Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 31 из 82

Кенесары бүгін де осындай жағдайда еді. Полковниктің погоны тағылған оқалы көгілдір мауыты шапанын желбегей жамыла салып, екі сағаттан бері ақ орданың ішін адымдай ерсілі-қарсылы кезіп жүр.

Кеше Сыр бойынан хабаршы келген. Ол «Мәделіхан өзі өгей шешесі Ханпадшайыммен көңілдес екен, осыдан бір бәле тумаса нетсін» деген. Және Бегдербектің әулиеатаға ауысып, уақытша Ташкент құшбегі боп Ләшкәрдің өзі тағайындалғаннан бері, о жақтағы қазақтардың күйінің бұрынғыдан да нашарланып кеткенін айтқан. Кенесарыны толқытқан осы хабарлар ма? Жоқ, олар емес. Бұл хабарлар сұлтанды қанша елеңдеткенмен, әзірге тек шығып келе жатқан шиқан тәрізді. Жарылатын кезін шыдай күтуге бар. Оның бар ойы осы арада, өзінің бүгін шешетін мәселесінде. Егер оны дұрыс шешсе, бағының жанғаны, абыройы көтерілгені. Қазір соңынан ерген елу мың шаңырақтың үстіне, ертең тағы елу мың тіпті жүз, жүз елу мың шаңырақтың қосылуы кәміл… Ал дұрыс шеше алмаса былтырдан бері жанын салып жинаған жұртының көз алдында үмітін ақтамағаны… Онда ертеңнен бастап, соңынан ерген елдің тарай бастамасына кім кепіл? Қазақ топырлап шауып келе жатқан жылқы тәрізді, егер жау алдынан шығып үркіте қалса кейін қарай лап беруден тайынбайды. Онда оны ақыл да, сойыл да тоқтата алмайды…

Сондықтан соңынан ерген жұртты ондай күйге ұшыратпау керек, айқай сап делебесін қоздырып, шапқан үстіне шапқызып, кездескен ор, ойпаттан секіртіп өткізіп, қарсы келген жауды жапыртып кеткізу керек.

Кенесары жігіттері осы уақытқа дейін, Ташкент пен Қараөткел, Қызылжар арасындағы керуендерді талап, ырқына көнбеген кейбір сұлтандардың аулын шауып, Чириков пен Карповтың жасақтары секілді патша әскерлерінің шағын топтарымен ғана қағысып келді. Ал ертеңнен бастап үлкен айқасқа шықпақ, патша әскерлері мен Россияға берілген қазақ сұлтандарына қарсы майдан ашпақ. Ол сөйтуге міндетті, өйткені соңынан ерген жұрттың көкейкесті арманын, мүддесін еске алатын мезгіл жетті, әйтпесе жер-суымызды, еркіндігімізді қор- ғаймыз деп маңына топталған бұқара елдің көңілі суйи бастауы мүмкін. Қара қазақтың бұдан күткені ел шабу, керуен тонау емес, үлкен іс, халықтық іс.

Кенесары бұл майданды ашпастан бұрын, патша әскерімен таласты соғыссыз шешпек боп қолдан келген амалын аяған жоқ. Маңайына ақ патшадан зәбірлік жеген жұртты жинаумен қатар, мүмкін, күннен-күнге көбейіп жатқанымызды көріп бізбен санасар деген үмітте де болды, Омбы бастықтарына хат үстіне хат жолдады.

Ең ақырғы хатын ол Шу мен Сарысуды қыстап шығып, Сарыарқаның бел ортасы Қарақойын Қашырлыға көшіп келген соң, Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков князьға 1838, яғни қазақша Ит жылы, мамыр айының басында жазған. Оны Тоқтының Табылдысы мен Қазанғаптың Көшінбайы деген өзінің екі сенімді адамы арқылы жолдаған. Хаттың мазмұны мынадай еді:

«Мәртебелі ұлуғ господин жанарал-губернатор хазратләріна[6]

Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасым ұғылынан ғарызнама.

