Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 37 из 82

Бес минут өтпей зеңбірекшілердің:

— Дайынбыз! — деген дауыстары естілді.

— От! — деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп.

Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс-гүрс етті.

— Солай ма екен! — деді қуанып кеткен Қарапұшық.

Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан құлап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды. Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті. Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды. Бұ жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.

Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. Екі жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жан- ған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғаш- қы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. Бұ жолы да жиырма шақты жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты. Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді.

Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды.

Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын көрді. Бәрі бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін, қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:

— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? — деп айқай салды.

Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.

— Жолың болсын! — деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.



Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.

Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді.

Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды.

Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кер төбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:

— Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғай- ланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.

Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды. Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толас- тады.

Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді.

Осы жолы Ақмола бекінісін алуда еткен қаһармандық қайраты үшін Кенесары Төлебайды Жеке батыр атады. Көп кешікпей Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жеке батыр бастаған Кенесары сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды.

Зеңбірек пен карабинді, аға сұлтан мен старшинды жеңуге болатынын көрген, әзірге үндемей келген кейбір рулар енді Кенесары ордасына қарай ағыла түсті. Кенесарының абыройы да, қадірі де артты. Бірақ жан аямас қаталдығы көп елді өзінен үркітті. Алайда соңынан ерген батырлары оны ұлт қаһарманына айналдыруға тырысты. Ал Кенесары өзі болса «Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, әлі де ақ патшамен шын белдесіп күресуге күшінің жеткіліксіз екенін жақсы түсінді. Енді ол бұлаң құйрық түлкі қулыққа салып патша солдаттарымен жата-жастана ұрысып, қазақтың ереуілге қосылмай жат- қан басқа руларын өзіне тартуға кірісті.

ІІІ

Ақмола бекінісінен айырылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес Есілдің Ертіске қарай бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген. Кенесарының көтерілісі дами бастағаннан-ақ оған дәт беріп отырған жер-суынан айырылған қалың елдің қаһарынан сескеніп шын көңілмен қосылған Азнабай балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның мыңды айдаған бірнеше шынжыр балақ, шұбар төс байлары Кенесарыға «Біз сендер жағындамыз» деп жалған ниет білдірген. Тіпті сол патша отаршылығына мойын ұсынып, шен алып, шекпен киген сұлтан тұқымдарының кейбіреулері Кенесарыға қосылып кеткендей болды. Уәлиханның екінші баласы әбілмамбет (Мәмке) Кенесарыға еріп, жорықта қаза тапты. Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан қойдың» деп ақ патшаға қарсы көтеріліп, Қасым балаларына келіп қосылған. Абылайдың туған ағасы Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай секілді Абылай тұқымынан шыққан бірнеше сұлтандар Кенесары жағына бірден ауған… Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар, Ар- ғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді табанды бай, би, сұлтандар болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп қорыққандары, уақытша болса да ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін, қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы, Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней.