Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 45 из 82

— Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. — Кәне жүгір!

Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:

— Апаңа бара ғой, — деді.

Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:

— Нағыз көкжал болады! — деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап.

Кенесары мырс етіп күліп жіберді.

— Неге күлдіңіз?

— Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған Бұқар жыраудың сөзі есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенің сол кісінің айтқанына дәл келіп тұр…

Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. Және оларды құмарта тыңдайтын. Реті келсе жазып та алатын. Бұ жолы да сондай бір жәйттің шеті көрініп қалғанына қуанып кетті. Төре тұқымы өздерінің құпиясын басқа жұртқа көп айта қоймайтынын білсе де:

— Қандай түсті айтасыз? Бұқар жырау не деген екен? — деді сұлтанды сөйлеткісі келіп.

Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.

— Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты…

«Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, — депті хан Абылай, — алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті… Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжнай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», — депті Абылай хан.

Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен:

«Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», — депті.

Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзің де соны аңғарып қалған жоқсың ба?

Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді… Өзіңіз соған сенесіз бе?» — деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс. Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып жіберді.



— Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп, — сен де отыр, Жүсіп, — деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті. — Сен бөтен жұрттың баласысың, Жүсіп… Жасың кіші болғанмен көпті көрдің… Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден гөрі білгірсіңдер… Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді.

— Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын…

— Иә, ол солай ғой… Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң ойыңдағыны жасырмай айт.

— Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін.

— Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім… Өзің көріп жүрсің, Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар… Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін…

— Дұрыс айтасыз.

— Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз қосылса… Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де… — Кенесары ойын айта алмай тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала, — осынымыздың бәрі түбі босқа қан төгу болмай ма? — деді, — жарайды бар қазақ бірлестік делік, сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба?

«Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары… Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да батырлық, айлақорлық жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы… Ал жері көп… Сол көп жерді осынау аз ғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емеc пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз халық… Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып салайын».

— Ақ патшаға, — деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп, — бәрібір айтқандарыңды істете алмайсыңдар.

— Неге?

— Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.

— Өзім де солай ойлаймын…

— Онда неге ұрыс аштың?

Кенесарының көзі кенет жарқ етті.

— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме? — Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды, — қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді.