Страница 2 из 82
Сейтеннің соңғы сөзінің мәнісі бар еді.
Батыс Сібірдің тұрғын жұрты мен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел жынысының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірінші Николай патша 1825 жылы 11 февраль күні қазақша Тауық жылғы ақпан айының он бірінде Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс губернаторына Сібірмен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға түсіруге жарлық берген. Бұл жолда қандай амал болмасын қолдануға рұқсат етілген. Сатып алуға да, алдап алуға да болады делінген.
Осы жарлық бойынша қолға түскен қыз балалар шоқындырылып, әйел жынысына мұқтаж семьяларға тапсырылуға тиісті. Асырап алған адамдарға азық-түлік ретінде он бес жасқа толғанға дейін көмек көрсетіліп, ал қыз балаларды әкелген кісіге қолма-қол он бес сом сыйлық берілетін.
Міне осы жарлық Сейтеннің туған інісі Тайжанның жеті жасар қызы Алтыншашты да қармаққа түсірген еді. Тайжан патшаға қарсы ереуіл ұйымдас-тырғаны үшін бес жыл бұрын Омбы Орданс-Гаузе сотының үкімімен өлім жазасына кесілген. Оның ер жетіп қалған үш ұлы Сібірге Туринскіге айдалған. Белгісіз адамдар беймәлім жаққа әкетіп бара жатқан ағаларының соңынан қалмай шырылдап жүгірген жеті жасар Алтыншашты қарауыл басы офицер иемденіп, Омбыдағы бір сәудегерге сатқан-ды. Жас қыздың көркіне таң қалған Сібір корпусының штаб бастығы генерал-майор Фондерсон оны әлгі сәудегерден қалап алады. Алтыншаштан көз жазып қалған Сейтен, үш жыл өткеннен кейін оның әкесін өлтірушілердің бірі Фондерсонның қолында үй сыпырушы болып жүргенін естиді. Іздеп Омбыға келеді. Генерал-майордың сақ күзетшілері бөгет болып Алтыншашқа жолыға алмайды. Тәуекелге бел буып, түнде Фондерсонның үйіне шабуыл жасап, тартып әкетем деп жүргенінде, генерал-губернатор біліп қалып, өзі ажалдан әзер құтылады. Сейтеннің қазіргі айтып келе жатқаны осы бала жайы. Бұл оның көңіліндегі ауыр жара. Егер алда-жалда осы жараға біреу-міреу тиіп кетсе, Сейтен өзін өзі ұстай алмайды, бұлқан-талқан ашуға беріледі. Бірақ бұ жолы Сейтен өйтпеді. Бір кезде қанжығалас серік болғанменен, ол Ожардан аздап күдіктенеді. «Адам сыры — сандық ішіндегі қазына. Онда алтын жатыр ма, бақыр жатыр ма, бірден білу қиын. Кілтін іздеу керек». Сондықтан да ол енді Ожардан сыр тарта сөйледі.
— Сол ұстап бойынша біз қазынаға жүз қарадан бір қара жасақ төлеуге тиісті едік. Бірақ сол заңның өзін кім дұрыс қолданып жүр? Аға сұлтандардың малы жұтқа іліксе — зекет төле. Жанаралдың, пристаптың үйі өртенсе — үлесіңді апар…
— Ақ патшаның салық туралы қосымша әмірі шықты деп жүргендері қайда? — деді Ожар түнере.
— Иә, шыққаны рас. Бірақ одан қара қазаққа қандай пайда? Қоян жылы мамыр айында патшаның салықтан босатқан бес жылы өткеннен кейін, жаңа жарлық шықты… Бұл жарлық бойынша өкімет қызметінде жүргендерге, аға сұлтан, болыс, жәсиәтірлерге бірталай жеңілдік берілді. Олардың біраз малдары салықтан босатылды. Тек өздеріне меншікті төлеңгіттері үшін ғана салық төлейтін болды. Бұл жарлықтан ұтқан Сәмеке, Бөкей, Уәли ханның тұқымдары ғана. Патша ағзамға жаққан қызметтері үшін төре тұқымының шаңырақ ие сұлтандары мың жылқы, мың жарым қара мал, мың жарым сом ақшаға дейін өмір-бақи жасақ төлеуден ада етілді.
— Жоқ, мен патша ағзамның бұл жарлығын айтып келе жатқан жоқпын…
— Енді қай жарлығын?
