Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 32 из 82

Осыдан үш күн бұрын Ақмола бекінісін қалай алуды ойлап, ордада жалғыз отырғанында Кенесарының үстіне Жоламан батырдың жасағынан Байтабынмен бірге келген әшірап деген башқұрт жігіті кірген. Дәулетші екеуі зеңбірек құя біледі дегеннен кейін, Кенесары осы башқұрт жігіттерімен жиі кездесіп тұратын. Өзінің ордасына да әлсін-әлсін шақырып, зеңбірек құю жайын әңгімелесетін. Сөйлесе келгенде зеңбірек құюды білетін Дәулетші, ал әшірап — Салауат Юлаевтың көтерілісіне қатынасқан, белгілі жауынгерлердің бірінің баласы боп шыққан, әкесінің айтуы бойынша бекіністерді алудың әдісінен хабардар екенін аңғартқан. Кенесары зеңбірек құйғызамын деп бірнеше ауылдың қазан-ошағын жинатып, Дәулетшінің қасына қазақтың асқан шебер бес ұстасын қосып, Қорғасынды дейтін жерден көрік ашқан. Ал әшірапты жанына алып қалған Кенесары оған Ақмола бекінісінің қандай бекініс екенін айта келіп, осындай қамалдарды Салауат Юлай қалай алды екен деп сөз тастаған.

— Өздеріңіздің қандай ойларыңыз бар? — деген әшірап.

Кенесары жасырмаған.

— Қалың әскер жүздік, мыңдық саппенен кәдімгі жарды ұруға келе жатқан толқындай лек-лек боп, барынша айқайлап ұран сап, бірінің соңынан бірі қамал-ға шабады, — деген ол. — Мұндай жағдайда гуілдеген, шуылдаған, атой қойған қалың топты көріп, қамал қорғаншылары шыдай алмайды, қарадай зәре-құты қашып, қамалды қорғамақ түгіл, бекініс үстінде де отыра алмай, көбіне-ақ қаша жөнеледі. Бұл әдісті ата-бабаларым ежелден қолданып келеді.

— Мұндай ескі әдіспен зеңбірегі бар, жақсы қаруланған әскерге толы Ақмола секілді қазіргі заман бекінісі алынбайды, — деген әшірап.

— Неге? — деп Кенесары оған тесіле қараған.

әшірап түсіндіре жауап берген.

— Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, Ақмола бекінісін қоршап қазылған ор бар деп. Лақылдап келе жатқан сарбаздарыңыз сол орға келгенде амалсыз тоқтайды. Алдыңғы қатарын артындағы шауып келе жатқандары итеріп, кейбіреулері орға құлап, қалың қол іркіліп қалады. Дәл осы кезде қорған үстіндегі жауларыңыз төрт зеңбіректі бірдей атып, мылтық біткеннен жаппай оқ жаудырып, бар әскеріңізді жусатады да салады. Сондықтан бұл әдіс қазіргі жағдайда бекініс алуға келмейді. Басқа жол табу керек…

— Қандай жол?

— Бекіністің ішінде ағаш үйлер көп… дедіңіз ғой. Салауат Юлай ұлы бір амалды осы жағынан ойлаған болар еді..

әшірап мұндайда Салауат Юлай ұлы менің әкемнің айтуы бойынша былай істер еді деп өзінің ойын айтып берген. Оның айтқаны Салауат Юлай ұлы ғана емес, көне сақтардың, беріректегі қыпшақтар мен монғолдардың қамал алу әді- сі еді.

Башқұрт жауынгерінің ақылы Кенесарыға өте ұнаған. Шындап қимылдаса Ақмола бекінісінің алынатынына көзі анық жеткен. Еңсесі көтеріле бастаған. Бірақ көңілінде жанын жегідей жеген бір күдік туған. «Сонда қалай болады, деген ол ішінен, Ақмоланы алуда… мен қарашының ақылынан аса алмағаным ба?»

Үш күннен кейін дүлей, мылқау, алпамсадай зор денесіне қарап жұрт Қара- үлек деп атап кеткен Кенесарының бас жендетімен бірге тоғай ішінде қарамай қайнатып жатқан әшірап «ағаш құлап» ажал тапқан. Ел болып аққа орап әшірапты құрметтеп жерлеген. Зират басында сұлтанның өзі де болған. Күйзеле «топырағың торқа болсын» деп ең бірінші боп қашқын жігіттің жас қабіріне бір уыс топырақ тастаған. «Кешір, азаматым, Қараүлекке ойымды анық түсіндірмегендіктен сенің ажалыңа мен айыптымын», — деген ол ішінен. Әшірап ажалы жайында Кенесары одан әрі қынжылмаған. Қалай қынжылсын, «қанішер Абылай» атанған қанды көйлек арғы атасы кісі ажалы мен қой бауыздағанды тең көрген. Бергі атасы хан Абылай құлдық кезімнің куәсі болып, бетіме шіркеу келтіреді деп, ажалдан аман алып шығып, ерлік жолға қайраған Ораз құлды өз қолымен бауыздаған. Өз әкесі Қасым төре анасынан қолына қан шеңгелдеп туған. Осы үшеуінің ұрпағы Кенесары кімді аяйды? Ел билеймін деген адамға кейде жазықсыз ажал жазықты ажалдан құнды. «Адамды аяу — әлсіздіктің белгісі» деп ұғады ол.

