам баласында арман көп қой… — деп аунап түсті: — Ал мен ұзақ өмір сұрамаймын. Шіркін-ай, бір сәттік қана еркіндік берсе!
— Мені өлтіру үшін бе?
— Иә, сені. Елін, жерін, бауырлас туғандарын сатқан сен секілді қанішерді өз қолыммен бауыздасам бұл жалғаннан армансыз өтер едім!
— Бірақ ол арманыңның орындалмайтынын өзің де білесің ғой, несіне таусыласың?
— Бар өкініштің өзі сонда ғой! әттең, дүние-ай, сенің бізді ұстап бергеніңді бір қазақ білсе!..
— Үмітіңді үзе бер. Қараңғы түнге тіл бітпесе, менің сырым өзіммен бірге көріме кетер!..
Жоқ, Ожардың сыры ашылмай қалған жоқ. Оны күтпеген жерден Таймас естіді.
Таймас заты сабырлы жан. Сол түні қабыл-құбыл қимылдап Ожардан кек алуды жөн көрмеді. Қаптаған солдат тұрғанда өзінің орынсыз мерт болатынын да ойлады. Және жұртын тағы да бір қанды уақиғаға душар еткізермін деп қорықты. Бірақ Ожардың сонау жан түршігер қылығы, бұның да шыңырау түбінде мүлгіп жатқан ұйқылы-ояу сезімін оятты. Тыныш көңілін әлем-тапырық етті. Сейтен тәрізді ел-жұртының тілегін арман еткен аяулы жанның тағдырын есінен шығармасқа өзіне өзі ант берді.
Таң ата көп сыпайлар Сейтен мен Ожарды бірге матап тағы да жолға шықты. Ожардың Сейтенмен неге бірге байланып бара жатқанын Таймас әбден ұқса да, түндегі әңгімені естімеген пішін көрсетіп, екеуіне бірдей:
— Қош болыңдар! — деп теріс бұрылып кетті. Анандай жерге барып көзінен танадай боп домалап-домалап кеткен жасты жеңімен сүртті.
Бұл Сейтенмен жау көзінше ашық қоштаса алмаған достың көкірегіндегі ыза жасы еді. Таймас осы жасын өле-өлгенінше жүрегінде кек етіп сақтамақ.
ІІ
Шағын келген Елек өзені жыландай сумаң қағып тынбай ағып жатыр. Кейде қамысты, кейде ұсақ талды болып көмкерілетін құмайт жағаға жас баладай былдырлап әлденені айтып сылқ-сылқ күледі. Осы өзеннің сонар басына, Қандыағаш тұсына қаптаған қалың көш келіп қонды. Бұл Тіленші баласы Жоламан батыр бастаған Табын руының көші еді. Қатарлас қонғандар Жағалбайлы, Шөмекей, Шекті ауылдары. Табын көші сонау Елек өзенінің Ақ Жайыққа құятын жағасынан шығысқа қарай өрлеп келе жатыр. Өзге рулар бүйірден, немесе Жайықтың жоғарғы сағасынан келіп қосылған.
Жоламан көші Сейтен көшіне мүлде ұқсамайды. Кигіз үйден бөтен, шоқшита тігілген қараша лашықтар мен ақ шатырлар көрінеді. Малдың дені түйе мен қой. Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі. Көштің, малдың да сәні түйе. Шудалары сала құлаш желкілдеген қос өркешті буралармен бірге, ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, арабы қызғылт нарлармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиесең де мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар… Қой-ешкінің көпшілігі түбіт жүнді, арқар мүйізді теке, емшектері көнектей, мол сақалды тұқыл ешкі, топтан әлсін-әлсін бөліне жайылған бөрте лақ, жібек жүнді сек…
Адамдарының киімдері де Арқа өңірінікінен басқаша.