— Жасақ төленетін мал саны үш жылда бір саналғанмен, жұт жылы жасақты тек қолда қалған малға төлейді деп жүргендері қайда?..
— Оның рас. Бірақ қазаққа он ірі қарадан бір тұсақ төледі не, жүз тұсақтан бір ірі қара төледі не, бәрібір емес пе? Байқаймын көмейіңде бірдеме тұрған іспеттес. Онда сен ақ патшаның бізге істеген жақсылығы болса соны айтшы?
— Көмейімде қара халықтың мұқтажына қиналған запыран тұр, — деді Ожар қабағын түкситіп. — Одан бөтен не болушы еді менде?!
Сейтен Ожарға жылы жүзбен қарады. «Мен осыдан бекер күмәнденіп келем-ау. Қанына тартпағанның қары сынсын демей ме қазақ, қанына тартып-ақ келе жатыр-ау бейбақ. Әкесі Қубет Қаржастың бел баласы еді…».
— әйткенмен, қалауын тапса қар жанады, — деді Ожар қайтадан үн қатып. — Ає патшаның да тілін таба білген жөн. Осыдан екі жыл бұрын көктемде Қараөткелдің аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасы қазақтар балаларымызды сыпайға — солдатқа алады деп сескенетінін арыз етіп Петрборға бар- ғанында, патша ағзамның өзі қазақ жігіттері еш уақытта да сыпайға алынбайды деп, бұзау терісіне мөрін басып, уағдасын жіберген жоқ па?
«Осының өзі қай соқпаққа апара жатыр?» — деп Сейтен тағы да сезіктене қалды. Сөйтсе де:
— Бұзау терісі емес, бұзау терісінен істелген қағаз десетін. Қап-қалың болатын, өзім көргем, — деді ол жайбарақат. — Сол қағаздан кейін аға сұлтан Қоңырқұлжаның қадірі ұлан-асыр өсті. Соның арқасы ғой бұ күні қалың Ар- ғынды шашау шығармай ұстап отырғаны. Үйірін бермес осындай бір марғасқа айғырлар болатын. — Сейтен сәл үндемей қалды да, күрсіне қайта сөйледі, — жиырма мың жылқы айдаған Құдайменде баласы ондай қағазды алудың бір амалын тапқан шығар. Бірақ ақ патша әділетті болса Қасым төренің арызын неге тыңдамады?
— Қандай арызын?
— Қасым төре қазақ жеріне бекініс салып, пірказ құруды тоқтатуын талап етіп осыдан он жыл бұрын қағаз жазған жоқ па? Одан не шықты? Жауап берудің орнына жерімізге әскер үстіне әскер төкті. Ақмола, Аякөз, Баянауыл өкірігінің кіндік ортасына Ақтау бекінісін сала бастады. Бұнысы енді бүкіл Арқаны қанды шеңберіме аламын дегені емес пе? Осыны сезген Қасым төре Қоқан хандығына қарай ауысты ғой. Ондағы ойы Сыр бойындағы қалың қазақты Абылайдың ақ туының астына жинап, діні бір Қоқанмен тізе қосып жұртымызды тыныш, алаңсыз ету емес пе еді.