Қазір Кенесары әшірап туралы ойлап тұрған жоқ. Сол әшіраптың айтқанын қалай пайдалануды ақылға салуда, оны толықтыра түсуде…



Кенет сықырлап есік ашылғандай болды. Кенесары жалт бұрылды. «Ойымды бұзған қандай жүрек жұтқан жан?!» Бәйбішесі Күнімжан екен. «Бәсе, бөтен адам батып кіре алмаса керек еді». Ой үстінде отырғанда өзі шақырмаса тірі пенденің Кенесары ордасына кіруге қақы жоқ. Бұл — әлі хан болмаған сұлтанның осы бастан өзін өзгеден ерекше ұстай бастаған дәстүрі. Бұл салтты Күнімжан ғана бұза алады.

Ерінің түнерген қабағынан оның ашулы екенін аңғарған Күнімжан, еркелей күліп:

— Төрем-ау, әлгі… қалай деп атап ең… — деді. — Кеңес деп пе ең батырлар бас қосатын жиынды… Сол Кеңеске келген батырларыңның өзіңді күтіп отырғанына бие сауымдай мезгіл болды… Бармайсың ба?

Кенесары ойын бөлместен басын изеді.

— Барайық…

Кенесары мен Күнімжан тіркестіре тігілген «Ереуіл кеңес үйі» деп аталатын қос ақ боз үйге кіргенде, сұлтанның батырлары мен ақылгөй серіктері тегіс жиналған екен. Мұнда Наурызбай, Ағыбай, Құдайменді, Кіші жүздің Сыр бойындағы Табын тарауынан келіп қосылған бойсапат тобылғы күрең ұзын мұртты Бұқарбай, Атығай руынан шыққан алшақ кеуделі балуан Басықара, Алтай руының атақты батырлары Жанайдар мен Төлебай, Кіші жүздің Есентемір руынан шыққан жас Байтабын батырлар бар. Олардан басқа қарындасы Бопай, Кенесарының өзімен тетелес інісі әбілғазы сұлтан, Нысанбай ақынмен дізелес есікке таман қойылған қазақы дөңгелек столдың жанында қолына қауырсын қалам ұстап бұқарлық қожа, ұзын бойлы, арық, қошқар мұрын Сидақ Оспанұлы, Польшада ереуілге қатысып жер аударылып келген, қазақтар Жүсіп деп атап кеткен ақсары, көгілдір көзді Иосиф Гербурт деген ақын жігіт отыр. Соңғы екеуі Кенесарының хатшысы болып қызмет істейтін. Бұлардан жоғарырақ тұрған кең маңдайлы, ақ құба келген ойлы көзді мыңбасы татар жігіті Ягуда ұлы әлім. Босағада, төренің қырық адамнан құралған қарауыл жасағын басқаратын, ауыл Батырмұрат деп ат қойған, қазақтан әйел алып қазақ болып кеткен башқұрт Мәлкет баласы Кішік пен Наурызбайдың шабарманы қашқын орыс солдаты Николай Губин тұр. Үйдегі адамдардың ішінен Ереуіл Кеңесінің мүшесі емес тек Жүсіп, Бопай, Батырмұрат, Николай. Бірақ бұл төртеуі де ереуілге шын берілген адам болғандықтан Кенесары оларды мұндай үлкен мәжілістің біреуінен де қалдырмайды.

Кенесары кіріп келген кезде үйде отырғандардың бәрі қол қусырып орындарынан түрегелді. Сұлтан тәжім етіп амандасты да өзінің жасыл туының астында тұрған, үстіне жібек түкті сәнді бұқар кілемі жабылған төрдегі үлкен сандыққа барып отырды. Өзгелер де малдас құрып жастарына қарай алқа-қотан жайғаса бастады.

— Үш жүздің ардагер батырлары, — деді — Кенесары жұртты сынай көз тастап, — қолымызға найза ұстап, атқа қонғаннан бері бір күн тыныштық көрген жоқпыз. Соңыңнан ерген жұрт та сондай. Ал елім, жерім деп көтерілген біраз қазақ баласы қазір жазғытұрымғы тасуға дайын дариядай кемеріне жетіп, дұш- панға қарсы шабуға тұр. Бұл — жаудан өш алуға ең қолайлы шақ. Енді соңымыздан ерген жұртты уақ-түйек айқаспен әуре-сарсаңға сала берсек, абыройсыз қалатын түріміз бар. «Жау қайда?» деп қолына түкірініп отырған ерлердің көңілін суытуымыз күмәнсіз. Сондықтан халық мүддесінен шығу үшін біз Ақмола бекінісіне қарсы аттануды шештік.

— Дұрыс, — деп отырғандар сәл қозғалып қойды.

— Шабуылға шықпастан бұрын, бір-екі ауыз сөзбенен жалпы жағдайымыз- ға үңіле өтелік. — Кенесары аспай-саспай мойнын Иосиф Гербуртқа бұрды, — Жүсіп, мына батырларға жаудың биыл жазда бізге қандай қиянат жасағанын қысқаша ғана естіртіп өт, — деді.

Жүсіп орнынан түрегеліп қолындағы қағазын оқи бастады.

— Біздің бұл көтерілісімізді ақ патша генералдары бұзақылық, ел тонаушылық деп есептейтін көрінеді. Омбы болысының бастығы генерал Талызин өзінің берген нұсқауында шекарада тұртын басты бекіністердің бәріне де күрделі жасақтар шығарылсын дейді. Және бұл нұсқауында: «Сендердің бар міндеттерің Кенесары қарақшыны құртып, көшіп кеткен болыстарды кейін қайтару» деп бұйырады. Осы нұсқауды орындау үшін бізге қарсы бірнеше арнаулы жасақтар шықты.

— Олардың істеген басты-басты қылмыстарын айт, — деді Кенесары.