Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 35 из 82

Кенесарыдан үміт үзген Арыстан ақын енді басын көтеріп, тізесінен отырды. «Өлсем де адамдығымды жоғалтпай өлейін» дегендей бойын жинап, үстіндегі киімін жөндеп Кенесарыға қарады. Үлкен бұйда пышағын жалақтатып, тамағынан орып жіберейін деп, жанына келіп, сақалынан ұстай берген Қараүлектің қолын қағып жіберіп:

— Менің қаныма жерік болсаң ішерсің әлі-ақ, сәл шыдай тұр, — деді. Сөйтті де Кенесарыға тағы да қарады. — Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер.

— Айт датыңды.

Қараүлек те түсініп кейін шегінді. Арыстан қанатын сілкіп қомданған ұшар құстай, сәл бой түзеп алды да, екі көзі жаудырап Кенесарыға қарап ән шырқап қоя берді.

Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,

Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын.

Атаңа алты қатын алып берген

Атығай Қарауылдың баласымын.

Кенесары «болды» дегендей қолын көтерді.

— Аталы сөзге арсыз тоқтамас. Абылай атама бабаларының істеген жақсылығын алдыма тартты ғой, қоя беріңдер, — деді.

Бағанадан бері үндемей тұрған батырлар кенет жадырап, бір дауыстан:

— Уа, пәле, міне аталы сөз! — десіп шулап қоя берді.

«Қандай ақылгөй жан еді, деді ішінен тағы Жүсіп, ел билейтін серіктерінің де көңілін таба білген жөн. Ағылшындар «патшаны патша істейтін патша емес, жанындағылар» деп тегін айтпаған ғой».

Бірақ Жүсіп Кенесарының мейлінше рақымсыз жан екенін білмейтін. Қазір босатылып тұрған Арыстан ақын, сұлтанның бұйрығы бойынша, үш күннен кейін «ат теуіп өлтіріпті» деген лақаппен Қараүлектің қолынан қаза табатыны дәл осы сәтте оның ойына мүлде алмаған іс еді. Сондай-ақ Кенесарының қолға түскен солдаттарға да бірден қатты келмейтіні өз жағына шығару саясаты екенін Жүсіп көп ай өткен соң барып бір-ақ түсінді. Ал алғашқы кезде мұны сұлтанның кеңпейіл, ақ көңілдігінен деп ұққан-ды.

Төре шешіміне риза болған батырлар сыртқа шықты. Әрқайсысы өзінің атқосшысы ұстап тұрған атына қарай беттеді.

Байтабын мен Ақбөкен сонау Елек пен Ырғыз өзенінің бойынан Қарақойын Қашырлыдағы Кенесары әскеріне келіп қосылғалы, Байтабын Наурызбай жасағына, батыр қыз Ақбөкен Бопай тобына берілген. Байтабын мен Ақбөкен қосылады екен деген сыбыс болатын, бірақ неге екені белгісіз, бұл сыбыс сол сыбыс қалпында қала беретін. «Біз қосыламыз», — деген сөз қыздың, немесе жігіттің аузынан шыққан емес, екеуі ағалы-қарындастай сыпайы сөйлесіп қана тілдеседі. Мұндай мінездеріне қарап кейбір жұрт «бұлары несі?» деп таңданса да, ақылға салған бағда біреулері «Бөтен елде жүрген соң қымсынатын шығар, өз елдеріне барған соң да уақыт жетер», — дейтін де қоятын.

Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді. Ақбөкен еді бұл. Ол батыр Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері. Наурызбайдың жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді. Ақбөкенді алғашқы кездестірген күннен бастап кіші сұлтан осындай бір ауруға шалдыққан-ды. Наурызбай ауруының өрши түсуіне Ақбөкеннің өзі себеп болған. Патша әскері шабуылынан ауылдың бір тыныш күні Көшек сұлтанның Айғанша атты тоқалы ұл тауып, жұрт ұлан-асыр тойға жиналған. Жастар жүрген жерде көкпар, балуан күресі ежелгі салт. Осы қан базар қырғын мерекеде Наурызбай мен Байтабынға күресуге тура келген. Өзінен екі жас үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды. Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.

— Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе? — деген Ақбөкен қара жор- ғаның шылбырынан ұстап жатып.

— Айыбым.

— Бәсе, — деген Ақбөкен тостағандай көзі жарқ ете күліп, — ауылыңызға келген бауырыңызға күш көрсететіндей өкпеңіз жоқ секілді еді…

Ол кезде әзілге әзіл қайтару жастық салты.

— Өкпешіл үніңізге қарағанда, менің жығылғанымды тілегендейсіз ғой, қарындас, — деді Наурызбай күлімсірей, — ондай тілегіңіз болса күні бұрын құлағыма неге сыбырлап қоймадыңыз?..

Ақбөкеннің қарақаттай қара көзі күлімдей түскен.



— Сыбырлағанды орындайтын болсаңыз, әлі де кезі келер.

— Уәде, — деген Наурызбай қолын беріп.

