Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 34 из 82

— Бекініске түнде шапқан жөн бе деймін, — деді Бұқарбай батыр, — Тентек төре Сайрам мен Созақты алғанда қалың қолмен түнде кірген екен.

— Түн сөзсіз жау, екі жаққа бірдей, — деді Кенесары, — Созақ пен Сайрамда Тентек төренің бекініс қақпасын ашқан адамдары болды. Ал біздің кіміміз бар? Қарапұшақ пен Қоңырқұлжа тек өздерінің сенімді нөкерлері мен сыпайларын ғана қалдырып отыр. Қарасу бойындағы балықшы мұжықтарға біздің тимейтінімізді біліп, бекініс ішіндегі аздаған келімсек қатын-балаларды сонда жіберіпті деген сыбыс бар.

— Төре, — деді есік жақта отырған өзгелерден анағұрлым шоқтығы биік, еңгезердей Басықара батыр, — алдымен құдай, содан кейін өзің деп соңыңнан еріп едік, ақылын өзің тап. Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде болса, оны ашып айт!

Кенесары сәл кідіріп отырды да, алдына ақ дастарқан жайғызып, үстіне уыстап тәспінің қара, ақ бұршақтарын төгіп салып, Ақмола бекінісін қалай алу керек екенін тәптіштеп айта бастады. Кенесарының айтып отырған әдісі отырғандарға бірден ұнады. Бекіністі алатындарына енді алдын ала көздері жеткендей, иықтары көтеріліп, жүздеріне жігер енді.

— Мақұл десеңдер осы тәсілдерге тоқтайық, — деді Кенесары жайбарақат пішінмен сөзін аяқтап.

— Тоқтадық, — деді үйде отырғандар бір дауыспен, — еншалла, жолымыз болар.

— Іске сәт!

— Олай болса… — Кенесары сәл кідірді де тағы да Сидақ қожаға қарады. — Жаз. Бұл біздің екінші жарлығымыз болсын. Ертеңнен бастап мың басылар, жүз басылар әлгі айтқандарды бұлжытпай орындау үшін әскер ойынына кіріссін. Бір жетіден кейін аттанамыз.

— Мақұл.

«Дана шешім, деді Ақмола бекінісін қалай алмақ болғанын айтқан Кенесарының ойларына таң қалған Жүсіп, әліпті таяқ деп білмейтін қазақ… Қандай ақылды айла тауып отыр. Заты сұлтан болса да, халық өзінің көсемін дұрыс тапқан екен».

Үйдегілер енді тарай бастаған кезде, кенет сырттан шу естілді. Батырмұрат пен Николай беліндегі тапаншаларын суырып алып үйден ата жөнелді. Аздан кейін Батырмұрат қайта кірді.

— Арыстан ақын ұсталған екен. Қараүлек пен жаңа келген қашқын жігіт әкеп тұр. Қатын-қалаш өшімізді өзіміз аламыз деп тап-тап береді. Шу соныкі екен.

— Алып келіңдер! — деді Кенесары қысқа бұйырып.

Арыстан деген Атығай руынан шыққан кедей ақын. Бір кезде Саржанның жасағына да ерген. Тілге шешен, сөзге бай, әсіресе қазақтың қисса, дастандарын жақсы білетін, түні бойы жыр айтуға болдырмайтын қарадан шыққан дарын. Кенесарыға жоқ жерден өкпелеп, аға сұлтан Қоңырқұлжа жағына шығып кеткен. Соңғы кездері қазақ ауылын шабатын патша жасақтары мен қазақ жерін картаға түсіретін орыс саяхатшыларына жол көрсетіп әбден байып алған. Өз арасынан шыққан опасызды өте жек көретін жұрт, Арыстанға әбден тісін қайрауда еді. Шабылған ауылдардың обалы да, жылаған кемпір-шалдың, қатын-баланың көз жасы да осының мойнында деп ойлайтын. Адамы оққа ұшқан кейбір ер жүректі жігіттер Арыстаннан кек алатын күн болар ма екен деп кіжінетін. Бірақ үнемі патша жасағымен бірге жүретін Арыстан олардың қолына түсе қоймайтын. Ал расында Арыстанда жер көрсетуден басқа еш жазық жоқ еді. Ол бірде-бір адамның қанына ортақ емес-ті. Сондықтан өзін бәлендей айыпты санамайтын. «Біреу малымен, біреу жеріменен күн көреді. Ал менің күн көрер нем бар? Жалғыз атты кедеймін. Мейлі, жұрт қалай ойласа олай ойласын, есек құйрығын жусаң да мал тап дегендей, земтемірлерге жол көрсетіп күнімді көрсем оның несі айып. Мен істемесем мұны басқа біреу істейді» деп ойлайтын ол. Арыстанның мұндай жолға түсуіне өзі кінәлі болса да, Кенесары оны сатылған санап, егер қолыма түссе басын алармын, өзгелерге үлгі болсын деп әлдеқашан шешкен.