Сіздің ағзам хазрәтларыңызға мағлұм қыламыз, шунки менің тілегім екі патшалықтың халқы да тыныштықта өмір сүру еді, бірақ та сіздің адамдарыңызды өз жағыма шығарып алды деп сіз маған күмәнданатын көрінесіз. Менің айтып отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерде сіз дуан салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп бізді қыспаққа салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда тұра алмаймыз. Біздің басымызға туған күн Ресейдің басына туса сендер қандай күйде болар едіңдер? Сондықтан біздің жай-күйімізбен санасуларың керек.

әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда қазақ халқы бұрынғыша өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді, сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүре алар едік.

Менің естуімше, сіздер бізді Қоқан һәм Бұқар хандығынан айыруды көздейтін көрінесіздер. Бірақ олар мұсылман заңы бойынша бізді қорғауға міндетті.

Екі ел тыныш, бейбіт өмір сүрсе бәрінен де сол жақсы болар еді. Бірақ дуанбасылары ел аралаған кезінде сиязға деп сылтауратып қазақтың жақсы ат, жақсы киім-кешектерін алатын көрінеді. Біздің мүлкімізді талан-таражға салуға тыйым болсын деген патша ағзамның заңы бола тұрса да, дуанбасылары қазақтардың айтқан арызын құлағына да ілмейді. Жуырда ғана Төртуыл болысының қазағы Азнабай мырзаның әйелін, екі келінін, қызын һәм бір жесір әйелді жаулап алып кетті. Бұлардың қайда екені әлі белгісіз.

Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп мен мына төмендегілерді талап етемін:

1) Ақтау қорғанысы жойылсын;

2) Ақмола дуаны жойылсын;



3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын;

4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген екі адам босатылсын.

ёшпуны иландырмає Їшін мен сµлтан Кенесары јасым µ¬лы мЈрімді бастым».

Бұл хатта Кенесары Қоқан, Бұхар хандығымен еш уақытта да бірікпейтінін біле тұрса да, генерал-губернаторға сұс көрсету үшін олар жәрдем береді деген сөзді әдейі көрсеткен.

Бұл хатына да Кенесары үш ай бойы еш жауап ала алмады. Хатты апара жатқан Табылды мен Көшінбайды Қоңырқұлжа жағындағы Көшеннің балалары ұстап алып, Омбыға жаяу айдап жеткізеді. Көп кешікпей оларды соттап Сібірге жүргізеді-міс деген хабар Кенесарыға да келеді.

Өзінің бірнеше хатына жауап ала алмаған Кенесары енді әбден ызаланады. Дұшпандарының қарулы айқассыз теңдік бермейтініне көзі жетеді. «Енді маған қалған жол — не патша үкіметіне, Қоңырқұлжа, Уәли балаларына бас иіп бағынып, қалың қолды тарату. Не майдан ашып айқасып, күшпен өз айтқаныма көндіру», — деп ойлайды ол. Осының екіншісін қалаған Кенесары бұл айқасты қазақ даласын өзіне бағындыруда Солтүстік пен Шығыстағы Россия империясының ең мықты кіндігі болған Ақмола бекінісін алудан, онымен қатар ата жауы Уәлиханның қатыны Айғанымның Сырымбет саласындағы ордасын шабудан бастамақ болды. Кей батырларының «шабуылды Көкшетаудан бастасақ» дегеніне сұлтан көнбеді. Өйткені Көкше жері ат баурын жазып шаба алатын жазық емес және ар жағында Омбы жақын, патша әскері тез жетуі мүмкін. Оның үстіне әкесі Қасым Көкшенің киесі ақ бураны атқан деген лақап бар, Кенесары ел қарғысынан да сескенеді.

