Страница 4 из 82
Ожар кілт тоқтай қалды. Бұрылмастан:
— «Қақпанды қоя білмеген қасасын қалдырар», әкеңнің аузын… Бағана күн батарда біреуің көзге түсіп, Сейтенге елең туғыздыңдар. Жаңа ғана жатты. Біз қазір оны байлаймыз. «Аттан!» деген ұран шыққанда, қапы қалмаңдар!.. — деді ақырын ғана.
Ол көшті айнала жүре берді. Бүйірден қосылған Сәменге:
— Қазір Сейтенді аламыз, — деді.
— Ояу жатқанда ма?! — Сәменнің үнінен қорқыныш лебі аңғарылды.
— Ендігі ұйықтап кеткен шығар. Ұйықтамаса да алу керек! Жақып, сен Сақыпқа бар, шөккен түйелерді қалқалай аяқ жағынан келсін. Өзің құбыладан. Дыбысын шығартпай басайық.
— Құп.
— Сейтен сергек ұйықтайтын. Үстінен құс өтсе де оянатын. Сыбырды сезіп, орнынан атып тұрмақшы болды. Бірақ кенет үстін албастыдай басып алқымынан қышқаштай жабысқан темір саусақтар үнін шығартпады. Кеудесіне мінген шойындай ауыр шомбал дене мен екі қолын ұстаған екі балуан жігіт бұны тырп еткізбеді. Әні-міне дегенше екі қолы артына қыл шылбырмен маталып, аузына орамал тығылды. Екі көзі су қараңғы болып байланды. Сейтеннің көкейінде: «әттең! әттең!» деген арман ғана булыға тулады.
— Бұның кебіні кигізілді, — деді өзіне таныс күңгірт дауыс, — Сәмен, сен осы арада бол. Ал сендер сарбаздарға жетіңдер. Белдеріне байлаған аттардың шылбырларын кесіңдер, ер-тоқымдарының оң үзеңгілерін шешіп алыңдар!
Сейтен қыл шылбырды білегіне батыра бұлқынып-бұлқынып түсті. «Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек, бекер сес бермеген екенсің? Қап! Қап!» Ол аздан кейін өзінің жалғыз қалғанын аңғарды. «Жоқ жалғыз емес шығармын. Жаңа ғана Ожар «Сәмен, осы арада бол» деген жоқ па еді? Сонда бұл да жау болғаны ма? Шыққыр көзім, нені көргенсің!» Сейтен ауға түскен мекіредей жанталаса тулай берді.
Дегенмен, жау ниеті де өз дегенінен шыға қоймағандай. Ұйқыдағы сарбаздардың тең жартысының аттары босатылып, кейбіреулерінің оң үзеңгілері алынып қалған кезде, түсінен шошып оянған жас жігіттердің бірі сұмдықтың болғанын бірден аңғарды. Қараңдаған кісілерді көріп:
— Жау келді! Жау келді! Аттан! Аттан! Сейтен аға! — деп құлындағы даусы құраққа шығып жар салды. Барымта, шабуылға үйренген жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Таң қылаң беріп қалған кез еді, қалың қамыстан қуғынға жіберілген қырық-отыз салт атты сыпайлар да шыға келді. Шаңқ-шұңқ еткен білте мылтықтың даусы естілді. Үрген ит, жылаған бала… Атылған мылтық… «А, құдай, өзің сақта» деп үріккен, қорыққан дауыстар жан-жақтан үрейлене жамырай, жаңа ғана ұйқыда жатқан бейқам көш азан-қазан болды да қалды. Кенет:
— Алға, жігіттер! — деген қатты үн шықты, Сейтеннің есік пен төрдей тоқпақ жалды қара көк айғырын ойната Ожар өзгеден бөліне берді. Басында орамал, білегін сыбанып алған. Қолында жалаң қылыш, шабатын қасқырдай екі көзі оттай жайнайды.
— Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз, — деді ол тағы да күшті дауыспен, — кәне, еріңдер соңымнан!
— Ожар! Баста, Ожар! — деді аттарына мініп үлгірген кей жігіттер.
Ожардың қасына шоғырлана қалған, тастай түйілген шағын топ «А, құдай!», «Аруақ!», «Айдабол!», «Қаржас!» деп біріне бірі ұрандаса жел беріп, сойылдарын көтере, қарсы жаққа лап қойды. Алдарында Ожар. Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.
Мылтықтың суық үніне үйрене қоймаған есіл ерлер, қолбасшыларынан айрылған соң бөгетке келіп қарқыны басылған толқындай, жау шебіне таяй түсіп шашырана тоқтады. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты. Қылышын көтеріп үстіне төніп келген қуғыншы жағының екі жауынгеріне, жерде домалап жатқан Ожар зекіп:
— Түсіңдер аттан, иттің балалары! — деді. — Байлаңдар тез менің қолымды! Апарыңдар тез Сейтеннің қасына… Қалаға таянғанда босатарсыңдар, елден шыққанша бірге ұстаңдар!