Бастарына кигендері кеуделеріне дейін жабатын түйе жүн далбағай, етек жағы айбалтаның жүзіндей қайқиып келген әшекейлене кестеленген оқшима қалпақ… Тымақтары да бөтен. Үстін барқытпен тыстап, етегін терімен көмкерген киіз. Шошайған төбесінің құлақ тұсынан бастап жоғары қарай алты салалы етіп оқа ұстаған. Жарғақ шалбар, түйе жүн шекпен, кең құлаш етік, ақ таңдақ, арша не болмаса тобылғы түстес етіп боялған жұмсақ тонның, шолақ сәнді пешпенттердің етек, өңіріне оқалап зер салған…
Ал әйелдерінің киімі Арқа киімдерімен тектес. Оқалы қамзол, зерлі шапан. Кәмшат бөрік, күміс тізген үкілі сәукеле. Оқамен зерлеген, күміс теңге қадаған жер сүзген мол қос етекті барқыт, бәтес көйлек. Анда-санда шетіне ши барқыт тұтқан, белі қыналған, жібін жіңішке етіп иірген шекпен қамзол, пешпент. Күміс шолпты, алтын жүзік, меруерт алқа, сом білезік, сәнді сырға — бәрі де бүкіл қазақ әйелдеріне жарасты дүние. Дегенмен, әйелдерінің де киімінде өзгешеліктер бар. Кіші жүзде кимешек орнына күнгейлік киеді. Жас келіншектер осы бір кестеленген сәнді жаулықтың кейде құлақ тұсына, төбесіне үкі де тағады. Ал қыздары Орта жүздің қыздарындай аш белін қынар күміс белбеу, үкілі тақияға әуес емес.
Қалың ел бұл араға кеше кешке таман келіп қонған. Түйенің қомын алып, қос шатырлар тігіп екі-үш күн тынығуды ұйғарған.
Алыс жолға түйеден гөрі қолайсызырақ жылқы малы, кешеден бері, өзен жағасындағы қурай аралас көгал шөп пен қырқа бетіндегі жусанды бозға тойынып, тез-ақ белі көтеріліп қалған.
Бұл көш те жайшылықтағыдай серуенді көш емес, дүрліккен, үрейленген, ата-мекен кең жайлауынан босқан көш. Ойдым-ойдым болып қонған ауылдардың етек-жеңі жинақты. Бұларды көшірген жаяу борсаң, жеңіл желкем дау-шар емес, бүкіл Жайық пен Елек, Жем бойын дүрліктірген, елге келген зор апат. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маң- айында оттатып отыр. Әлі жауға түспеген жігіттері де бейқам болмайық дегендей әлсін-әлсін күнбатыс жаққа көздерін тігіп, семсерлерін қыса ұстап қояды. Ал кейбір жүрек жұтқан батырлары күрке, лашықтардың қасында жіңішке найзағай меңзелдес көгілдір құрыш алдаспандарын қамсыз қайрауда… Жас балаларда да рең жоқ. Олар әдеттегісіндей асыр салып ойнамайды, топ-топ болып жиналып бұлар да әлденені өзара сыбырласа сөз етеді, Тобылғы күрең сұлуларында да ақжарқын бейне жоқ, әдеттегідей сүлделері құрып бота көздерін көңілдестеріне қадамайды. Қара су секілді тұнжыраған ауыл үстіне төнген ауыр қайғыны тек анда-санда сылдырлаған қыз шолпысының үні мен көк аспанда тізбектеле ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғана бұзады.
Расында бұл ауылдар сонау күнбатыс жақтан хабар күтіп тыпыршуда еді. Сондықтан ер азаматтар құбыла жаққа жиі қарайды. Әсіресе ана төбе үстіне жиналған қарттардың ішіндегі қапсағай денелі, қара сақалды, орта жасқа келіп қалған тұлғалы кісі дегбірсіз отыр. Құбыла жаққа қадалып қалған. Оның үстінде темір торлы шолақ сауыт. Басында темір тор далбағай. Сауытының жеңі шынтағына ғана жетеді. Білегін ішінен киген көк барқыт пешпентінің жеңі жауып тұр. Оюланған көк барқыт кең балақ шалбар. Аяғында күмістеген кең қонышты саптама етік. Сауытын ышқырланып алған. Күміс белбеуінде жез сағалы, қынына алтын жалатқан көк семсер. Сол қолының шынтағына ілген болат қалқан. Қазір қауіпсіз бір тыныштық шақ болғандықтан шетіне зер ұстаған көк барқыт шапанын иығына жамыла салған… Осы бір сұсты адамның айбынды түрінде қазір бір үлкен қобалжу бар.