Ал Ақмола бекінісін алып өзінің мықтылығын көрсетсе, абыройының өршігені. Біреуді мақтаса айын аспанға шығарып, жер-көкке сыйғызбай көтермелейтін қазақ Кенесарының даңқын алты алашқа таратады. Серкеге ерген қойдай соңынан ереді. Осылай болатынына сұлтан кәміл сенеді. Оған тағы бір себебі бар. Кеше ғана хабар алған. Осы бүгін-ертеңдер арқа өкіріктерінің қазақтарынан жаңа устав бойынша биылдан бастап салық жиналсын деген патша жарлығы шықпақ. Бұл жарлық бойынша жүз қарадан бір қара салық алынып егер ол ақшадай төленетін болса, жылқы басы 35 сомға, өгіз жиырма сомға, қой екі сомға бағалансын делінбек. Бұл жарлық шықса, дәтке қуат, онсыз да патша үкіметінен қыспақ көріп жүрген қазақ, Кенесары жағына қойдай тоғытылады…

Патшаның Көкшетау мен Қарқаралы өкірігінің қазақтары жайындағы бұл Указы Кенесары көтерілісінің қызу шағында Қарашаның жиырма сегізі күні сол Ит жылы шықты. Бірақ ұзынқұлақ бұны қазақ аулына екі ай бұрын жеткізді, Кенесарының да дәтке қуат көріп отырғаны осы Указ…

«Ал Ақмола бекінісін ала алмаса? Соңындағы бес мың атты әскерін қыр- ғынға ұшыратса? Онда Кенесарының артынан кім ереді? Бірден тауы шағылған жұрт, басқа ұрған мал секілді шегіншектей бермек. Жауын жеңе алмайтын батыр — құр батыр, ел қорғаны емес.

Сондықтан осы ең алғашқы үлкен айқаста Кенесары өзінің қамал бұзар ер, ел бастай алатын кемеңгер екенін жұрт көзіне көрсетуі керек. Өйтпесе ол жұртты соңынан ерте алмайды, ойлаған мақсаты — хан тағына да жете алмайды. Ал мұны істей алмаса?».

«Жоқ, жоқ, қайткен күнде де Ақмола бекінісін алу абзал. Бірақ бес жүзге таяу жасағы, зеңбірек, карабин, іштесер қаруы бар, биіктігі бес сажын қорғанды, жан-жағын қоршай қазған терең орлы бекіністі Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иван оп-оңай бере сала ма? Айлаң жетсе, бермеймін дегеніне қоясың ба, аласың!.. Башқұрт әшірап айтқан бекіністі алу айласы Кенесарының бұрынғы ойына ой қосты емес пе? Иә, сөйтті. Әттең, дүние-ай, әшірап екі күн өтпей жоқ жерден мерт болды. Бірақ айтқан ақылы көкірегімде сайрап тұрған жоқ па? Ай, Қараүлек-ай, қолың гүрзіден де ауыр-ау, сорлы башқұрттың мойын омыртқасын бірден үзіп жіберіпсің. Сәл жеңіл қимылдасаң нетті, жазығы қамал алуды үйреткені ме? Нойыс неме, менің ойымды дұрыс түсінбегенсің ғой. Саған әшірапты ертіп жібергендегі ойым қарамайды дұрыс қайнатуды үйретсін дегенім еді ғой. Ал сен менің бұрынғы тәсілімнен шыға алмапсың… Өлтіріп жіберіпсің. Өлу — өмір заңы. Енді оқасы жоқ. Өлтіргенің дұрыс та. Қарашының ақылымен қамал алғанымды жұрт білсе, менде қандай абырой қалады? Енді ол әдісті… Жоқ, жоқ, ең алдымен бар батырымнан бекіністі қалай алу керек екенін сұраймын, әрине әрқайсысы әрқилы жолға сілтейді… Ең соңында барып, өз ойымдай айтамын. Ел бастайтын қаһарманның аузынан шығатын сөзді айтуым керек. Бұның өзі маған ерген жұрттың бірден көңілін көтеруі сөзсіз. Содан кейін мен айтқан әдіспен Ақмола бекінісін алсақ, одан артық абырой болар ма?! Соңымнан ерген жұрт құрмет тұтса, хан тағының да жақындай түскені.

6

Қаз. ССР тарих архиві, фонд 82, опись 1, іс 169, 15—16-беттер.