Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 39 из 82

— Төре қызы, — деді күң, — жиеніңіз келіп түсіп жатыр.

— Қай жиенім?

— Масан би ауылындағы.

— Қойшы?!

Зейнеп орнынан атып тұрды. Масан Қарқаралыға аты шыққан би, Қаракесек қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы, Жамантайдың ақылшысы. Масанның аталас ағайыны, арғы бабалары «жалғыз көз» Орақ, Қияқ, Тұяқ батырлардың жауынгері болған, Атығай Құсбектің немере қарындасы Гүлбаршынды алған-ды. Осы келіп тұрған сол Атығайдың баласы Есіркеген еді. Баянауылда орыс мектебінде оқып жүрген он алты-он жеті жасар бала жігіт. Зейнептен төрт жас кіші.

Зейнептің Есіркеген атын естігенде төсектен атып тұрмасқа амалы жоқ. Зейнеп он беске шығып, Қоңырқұлжа биыл ұрын келеді екен деп жүргенде Құсбек ауылына барған-ды. Сол жылы Есіркеген де нағашысының ауылына келген. Үріп ауызға салғандай аппақ жүзді, үлкен қой көзді он бір жасар баланы нағашы апалары қызық көріп, бірінен соң бірі үйлеріне шақырып қондыратын. Ол кезде әлі әжетке жарамаған еркек баланы бой жеткен, немесе бой жете бастаған қыз балалардың бір төсекте жанына алып жатуы ерсі емес. Тіпті әке-шешелері бой жеткен қыздарына қорған болсын деп ондай баланы әдейі жатқызады. Есіркегенге Құсбек нағашысының үйіне қонған күні оң жақтағы кең болыскей керуетте екі апасының ортасына ұйықтауға тура келді. Бір апасы осы бой жетіп қалған Зейнеп. Екіншісі Атбасар дуанының бір сұлтанына ұзатылған, енді төркіндеп келіп жатқан Құсбектің үлкен қызы Қадиша деген сұлу келіншек. Қысты күні еді. Үйде сол күні қасқыр қуып, аттары болдырып қонып қалған бір-екі бекзадалар да бар болатын. Құсбек төренің өзі үйде жоқ. Бозбалашылықты басынан талай өткізген сарықарын бәйбішесі, үйінде жатқан қонақтарынан қауіптенді ме, әйтеуір екі қызының ортасына жиен баласын жатқыз- ған. Қыз ояту ол күнде дағдылы әдет. Шам сөнген соң біраздан кейін қара сақалды қонақтың ертегісін тыңдап жатып Есіркеген ұйықтап кеткен. Қанша ұйықтағаны белгісіз Ўлден уақытта оң жағындағы Зейнептің Есіркегенді «сен былай жат» деп құшақтай іргесіне салғанында ғана оянып кетті. Болыскей керует ақырын қозғалып, түйіршік-шиыршықтарының күміс қоңыраудай әлсін-әлсін шылдырлағандарына қарағанда төсектеріне үшеуінен бөтен тағы біреу келген секілді. Мұның нендей мәні барын білетін бала кенет ызасы келіп, қызғаншақтығы ұстап «бұл кім-ей?» деп айқай салып жібермекші де болды. Өйткені бағана төсекке жатқызар алдында үлкен нағашы апасы ойыны-шыны аралас «байқап ұйықта, апаларыңды біреу-міреу ұрлап әкетіп бара жатса, айқай сал», — деп күлген. Бұнысы «байқа, күзетшің бар», — деп қыздарын қорқытқаны еді. Осы сөз есіне түскен Есіркеген бірден айқайлауды ерсі көріп «бұл кім-ай?» деп қолын созғанда, алақаны ертекші қонақтың қара сақалына барып тиген. Баланың бір сойқан шығарарын сезіп қалған Зейнеп дереу Есіркегенге бұрылып, тентек жиенін бауырына қысып, бетінен сүйе бастаған. Дәл қасында жатқан келіншек апасының қуанышы қызықтырды ма, әлде ұзақ созылған кереует дірілі, қауызын ашуға жаңа жеткен гүл жайнаған жас денесінің сезімін оятты ма, Зейнеп «біз де сөйтейік» деп Есіркегенді бұрынғысынан да құшырлана бауырына қыса түскен. Нағашы апасының сөзін жыққысы келмеді ме, әлде оның ыстық лебі өн бойын қытықтап, бұрын білмеген бір ғажайып дүниеге бөледі ме, Есіркеген әйтеуір Зейнептің қолын қақпаған, дегеніне көне берген.

