Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 40 из 82

Шешім ойда жоқтан өзі келді. «Бәлем тұра тұр, еркек болсаң мықтылығыңды көрейін!» — деді ішінен Зейнеп. Ол шапанын жамыла салып тысқа шықты. Теріс қарап, ұйықтап бара жатқан Есіркеген «бұл не істеп жүр» деп аунап түсіп, көзін ашты да қайтадан ұйықтамақ болды. Сол екі ортада ересек баланы шомылдыратын үлкен жез легенді көтерген күңді ертіп Зейнеп үйге қайта кірді. Күң легенді үйдің ошақ тұратын орта тұсына қойды да, сыртқа шығып, жез құман мен бір шелек су алып келді. «Не істер екен бұл?» — деп жігіт енді таңдана бастады. Ұйықтаған боп көзінің астымен қарап жатыр. Зейнеп кенет иығындағы қара мақпал шапанын жерге лақтырып тастады. Тырдай жалаңаш екен. Семізіне жаратылған байталдай жұп-жұмыр аппақ денесі, шаңырақтан түсіп тұрған ай сәулесімен шағылысып, жарқ ете қалды. Қою қара шашын толқындата жайып, бір тізерлей легеннің ішіне барып отырды. Күңі жез құманмен үстінен су құя бастады. «Бәлем қалай екен? Енді де қызықпайсың ба», — дегендей Зейнеп, көлге шомылған аққу қаздай, қолтығын, екі санының арасын, мықынын, жұпар сабынның иісін бұрқырата баптай жуына бастады. Әдейі көр дегендей баланың басындай толық, тып-тығыршық сүйір ұшты қос анарын біресе оңға, біресе солға қарай сипай итеріп, немесе қолымен жоғары көтеріп-көтеріп қояды. јолаң шашын біресе алдына, біресе артына түсіреді. «Бәрібір сен көрмейсің, ұйықтап жатырсың ғой», — дегендей ернінде кекесін күлкі пайда болып, біресе теріс қарап жотасы мен бөксесін қимылдата ойнатып, біресе бері қарап, аппақ қара санын балтырына дейін ақ көбікпен сылап, қымсынар емес. Жалғанда әлі бала таппаған әйелдің жалаңаш денесінен сұлу не бар, Есіркегенге де солай көрінді. Зейнептің аппақ денесі бір ғажайып сурет тәрізді, балтыры да кеудесі де жұп-жұмыр.

Енді Есіркегеннің көзінен ұйқы біржола қашып, тамағына бір жылы, тәтті толқын келіп тірелгендей болды. Жас әйелдің бағанағы азабы енді бала жігітке ауғандай. Ол өзінің қалай ыңырсығанын білмей қалды. Оғының көздеген нысанасына дәл тигенін сезген Зейнеп, дереу легеннен шығып, күңіне бәрін алып кет деп ишарат етті. Күң легенді көтеріп, заматта далаға шығып жоқ болды.

Зейнеп жез құман мен шелекті табалдырықтың арғы жағына шығарды да, есіктің тиегін салып қайта келді. Енді үй ортасында тұрып алып жалаңаш денесін үлкен түкті орамалмен сүртуге кірісті. Бұрын мұндай суретті көрмеген Есіркеген аң-таң… «Бұл періште ме, әлде басын айналдырғалы тұрған перінің қызы ма? Пісмілда, пісмілда, деді ол ішінен, адал жолыңнан адастыра көрме, құдірет! Кет, шайтан, кет, шайтан!» Есіркегеннің жүрегінде екі дай сезім тайталаса кетті, бірі Масан ақсақал баулыған әдептілік, ақ жүру сезімі, екіншісі мынау жан дүниесін оятқан ғажайып көріністен туған жастық күш. Бұл екі сезімнің қайсысы жеңерін бала жігіт дәл қазір өзі де білмейді, тек ақыл мен сезім жанталасып арпалысуда. Есіркеген осылай не істерін білмей жатқанында кенет ауыл сыртынан ат дүбірі естілді. Кім болса да жедел жүріп келе жатыр, ит біткен арсылдай үріп заматта ауыл іші дүрліге қалды. Зейнеп сып беріп шымылдық ішіне кіріп кетті. Сөйткенше болған жоқ, көп салт атты тыныш даланы дүрліктіре үй сыртына келіп те қалды. Дабырласа сөйлесе, аттарынан түсіп жатыр. Аға сұлтан аулына жау болмаса, бүйтіп түн ортасында жұртты оятып ешкім келмесе керек еді, шошынған Есіркеген үрпиіп төсегінен басын көтеріп алды, дәл осы сәтте сарт етіп есіктің тиегін жұла-мұла үйге Қоңырқұлжаның өзі кіріп келді.

