Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 33 из 82

— Атаман Лебедев бастаған бес жүз солдатты жасақ осы жылы маусым айында Торғай өзені мен Жәнтөре-Керубе бойында көшіп жүрген Қарпық, Темеш руының ауылдары мен Саржан сұлтанның ауылын шауып, төрт жүз адамды өлтіріп, жүз адамды ұстап әкетті. Оның ішінде Баянды би бар.

Кенесарының көзі сұрғылттанып, қабағы түксиіп:

— Тағы? — деді.

— Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен войсковой старшина Карбышев басқарған бес жүз кісілік жасақ шілде айында Айырқұмда көшіп жүрген Күшік сұлтан мен Сидақ мырзаның ауылдарын шауып, жиырма бес еркек, сегіз әйел, жиырма бір қыз баланы оққа ұшырып, сексенге таяу адамды тұтқын етіп алып кетті. Оның ішінде…

Кенесары жауар бұлттай түнеріп кеткен.

— Жетеді, — деді ол ашуын әзер басып, — ал біз қандай қайрат көрсеттік? — Сидақ мырза, соны айтыңыз,

Сұлу мұртты, биязы қимылды Сидақ қожа орнынан асықпай тұрды да:

— Біз де есемізді жіберіп жатқан жоқпыз, — деді қолындағы қағазына қарап тұрып: — Ақтау коменданты войсковой старшина Симонов шығарған бірнеше уақ отрядтарын құрттық, көптеген қару-жарақты қолға түсірдік! Войсковой старшина Симоновтың өзі бізбен бір айқасқанында он тапанша, тоғыз мылтық, он үш қылыш, жеті, найза, төрт жүз тоқсан бес мылтық оғын, төрт жүз тоқсан тапанша оғын тастап қашты. Қазір біздің қолымызда осындай ұрыстан түскен жүз елу мылтық, тоқсан тапанша, екі жүз он қылыш бар. Кенесары батыр бастаған қолдың қаһары әсіресе халқын сатқан сұлтан, билердің ауылдарына тігілулі. Биылғы жылдың жеті айының ішінде орта есеппен мұндай жағдайда қолға бір миллион сомнан астам мал-мүлік түсті.

— Соның бәрі тек сұлтан ауылдарынан ғана тоналған ба?

— Жоқ, бұның ішінде ұсталған керуендердің мүлкі мен патша қызметіндегі тілмәш, пристав, урядник секілді шенеуніктердің және Ақтау бекінісіндегі адамдарының да мал-мүлкі мол.

— Орыс қарашекпендерінен қанша ақша кірді? — Кенесары тесіле қарады.

— Азғантай. Бар болғаны жүз сомға жетер-жетпес, онда да Қарқаралы маңынан..

— Дұрыс, — деді Ағыбай Кенесарымен құрдастығын пайдаланып, еркін сөйлеп, — жазығы жоқ орыс мұжықтарын шабудың қажеті қанша. Бұдан бізге зияннан басқа түсері жоқ, бұқараны босқа өшіктіріп аламыз.

— Жөн, — деп екі-үш батыр басын изеді.

Кенесары үндеген жоқ.

— Негізгі үлес халқын сатқан аға сұлтан, ел тонап жүрген саудагер, патша қызметкерлерінікі, — деді сөзін қайта жалғап Сидақ қожа. — Бір ғана Құдайменді балаларының аулынан жиырма мың жылқы қуып алдық. Қазір сәйгүлік жүйрік мінбеген бірде-бір сарбаз қалмады.

Кенесарының иіні көтеріле түсті.

— Қоңырқұлжа Омбыға жазған хатында бізден он екі мың жылқы алынды депті ғой…

Сидақ қожа мұртынан күлді.

— Енді не десін? Қоңырқұлжа қазақтың қара бұқарасы түгіл, генерал-губернаторлардың өздерін де алдап жүрген саудагер, патша єызметкерлерінікі, — деді сЈзін бес мыңнан асса аға-сұлтандарға да салық салатын болған соң Құдайменді балалары барымыз он екі мың жылқы деп көрсеткен. Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты. Ағыбай батыр сол жылқыны қуып әкелуге Кенекеңнен қашан рұқсат болады деп күнде сұрайды…

Кенесары байсалды жауап берді.

— Арғы түбек бізден шалғай… Әзірге оны қоя тұрыңдар, қазір басқа шаруалар да жеткілікті. Тағдыр жазса алысқа кетпес.

— Япырай, — деді шын таңданған жалғыз атты Бұқарбай батыр, — адам баласының да Қоңырқұлжадай байы болады екен-ау!..

— Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? — деді Бопай сәл қабағын шытып, — патша жанаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды, — Бопай кенет ағасына ашулана қарады. — Қашанғы ол қаншықты басымызға шығарып қоямыз? Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды.

Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.

— Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең, өзің шап!

Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.



— Жөн.

— Тапқан ақыл.

— Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.

