Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 46 из 82

Жүсіп мырс-мырс күлді.

— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?

— Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба?

Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді.

— Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді.

— Жоқ, — деді Кенесары кенет түнере түсіп, — Абылай атам Үш жүздің басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де осы халық тұрғысынан қарау керек.

— Иә, сонда?

— Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян… Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды… Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды… Одан кейінгі елім «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек!

Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап қайырды.

— Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады… Ал бүкіл қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ болса…

Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды.

Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі. Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп:

— «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын», батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін… Тікенек шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі.

— Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек?

— Онда… отау керек.

— Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың ба? Оның да бір жауабы бар емес пе?



— әрине.

Кенесары күрсінді.

— Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді.

— әйтседе, — деді Жүсіп. — Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі, әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген Кенесарыны мақтай ала ма? әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады. Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді.

Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы.

— Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың? Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма?

— әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — Жүсіп ақырын күрсінді, — тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның басынан өткен қайғылы хал… Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім… Бірақ оным болар емес.

— Неге? әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па?

— Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ. Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді. Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз.

Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау шоқша сақал, шегір көз, ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса, тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін… Ол Кенесарыға өзінің ойын ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса тек тыңдауда.

— Жоқ, — деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған кезде, — болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем!

Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті. «Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де, өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол бар?»

— Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан жарылқасын, — деді Жүсіп, бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?.. Соңғы кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен жиі алысып, қалжырап қалғандай… Бұ да еске алатын жағдай.

Жүсіп Кенесарының ойлаған жерінен шықты. Сұлтанның соңғы кезде күрт өзгеруіне де себеп болған осы бір тілектен туған ауыр ойлар еді. Наурызбай мен Ақбөкен қосылар кезде Бопай Аманқарағай приказын шабуға тағы да кеткен-ді. О жақтан жақында олжалы болып оралған. Сол күні Кенесарының ордасына келген. Қараөткелді алар кезде, Тамыздың басында шабылған Шыңғыс, Кенесары сарбаздары енді жортуылға шыға қоймас деп бейқам жатқан екен. Бопай жоқ жерден қойға шапқан бөрідей астан-кестеңін шығарыпты. Қарындасы соны баяндап болды да «Науанжан мен Ақбөкенді бекер қосыпсыз. Ағаттық еткен екенсіз», — деген. «Неге?» деп сұраған Кенесарыға Ақбөкеннің Байтабынға кішкентайынан айттырған қалыңдығы екенін, біріне бірі кет әрі еместігін, тек осынау аласапыран кезде жат жерде қосылудың ретін таба алмай жүргендерін айта келіп «жиенінің қалыңдығын ініңізге алып бергеніңізді Жоламан батыр қалай көреді. Бір шүйкебас үшін бір тайпы жұртты өкпелетіп алып жүрмесеңіз нетсін. Серғазы ханның зорлығынан қашып келген Байтабын бұ жақтан да қиянат көріп, бізден безер болса, бұған өзге жұрт не айтады? Жоламан батыр не айтады?» деп жауап қайырған тәкәппар Бопай.