Үсті-басы қан-қан болған шоқша сақалды тұрымтайдай кішкентай қара кісіні екі адам екі жағынан қолтықтап үйге алып кірді. Оң жағында Қараүлек — Кенесарының бас жендеті. Бұл әр саусағы жаңа туған баланың білегіндей, сала құлаш кеудесінің жүні көдедей, салпы ерін, кірпік қақпайтын мысық көз, аяушылық дегенді білмейтін қатыгез, алпамсадай қара кісі. Ұрлық істеп қолға түсіп, Созақтың бір байы дарға аспақ болып жатқан жерінен Кенесары сатып алған. Құнына бір қарақшыдан тартып алған жетектеп келе жатқан қара үлегін берген. Мылқау ұры аты-жөнін айта алмаған соң, жұрт оны өзінің құнына берілген түйенің атымен байланыстырып Қараүлек деп атап кеткен. Үлек десе үлектей. Шуда көкіректі, түйе тірсек бір алып. Атына денесі сай. Оның үстіне өзін ажалдан аман алып қалған Кенесарыға жан-тәнімен берілген. Иесі шаш ал десе, бас алады. Айтқанын екі етпейді және сұлтанның әмірі дұрыс па, бұрыс па ол жағында шаруасы жоқ, «қожам айтты мен дайын» бір ноқай. Кенесарының ымынан ойын түсінеді.



Таяқтан аяғын әзер сүйреткен Арыстанның сол жағынан қолтықтаған Ожар. Бұл келгелі де айға таяп қалған, Сейтеннің үзеңгілес серігі, Тайжанның жалғыз қызына үйленіп, абақтыдан қашып шыққан Ожарды Кенесары құшағын жая қарсы алған. Отау тігіп, алдына мал салып берген. Бұл жақсылықтың есесіне ол келгеннен соң күн өтпей жатып… жылпық сары Сәмен арқылы Қоңырқұлжаға Кенесарының қарамағында қанша сарбаз барын хабарландырған. Бүгін таң- ертеңнен бері де Кенесары ордасында болып жатқан мәжілістің жайын біле алмай әбден мазасы кеткен. Мың басы, жүз басы батырлардың тегіс келгенінен, бұл мәжілістің тегін мәжіліс емес екенін іштей сезген. Қанша білгісі келгенмен, алыстан торлағаны болмаса, жақын баруға біреу-міреу кім екенімді сезіп қалар деп көңілі дауаламаған. Осындай күйде жүргенінде сойылға жығылып қолға түскен Арыстанды ауыл адамдары бір қараша үйге қамап қойғанын естіді. Ол енді өшіктіре сөз тастап, жұртқа Арыстанды Кенесары ордасына апарудың керек екенін айтады. Ондағы ойы Кененің көзіне түсумен қатар, ыңғайы келсе, мәжіліс жайын аңдау. «Кім біледі, біреу болмаса біреу абайламай бір сөз айтып қалар. Зирек жанға о да жеткілікті». Арыстан Кенесарыны көрісімен, ең соңғы күшін жинап, еңірей аяғына жығылды.

— Жаздым, жаңылдым, Кенесары. Күнім үшін жер зерттеуші земтемір орыс- тарға жөн көрсеткенім рас. Бір жолға кешір. Өмір бақи құлың болып өтейін.

Кенесары сазарған қалпынан өзгерген жоқ. Қанын ішіне тартып, тіпті сұрланып алды. Ол аяғына жығылып жатқан Арыстанға қарамастан:

— Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең. Өзге жылқыны сау алып қалу үшін оған аяу болмасқа тиісті. Үкім біреу-ақ — өлім!

«Халқыңның қамын ойлар болсаң, ең алдыменен оның бірлігін ойла» деп ішінен Жүсіп, «опасызға Кенесары дұрыс үкім айтты».

«Қатал, әйтсе де әділетті».

Бірақ бұл не? Өзге батырлар әдеттегідей Кенесарының шашбауын көтеріп неге «дұрыс» деп бастарын шұлғымайды? Бәрі бірдей неге төмен қарап қал- ған? Ағасының айтқанын тұмар тұтатын Наурызбайдың өзі де неліктен тұнжырап кетті?

Жүсіп таңданғандай үйдегі адамдардың бетіне тағы бір көз тастады. Ешкім басын көтерер емес. Өздері өлім жазасына бұйырылғандай қабақтары түсіп кеткен.

«Ғажап халық, деді ішінен тағы да Жүсіп, майданда кездессе жаудан қорқу, немесе оны аяу дегенді білмейді. Ал айыбын мойнына алып аяғына жығылса, қанды кекті қасы болса да кешіргісі келіп тұрады. Қандай үлкен, абзал жүректі жұрт. Бұрын атуға оғы жоқ боп жүрген Арыстан қолдарына түсіп еді, оның сақалды басымен жасын сорғалатып кешірім сұраған түрін, кенет аяп, ажалға қиғылары келмей тұр. Үкімін өзге жұрттың қостамағанын Кенесары да сезген тәрізді. Енді не істер екен?»

Кенесары тұнжырай қалған батырларының бетіне көзін бір салып өтті де, қабағы бұрынғысынан да түксие түсіп, қолымен Арыстанды меңзеп:

— Қазір, осы арада ал мынаның басын, Қараүлек! — деді зілді үнмен.

Жұрт бұрынғысынан бетер тұнжырай қалды. Бірақ Кенесарыға үкімің дұрыс емес деуге ешкімнің де батылы бармады. Қостамағандықтарын сазарған түрлерінен ғана аңғартып отыр. Ал сұлтан серіктерінің ойына түсінсе де, бір айтып қалғаннан кейін, өзінің абыройын сақтап, кесімінен қайтар емес.

«Дұрыс, — дұрыс, — дейді ішінен Жүсіп, осылай қатал болсаң қарамағыңдағыларың да тәртіпке, әдепке үйренеді. Айтқанынан қайтпайтын қолбасшы қашанда жауынгерлері алдында абыройлы».