Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 41 из 82

Қайда барса да сорлайтын халық. Айналып келгенде Кенесарының Қоңырқұлжадан шапқан жылқысының ауыртпалығы тағы да қара халыққа түспек.

«Малымды тартып алды десе қазақ обалын Кенесарыдан көрсін! Оны қолпаштап, дем беріп отырған өздері ғой, тартсын жазасын. Бұл шаруаны бір ыңғайлағаннан кейін Омбыға өзім баруым керек. Жанарал-губернатор Горчаковпен ауызба-ауыз сөйлесуім қажет. «Баянауылдың қазақтары Кенесарыға қосылмақ, мені қабылдаңыз, деп өтінгенде, аға сұлтан мен түгіл қара қазақ Тұрсынбайдың Боштайын да қабылдап, керемет құрмет көрсетіп, Баянауылға арнаулы кәрлі қылыш-жасақ шығарған жоқ па еді? Менің Боштай құрлы бағам бар шығар. Горчаковтың өзімен сөйлеспесем, мына Талызин дегені, асықпай ұшатын мамырлап қалған бірқазан секілді, арты ауыр бір сорлы көрінеді»…

Осындай шешімге келген Қоңырқұлжа шайдан кейін Есіркегенді оңаша алып Ақмола өкірігінің он сегіз болысынан Кенесарыға ермей, аға сұлтанның қарамағында қалған тоғыз болысқа он жеті мың жылқыны салық етіп бөлді. Жетеуіне екі мың жылқыдан қойды да, Кенесарыға қарай иек көтеріп қобалжи бастаған Атбасар мен Қорғалжын болысына мың жарым бастан белгіледі. Ол бұл салығын «Төтенше салық» деп атады. Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын дөненге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды.

Поштабайларын шақырып алып, мөрін басып қолын қойған осы бұйрықтарды тез болыстарға жеткізуді міндеттеді де өзі кенет Омбыға жүрмек болып дайындала бастады.

Қоңырқұлжа Омбыға жүргенше он шақты күн өтіп кетті. Осы екі ортада үлкен баласы Жәнәділ келіп, Қайниса мен Аққағаз бәйбішелердің де ауылдарын бері қарай, осы Есілдің төменгі жағына көшіруге бұйрық алды. Қоңырқұл- жа: «Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін», — деп Қарқаралының аға сұл- таны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды. Ондағы ойы кілең мықты қол қойып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ даласына зеңбіректі мол әскер шығар деп өтіну еді. Ал егер Омбы шын қол ұшын бермейтін болса, амалын тауып, уақытша Кенесарымен келісімге келмек. Түбі жауласып өтетінін Қоңырқұлжа жақсы біледі, бірақ басқа жол қалмаса қалай жол табады? Кенесары шыдатар емес. Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым» десе, Кенесары тимейді. Қоңырқұлжа мұны да жақсы түсінеді. Өйткені Кенесарының бар тілегі қазақтың басын қосып ақ патшаға қарсы шығу деп түсінеді. Ақмола аға сұлтаны. Бұл тілектің ар жағында бақ құмар Қасым баласында қандай ой жатқанын дөрекі Қоңырқұлжа қайдан сезсін. Ол тек мақсатына қарсы шықпасаң, Кенесары қандай күнәң болса да кешеді деп болжайды. «Ер шекіспей бекіспейді деген, шекістім — сен жеңдің деймін, — дейді ішінен Қоңырқұлжа, — міне қолым». Ал реті келген күні Құдаймендінің қанішер ұлы шімірікпестен Кенесарыны сол қолымен өзі бауыздамақ. «Аллатағала, — дейді ол тағы да ішінен жалбарынып, — сол күнге жетер болсам, сол сәтте жанымды алсаң арманым жоқ!».

Қоңырқұлжа жол дайындығын тез бітірсе де, аға сұлтандарды күтіп көп кідірді. Ақырында олардан да хабар келді. «Ел арасы бүліншілік, қазір орыс солдаттары қорғап тұрған приказдардан тыс шығу қауіпті. Келмеді деп өкпелемесін. Бізден жалғыз тілек: «Омбы тез әскер шығарып Кенесарыны құртсын. Ал Кенесарыны құртуға ең ыңғайлы кез қыс. Қыста ол жаздағыдай алысқа бара алмайды. Және бар сарбаздарын таратып, тек ең жақын батырларымен, қарамағындағы үш жүз үй төлеңгітімен ғана қалады» депті. Ауыздарына түкіріп қойғандай бәрі бірдей осы сөзді айтып жіберіпті. Патша солдаттарының артына тығылып, приказдарынан шыға алмай отырған аға сұлтандардың сөздерін естігенде Қоңырқұлжа Кенесарының қаншалық күш ала бастағанын анық сезінді. Енді шын қорқайын деді. Сөйтсе де өзінің қайсарлық мінезіне салып:

— Кілең қоян жүректер, — деді жанында қағаз жазып отырған Есіркегенге, — суыр секілді інімізге кіріп алып, көзге түспей тығылып жатсақ, жанымыз қалады деп ойлайды ғой. Мен білетін Кенесары болса, қасқыр соққан аңшыдай әрқайсысын жекелеп соқпаса қара да тұр!