Ертеңіне Есіркеген апаларынан ұялып үйден таң атпай зытып отырған. Тіпті аулына кеткенше бұл үйге енді қайтып басын да сұқпаған. Содан бері нағашы апасы Зейнепті көргелі келгені осы. Арада алты жыл уақыт өтіпті. Алты жыл жас баланың ер жетіп, ал ер жеткен қыздың дүниенің нелер ыстық-суығын басынан өткізіп үлгіретін уақыты. Зейнеп тез киініп, шымылдықты түрді. Сөйткенше болған жоқ, қамшысын бүктей ұстап Есіркеген «Ассалаумағалейкүм» деп үйге кіріп келді. Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет жеңділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттерінше киінген. Басында — сырты көгілдір пайы, қара көк елтірі бөрік, үстінде — жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектеп тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары да осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік. Есіркегеннің он жетіге жаңа шықса да кәдімгідей қыз қызығар жігіт болып қалғанын Зейнептің ойнақы көзі бір көргеннен-ақ таныды. Ол құшағын жайып қарсы жүрді. Жиенін бауырына қысып екі бетінен кезек-кезек сүйді. Нағашы апасының ыстық ерні, апалық ылтипаттан гөрі ыстығырақ тигенінен қысылып Есіркегеннің екі беті дуылдай жанып қызарып кетті. Әлде бұдан алты жыл бұрын өткен оқиға есіне түсті ме, ол әйтеуір Зейнептің құшағынан қымсына қимылдап тез босанды.

— Ауыл-аймағың, әке-шешең аман ба? — деді Зейнеп жайраңдай, — өзің де үлкен жігіт болып қалыпсың! — Сірә мұның да есіне баяғы түн түскен болу керек, ол сылқ-сылқ күлді, — оқуда деп еді, қала қыздары өздерінің өнегелеріне үйреткен шығар?



Нағашы апасының салған жерден әзілдесе сөйлегені Есіркегенге ұнаған жоқ. Сөйтсе де жылы жауап қайырды.

— Оқуда екенім рас, бірақ қыздардан емес, мұғалималардан өнеге алып жүрмін.

— Қойшы? Олардың өнегесі біздердікінен өзгеше болады ма екен?

Қой сойылып, самауырын қойылды. Қыстан шыққан сүр қазы салынған, таң асқан уыз қымыз ішілді. Ет пісер кезде ауылдың бір-екі ақсақалдары шақырылды. Ет жеп, қымыз ішіп, аз уақыт әңгіме құрып олар да кетті.

Оңаша қалған жиенінен қаланың жайын сұрап нағашы апасы өліп барады. «Қатынды қаладан аласың ба, даладан аласың ба?» — деп қояды сөз арасында. «Қала қыздары біздей емес бапты келетін шығар, көрдің бе өздерін», — деп сылқ-сылқ күледі. Есіркеген ұялғанынан жалтара жауап береді. Он жетіге келіп қалды деген аты болмаса, ол әлі де қауызын жарып шашылмаған гүл тәрізді, қалжыңдаған боп көңіліне шоқ сала сөйлеген нағашы апасына кейде ренжіп қалғандай өкпелей қарап, әзіліне көз жасындай таза мөлдір бұлақ сезіммен жауап береді. Ал Зейнеп болса… бала жігіт ыңғайына көнбеген сайын, бұрынғысынан да өршелене түседі. Төр алдында шәйі көрпе үстінде мамық жастықты шынтақтай сұлаған оқыған жиеніне әлденені дәметкендей әлсін-әлсін телміре қарап, оны отты көздерімен ішіп-жеп барады. Ірге жақта көлбей, ақ жастықты бауырына қысып етпетінен жатқан күйі, кейде екі аяғын кезек-кезек көтеріп қояды. Аяғын көтерген сайын тығыршық аппақ балтыры әлсін-әлсін жарқ етіп көрінеді. Әлденені сылтау етіп, ақ саусақтарымен басына басы таяй түскен жиенінің біресе бетінен сипап, біресе ойнағансып тамағынан қытықтайды.

