Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 42 из 82

Есіркеген әңгіменің түп нұсқасын бірден түсінді. «Ана кісісі кім екен? Байтабын тобында Қоңырқұлжаның көз-құлағы болған ғой». Әйтсе де, «ана кісілерің кім?» деп сұрауға бата алмады. Үн-түнсіз тыңдай берді.

— Сонда, менің жылқымды қай тұста деп жорамалдайды Байтабын? — Қоңырқұлжа өзінің түбектегі тығулы жылқысын ешкім білмейді деп ойлаған болуы керек.

— Есілдің Ертіске қарай бұрылатын жерінде деседі…

— Алда әкеңнің аузын ұрайындар-ай, бәрін біліп отыр екен ғой!

— Ана кісі өзі жасақтан бөліне алмайтын болған соң, маған сізге айт деген тағы бір құпия сыры бар…

— Оның тағы не сұмдық?

— Осы ауыл маңайында сізді торып әбдіуақит деген Кенесарының бір кісісі жүр. Оған сіздің басыңызды алу тапсырылған.

Қоңырқұлжа енді тіпті шошып кетті.

— Қай әбдіуақит?

— Бұрынғы өзіңіздің төлеңгітіңіз. Күміс деген қызын… — Сәмен ыржия күл-ді, — бозбалашылық етіп… нетіп жіберген көрінесіз…

Ел құлағы елу, Күміске істеген Қоңырқұлжаның жауыздығын Есіркеген де естіген. Туған қарындасын қорлағандай, іштей өте қынжылған. Өйткені ол былтыр оқуға бара жатып, мал басында отырған әбдіуақиттың үйінен сусын ішкен. Сонда Күмісті де көрген. Жас қызбен бір-екі ауыз сөзге де келіп, тіл қатысқан. Оның көркіне риза болып кеткен. Сол Күміске Қоңырқұлжаның істеген қорлығын естігенде, Есіркеген аға сұлтан дәл сол сәтте қолына түссе ішке тепкілейтіндей боп ашуланған. Сол Қоңырқұлжасы мынау. Оны ішке тепкілемек түгіл, өзі оған хатшы болып жұртқа істемек қиянатына көмектесіп отыр. Есіркеген Қоңырқұлжаны балағаттап жібере жаздап өзін-өзі әзер басты.

Қоңырқұлжа бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, үйге аға сұлтанның жасағының бастығы, ұзын бойлы, қара мұртты Асылкерей кіріп келді.

Аға сұлтан Сәменнің сөзін оған тегіс айтып берді де, ойын тұжыра бұйрық берді.

— Ағыбайды Қарқаралыға өткізбей, жатқан жерінде күн бата басу керек. Біздің істеген жақсылығымызды мына жігіт Жамантайға айта барар. Бұ да қазір жүріп кетеді. — Ол Есіркегенді нұсқады. — Елінің шетіне жау жеткенін хабарлар. Сосын сен бар сарбаздарыңмен Байтабынды түбектің аузында күт. Біреуін жібермей қырып сал. Оны жайғастырған соң осы ауылдың маңын тегіс сілкіп шық. Мені өлтірмек боп торып жүрген әбдіуақит құлды қайтып келгенімше ұстап алып, кісендеп қой. Жазасын келген соң өзім берем.

— Ел шетіне жау келіп жатқанда… — Асылкерей күмілжи сөйледі, — мүмкін сіз жүрмессіз…



— Жау ел шетіне бүгін келіп тұр ма? — Қоңырқұлжа жасақ бастығының сөзін жақтырмай қалды. — Жиырма адамға күштерің жетпесе, несіне ат мініп, қару асынып жүрсіңдер? — Ол «әбдіуақит аңдып жүр» деген сөзден сескеніп қалған-ды. «Мен келгенше ол итті жігіттерім ұстап алар, оған дейін бой тасалай тұрған жөн болар», — деген ойға келген. Сол себепті аға сұлтан Омбыға тез жүріп кетіп, қалың орыс арасына жетуді дұрыс көрді. — Біз Омбыға тез баруымыз керек, — деді ол жасақ бастығына. — Онда бізді бұдан да зор іс күтіп тұр.

