Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 38 из 82

Бұлардың ішінен әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Бұлардың түбі — Арқаға сіңіп кеткен Орақ ханның баласы Бөкей сұлтанның немере-шөберелері. Құсбек пен Жамантай жайылымға, билейтін елге, аға сұлтандыққа таласып өзара күнде қырылысып жатқанмен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап екеуі бірдей жақын тұтады. Жас тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне Қоңырқұлжаның қандай беделі жүрсе, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан да Қоңырқұлжа Зейнеп пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына қанша батса да төрелердің ескі дәстүріне салып, жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Өз басына қауіп төнген осынау аласапыран кезде Тәуке балаларымен шатысуды қажет деп таппаған. Қасым төре көкжалдарын жеңіп алсам, со да менің тақияма тар келмес деп өзіне-өзі жұбату айтқан. Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал», «ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. Сондықтан да қалың қазақ арасына Бұқар жырау айтқан:

Қатын алма төреден,

Қатын алсаң төреден:

Еркегі болар жау жанды,

Ұрғашысы — ер жанды, —

деп басталатын өлең кең тараған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер жанды», «еркек құмар» салтына еті үйреніп кеткен сұлтандар, егер ел билеу, мансап сақтау тілектеріне шипасы тиер болса, қатын, қыздарының үй арасындағы бозбалашылығына мән бермейтін, көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба тоқып жүре беретін.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының ауызданған салтынан аса алмаған. «Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз бір тентек баланың ыш еткенінен бүліне қоймас», — деп, еркек жанды тоқалдың қылығын баласы Шыңғыс қаза тапқаннан кейін, тіпті ұмытуға айналған. «Кенесарының ойы Ақмола бекінісін шабу секілді», — деген Ожардың алғашқы хабары жеткен күні-ақ Қоңырқұлжа тоқалының аулын төркін жұртының жерімен шектес Есіл өзенінің төменгі жағына көшірген. Өйткені Кенесары жалғыз Қоңырқұлжаға ғана емес, Жамантайға да өшігулі, тек Қарқаралы шалғай болып, әзірге сондықтан ойран сала алмай жүр, ал реті келсе жақын жердегі Тәукенің кіші қызының аулын ең алдымен шабары анық. Осы жағдайды ойлаған аға сұлтан Зейнепті өзінің еншісіне тиетін үш мың жылқымен төменгі түбекке көшіріп тастаған. Бұл жер Құдайменді балаларының анда-санда көшетін тың жайылымы болатын.

әлі ыстығы толарси қоймаған Желтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ, сарғалдақ, бақбақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт тартып, ит мұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ербиіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түскен. Есіл өзенінің жағасында ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сары- ағаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сидия қалған. Соңғы екі жылдың ішінде Құдайменді балалары Ақмола бекінісінен ұзап көшуден қорқып, бұл араға қонбағандықтан күзгі шөп әлі тың. Оның үстіне Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кіші-гірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы. Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән салатын.



Қазақ даласында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қара түлкісі, қырдың қызыл түлкісі, көл, өзендерінің жағасында сусар, құндыз, бұлғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі…

Осы араға Зейнептің аулы келіп қонған. Қоңырқұлжа ұры-қарыдан тоқалының мал-мүлкін қорғау үшін, сойыл сүйреткен елу жігіт күзетші берген. Қарындасының көші Қарқаралы шетіне келіп тоқтағанын естіген Жамантай «Кенесарының сарбаздары аш қасқырдай жортқан мезгіл ғой, ел шетіне келіп қонған қарындасымды шауып кетсе, Құдайменді тұқымының бетіне қарай алмаспын», — деп Зейнептің аулын күзетуге тағы да жүз жігіт жіберген. Жамантайдың сескенетін де қисыны бар. Осының алдында ғана Кенесарының көк бөрілері Есеней аулын шауып кетті деп естіген.