— Бірақ Қасым төренің ол ойынан не шықты? — Ожар мысқылдай күлген тәрізді. — Ташкент құшбегінен Есенгелді мен Саржанның аман қайтуының өзі екіталай…
1824, яғни қазақша Мешін жылы Көкшетау приказы құрылды. Бұл — ақ патшаның Абылай ұрпағының ата мекеніне ауыз салуы еді. Осы жылдан бастап Қасым төре баласы Саржан сұлтан қол жинап патша әскері мен ұстапты жақтайтын Сәмеке, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына қарсы күрес бастады. Кейде жеңіп, кейде жеңіліп, басынан сан айқасты өткізеді. Ақырында Қоқан хандығының қол астына еніп, 1834, яғни Жылқы жылы осы хандықтың бас күші Ташкент құшбегі, тәжіктің Қалпы руынан шыққан Мәмет әліммен тізе қосып, қазақ жерін Россия империясынан бөліп алмақ болып, алты мың әскермен Ұлытау өңіріне келді. Осы өңірге Қорған атты бекініс тұрғызып, бізге қосылыңдар деп жан-жағына жар салады, аға сұлтан, ел билеген ақсақалдарға ат шаптырады. Бір жағынан шағын-шағын жасақ аттандырып, Қараөткел, Көкшетау жеріндегі қалың Арғын елін шаба бастайды. Мұны естіген Сібір губернаторы Ұлытауға генерал-майор Броневский басқарған алты зеңбіректі бір мың әскер жібереді. Броневский көп кешікпей Ұлытауға таяйды. Жақын қалған патша әскерінен қорыққан Ташкент құшбегі Қорғанға азғантай сарбаздарын қалдырып, Бетпақдалаға қарай қашады. Ал Қорған бекінісі көп соғыспай Броневскийге беріледі. Ташкент құшбегі Мәмет әлім қазақ жерін Россия патшалығынан оңай ала алмайтынына көзі жетіп, күресті бірден тоқтатады. Одақтасының мұндай опасыздығын көрген Қасым төре балалары енді Сыр бойындағы қазақтарды жинап, Қоқан хандығының ықпалынан құтылмақ болады. Бірақ Ташкент құшбегі бұны сезбегенсиді, ақ патшамен күресуге қайта қол жиямыз, кеңеске балаларыңды жібер дейді Қасым төреге. Ал ол құрылған қақпанды аңғармайды. Ташкентке жиырма жігітпен қолбасшы балалары Есенгелді мен Саржанды, шұбыртпалы Ағыбай батырды, Саржанның жиырма жасар баласы Ержанды жолға шығарады. Бұлардың Ташкентке кеткені Арқаға да жетеді. Ожардың айтып келе жатқаны осы жәйт.
Сейтен бұл хабарды бұрын естісе де, мысқылдай сөйленген сөзден бір суық кекесін аңғарып қалды. Ожарға сескене қарады. Кенет есіне осыдан үш күн бұрын қойнынан жұлып алып тастаған шұбар жылан түсті.
Айдын көлді, жасыл белді, қарағай, қайың сыңсыған қатпар-қатпар жартасты Баянауылдан аттанған Сейтен Қараменді тауы етегін басып, Балқаштың теріскей тұмсығындағы Мың аралдың батыс жағына өтпек еді. Осыдан үш күн бұрын бұлар Қараменді тауының шұрайлы етегіне жеткен. Бір жетіден бері ат үстінен түспеген Сейтен, көш орнығысымен, жан-жағы анық көрінетін бір жартасты төбенің басына шығып, көз шырымын алдырмақ болған. Ұйықтап кеткен екен. Үстінен бір суық леп өткендей сезінді. Көзін ашып алды. Ештеңе де көрінбейді. Ел жым-жырт ұйқыда. Аспанда күміс ай ғана ақырын жылжиды. Мұны оятқан не? Сейтен қозғалмай үн-түнсіз сәл жатты. Сол мезетте-ақ кеуде тұсында бірдеме жыбырлаған сияқтанды. Алақанын сәл жұма, оң қолын кеудесіне қойып ұйықтайтын әдеті бар еді. Кенет аш қарнына сұп-суық бірдеңе тиді. Сейтен жылан екенін бірден сезді. Қозғалуға болмайды. Таулы жердің жыланы уытты келеді. Жылан сырғып кеудесіне таман келе жатыр. Мұндай суық, мұндай ызғарлы болар ма! Талай ажалға қарсы ұмтылған Сейтен батыр, жүрегі аттай тулап демін әзер алды. Баяу сырғыған жылан бір кезде Сейтеннің сәл жұмулы алақанының арасына басын сұқты. Лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланының өзі. Егер саусағының бірі дір етсе бітті, улы тілін салып алуы кәміл. Енді жылан басын алақан қуысынан өткізіп, әрі қарай жылжи берді. Сірә, тамақ тұсына келіп оралмақ. Сейтен бала жасынан жылан-шаяннан қорқып көрген емес. Мұндайдың талайын табанына басып улы тілін суырғаны бар. Әдет қылған қолдың білектей жуан жыланның алқым тұсынан қышқаштай боп қалай жұмыла қалғанын Сейтен оны қойнынан алып шыққанда бір-ақ білді. Жылан иретіле, бұлқына білегіне оралғанмен, күшті қол алқымынан бір-екі рет мытып-мытып қысып жіберді де, бос бүйендей өлексесін солбаң еткізіп анандай жерге топ еткізді.