Страница 3 из 82
«Мынау Ожар да қойнына кіргелі тұрған сондай шұбар жылан емес пе екен?» Ожар қанша шомбал болғанмен Сейтеннің құрыштай қатты қарулы қолының бір мытығанынан қалмайды. Бордай опырылып ат үстінен құлап түседі.
Ожар Сейтеннің ашулы қабағынан бір сұмдықты сезді ме, жаңағы аңғырт айтып қалған сөздерін жуып-шайды.
— Қоқан құшбегілеріне сену қиын. Жеңілтек әйел тәрізді, өздерінің көңіл ауған жағына қарай жалт ете түсулері оп-оңай… Есіл ерлер аңғалдықпен мерт болып жүрмесе нетсін.
«Жоқ, Ожар баяғы Ожар. Мұнымен бірге бір қайыққа мінуге болады». Сейтен жан-жағына ойлана көз тастады. Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен, таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. Әр тұста ойдым-ойдым қалың қарағай көрінеді.
Күн соңғы сәулесін адыр үстіне жайып салып, меңіреу даланы қызғылт сәулеге бөлеп, батуға айналған.
Аздан соң көш қалың қопалы, көкпеңбек ойпатқа енді. Бұл ара Қаржас руының ең шалғай жайлауы. Бұдан әрі Балқаш өлкесі, Сарысу алабы, Сыр бойы басталады. Самсай көшкен жұрт арт жақтарында бұлдырай қарауытқан Арқа тауларына алаңдай бастады. Қазір күн батады, жабылған ымыртпен бірге туған өлкенің ең соңғы селеуіті де өшпек. Арттарына бұрылып қараған сайын жүрегіне суық семсер тигелі тұрғандай көңілге мұң, көзге жас келді. Алда не күтіп тұр? Бақыт па? Михнат па?
Дәл осы сәтте батып бара жатқан күнменен бірге азалы, зарлы үн естілді. Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, «Елім-ай» әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді. Табиғат қинаған бейкүнә еліктің баласындай жылап келеді.
Көшке ерген жұрттың көңіл-күйін дәл шерткендігінен бе, тірі пенде оның әнін бұзар емес. Төмен қарап уһлей береді. Сейтеннен «тоқтат» деген бұйрық болмаған соң, жұрт әнді мұңая тыңдауда. Қыз бала шырылдай толқиды:
Туған жердің қия алмай тау мен тасын,
Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,
Не жазып ек, жасаған, таптатардай,
Көрінгенге халқымның алтын басын.
Арман етіп жазылмас жан жарасын,
Ата-мекен тастадық кең даласын.
Өз жеріңе сыя алмай барғаныңда
Өгей елден, қайран жұрт, не табасың?
Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,
Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып,
Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,
Неге тудық бақытсыз халық болып.
Қыз баланың әні Сейтеннің көкірегін тырнап жатқан тәрізді, қабағы салбырап тұнжырай түскен. Егер ән бұдан әрі созылса сонау артта қалып бара жат- қан туған жеріне деген қасіреттен жүрегінен қан тамшылайтындай көрінді. Осы бір бұлқан-талқан болып келген күйікке шыдай алмаған Сейтен «тоқтат!» деп қолын көтерді, қыз әні пышақ кескендей үзілді.
Енді көш шұбалаңдамай, алды-артын жиып, көлді ығыстай таяп келеді… Алдарында жазық алаң, одан өтсе, арада қол созым жерде өздері қашып бара жатқан өгей өлке.
Сейтен бірдемеден сескенгендей атының басын тартты. Алдынан көлмен қатарласа созылған қалың қопа қамыстың өздері беттеген көз жетер-жетпес бір тұсынан, әлдене қараң ете түскен тәрізденді. Көзі қанша қырағы болса да не екенін анық айыра алмады. Аң дейін десе, кісі бойы қамыстан қалай көрінеді? Адам дейін десе елсіз қалың қопаның арасынан не таппақшы? Ұры-қары дерлік, бұл ара қара жолдан шалғай… Әлде бұлардың ізін аңдыған жау ма?
Сейтеннің көңіліне күмән кірді. Бірақ Ожар оны бұл күдіктен ада етті. Сейтен көргенді бұ да көрген екен.
— Сейтеке, — деді ол атын тебініп таяй түсіп, — көшті жинақы ұстамаса болмас. Бұл Мың арал қойнауы қорқынышты. Қабан да, жолбарыс та бар десетін. Жаңа байқадыңыз ба, әне бір тұстан жүгірген қасқырды?..
— Мен адам ба деп едім.
— Бұл араға адам қайдан келсін. Мен анық көрдім. Қасқыр. Сірә қоян қуып жүрген болуы керек, секіре жүгірген түрі сойқан.
— Қасқыр болса қасқыр шығар. Жассың ғой, анық көрген болсаң…
Енді көш бұрынғысынан жинақы жүрді. Сойыл, шоқпар ұстаған қарулы жігіттер жан-жағынан қоршап, мал біткенді ортаға ала, шашау шығармай, тұтаса түсті. Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана:
— Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, — деді Ожар. — Қатын, бала әбден қалжырады, жігіттердің де кейбіреулерін ат соғып тастағанға ұқсайды.
