Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 44 из 82

Қоңырқұлжаға барған жігіттің түсін сұрауға үлгірмегеніне өкініп, әбдіуақит, Есіркеген кетісімен-ақ көп кешікпей, қалың тал ішіндегі байлаулы атына міне сала Қаражар шатқалындағы Ағыбайға жөнелді. Ағыбай сол күні алды-артын барлауға төрт адам жібергендіктен, қайсысының Қоңырқұлжамен хабардар екенін ажырата алмай, амалсыз Қаражардан жедел көтеріліп, күн бата Байтабынның жасағына келіп қосылды.

Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға сұлтанның жылқысына тиді. Ақылағын ағызған Ағыбай мен Серкесанын секірткен Байтабынға кім шыдасын, қос батыр алғашқы айқасқанда-ақ сойылды оңды-солды сілтеп, қарсы шапқан Қоңырқұлжаның жүз нөкерінің он шақтысын бірден түсіріп кетті. Сөйткенше шұбатыла артындағы елу жігіт те жетті. Тек суыр ініне аяғын сұғып алып, астындағы аты ақсап Ожар ғана кейін қалды. Кенесарының ұрысқа әбден шыныққан жігіттеріне жеме-жемге келгенде аға сұлтандардың нөкерлері шыдап көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Бетпе-бет кеп қарсы шапқанда Ағыбайдың мысы жеңді, Асылкерейдің бірнеше қайратты нөкерлері сойылға жығылды. «ә» дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді. Сұлтан нөкерлерінің алыспай жатып-ақ берекесі кетті. Көп кешікпей олар тым-тырақай қаша жөнелді.

Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын түбектегі көк аланың тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды. Жасынан аға сұлтан Жамантайға өшпенді Ағыбай бұ жолы Қарқаралыны шаба алмайтынын біліп, амалсыздан Байтабын жасағымен бірге кейін қайтты.

Бар малынан айырылған Қоңырқұлжа жаман қиналды. Оңашада ат жалын құшып жылап та алды. Малсыз аға сұлтан боп ұзақ отыра ала ма, әсіресе осы қауіп жүрегін удай ашытты. Тек айқаста әбдіуақит төлеңгіттің сойылға жығылып қайтыс болғанын естіп, көңілі орнықты.

ІV

Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек, Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жан-қожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене», — деп ойлайтын Кенесары… Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын. Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей, соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «әлде жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол. Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр… Өйткені сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал-сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды. Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы әдетіне көшті.

Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы, қасіретті еді.

Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты. Үстінде түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау жүрек, пышақ, таяққа үйір-ақ.

Есік алдында анандай жерде тұрған Жүсіпті көрді де:

— Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық, — деді Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей.

— Мақұл.

Жауға аттанғанда болмаса, Батырмұрат ауыл арасында Кенесарыны күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек. Ол ауыл сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді.

Кенесарының баласының білегінен ұстап жібермей келе жатқанын аңғарған Жүсіп арт жақтарындағы бас жендетті көріп кенет абыржи қалды, жүрегі аттай тулай жөнелді. «Япырмай, мына жас баланың бір жазығы болмаса нетті?.. Қараүлек бостан-бос ермесе керек еді…»

Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да беліндегі күміс кездігін суырып:



— Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді.

Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді.

Кенесары енді баласына бұрылып:

— Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді.

Баланың жүзі жайнап кетті.

— Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.

— Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың.

Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.

— Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?

— Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?

Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?… Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»

Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен…»