Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 36 из 82

— Байтабын батырды менің жасағыма берсең қайтеді, Науанжан? — деді күлімсірей.

Наурызбай қабағын шыта қалды.

— Неге?

— Керегі бар.

— Жақсы, — деді Наурызбай апасының өтінішін жерге тастаудың ретін таба алмай, — Ақмола бекінісін алғаннан кейін Байтабынды сіздің жасағыңыз- ға мүлдем берейін, оған дейін қинамаңыз. Байтабынның менің жасағымдағы орны бөлек…

— Болады.

— Қашан аттанбақ ойыңыз бар?

— Бопай ері түзелген кер бестісіне еркектерше жеңіл мінді.

— Бүгін түнде.

— Жолдарың болсын.

— Айтқаның келсін.

Бопай мен Ақбөкен жөнеле берді. Олардың соңынан анандай жерде тұрған төрт салт атты қарауылы желе аяңдай ерді.

Наурызбай мен Байтабын:

— Қош болыңдар, — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан дауыстап. Бірақ ана екеуі жауап қайырмады. Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан шыға өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.

— Батыр, Ақтастағы қолға барсақ қайтеді? — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан әлі қарап тұрған Наурызбайға Байтабын.

Наурызбай тез бұрылды.

— Неге?

— Алтайдың бір жас мергені келді. Екі жүз қадам жерден лақтырған тымақты садағымен қағып түсіреді. Соны көрсетейін деп едім.

— Жоқ, Байтабын, — деді Наурызбай, — мерген мен жүйрік ат, қыран бүркітті тамашалап серуен құратын уақыт енді бізде жоқ. Бір жетіден кейін Қараөткелді алуға аттанатынымызды өзің естідің. Қарамағымыздағы мыңды соған дайындауымыз қажет. Күні ертеңнен бастап қамал алу тәсілін үйренуге кірісеміз.

— Ұқтым.



— Ал бүгін Миколай екеуің бар әскерді сасырлы ойпатқа көшіріңдер. Таң- ертең қару-жарақтарымен дайын тұрсын.

— Миколайдың өзі қайда?

— әне келе жатыр.

Наурызбай мен Байтабын Николайға қарсы жүрді. Бірақ жетер-жетпестен бір қараша үйдің есігінің алдында тұрған Алтыншашты көріп екеуі бірдей кілт тоқтай қалды. «Адам баласының да мұндай әдемісі болады екен!» деді ішінен таңданған Байтабын. Ойламаған жерден жүрегіне оқ тигендей аяғын баса алсайшы енді ол. Жуан қос бұрымы жерге шұбатылған, аппақ бетінің ұшы сәл қызара үлбіреген, танадай көзі қарасудай қап-қара боп тұна мөлдіреген Алтыншаш есік алдында сәл тұрды да бұлт астына қайта кірген күміс айдай жоқ болып кетті. Ар жақтарынан Николай келіп жетті де үшеуі аттарына қарай аяңдады.

Байтабынның кенет өзгере қалған қалпын сезген Наурызбай езу тартып күл- ді де:

— Алтыншаш десе Алтыншаш екен әлгі келіншек! — деді Байтабынға қарап.

Байтабынның қабағы кенет салбырап кетті. Ол Алтыншашты басы бос қыз ғой деп ойлап қалған еді.

Үш жігіт енді өзара сөйлесе ауылдың шетіне шыға берді.

… Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты деген хабар келесі күні-ақ бүкіл Сарыарқаға жамырай тарады. Бұл хабармен бірге войсковой старшина Симонов басқарған Ақтау бекінісінен шыққан екі жүз солдат Бопай алып келе жатқан малды алып қалмақ боп алдынан кетіпті және Омбыдан Ақмола гарнизонына көмекке аттанған жүз солдат та Көкшетауға қарай бұрылыпты деген хабар ұзын құлақтан дереу бар елге тарады. Кенесарының күткенінің өзі де осы еді. Ақырғы екі-үш күннің ішінде ол суыт жүріп, әскерінің тең жартысын Қорғалжын көлінің төменгі саласына әкеп қостатқан. Ал қалған жартысын Атбасар жақтан орағытып, Есілді жағалата Қараөткелге иектете орналастырған. Күніне жүз жиырма-жүз отыз шақырым жерді жай алатын қазақы жылқыға енді Ақмола бәлендей алыс емес-ті. Кенесары осы ат тынықтырып жатқан жерінен тамыз айының алтысы күні сәскеде көтерілді де, ымырт үйіріле Ақмоланың маңына шоғырланды. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық ертеңіне таңертең төсектерінен тұрғандарында кеше ғана тып-тыныш жатқан кең даланың, бүгін құжынаған қол екенін көрді.

Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып, оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі. Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған мынау қара нөпір қол — бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген), бес жүз мың адамдай боп көрінді.

— Япырмай, — деді таңданған Қоңырқұлжа, — мына Қасымның көкжалы үш жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?

Қарапұшық аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған.

Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірде асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр. Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! әйтсе де Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның көрмеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің аузына байлап атып үйренген. Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен қаншасын қирата алады? әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-үш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі қаншама уақыт алар бір қияпат іс!

Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет Қоңырқұлжаның:

— Ойбай, үйлер жанып жатыр! — деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті. Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен! Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.

Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Халдерінің қиынға айнала бастағанын енді түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді көрсетермін!».

Қарапұшық бағанадан бері Кенесары сарбаздарына оқ жаудырып жатқан солдаттарының қырыққа таяуын амалсыздан өрт сөндіруге жіберді. Қалғандарына жолдастарын жоқтатпауды бұйырып, зеңбірекшілерге:

— Зеңбіректеріңді ордың ернеуінен алып, анау қалың қолдың дәл ортасына меңзеңдер, — деп ақырды.