Барлық жауапкершілікті Асылкерейге жүктеп, Қоңырқұлжа аттанып кетті. Жол бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті.

Қоңырқұлжа бұл қалада бірнеше рет болған. Бұрын мұнда нелер ақжарқын күндері өткен. Патша ағзамның ең жоғарғы сатыда тұрған мәртебелі адамдарының талайымен кездескен. Аға сұлтанның есінде осындай кездесулердің екеуі мәңгі ұмытылмастай сақталған еді. Бірі 1829, яғни қазақша Сиыр жылы, осы Омбы қаласындағы тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесіне арналған салтанатты кеш. Онда Сібір қазақтары жайындағы ережені шығарған патшаның оң көзі Сперанскийдің өзі бар. Кең залда ойнаған оркестр, би, ойын-күлкі… Қоңырқұлжаға ең алғашқы рет орыс офицері — штабс-капитан аты берілгені осы жолы еді. Содан бері тоғыз жыл өтіпті. Қазір ол подполковник. Екінші есте қалған күн — алдыңғы жылғы күз. Бұл күні бір шеті мен бір шеті тай шаптырым төрт қабат ақ үйде Омбының кадет копусы ашылды. Бұл тойға да қазақтың аға сұлтан, асқан байлары шақырылды. Тойды князь Горчаковтың өзі бас- қарған. Өзге аға сұлтандардан гөрі князь Қоңырқұлжаға ерекше көңіл бөлген. Тіпті би біткен кезде, зәулім биік залда ерсілі-қарсылы әңгіме құрып жүрген аққу-қаздарша сылаңдаған орыс дворяндарының әйелдері мен сыптай боп сәндене киінген орыс офицерлерінің алдында Горчаков оны қолтықтап өткен. Өзге аға сұлтандар қызғанғаннан іштері жарыла жаздаған. Сол жолы ғой Горчаков оған:

— әрі кетсе бір жиырма бес жылда қазақтың ұл-қыздары да мыналардай болады, — деген жан-жағындағы әйелдер мен офицерлерін көрсетіп.

Сары далада көшіп жүрген қазақтар жиырма бес жыл ішінде мыналардай болады деген князь сөзіне Қоңырқұлжа таң қалған. Ол ойын жасырмай:

— Егер қазақ бұлардай болғысы келмесе не істейсіз? — деп сұраған.

— Онда, — деп Горчаков ойланбастан жауап берген. — Аюға ақыл үйреткен таяқ деген мақалды естігенің бар ма? Жерінен, билігінен айрылған қазақ айтқанға көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа шоқынуға мәжбүр етеміз.

Горчаковтың осы бір адуынды тік жауабы Қоңырқұлжаға ұнаған. «Өз басымды хан етсе, мейлі, қара қазақты пісіріп жесін. Одан менің нем кетеді? Ал сонда…» Аға сұлтан ойлана қалды. «Сол күштеуден не шықты? Арқа қазақ атаулысының жартысына таяуы осы күштеуге көнбей қарсы көтеріліп отырған жоқ па? Жақсы. Кенесарыны жоямыз, бірақ қазақ Горчаковтардың айтқанына көніп, айдауына оп-оңай жүре қояр ма екен?».