— әлі де жүре түссек… Қонуға бір қауіпсіз алаң таппасақ болмас.
Көшке бұл өңір мүлде бейтаныс. Жолды қан-сөлсіз сұр бетті, шілтиген Сәмен ғана біледі. Жөн көрсетіп келе жатқан да сол.
Ол Ожарға бір көз тастап, Сейтенге қарады.
— Мұндай жедел жүріске жұрт шыдар емес. Ат шалдыруға да осы ара дұрыс. Бұдан әрі шалғын азаяды да қамыс-қурай көбейеді.
— Айтқандарың болсын… — Сейтен өзі бірінші боп аттан түсті. — Жұрт таң сыз бергенше көз шырымын алсын… Ал біз кезектесе күзетелік.
— Мақұл.
Түйелер шөгеріліп, арбалар доғарылып, жұрт дабырлай орныға бастады.
Сейтен жанына топырлай жиналған серіктеріне:
— әр қарауыл бір бие сауымдай уақыт көшті айнала жүреді. Алғашқы кезек өзімдікі, — деді. — Менімен бірге қайсың қаласың?
— Мен.
— Мен.
— Мен.
Зор денелі үш жігіт топтан бөлінді.
— Сізден кейінгі кезек менікі, — деді Ожар.
— Жата бер. Бір таңға шыдармын!
— Сіздің әрқашан да тың болғаныңыз жөн. Біз секілді жастарға түнгі күзеттің өзі де бір қызық дәурен ғой.
Сейтен жауап бермеді. Жұртқа:
— Ал ұйықтаңдар! — деп, қарауыл жігіттерін ертіп, бөлініп шыға берді.
Аздан соң жол соғып қалжыраған жұрт қатты ұйыға кетті. Сайдың тасындай ер жігіттер шоқпарларын бастарына жастанып, сойылдарын жандарына жатқызып, жүйріктерін белбеулеріне байлап, көштің ішіне шашырай орын алды. Әрі-беріден соң әр жерден қорылдаған, пысылдаған дыбыстар естілді.
Дала тып-тыныш, тек анда-санда лүп етіп соққан желмен ойнап үкілі қурай мен қамыс бастары шуылдай жөнеледі де, лезде тына қалады. Оқтын-оқтын көл жағасындағы әупілдектің күмпілдеген үні мен өгіз шағаланың өкірген айқайы естіледі. Кенет аш түлкінің тырнағына іліккен жапалақ жерге құлаған баланың даусындай шар етеді… Тұяқ серіппей тыным алған көш. Әр жерде ұйқы білмес сиырдың мүйізіндей қақырайған төрт күзетші… Бұлар да жантайып азырақ демдерін алса ештеңе етпейтін сияқты. Туған жерінен шұбыра безген бишара жұртқа Жетісу мен Арқа түйіскен елсіз аулақта кім тимек? Кім аңдиды оны? әйтсе де, үнсіз түн құрылған қақпан тәрізді, елең болған жөн…
Ай сәулесі кеми, аспандағы жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, таң жақындағанда, Ожар қасына Сәмен мен көш қозғалар алдында қосылған көршілес ауылдың екі бейтаныс жігітін ертіп Сейтеннің қасына келді.
— Сейтеке, таң да жақын… Азырақ көз іліндіріп алыңыздар, — деді ол.
«Сәл тынығып алған да теріс емес, тыныш секілді ғой. Ертеңгі жол да ауыр», — деп ойлады Сейтен ішінен. Сөйтсе де:
— Жарайды, ұйықтамасам да белбеуімді босатып, сәл тыным алайын. Жігіттер де сөйтсін, — деді. Бірақ кетіп бара жатып тағы да тоқтап азырақ кідірді, — дегенмен сақ болыңдар, көл маңының қамысы тым үрейлі екен, қасқыр, қабаннан ада емес шығар.
Өзі өзгелерден оқшаулау барып, екі қолын басына жастанып үн-түнсіз жата кетті…
Күзеттегі төрт жігіт бірінен бірі көз жазбай көшті айнала жүр. Сырт бейнелері сақ құлақ, жіті көз қарауыл тәрізді.
Сейтеннің қобалжыған көңілі орнығайын деді. «Осылар секілді, «сен тұр, мен атайын» ер азаматтары бар жұрт қор болар ма… Мұндай жайсаңдарыңның мол жаралғанына құдайға шүкір…»
Алты күннен бері «қуғыншыға кездесіп, соңымнан ерген жұртты қырғынға ұшыратпасам етті» деп қобалжи шаршаған көңілдің орныға бастағанынан ба әлде көптен бері ат үстінен түспеген денесі талмаусырады ма, Сейтен аспанда ақырын жүзген айға қарап жатып ұйықтап кетті.
Дәл осы кезде Ожар мен Сәмен көштің алдыңғы жағындағы қалың қамысты түбек тұсынан айнала өтіп бара жатқан-ды. Олардың құлағына қамыс арасынан:
— Ожар, біз дайын, — деген әлдекімнің дірілдей сыбырлаған үні естілді.