Нағашы апасы мен жиенінің оңаша шүйіркелескенін қазақ қашан ерсі көрген, ешкім бұл екеуінің күні бойы ақ отаудан шықпай әңгімелескеніне көңіл бөле қойған жоқ. «Бейшаралар бауырлас емес пе, бірін-бірі сағынып қалған ғой», — деді де қойды. Ал ақ үйдің ішінде әңгіме тіпті бөтен түрде. Еріккен жас келіншек, оқыған жас бала жігіт. Бірі арсыз нәпсі қызығын ойласа, екіншісі бөтен ойдан мүлде аулақ. Зейнеп пен Есіркегеннің арасы ересек қаншық иттің жас күшікпен ойнағанындай. Ойлары мен тілектері шалғай жиені мен нағашы апасы ананы-мынаны әңгіме етіп, ит тартыста отырғандарында екінді әлеті де болып қалды. Есіркеген атасы Масан бидің «Нағашы апаңа сәлем беріп қайт» деген ақылымен келген еді, енді еліне жүрмек болды. Бірақ Зейнеп жібермеді. «Сағынып-сарғайып, күтіп жатқан қатының жоқ, бір күн қонып кет», — деп өлердегі сөзін айтып жалынды. Есіркеген сыртқа шығып, ағайын-туыстарының үйлеріндегі өзге серіктерімен ақылдасып еді жас шіркіндер көңілдерін жықпас құрбы-құрдас тауып алған ба, тегіс осы ауылда бір түнеп кетуді мақұлдады. Амал жоқ, бала жігіт те қонуға көнді. Зейнеп Есіркегеннің өзге серіктері мен бір-екі ауыл кісіні үйіне шақырып кешкі қонақ асын берді. Олар біраз уақыт әңгіме-дүкен құрысып, түн ортасы ауа тарқасты. Енді төсек салатын мезгіл де жетті. Нағашы апасы жиенінің үстіне қызыл жібек түбіт көрпе жауып, астына ақ мамық жұмсақ бөстек жайып, төрге жатқызды. Сегізінші шамды күндегісінен кеш сөндіріп, Зейнеп шымылдығының ішіне кіріп шешіне бастады. Жалғанда нәпсісі қозған жас әйелге, қара тастай мызғымас еркекпен бір үйде оңаша жатқаннан артық азап бар ма екен, Зейнепке де бұдан артық азап болмады. «Ат соғып тастаған екен» деп ойласын деп басы жастыққа тиісімен жорта қорылдауға айналған бала жігітке не дерін білмей, іші алай-түлей жанып барады. Неше бүгін қара бет болса да «жаныма келіп жат» деп үйіне келген жиеніне қалай айтсын, қойнына өзі кіріп баруға тағы да дәті шыдамады. Ал дәл қасындағы жігіт оған қолға түспес жұмақ ішіндегі рахаттай, жүрегін удай өртеп маза берер емес. Үстіндегі көрпесін аяқ жағына сырып тастап, ақ мамық төсегінде әрі аунады, бері аунады. Түн де бүгін әлдеқалай тымырсық ыстық бола қалар ма, іштегі жалын мен сырттағы ыстық леп бірге қосылып жас әйелдің еркек құмар денесін оттай өртеп қоярға жер таптырмады. «Бұл күшік еркек кіндікті емес пе!» деп біресе жиеніне ашуланады, бір ретте «жаныңда жатқан қуанышты көрмейді екенсің, несіне еркекпін деп жүрсің», — деп оны үйінен де қуып шыққысы келді. Көз қиығын аударған жігіті көңілдегі мүддесін орындап әбден дағдыланған жас қатын, Есіркегеннің мұны тіпті әйелге санап былқ етпегеніне біресе намыстанды, біресе алдында тізесін бүгіп жалынбақшы болды. Бірақ әйелдің мұндай жағдайына көңіл қояр жігіт жоқ, ол енді пысылдап шын ұйықтауға кірісті.