Қоңырқұлжаның есіне тағы да бір уақиға түсіп кетті. Ол кезде Қоңырқұлжа жас. Тобыл қаласында 1789 жылы тілмаштар дайындайтын мектеп ашылған. Он бесінде соған кеп түскен. Оның алдына әкесі Құдайменді шоқынған бір татарды жалдап Қоңырқұлжаға әзер-мәзер орысша хат танытқан. Сол шоқынған татар мұғалімі қызық адам болатын. Құдайменді байдың баласынан кім шығатынын қайдан білсін, күйген томардай қара-қошқыл, дөрекі Қоңырқұлжаның басынан сипап: «Оқы, оқы, қазақ малайы. Рус языкысыз жить булми. Қазір пушкасы килсә, соңынан Пушкині килә, бізге күн рус культурасымен шыға», — дейтін.

әрине, Қоңырқұлжа ол кезде пушканың зеңбірек екенін ұқса да, Пушкиннің кім екенін түсінбеген. Бес жыл өткеннен кейін ғана барып Пушкинді де білді. Бірақ бұл кезде ол қазақ даласында өз үкімін жүргізу үшін оған Пушкин емес, пушка керек екенін ұқты. Сондықтан да ол Горчаковтың «Аюға ақыл үйреткен таяқ, қазақ елін де күшпен көндіреміз», — деген сөзіне намыстанбаған. Өзінің тілегі мен Горчаковтың тілегі бір екеніне көзі жеткендіктен қазақ даласына пушканың көбірек келуін мақұл көрген.

«Міне қазір өзі де осы тілектің айдауымен келе жатқан жоқ па?» Аға сұлтан ауыр күрсінді. «Иә, иә, Қараөткел бекінісіне сол пушкалардың көбірек жетуін тілек етпек. Ал сол тілегін губернатор орындар ма екен? Орындауға тиісті. Өйткені екеуміздің де арманымыз бір, жолымыз бір».

Расында да бұл кезең осы екі сұмырай тілектің аса бір ұштасқан кезеңі еді.

Қоңырқұлжаның есіне кенет әкесі айтқан бір ескі аңыз түсіп кетті. «Дүниеде не қызық?» деп сұрапты Шыңғысхан бір күні өзінің нөкер, нояндарынан. Бір батыры: «Дүниеде бүркіт салып, түлкі ілген қызық». Екіншісі, «ғашық бол- ған сұлуыңды құшқан қызық». Ал үшіншісі, «алтын тақта отырып жұртқа әміріңді жүргізген қызық», — депті. Сонда Шыңғысхан: «Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан жауыңды алдыңа салып айдап, қатын, қызын бауырыңа басып құшып, мал-мүлкін талан-тараж етіп тартып алғаннан дүниеде қызық ештеңе жоқ», — деген екен. Осы аңыз есіне түсіп кеткен аға сұлтан атын тебініп қалып кенет күбірлеп жіберді: «Ата жауым Кенесарыны табанымның астына салып, Күнімжан бәйбішесін бауырыма бір бассам, бүгін өліп кетсем де арманым жоқ».

Екі жағы бірдей ұйыса ағаш өскен даңғыл жолмен Қоңырқұлжа қала шетіне жеткенде қайда түсерін ойлап сәл кідірді. Қарсы алдында минарет, Омбы мұсылмандарының мешіті, оның ар жағында Ғабдырахманұлы Мұхамед Шариф ахонның қызыл кірпіштен салған кең сарай үйі. Жолдың кіре беріс сол жағында ғажайып салтанатты, төрт күмбезді, бастарында алтын жалатқан кіресі бар зәулім шіркеу, одан солырақ, алаңның ар жағында қасына азырақ тал еккен генерал-губернатордың екі қабат ақ үйі — салтанат сарайы. Көк темір төбесінде татар қыздарының басына киетін тақиясы тәрізді, жіңішке терезелері төрт жаққа бірдей шыққан, төрт бұрышты, губернатордың жұмыс істейтін бөлмесі… Төменде бірнеше жұпыны келген, ағаштан салған жатақ үйлері. Одан әрі шіркеумен жалғаса тастан, күйдірген кірпіштен қалаған сәнді-салтанатты екі қабат, үш қабат үйлі үлкен қала жатыр…