Кенесары батырларының ерлігі соңғы кезде жұрт арасында аңыз болып тарала бастаған. Жас жігіт атаулысының батырлықты, ерлікті даңқ тұтатын әдеті емес пе, Есіркеген де мұндай әңгіме-жырларды ұйып тыңдайтын. Оның үстіне үлкен атасы Масан ақсақалдың да бір бүйірі Кенесарыға тартып тұратынын сезетін. Шүу дегенде Кенесарыға қарсы шыққан аға сұлтан Жамантай осы кісінің ақылы арқасында соңғы кезде ереуілшілерге қарсы келмей, бұғып қалуға көше бастаған. Масан ақсақал туған немересі жас Есіркегенге де осындай тәлім-тәрбие беретін. «Не болсаң да жұртыңмен бол, егер жұртың Кенесарыға еріп кетсе, айдалада қаңғып қалған жалғыз қаздай не қызық көресің? Одан да су ішсең де, суан ішсең де өз үйіріңнен айрылма!» — дейтін. Осындай рухта тәлім-тәрбие алып жүрген бала жігітке Қоңырқұлжаның аға сұлтандары «Кенесары аш қасқырдай біртіндеп соғады», — дегені өте ұнап қалды. Бірақ сыр берген жоқ, жәй әшейін күлімсіреді де қойды.

Қоңырқұлжа да дәл осы сөзді айтып отырған кезінде екі жылдан бері ғана орысша оқи бастаған Есіркегеннің өсе-өне келе қазақ деген елінің ұлттық туын көтеретін ең алғашқы оқығандарының бірі болатынын білген жоқ. «Бұл неге күлімсірейді?» деп оның бетіне ожырая қарады да, аға сұлтан бір шабарманын шақырып алып, өзімен бірге Омбыға жүретін он жігіттің жолға дайындалуын бұйырды.

— Күн түске аумай жүріп кетеміз, — деді ол.

Бұл таңертеңгі кез еді. Күн ашық, Сарыарқаның күзгі салқын желі тұра бастаған. Кейде аспанды қалың сұрғылт бұлт та шырмайды. Бірақ күзгі қалың жаңбыр мезгілі әлі келе қоймаған уақыт.

Шабарман шығып кетті де қайта оралды.

— Аға сұлтан, сізге жолығам деп бір бейтаныс жігіт келіп тұр.

— Қайдан екен?

— Онысын айтпайды. Тек аға сұлтанның өзімен ғана сөйлесем дейді.

— Кіргіз. Тек қару-жарағы болса алып қал…

Баласы Шыңғыс өлгеннен бері Қоңырқұлжа бейсауат адамнан қатты сескенетін. «Кім біледі, — деп ойлайтын ол, — Кенесары бір жындысын жіберіп, ол қарныңа қара пышағын сұғып алса не істейсің? Маған өшіккен адам аз ба?» Сондықтан да Қоңырқұлжа беймәлім біреу-міреу жолықпақшы болса нөкерлеріне ең алдымен оның қару-жарағын алуды тапсыратын.



Үйге шегір көз, бетінде қан жоқ, сөл жоқ, қатқан сары жігіт кірді. Түрі кісі өлтірген адамдай сұсты екен. Есіркегеннің бойы әлденеге дірілдеп кетті.

— Ассалаумағалайкүм, аға сұлтан.

— Уағаликум ассалам. Сөйле, жігітім.

Қоңырқұлжа мен Есіркегеннің көзі бірдей жігіттің белбеуіне түсті. Киімі нашар болғанымен, белбеуі әсем екен. Оның үстіне оң жақта тұратын құты, оқшантайы сол жағына шығып кетіпті.

— Өзі қайда? — деді Қоңырқұлжа кенет алдында тұрған — Ожар жіберген адам екенін түсініп.

— Өзі Байтабынның жасағында. Келе алмады. Кенесары… — деп келе жатты да ол «мынаның көзінше сөйлеуге бола ма» дегендей Есіркегенге қарады да, тына қалды.

— Айта бер. Бұл бала өзіміздің адам.

Кенесары екі топ жасағын аттандырды. Бірін Ағыбай, екіншісін Байтабын бастап келеді. Ағыбай тобы қазір Қаражар шатқалында. Ертең Қарқаралыға өтпек! Аға сұлтан Жамантайдың ойдағы жылқысын айдап әкетпек! Кене оған ақ патша жағына шықты деп өте ашулы.

— Ал Байтабын қолы қайда? Оның беті қай тұс?

— Мен Ағыбай жасағындамын. Батыр алдымызды барлап кел деп жіберді… Ал Байтабын жасағы кейінірек. Шамасы бүгін түнделетіп жүріп, таң ата осы араға жетпек. Беті сіздің ауыл. Кенекең оны Қоңырқұлжаның қалған малын айдап кел деп жіберді.

Қоңырқұлжа күп-күрең боп кетті.

— Өздері қанша адам?

— әрқайсысында жиырма бес сойылдан.

— Бар болғаны сол ма? — Қоңырқұлжа қаһарлана қалды. — Басынған екен әбден! Көкелерін танытамын мен әлі? Ағыбай жасағы Қаражар шатқалында дедің бе?

— Иә, бүгін түнде сол арада ат тынықтырып алмақ. Ертең Қарқаралы аспақ…

— Жарайды, — деді Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртта тұрған шабарманына дауыстап, — Асылкерейді шақыр, — деді. Ол қайтадан сары жігітке бұрылды. — Байтабын менің жылқымның қайда екенін біле ме?