Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 43 из 82

Қоңырқұлжа ахондікіне түсуді ұйғарды. Мұхамед Шариф үйінде екен. Құшағын жая қарсы алды. Сол күні-ақ Қоңырқұлжа ахоннан Омбы облысының бас- тығы Талызинның ауырып жатқанын естіп, генерал-губернатормен жеке сөйлеседі екенмін деп қуанып қалды.

Қоңырқұлжаны ертеңіне генерал-губернатордың өзі шақыртып алдырды. Ақмола бекінісін Кенесарыдан қорғай алмағанын айып көрген аға сұлтан кенет жүрексініп, губернатордың салтанат сарайына Мұхамед Шарифты ерте барды. Бірақ Горчаков тек Қоңырқұлжаны қабылдады. Генералдың атұлтанты[7] — ұзын бойлы корнет «кіріңіз» дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты. Бөлме өзіне бұрыннан таныс. Қырық құлаш кең, биік зал. Сары сафьян былғарымен тысталған, арқа ағаштары оюлан- ған жұмсақ орындықтар. Ең түбінде, жасыл шұғамен жапқан, өрнекті, зілдей стол. Қабырғасында Бірінші Николай патшаның полковниктік дәрежеде түрегеліп түскен суреті. Әшекейленген төбеден төмен салбыраған жалтыраған жез баулы шам қоятын аспалар… Стол үстінде алтын жұмыртқа тәрізді сия сауытын тұяғымен басып тұрған, қос қанатын кере жайған қара мрамор тастан жасалған екі басты самұрық құс. Келген адамның сұсын алайын дегендей генерал самұрықты есік жаққа қаратып қойыпты. Егер қарсылық етер болсаң, тырнақтары қанжардай, қанқұйлы, айбынды қыран «шаңқ» етіп көтеріліп, бас салғалы тұрғандай. Кең залдың іші қандай ызғарлы болса, құс түсі де сондай ызғарлы. Иесі осал кісі емес. Россия патшалығының Сібірдегі аузынан от бүріккен қанды балақ жендеті.

Бөлме иесі князь Горчаков — Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Кірпідей тікірейген қысқа шашты, едірейген жирен мұртты, ақ боз, түсі суық кісі. Ол Қоңырқұлжаны столының ар жағындағы Бірінші Николай суретінің аясында тұрып қабылдады. Өзі де отырған жоқ, Қоңырқұлжаға да отыр демеді. Басын изеді де қойды. Аға сұлтанға ол бірден «қазақ даласында болып жатқан бүліншілікке сен де айыптысың», дегендей сұс көрсетті. Қоңырқұлжа іштей әбігерлене қалды. «Бәсе, мені келмей жатып неге іздетіп жатыр деп едім-ау, ұрыспақ екен ғой, тек ұрсып қойса ғана жарады…».

— Подполковник Құдаймендин, — деді Горчаков бірден ресми сөзге кірісіп, — Омбыға жай келмегеніңді біліп әдейі шақырттым. Қазақ даласында болып жатқан бүліншіліктің жәйі бізге әбден мәлім. Хорунжий Қарбышев Ақмола бекінісінен қалай айырылғандарыңды баяндаған. Патша ағзам алдында борыштарыңды ақтай алмағандарың үшін сендерді сотқа беру керек еді, бір жолға кешірдік. Енді бізден не тілейсің, соныңды айт. Және қысқа түрде. Ұзақ жырды тыңдауға уақытым жоқ.

Князь дәл қазір шынында да асығуда еді. Генерал-губернатор ит құмар жан болатын. Былтыр Лондоннан әдейі алдырған ағылшын сеттері тұқымдас қаншығы кешеден бері ауырып қалған. Томскіден арнайы шақырған дәрігер Омбыға жаңа ғана жеткен еді. Оны итіне өзі апарып көрсетпек. Князь соған асығулы. Сүйікті қаншығы ауырып жатқанда, қазақтың бір аға сұлтанымен мылжыңдасып, уақыт өткізуді жөн көрмеді. Сондықтан генерал-губернатор әңгімені тікесінен қойды. Мұндай келте қабылдауды күтпеген Қоңырқұлжа сасып қалды. Горчаков тіпті сөйлеспей кетіп қалар деп қорқып:

— Генерал-губернатор мырза, — деді аға сұлтан келген шаруасының тоқ етерін айтып! — Кенесары күннен-күнге күшеюде. Биыл қыс оны құртпасақ, келесі жаз бой бермей кетуі мүмкін.

— Қалайша?

— Торғай бойын жайлаған қалың Қыпшақ пен Ырғыз, Елек, Ембі өзендерінің маңындағы Кіші жүздің көп руларының оған қосылып кету қаупі туып тұр. Бүйте берсе бар қазақ Кенесары туының астына жиналуы мүмкін.

— Мұндай ақымақ халықты көрсемші, — деді Горчаков мысқылдай күліп, — Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па? Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді, форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап, саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?! Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.

— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.

Горчаков алдында тұрған Қоңырқұлжаны адамға санар емес. Сүзетін бұқадай басын төмен тұқыртып, өз ойын ашық айтып жатыр.



— Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кімде-кім бұған көнгісі келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз. «Азаматтармен келісімге келудің ең дұрыс әдісі — оларды қорқытып ұстау». Бұл пікірді соғыс министрі Чернышев мырза да мақұлдайды.

— Біздің де тілегіміз сол емес пе? Тек қарулы күшті тезірек шығарсаңыз дейміз.

— Кенесары көтерілісін түп-тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр, — деді Горчаков, — көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады. — Кенет генерал-губернатордың есіне ауру қаншығы түсіп кетті, ол енді асыға бастады. — Өзге шаруаңызды облыс бастығы Талызин мырзамен сөйлесіңіз. Қош болыңыз.

Қоңырқұлжа салы суға кетіп үйден шықты. Ауырып жатқан Талызинның пәтеріне барып жолығып, үш күннен кейін еліне қайтты.

Аға сұлтан бұ жолы Талызиннен көмекке небары жүз солдат алғанымен, келесі жаз Кенесарыны біржолата құртатын қалың әскер шығатынын естіп, көңілі сәл орнығайын деді. «Қыс болса келіп қалды, ал Кенесары қыста шабуылға шықпайды. Бірен-саран жасаққа мына жүз солдат пен өз күшім де төтеп бере алады». Бірақ ол ел шетіне жетер-жетпестен-ақ әнеукүнгі Ағыбай мен Байтабынның ауылды шауып, түбектегі бар малын айдап әкеткенін естіді.

Оқиға былай болған еді.

Есіркеген жас та болса санасы ерте оянған жігіт еді. Қалада орысша оқып, хат танып, көзі әжептәуір ашылып қалған. Өзімен бір мектептегі кей балалардың «жайлауымызға биыл солдаттар бекініс салыпты, енді аулымыз әрі қарай құмға көшетін шығар», — деген сөздерін естіп, түбі патша отаршылық саясаты еліне қолайлы тимейтінін түсіне бастаған. Оның үстіне Кенесары мен оның батырлары жайында естіген ерлік әңгімелері де бала жігіттің көңілін еліктіретін. Әсіресе Шұбыртпалы Ағыбай батыр жайындағы аңыздар кәдімгідей қанын қыздырып, қиялына от тастайтын. Ағыбайдың сондай жау жүрек батырлығын мақтаныш ететін, өйткені Шұбыртпалы оған аталас ру. Енді сол Ағыбайдың басына қауіп төнгенін біліп, не істерін білмей, әбден күйінген-ді. Әйтсе де, нағашы апасының аулында бұдан әрі жата берудің жөнсіз екенін біліп, Қоңырқұлжа Омбыға аттанысымен бұ да серіктерін ертіп, өз еліне жүріп кеткен-ді. Бұлар ауыл шетіне шығар-шықпастан-ақ алдарынан бір қоян ойға қарай зыта жөнелді. Кілең есерсоқтау жас жігіттер әлгі қоянды қуып берді. Есіркегеннің аты өзгелерінің атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды. Ақырында қоян Есіл жағасындағы бір қалың талдың ішіне кіріп жоқ болды. Бірақ Есіркеген қояннан айырылғанмен, шоғыр талдың түбінде түні бойы Қоңырқұлжаның аулын торып, қазір тынығып ұйықтап жатқан әбдіуақиттың үстінен шықты… Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен әбдіуақит шошып оянып жанындағы шоқпарына жармасты. Кілт тоқтаған Есіркеген сәлем беріп өзінің жау емес екенін айтты. Әбдіуақит жас жігітті шырамытып, танығандай секілденді. «ә… Масан бидің ұрпағы тәріздісің… Асылдың сынығы, шұғаның қиқымы екенсің ғой, алдамассың», — деді. Бұл кісінің кім екенін білген Есіркеген өзінің таңертеңгі жылпық сарыдан естіген сөзін, Ағыбай тобын Қаражар шатқалында жатқан жерінде басыңдар деп нөкерлеріне Қоңырқұлжаның бұйырғанын жасырмай айтып берді. Сөзінің аяғында: «Жанымда жолдастарым бар. Маған бұрылуға болмайды, сіз Ағыбай батырға жетіңіз. Және Байтабын жасағында Қоңырқұлжаның адамы бар, соны да құлағына салыңыз. Өзіңіз де сақ болыңыз, ауыл торып жүргеніңізді Қоңырқұлжа жігіттері біледі», — деді. Есіркеген естігенін айтып бола берген кезінде ойпаттан жолдастары да көрінді. Бала жігіт әбдіуақит аналардың көзіне түспесін деп, серіктеріне қарай тұра шапты.

7

А т ұ л т а н т — адъютант деген сөздің қазақша түрі.