— Уәлиханның аулына жолай соғасың, — деді Кенесары аз сөйлей, — ең алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.

Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.

— Мен дайын. Қарамағымдағы алты жүз адаммен мен бүгін түнде жүруге бармын.

— Жөн, — деді Кенесары, сөйтті де Сидақ қожаға қарады, — солай деп жарлық берілсін. Аманқарағай приказына жетуге бес күн керек. Бір күн төмендегі тоғайда тынығуға мұрсат берілсін. Жетінші күні приказ шабылсын. — Сұлтан бірдеме ойланғандай сәл бөгеліп қалды да, жұртқа бұрылды. — Аманқарағай приказы шабылғаннан іле-шала біз де Ақмола бекінісіне ат қоямыз.

— Дұрыс, — деді күндікке үндемей отырған келбетті, ақсары жүзді Жанайдар батыр, — Аманқарағайды Кенесары әскері шауыпты деген лақапты естісімен Омбыдан Ақмолаға шыққалы жатқан әскер солай қарай бұрылады. Дәл осы кезде, алла жазса, біз Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иванның да сазайын тартқызармыз.

— Менің де ойлағаным осы, — деді Кенесары.

Батырлар тағы да қошеметтеді.

— Ақыл.

— Жөн.

— Құба-құп.

Кенесары енді Ереуіл Кеңесінің бүгінгі жиналған себебіне тікелей кірісті.

— Ал Ақмола бекінісін алу оңайға түсе ме? — деді ол отырғандардың әрқайсысының бетіне сәл тоқтай қарап, — қорғанының биіктігі әжептәуір, және оны жүз қадамдай жерден қоршай қазылған ордың кеңдігі он құлаш, тереңдігі бес құлаш. Тек қорғанға кірер екі қақпаның алдында ғана төрт салт атты қатар өте алар жіңішке жал бар…

— Сол жал жетпей ме бізге? — деді Наурызбай, — жау өтер жерден біз де өтерміз.

— Қоңырқұлжа мен Қарапұшықтың қарамағындағы бес жүз карабін мылтықты солдат пен төрт зеңбірек бізге құр қарап тұрады дейсің бе, Науанжан? Олардың да аңдығаны осы екі жіңішке жал менен ордың жағасы болар. Ордан өткенменен қорғаннан өте алмайсың. Көптігімізге сеніп топырлап шапсақ құр қырғын боламыз. Сонда Ақмола бекінісін қалай аламыз? Кімнің қандай ақылы бар? Бірден он адамның ақылы артық, кеңеселік.

Жиһазды, дүниелі ақбоз үйдің ішінде өлік жатқандай, жұртта үн жоқ. Бас- тарын салбыратып, төмен қарап, көбі жер шұқылай береді. Әркімнің ойы әр тарапта. «Қол болып жиналуына жиналдың ғой, ал енді жауды қалай жеңеміз? Бәсе, қалай жеңеміз? Ақмола бекінісі — алғашқы қамал. Ал бізге деген мұндай ондаған қамал бар… Төрт зеңбіректі, бес жүз карабінді бекіністен осыншама абыржығанда, бұдан әрі күйіміз не болмақ? Ал ақ патшада мыңдаған зеңбірек, жүз мыңдаған карабін бар… Осы біз көл үстіндегі қаз-үйректей бір мылтықтың даусынан зәреміздің кетерін білмей тым босқа еркінсініп жүрген жоқпыз ба?»

Жұрттың еңсесі түсіп кеткенін Кенесары көріп отыр. «Қамалға шабуыл жасамай жатып қас батырлардың түрі мынау, ал қамалды ала алмасақ күйіміз не болмақ?»

Кенесары тұнжырай түсті.

— әлде «жеткен жеріміз осы болды» деп Қараөткелден бас тартамыз ба? — деді ол сәл қабағын шытып. — Сондай да күйлерің бар ма, қалай?

— Жоқ, төре, — деді басын көтеріп алып Ағыбай, — бүйірден қадалған тікендей болып отырған Ақмола бекінісін қалай да алуымыз керек.

— Қалай «алу керек?»

— Ел бастаған дана емеспін, қол бастаған батырмын. Демек, қыран жете алмас қия жоқ, жаужүрек өте алмас мия жоқ, маған салсаңдар Ақмола бекінісін қоршап алып сыртқа, жан шығармай аңду керек. Қорған үстінде көрінгеніне садақ оғы жалынсын…

— Тағы қандай ой бар? — Кенесары қолын сәл көтерді, — көсе ақылы жақсы ақыл, бірақ онымен Қарапұшық пен Қоңырқұлжаны жеңе алмайсың… Біз қоршағанмен, сырттан келер көмек бар, тұзақ құрып ұзақ күтер жай жоқ. Бекіністі алар болсақ, шапшаң, тез алуымыз керек. Ақмола маңында бір күннен артық аялдау күнә. Өзге бекіністерден жәрдем келулері сөзсіз.