— Тоқал, барсың ба, әй? — деді ол түтіге.

Келген байы екенін білген Зейнеп, шымылдықтан басын шығарып еркелей:

— Бармын ғой, — деді. — Немене соншама түн ортасында жұртты үркітіп…

— Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда, бұл қай ұйқы сенікі?

— Байының ашулы үнінен шошып кеткен Зейнеп төсегінен ұшып тұрды.

— Не боп қалды?

Қоңырқұлжа жауап берген жоқ. Иығында подполковник погоны бар сары ала оқалы сүртігін шешіп жатып, не қыларын білмей төсегінің үстінде көйлекшең шошайып отырған Есіркегенге көзі түсіп кетті. Дереу қабағы түксие қалды.

— Мынау үрпек басың кім? — деді. Оның даусында тағы бір қосымша ашулы дыбыс пайда болды.

— Масан би аулындағы жиен ғой…

— әй, осы сенің жиен, нағашың-ақ, бітпейді екен… — деп тоқалының сыры өзіне мәлімдігін бетіне басқалы келе жатты да кілт тоқтады, — әлгі Жамантайдың қарындасының оқудағы баласы емес пе?..

— Иә, сол Есіркеген ғой.

— ә… онда жата бер. Таң атқасын сөйлесерміз. — Аға сұлтан төсегінің шетіне отырды да, аяғындағы шпор тағылған қара хром етігін созды, — тоқал, мынаны тартып жібер…

Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап:

— Өзіңде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы? — деді жаны ашығандай пішін көрсетіп:

Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды.

— әй, не болғанын қайтесің? Өзіңе керегіңнің аман келгеніне қуан! Саған со да жетпей ме! Одан да қымызың болса бер…

Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.

Қоңырқұлжа сырлы аяқты ала беріп:



— Сыртқа шығып келші, — деді тоқалына, — жігіттер жайғасты ма екен?

— Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.

— Ауыл сыртындағы күзетшілерден бөтен ешкім көрінбейді.

— Жұртты дүрліктірмей тез жайғасқандары дұрыс болған екен. Жә, біз де жаталық.

Қоңырқұлжа қисая беріп шымылдықты түсіріп, қасына таяған тоқалын білегінен ұстай алып, бір жері ауырып қалар-ау деп аямастан, жанына құлата тартты. Үйде жатқан жиен-миенге мән бермей, көжекті бас салған арлан төбеттей, жұмыртқадай жұп-жұмыр жас тоқалын алпамсадай бауырына қысып умаштай жөнелді.

Аға сұлтанның күні бойы қанды ұрыста боп, ажалдан тек қараңғы түсе ғана аман құтылғанын тоқалы білмейді, тек ананың жайшылықтағысынан гөрі ашулы, екпінді қимылына риза болып «бейшара-ай, әбден шөлдеп қалыпсың ғой» деуге ғана мұршасы келді, әр жағында үніне үн қосып, байының бабын тауып аймалаумен болды.