Ожардың қолын артына байлап, у-шу болған жұрттың қақ ортасымен, бір шетте тұрған Сейтенге апара жатқанда ол әлдекімнің:
— Арманда кеттіңдер-ау, қос арысым! — деген күңіренген даусын естіді.
Ожар аңқау елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, аяғын шалыс басып өте берді… Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айы-рылды. Енді кейін қайтарылмақ болды.
Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады да, жанында тұрған Қоңырқұлжа аға сұлтанның кіші баласы сары ала түймелі Шыңғысқа жирен мұртын тікірейте ежірейіп:
— Қайда қашып құтылмақ? Сұра мына шалдан, — деді бағанағы көш бас- қарған инабатты ақсақалды көрсетіп, — патша ағзам жарлығынан құтылу, ажалдан құтылумен бірдей.
— Біз айыпты емеспіз, — деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады. — Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.
Тілмаш ашуланып қалды. Сөйтсе де сыр білдірмей:
— Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ босты деп сендер де босқыларың келді ме? Азғырғанға еріп азайын дедіңдер ме? Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ. Қанша ауыл қырғынға ұшырады. Тоқтайтын уақыттарың болған жоқ па, кілең есуас?
Шал ауыр күрсінді.
— Жаңа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер?
— Сонда ақ патшаға, аға сұлтандарға қояр кінәларың қандай?
— Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе, — деді ақсақал уһілеп, — жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді…
— Ол мылтықты атқыздырып жүрген өздерің емессіңдер ме?
— Сонда бізге қой болып қырыл демексің бе?
— Қолыңнан қой болудан бөтен келмесе, жаз жайылымыңды, қыс қыстауыңды біліп жайыңа жүрмейсің бе!?
— Жайыма жүруге қойып тұрсың ба? — Қария тілмашқа оқты көзімен қарады. Қотан жанына қасқыр апанын қазса, қойда не ес қалады? Сыпайларының шошайған мылтықтары жеріме салынып жатқан анау бекіністер сол қас-қырдың апандары емес пе?
— Өздерің үндеріңді шығармасаңдар, олар да мылтықтарын шошайтпайды.
— Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі. Сен бізге сол ешкі құрлы болма дегенің бе? Жоқ, шырағым, жерімізді жыртып, өзенімізден балығын аулап жүрген мұжыққа қамшы көтерген бір де қазақ жоқ шығар. Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дегендерге…
— Иә, ондайларға не істей аласыңдар? Қолдарыңнан келері бүгінгідей бос- қа қырылу ма?
— Адал өлу де — абырой. — Қария тілмашқа алар бүркіттей сұстана көз тастады. — Шырағым, аяқ алысыңнан байқадым, сен өзің Әбілқайыр, не болмаса Уалиханның ұрпақтарының біріне ұқсайсың… Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деген, бір сұрайтын сөзім бар…
— Не сөз?
— Әбілқайырға да, Уәлиге де патша ағзам хандықтарымен бірге құндыз ішік, оқалы қоқыр, алтын балдақты алмас қылыш берді. Құндыз ішік пенен оқалы қоқырды беруі түсінікті, бекзадалар кисін деген шығар. Ал қылышына жөн болсын? Оны кімнің басына төндірсін деп сыйлады?
— Патша ағзамның дегеніне көнбегендердің!
— Дұрысыңды айттың, ер жігіт екенсің. Бірақ біз көппіз ғой. Қара да болсақ, қанымыз бір қазақпыз. Уәли мен Әбілқайыр ұрпағының бәріміздің бірдей басымызды ала беруге қалай жүрегі дауалайды?
Тілмаштың ақшыл жүзі күп-күрең боп кетті. Аталарың қазақ халқының қанішер қара ниет жендеті деп тұрған осынау тіл тартпас шалды ат бауырына алуға да дайын. Бағанадан есаул Лебедевке шалдың сөзін аудармай қойған. Енді шыдай алмай жіңішке еріндері дір-дір етіп:
— Есаул мырза, — деді ашуын баса алмай, орысшалап, — мына қара сақал, патша ағзамды балағаттап тұр!..
— Иттің баласы! — деді есаул қызғылт мұрты ашуланған қанден күшіктің құйрығындай дір-дір етіп тікірейе қап. — Көрсетейін мен бұған патша ағзамға қалай тіл тигізуді! — Ол атын ойнатып Абзал ақсақалдың қасына жетіп барды да мүсіндей қозғалмай тұрған ел ағасын бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобыл- ғы қамшысымен, дәл басынан тартып, тартып жіберді, — Мә саған! Мә, саған! Патшаға тіл тигізетін сабазсың ғой!