Осындай бір жағы қорған, бір жағы аңдушы жүз елу жігіті бар жас тоқал ойын-сауығын құрып, көк Есілдің жағасында қаннен-қаперсіз жата берген. Оған жан-жағындағы екі елдің қыз-бозбалалары да жиі қатынасуда еді. Зейнепке «Пәленшенің болыс баласы сені бір көруге құмар екен», «Түгеншенің Бұқарға керуен айдатып жүрген мырзасы, бір түндік ұйқыңды қиюың үшін төрт тай шәйі, бес бас қант жіберіпті», — деп бой жете бастағаннан-ақ сөздерін жеңіл өткізіп үйренген жеңгелері де келіп-кетіп жатқан-ды. Бәрі де жас құлынның етін жеп, сары қымыз бен қою шайын ішіп «Еркежан-ау, бөксең әбден толып, өзің Төлегеннің қырық күн шапса болдырмайтын көк жорғасындай жалпақ жаурын болыпсың ғой», — деп қалжыңдап, не болмаса «төрт түлігің түгел, тек енді аға сұлтан байыңа бір ұл тауып беріп, оның дізгінін мүлде қолыңа ал», — деп ақыл айтып көңілін көтеретін. Бұрынғыдай «Еркем-ау, бәленшенің аузының суы құрып жүр, бір түнге көңіл бөлсең нетеді?» не болмаса: «Жас кезде қызық көргенге не жетеді, ағаңның көзіне шөп салмай, етегіне намаз оқып жүр дейсің бе бізді. Сен де құр қалма», — деген секілді Зейнептің жанына майдай жағар сөзді бірде-бірі айтпаған. Ал ауыл ішіндегі көз тоқтайтын төлеңгіт, не болмаса өзін қорғауға берген сарбаздардың бірде-бірі не күндіз, не түнде Зейнептің ақ отауының есігін ашпайды. Ал есігін ашар болса, іштерінде нелер боздақ, нелер саңдақ бар. Оны Зейнеп сырттай аңғарып қалған. Кім біледі, ол жайсаңдардың ішінде де «шіркін-ай, оңашада қолыма бір түсер ме еді!» — деп Зейнепке сыртынан құмартып өліп жүргендер де аз емес шығар, бірақ Қоңырқұлжаның кәрінен қорқады. Жамантай да, Қоңырқұлжа да жігіттеріне «ауыл ішіне кіруші болмаңдар, қостарыңды далаға тігіп, тыныштықтарын сырттан барлаңдар» деген.

Бұл шартты бұзғысы келген, Зейнепке қызыққан кейбір өжет жігіттер, Қоңырқұлжаның сақ құлақ тыңшыларынан сескенетін. Түн жасырғанды тыңшы көреді, жас тоқалдың ебін табамын деп жүріп, кеудесіне қанжар қадауға кім құмар…

Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын Зейнеп, күйеуге шыққалы еркексіз үш күн жатып көрмеген жас денесінің күйіп-жандырған қызуын баса алмай, құшырлай қысқан жүнді кеуде, бура сан жігіттерді аңсап, өліп-өшіп барады… Оған мауқын басар еркек құшағы болмаса, мынау үлде мен бүлдеге бөленген ақ қозы жүнінен бастырған алты қанат ақ отау, көл жағалай жусаған үйір-үйір көк ала көп жылқы, құрметтеп бас иген қыз-келіншек, төлеңгіттердің бірде-бірі қызық емес. Барлық ойы, тілегі, мейлі соқыр болсын, ақсақ болсын тек құмарлық айызын қандырар еркекте ғана… Мауыққан мысықтай көзі тұманданып, ал қызыл бүрте ерні кеуірсініп кеткен.

Ақмолада болып жатқан уақиғадан Зейнеп бейхабар. Шабарман ертең келмек. Әрине, ол байы Қоңырқұлжаға тез жетсін деп әмір жібереді. Кәрі тарланның кей қимылы, жас тұлпарға бергісіз. Сондықтан да Зейнеп оны аңсай түскендей. Бірақ Қоңырқұлжа келгенше де шуда жіптей созылған ұзақ екі-үш күн бар алдында… Зейнеп ызадан құшақтап жатқан ақ мамық жастығын түйгіштеп-түйгіштеп жіберді. Сәске болып қалған кез еді. Енді ол орнынан тұрмақ боп аяқ жағындағы кебісін киіп көтеріле бергенде, кенет үй сыртынан ат дүбірі естілді. Жүрістері өктем емес, баяу. Жай ауыл адамдары секілді. «Бұл кім болды екен?» деп Зейнеп сәл ойланды да, әдеті бойынша есігінің сыртында отыратын күңді шақырды. Есікті ақырын ашып үйге кексе қара бұжыр әйел кірді.