Жұрт таңертең тұрғанында Ақмола бекінісін Кенесары әскері алғанын біле тұрды. Қапаланған да, қайғырған да бар. Қуанғандары да жоқ емес. Бұл ауылдың жігіттерін Қоңырқұлжа бекіністі қорғауға алмаған, тоқал тыныштығын күзетуге қалдырған. Қазаны бөлектің — қайғысы бөлек. Өз жігіттері сау қалғандықтан, нелер жақсы менен жайсаң қаза тапқан кешегі қанды ұрыс, сырт қараған адамға, бұл ауылға соқпай өткен сұрапыл дауыл секілді көрінді. Қайғысы, қуанышы болса да жұрт сыртқа лақылдатып шығармай, іштен тынды.

Қоңырқұлжа таңертеңгі шай үстінде тоқалына қарап:

— Ақмола құлады деп қан жылар жайым жоқ, — деді. — Бекініс керек болса, ана Қарапұшық кетті ғой қалған солдаттарымен Омбыға, Талызин өзі қайта салар, менің өз шаруам да жетеді. — Сөйтті де Есіркегенге бұрылды. — Сен орысша оқи білесің бе?

— Білем.

— Менің қатшым кеше Ақмолада оққа ұшты. Патша адамдары Омбыға кетті. Кісі тауып алғанымша сен осында бол.

Зейнеп жорта сөз тастады.

— Оқуынан қалып қоймай ма? Одан да үлкен баланы шақыртсайшы.

Зейнептің «үлкен бала» деп отырғаны Жәнәділ еді.

— Кіші балаңды құртып едің, енді үлкен балаңа ауыз салайын дедің бе? Жә, сөзді бөлмей, артыңды қысып жайыңа отыр. Қатыныңның ақылымен қоңсы қонсаң, көршің жау шығады. Жәнәділ де алысқа кетпес, оған да шаруа табылар. — Қоңырқұлжа қайтадан Есіркегенге бұрылды, — қаласың ба?

— Қалайын…

— Онда мына қағазды оқып, не дейді екен аударып берші. Омбыдан алдыңғы күні келіп еді, әлгі қанішер Кенесарының әуресіменен ашуға да қолым тимеді… Өзім оқуға түндегі ұрыстан кейін көзім ауырып отыр…

Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.

Бұл сол хатқа жауап екен. Бұл күндері өзінің Кенесары көтерілісін басу жайында үлкен жоспар үстінде отырғанын айта келіп, ол хатының аяғында: «Қазір тартып алған малыңды қайтартып беретін еш күш жоқ, болған шығынды қарамағыңдағы қазақтардан өндіріп алуға рұқсат етемін», — депті.

Талызинның мұнысы қара қазаққа қосымша салық салып, Кенесарыға кеткен малыңды солардан өндіріп ал деген сөз еді. Есіркеген хат сөзін аударып берді. Қоңырқұлжа тұнжырай қалды. «Бір Кенесарыға күші жетпесе, Омбыда кілең сары ала түймелі жанаралдар не бітіріп отыр? Салық сал дейді. Айтуға оңай. Биыл Көкшетау, Қарқаралы дуандары жиырма екінші жылғы ереже бойынша жүз қарадан бір қара жасақ жинай бастап еді, мал ашуы — жан ашуы дейтін қазақ Кенесарыға қарай ағыла түскен жоқ па? Жау қолында кеткен он жеті мың жылқыны қайтарып алу оңай ма? Оның үстіне ел биыл қыстан жүдеп шықты. Жұрт маған малын оп-оңай бере қоя ма? Рас, Қараөткел қазағын қырқыншы жылға дейін патша салығынан өзім құтқардым. Жақсылыққа — жақсылық дегендей мүмкін өздері түсінер, жауға кеткен малымның орнын толтырар. Ал түсінбейді екен… Өз обалы өзіне, қолынан бермесе жолынан алармын. Бірақ дәл қазір бүйтуіме бола ма? Неге болмайды? Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда, қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар. Аламын. Алғанда шырылдатып отырып тартып аламын. Бермей көрсін. Кенесарыға әлім жетпегенмен, қарамағымдағы бастары бірікпей талан-тараж болып жүрген қара қазаққа әлім жетер!».