Ақбөкен екі беті дуылдай қызара, ұзын ақ саусақтарын қымсына ұсынған. Неге екені белгісіз Наурызбай оның қолын алып жатып, қыздың саусақтарының дірілдеп кеткенін сезген.

Шынында Байтабын Наурызбайдан күші жетпей жығылған жоқ еді. Бие сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің оң жамбасы мен оң қолында екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе онымен пара-пар түсетініне көзі жеткен. Бірақ жоқ жерден аяғы көде шөптің үстінен тайып кетіп, ерлік намысын сақтай алмай жығылған-ды. Бірақ мұнысына ол пәлендей қорланған жоқ. «Наурызбайдан мендей көп батырдың бірі жығылғанына жұрт күлді де қойды. Менен қолбасы Наурызбай жығылса, абыройы айрандай төгілер еді», — деген ол ішінен.

Ал Ақбөкенге Байтабынның жығылуы үлкен әсер етті. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», жиырмадан аспай жатып атағы алты алашқа жайылған, әрі әнші, әрі сал, өзі төре Наурызбайды Ақбөкен жақын көруге құштар еді. Оны Байтабынды жыққан жеңіс үстінде көрді, және Наурызбайдың өзінің шеттен келген жас балуанды жығуын «айып» санаған кең пейіл мінезі, ерлікті, адамгершілікті дәстүр етіп өскен қазақ қызына үлкен ой салды. Махаббат деген күн сәулесінен құрылған алтын тор секілді емес пе, Ақбөкеннің жүрегін сол тор кенет шырмай бастады.

Бұл не сезім? — Ақбөкеннің өзі де бірден ұқпады. Ал Байтабынға деген жүрегі бұрынғыдай лүпілдемей, күннен-күнге баяу соға түскендей. Мұны қыз анық түсінеді. Бірақ бұл не? Бір кезде жақсы көрген Байтабынын ұмытуға айналғаны ма? Бір мінезді, уәдеден айнымас қазақ қызына лайықты қылық па бұл? әрине, лайықты емес, әсіресе жас кезінде көңілің шын кеткен болса… Бірақ соның өзі рас құлай берілу ме еді? әлдеқалай соққан жастық желі емес пе екен? Кәрі Серғазыдан құтылудың жолын іздеп арпалысқан жас көңілдің қолдан жасап алған махаббаты болып жүрмесе нетсін! Шын сүйген жүрек бөтенге бұрылмаса керек еді, мұнысына қарағанда Байтабынға деген сезім махаббаттың шын отынан тумаған жай әшейін балалық сезім тәрізді. Ақбөкен шын махаббатты енді ғана түсінгендей, сондықтан да оның қиялы көкке шарықтап, жүрегі лүпілдеп, жиі-жиі соғады…

Осыдан бір ай бұрын Байтабын жорықта жүргенінде Наурызбай мен Ақбөкен бір шілдеханада кездесіп қалған. Екеуі қарама-қарсы отырып шаршы топ алдында айтысқан… Сол айтыстың аяғында бәсекелесіп тобық алысқан. Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жас- тың өздері ғана түсінетін бір терең сыр да бар…

Осының бәрін Байтабын біле ме? Білсе қорланбай қалай шыдап жүр? Бұндай іске шыдау үшін қандай жүрек, қандай ұстамдылық керек? әрине, Байтабын өзіне төнген жамандықты сезбей жүрген жоқ. Бірақ «ел басына бұлт түнеріп тұрғанда, бір қыз үшін әлек болуымның реті келмес» деп өртенген жүрегін ақылмен басуда, Наурызбай мен Ақбөкеннің арасында басталған ойынның аяғын күтіп, өзіне өзі сабырлық айтып шыдай беруде еді.

Ақбөкенге ордадан шыққан Байтабынның да көзі түскен. Бірақ кіші сұлтанның қызға қарай беттегенін көріп орнында тұрып қалған.

Ал қызба көңілді Наурызбай өзін өзі ұстай алмай Ақбөкеннің жанына жетіп келді.

— Арсың ба, қарындас?

— Барсың ба, батыр?

— Наурызбай қалжыңдай күлді.

— Ақбөкеннің бір қапы кезіне кездескен-ақ шығармын, тобығымды бер!

— Сіз секілді арыстандар Ақбөкеннің қапы кезін үнемі аңдиды. Бірақ Ақ- бөкен оңай қолға түсе қойса жарар еді. — Қыз күлді де тілінің астынан тобықты алып берді, — мінекейіңіз…

— Япырмай, тым берік жерге сақтайды екенсіз…

— Қадірлі адам берген соң…

Осы кезде ақ ордадан Бопай шықты. Ол анандай жерде тұрған Байтабынға бірдеме деді. Екеуі бұлардың қасына келді. Байтабын сыпайы ғана амандасты.

— Арсың ба, Ақбөкен?..

— Барсың ба, Байтабын…

Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді. Бопай Ақбөкенге көз қиығын тез аударды да Наурызбайға қарап: